Дәулетхан ЖИЕНҚҰЛОВ: Біздің ауылдың көкпары

kokpar4

Кешегі қырғыз бен қазақтың көкпар тартысы /айтысы/ бала күнімді есіме түсірді… 

Біздің ауыл үш бөлімшеден тұрады. Осы үш бөлімше бөлініп алып көкпар тартатын. Ауылдағы еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін делебесі қозып отырушы еді. Біз шамамен 3-4 оқитын баламыз. Тұлпарларын ойнақтатып, тұмақтарын баса киіп, белдерін шарт түйіп алған алпамсадай жігіттердің қасында, өзіміздің тай-құнанымызды сабалап біз де біраз жүретінбіз. Онда бізге әншейін қызық керек, әйтеуір айқайға қиқу қосып далақтау)) Негізгі қарсылас біздің ауыл мен Нұрым ауылы. Яғни, бірінші бөлімше мен екінші бөлімше. Екіншіде Қырғи деген жігіт бар еді. Қырғи десе қырғи еді! Көкпар атаулыға қырғидай тиіп, үлкен қоңыр аты бар еді, сомен тұтқиылдан «шабуыл» жасап, додаға кимелей кеп кіріп, тақымдағы серкені серең еткізіп жұлып алып кететін. Кейде екіншінің жігіттері алып кетті, деп біздің ауыл шуласып қалатын.

Біздің жақтан да небір керемет, қарулы, білекті жігіттер болды. Ерсайын деген ағамыз болды, марқұм. Бақыт, Берік, Серік, Қалу, Қанат /туған ағам/ және біраз ағаларымыз болды /біразын ұмытып та қалыппын/ көкпар десе, ішкен асын жерге қоятын. 

Көкпарды екіншінің жігіттері алып кетті деген сөз біздің ауыл үшін нағыз масқара болатын. Жер болып, намыстан өліп кете жаздап, біздің жігіттер бір бірін қамшымен тартып тартып жіберетін. Ауылдың үлкендерінің өзі астындағы атын қарулы жігіттерге мінгізіп көкпардың артынан жібергенін талай көрдік. Марқұм менің әкем Қыдырбай да бір кісідей көкпар тартатын. Жасырақ күнінде жайлауда тартқан көкпардың бірінде додаға түсіп, қарсыласы екеуі серкені ортаға алып тартысып, шауып келе жатады. Әкем асығыста тізгінді тістей салған екен. Екеуі әбден тартысқанда ширығып, тістеніп, тізгіннің қайысы тісіне батып кетіпті де, шауып келе жатқан ат сүрініп кеткенде, астыңғы төрт тісін бірақ қопарып жұлып түсіпті. Кейін өзі айтады, «ауыздағы тіске қарап жатқан кім бар, қарағым ау. Егер мен жібере салсам, екіншінің жігіттері көкпарды алып, Матай асып кетейін деп тұр. Ауыздағыны түкіріп тастап, жанталасып сол жерде екіншінің жігіттерін біраз ұстап тұрдым. Артымнан біздің жігіттер келіп, әйтеуір, ол жолы да абыроймен алып қалдық» – деп күлетін. Мен ес білгелі әкеміздің тістері протез болатын.

Алғазы деген ағамыз болды, марқұм. Менің әкемнің құрдасы. Әкем марқұм, «Көкпарды тартса мына Алғазы тартсын. Біздікі бұның қасында әншейін баланың ойыны. Бұл жасырақ күнімізде астындағы аты құлап жатса да, серкені тақымынан шығармайтын. Тақымы да күшті, білегі де аса қарулы» деп отырушы еді. 

Бір күні тағы бір той болып, тағы да сол ежелгі қарсыластар – бірінші мен екінші көкпарға түсті. Кемі 3-4 сағаттай алысты. Бір уақытта, көкпарды екіншінің жігіттері алып кетіпті дегенді естідік. Онда біз жәйлаудан түсіп, күзеуге қонған кезіміз еді. Үлкен «есік пен төрдей» көк атымыз бар еді. Әкеміз көк аттың біреуге мінгізбек түгіл, үстіне шыбын қондырмайтын. Бақыт деген ағам бар. Қазір Сарыөзекте тұрады. Өзі жас күнінде еркін күрестен шебер еді. Палуан тұлғалы жігіт. Әкеме білдірмей, Қанат ағамды айналдырып жүріп, әлгі көк атты мініп, көкпардың артына түсіпті. Қалай да, ана көкпарды қайтару керек. Бітті! Бәкең, көз байлана бергенде тасыр тұсыр еткізіп шапты да кетті. Көк аттың жүгірісі де сұмдық болатын, бір тау көшіп келе жатқандай, алапат жүгіруші еді. Әйтеуір, сол кеткеннен түннің бір уағында расында көкпарды тақымдап алып келіп, біздің босағамызға тастай салды. Аттың да қан сорпасы шығыпты, Бақыт ағамыздың да діңкесі қатып келіпті. Міне, намыс!

Тағы бір эпизод. Кейін, біз шамамен 9-10 оқып жүргенде ғой деймін, біздің ауылда бір жүйрік торы деген ат болды. Иесі Ерсайын деген ағамыз еді, марқұм болып кетті. Сол атты үнемі бәйгеге қосып жүлде алып жүрген Ғалым деген баласы бар. Бір күні тағы да сол бірінші мен екіншінің арасындағы принципті кездесу. Ұзақ тартыстан кейін, екіншінің жігіттері көкпарды алып, Нұрым ауылына түсіп кетіпті. Намыс деген сұмдық қой, өлтіріп жібере жаздайды. Марқұм Ерсайын аға, көкпарға салмайтын, бәйгі торысын бұл жолы аямапты. Баласы Ғалым екеуі екі атпен 18 шақырым жерге қуап барады. Ерсайын ағамыз додаға түсіп, серкені жұлып алып, жанай бергенде Ғалымның алдына салып береді. Сол сәтті күтіп жүрген Ғалым бәйгі торының басын ауылға қарай бұрып, қамшыны басады ғой. Бітті ғой, енді кім жетсін оған…

Zhienkulov D.Дәулетхан Жиенқұлов, argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>