Үлкеннарын тұлпарлары. Тайжирен

Taizhiren

… Ленин ұжымшарында негізінен ет және қымыз өндіру бағытындағы жылқы шаруашылығын дамытуға ден қойылса да, бәйгеге арналған жүйріктерді жарату тоқтаған жоқ. Ұжымшардағы жылқы шаруашылығын спорттық бағытта әрі қарай дамыту мақсатында қостанайлық тұқымға жататын қос айғыр сатып алынды. Екеуі де жергілікті үйірге қосылды. Бұл үйірлердің ішінен жер тарпыған адуынды хас жүйріктер шығару міндеті тұр еді.

Тәжірибелі атбегілерге тапсырылған жануарлар алғашқы жарыстарға қатыстыру үшін үздіксіз жаратыла бастады. Нәтижесінде, сексенінші жылдардың ортасында Ленин атындағы ұжымшар республикалық, облыстық және аудандық бәйгелерде түрлі қашықтықтарды бірінші болып бағындырған Сайжирен, Тайжирен, Еркінжирен, Жетімжирен, Биікжирен, Ақбақай сияқты көптеген жүйріктер тобын даярлады. Бір қызығы, бұл жүйріктердің барлығы да қостанайлық тұқымға тиесілі жирен түсті еді. Оны ұжымшар төрағасының тұлпарларға қойған атауы да айқындап тұр.

Осы тамаша жирендердің ішіндегі ерен жүйрігі – сөз жоқ, 1981 жылы күзде жергілікті шопан Сейтұқаш Қабдығалиевтің қостанайлық айғырмен будандасқан биесінен туған Тайжирен.

Ұжымшар төрағасының қырағы көзі Новоберезовка көшелерімен балалар шауып жүрген тайды бірден байқайды. Білгір, кәнігі атбегіге тайдың көрер көзге байқала бермейтін жеңіл, күш жұмсаусыз шабатыны, шабысқа туабітті төселгені қатты әсер етеді. Көп ұзамай ұжымшардың ат қорасында жасы мен түсіне байланысты «Тайжирен» деген атау берілген жылқыны келешектегі жарыстарға жоспарлы түрде даярлай бастады.

Бала күнінде аламанда үздік шабандоз болған ұжымшардың веттехнигі Бердібек (Бакон) Қалиев бапкері болып, жаратумен айналысты. Сол сәтте келесі көктем шығысымен Тайжиреннің Қазақстандағы аламан бәйгенің чемпионы атағын бағындыратынын ешкім білмеген еді.

1985 жылы наурыз айында Б.Кітапбаевқа Алматы ипподромының директоры Халел Гатаулович Измайлов қоңырау шалып, Жеңістің 40 жылдығына арналған республикалық ат жарысына қатысуға шақырады.

Астанадағы он алты шақырымдық аламанға Ленин ұжымшары атынан әлі бірде-бір беделді бәйгеге қатысып үлгермеген Тайжиренді қосу жөнінде шешім қабылданды. Тайжиреннің әзірлік деңгейін білу үшін ұжымшар төрағасы оны көрші жатқан Катонқарағай ауданына алып барады. Облыстық және аудандық орта қашықтықтағы бәйгелерде топ жарып жүрген торы тұлпарды баптаған «Алтай» кеңшарының танымал атбегі Көмекбай Мұқамжаров Тайжиренді сынақтан өткізуге келіседі. Көмекбайдың жүйрік торысымен өткен жеңіл спарринг-жарыс ең беделді бәйгеде Тайжиреннің сәтті өнер көрсететініне Б. Кітапбаевтың сенімін біржола бекіткендей болды.

1985 жылдың 9 мамыры күні Алматының республикалық атшабарында Үлкен Нарын ауданы Ленин атындағы ұжымшарының туы астында отыз жыл бойы өнер көрсеткен сәйгүліктердің бірнеше буынының ішіндегі ең үздіктерінің бірі болған Тайжиреннің жұлдызы жанды. Бұл барлық қашықтықта негізгі топта болған шабандоз Бақытжан Қалиевтің де жұлдызды сағаты еді.

Тайжиреннің ұзақ әрі екпінді үдеме шабысы соңғы айналымда қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Үлкеннарындық сәйгүлік көмбе сызығын нық қадаммен қиып өтті.

Айта кетелік, осыдан кейін-ақ аламан додаданың басым бөлігінде негізгі топпен бірге шауып, қарсыластарын соңғы бірнеше қашықтықта басып озу Тайжиреннің өзіндік қайталанбас шабысына айналды.

Оның бойы биік емес, тыныш және көнбіс мінезді еді. Тізгінге бағынғыш әрі шабандозға ешқандай қиындық тудырмайтын.

Үш айдан кейін Тайжирен облыстық спартакиадада аламан бәйгені ұтты. Одан кейінгі екі жылда да, 1986-1987 жылдардағы облыстық ат спорты жарыстарында ең ұзақ қашықтықтағы бәйгелер Тайжиреннің жеңісімен аяқталды.

Бұл жылдары Тайжирен аудандық деңгейдегі жарыстарға тұрақты түрде қатысты. Көптеген жергілікті бәйге әуесқойлары оның қарқынды шабысын өз көздерімен көргісі келетін. Сонымен бірге жүйрікқұмарлығы мен ерік-жігері тасыған ұжымшар төрағасы, тегі, арғымақтың да күш-қуаты сарқылмайтынына риясыз сенді.

Тайжирен Үлкен Нарын мен көрші Катонқарағай ауданындағы жарыстарды бос жіберген жоқ. Және өз жанкүйерлерін ешқашан жерге қаратқан емес.

1986 жылдың жазында Үлкен Нарындағы аудандық бәйгеде Б.Кітапбаев он бес шақырымнан төмен додаға түсіп көрмеген Тайжиренді тоғыз шақырымдық бәйгеге қосты. Ұжымшар төрағасы үшін сол жылдары он шақырымға шабудан алдына қара салмайтын Шығыс Қазақстанның, оның ішінде осы қашықтықтың қожайыны саналатын көрші Жданов атындағы ұжымшардың тұлпарлары арасында Тайжиреннің өзіне үйреншікті емес қашықтыққа қалай шабатынын көру өте қызықты еді.

Жданов ұжымшарының орталық қонысы Солоновка ауылының Фазон есімді дон тұқымды айғыры облыстық жарыстарда үш мәрте жеңіске жеткен болатын. Алайда, үлкеннарындық ипподромға жиылған көрермендерді солоновтық ұшқыр сәйгүлікті басып озған Тайжирен тағы таңғалдырды.

Жарыстың өн бойында алға шыққан екі тұлпар ұшқан құстай жоғары жылдамдықты сақтаған күйі бір-бірімен құйрық тістесе алма-кезек топ бастап отырды да, көмбе сызығын Тайжиреннің топырақты қуырған тұяғы бұрын басты.

Б.Кітапбаев нағыз аламан бәйгенің сәйгүлігі қысқа қашықтықта тіпті ең ұшқырларға да жол бермейтінін әрдайым айтып отыратын. Үлкен Нарын атшабарына жиналған жұрттың алдында Тайжирен өзінің ғаламат жүйріктігін танытты…

Марат Кітапбаев, argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>