Мәмлүктердің атбегілік өнері. Тұлпардың сипаты

Mamluks

 (Жалғасы)

Бәдәуи тайпаларынан келетін жылқы түрлері іштей бірнеше түрге бөлінетін. Ішіндегі ең асылы – Хиджаз және Неджд (қазіргі Сауд Арабиясының құрамына енген жерлер) аумағында көшіп жүретін араб тайпаларының жылқысы.

Жүйрікте сын жоқ деген, нағыз тұлпар қандай болатындығын сырттай кесіп-пішіп айту қиын екендігіне қарамастан, мәмлүк атбегілері жылқыны сырт түріне қарап шын жүйріктерін тануға тырысқан. Қазақ атбегілері де шын жүйрікті сыртынан тану көптің қолынан келмейтіндігін мойындай отырып, нағыз сәйгүліктің белгілері туралы айтқан. Қыпшақ сұлтандарының хатшысы және атбегі қызметін қоса атқарған тарихшы әл-Умари: «Жақсы аттың сипаттары көп, олар туралы кітаптарда молынан жазылғаны соншалық, назардан тыс қалған сипат жоқ десе де болады. Дене бітімі берік, шалт бұрыла алатын, қатты шапқанда ұшқандай, жақ еті жұқа, азуы кең, жанары өткір, бадырақ көз, тік құлақ, қабырғалы (кең сауырлы), төсі шығыңқы (омыраулы), жіліншігі қысқа, адымы кең, арты үлкен, күлте құйрық, қыл түбі сүйегі қысқа, жұмыр тұяқ, терісі жұмсақ, май жаққандай жылтыр келуі керек», – дейді.

Әл-Байтар (1340 жылы қ.б.): «Танауы кең, жазық маңдай, ұзын құлақ, құйрығы, мойыны ұзын, белі қысқа, тұяғы шағын – шын тұлпардың сипаты», – дегенді айтады.

Тарихшы ән-Нуайри (1333 жылы қ.б.) тұлпардың сипаты туралы: «Үш қысқа, үш ұзын, үш кең, үш таза болуы керек. Құлақ, мойын, шынтақ сүйегі – ұзын; арқа, жіліншік, қыл түбі сүйегі – қысқа; маңдай, танау, іші – кең; көзі, тері, тұяғы – таза болсын», - деп жазады.

Әл-Қалқашанди: «Жүйріктің белгісі – жүрісіне адам қызыққандай, шапқанда тұяқтарын кең сілтейді», – дейді.

Сонымен қатар әл-Байтар жақсы аттың сипаттарын келтірумен қатар, практикалық тәсілдерді де ұсынады. Ол аттың шауып өткендегі тұяқ іздерінің арасындағы қашықтықты өлшеп, аттың жүйрік не шабан екендігін анықтау тәсілін ұсынады. Оның есебі бойынша іздер арасындағы қашықтық 3 зиғар (1 зиғар 55-80 см) немесе одан ұзын болса – ол асқан жүйрік. Ал 2-3 зиғар – орташа немесе баяу шабатын аттың белгісі.

 Мәмлүктер жылқысының түсі

 Мәмлүктер аттың түсіне де ерекше мән берген. Олар жылқының әдемісі – ақ бозы, шыдамдысы – қара көк, жүйрігі – жирен, басы қаттысы – сүлік қара, ал осылардың ішінде ала жылқыдан басқасының барлығы – күшті деп қабылдаған.

Жылқы түстері негісзі ақ, қара, қызыл және сары түстен бастау алады деп саналған. Ал жалпы алғанда жылқы түстерін қара, боз, қызыл (жирен), сұр, сары, жасыл (көк), ала және шұбар деп бөлген. Қара – бес реңге, боз – 7, қызыл – 10, сұр – 7, сары – 7, жасыл – 5, ала – 10, шұбар – 3 реңге бөлінген.

Жылқы түсі туралы сөз қозғағанда мәмлүк сұлтандары мен бектерінің салтанатының бір көрінісі – олар ешқашан бір түсті атты екі күн қатарынан мінбегенін айта кету керек. Олар сенбі күні – сүлік қара, жексенбі күні – ақ боз, дүйсенбі күні – көк, сейсенбі күні – жирен, сәрсенбі күні – ала, бейсенбі күні – сары, жұма күні – ала аяқ, қасқа атпен шығатын.

Khairat SakiҚайрат Сәки, argymaq.kz

“Мәмлүктер” кітабынан ықшамдалып алынды

(Басы мына жерде. Жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>