Суын құлын аңызы

suyn zhylqysy

Ел ішінде «суын көктің үйірі» туралы аңыз жүреді екен, жылына бір мәрте теңізден бір үйір құйрық-жалы төгілген, қазмойын, сүліктей сұлу бірыңғай көк жылқы жүзіп шығып, жылқы жайылымының басындағы астаулардан тұщы су ішіп кетеді екен. Таңғы талмау ұйқының тұсында желдей есіп келіп, тез су ішіп, дыбысын білдірмей кетіп отыратын болса керек. Сондықтан, нақты көрген адамдар да сирек екен. 

Бұл жайт құлағына тиген Қонақай батыр жігіттерін жыл бойы күзетке қойып, «суын көктің» үйірін күтіпті.
Қонақай батырдың зор садағы бар екен. Қап тауларында өсетін самшит ағашынан істелген садақты батырдың өзінен басқа ешкім тарта алмайтын болыпты. Өзі құшырлана тартса, жебесі қара тасты қақ жарады екен.
Хош делік, сонымен күндердің бір күнінде Қонақайдың өзі күзетке отырыпты. Таң алдында қалғып кетсе, түсінде анасы «көзіңді ашшы, балам» дейді екен. Ояна кетсе, науа толы судан бір үйір қаракөк жылқы су ішіп тұр екен. Шетінен суреттей әдемі, құшақ кеуде, бура сан, мойны қаздың мойнындай, көздері шоқтай жайнаған, жылқы біткеннің сұлу жаратылған түрі екен. Таң-тамаша болса да, сабырын жоғалтпаған батыр арқанын ыңғайлап, іліккен бірін алып қалуды ойлайды. Өздерінен басқа тағы бір жанның барын бірден сезген үйір, үркіп, желдей есе жөнеледі. Жандәрмен лақтырылған бұғалық, жетпей жолда қалады. Қонақай ең болмаса бірін жаралап алып қалуды ойлап, садағын тартады. Осы кезде үйірдің бергі қапталын қалқалап, қорғаштай берген құйрық-жалы тізесіне төгілген көк айғырды байқайды батыр. Айғырдың басында алтын жүгені жарқырап жүр екен. Мұншама сұлулықты жаралауға қимаған батыр, жүгенді көздеп, жебесін жібереді. Алтын жүген желкесінен үзіліп, жерге түседі. Батыр жүгенді алып, тамашалап қарап тұрғанда, қыр асып кеткен жылқы қайта оралып, көк айғыр оқыранып, батырға жақындайды. Бұл тамашаға таң қалған батырға астыңғы ерні қыбырлап, үстіңгі ерні жыбырлап, көк айғыр сөйлей жөнеледі:

– Ей, батыр, біз су патшасы Сүлейменнің жылқысымыз, ана қолыңдағы алтын жүген біздің су асты патшалығына кіретін белгіміз, егер ол бізде болмаса, біз патшалығымызға өте алмаймыз, қайырымдылық танытып, жүгенді қайтарыңыз,- депті.
Сонда батыр:
- Мен ел қорғап жүрген адаммын. Елімнің тыныштығы ең қымбат қазына, сенің жүгеніңнің керегі жоқ, бірақ бізге жақсы ат керек, жүйрік жылқы керек,- депті.
Сонда суын көк айғыр:
- Біз жылдар бойына теңіз астында тіршілік кешеміз, жылына бір мәрте сен қазған құдықтан тұщы су ішіп, сергіп қаламыз. Олай болса, бізді босат, есесіне біз саған жыл сайын су ішуге келгенде бір жылқы әкеліп отырайық, – депті.
Осылайша келісімге келіп, Қонақай батыр алтын жүгенді қайтарып, суын көк өз үйірінен бір жылқыны батырға қалдырып кетіпті. 
Суын көктің жылқысы жел жетпес жүйрік екен, сол төңіректегі барлық бәйгені жеңіп алып, алдына қара салмай шабады екен. Екпінінің қаттылығы сондай, алдынан бірнеше жерден арқан керіп, тоқтатады екен.
Қонақай батыр да уағдада тұрып, жыл сайын су ішуге келген суын көктің үйіріне жан баласын жақындатпай, қорғап жүріпті. Суын көк те бір жылқыдан қалдырып отыратын болыпты. Осылайша, Қонақайдың жылқысында көк аланың үйірі пайда болып, көбейе бастапты. Бірте-бірте жылқысындағы суын көктің үйірі бір табын жылқыға айналыпты.

A.ElshibaevaАйгүл Елшібаеваның әлеуметтік желідегі парақшасынан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>