Ақжол

541

Бала күнімізден таныс батырлар жырының басты кейіпкерлерінің бірі елі мен жерін, абыройы мен намысын қорғаған батыр болса, екіншісі оның сенімді серігі аты болатын. Жорықтағы жігіттер кез келген жерден атына су, азық, өзіне тамақ таба білген. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деген сөз содан қалса керек. Қазақты – аттан, атты қазақтың табиғатынан айыруға болмайды. Аттың да ішінде естісі, күштісі, жүйрігі, жүректісі, сұлуы болғандығын аңыздардан білеміз. Алпамыс батырдың Байшұбары дәл осындай батырдың батырлығына ғана тән мал болды. Қамбар батыр – Қара қасқа атыменен, Қобыланды батыр Тайбурылымен ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа ерліктің символы болып бірге жетті.

Көбікті батырдың жау тигенде еліне, егесіне хабар беретін Тарлан айғыры, сыбызғы үніне келетін Ақымжанның Салсарысы, Ақан серінің әйгілі Құлагері ақиқаттан аңызға айналып елдің есінде сақталып қалған киелі жылқылардың ескерткіші деуге болады.

Жерлес атамыз Қоқыбайдың қасқа аты егесіне бос еріп жүретіндігі әлі айтылып жүр. Өз әкем Нұрмағанбет Оспанқұлұлы маңдайы қасқа, төрт аяқтары тізесінен төмен ақ, көзі шағыр жылқы жолды болады деп отыратын. Басқа қандай түстер ұнамды деп сұрағанда: қара көк жылқы, тобылғы торы, төбел болса жақсы болады дейтін. Осы кісілердің сөзі шындық екеніне өзім ат ұстап, баптап, аламан бәйгелерге қосып жүргенімде анық көзім жетті.

Ендігі айтпағым өзім баптап, мәпелеген, бірнеше жыл отбасымның бір мүшесіндей болған Бұқарбай батырдың 180 жылдық асындағы аламанда алдына шаң салмаған жүйрігім жайлы болмақ.

Мен 1989 жылы жаныма інім Әлібекті ертіп болашақ ат болатын тай сатып алмақшы оймен Жамбыл облысы, Луговой жылқы заводына бардым. Алдымен ауылды аралап жылқы бағумен айналысып отырған кісілердің сатылатын тайларын көрдік. Сол жерде Айман деген балдызым Жомартхан деген жігітке тұрмысқа шыққан болатын. Жомартханның үйінде де жаңақырғыз тұқымды қара бие бар екен.

Бағымы бөлек, ерекше күтімге алынған биені «Бахрейн» деген таза ағылшын тұқымды айғырдан шығарыпты. Туған құлыны биесінің жанында тұр. Жас төлдің қай-қайсысының болса да адамға сүйкімді көрінетіні бар ғой, далада демалып отырғанда сол құлынды көрдім. Әкемнің жолды жылқы туралы айтқаны есіме түсті. Жақындап көрсем бір көзі шағыр екен. Ойыма әлдебір жылылық ұялағандай болды. Кешке үйінде құрмет жасады. Сол кезде манағы жылылық нық сенімге айналып, бір тоқтамға келдім: өзіммен-өзім іштей ақылдастым, құдай бастаған шығар, осы малды алайын деп шештім. Ертеңіне осы құлынды ұнаттым дедім. Ол тегін ал деді. Тегіннің қайыры болмайды, ақы алыңдар дедім. Үлкен талап жасап келіп отырғанымды айттым. Сол уақыттағы жеңіл машинаның жарты пұлын беріп кеттім. 1990 жылы тайды бас үйретіп қойдым деп хабар айтты, ауылға алып келдік.

Жазда 44 күн бақтым. Есіктің алдына таза құм түсіртіп, күніне бір мезгіл аунатамын. Сосын 20-30 минуттай арқан бойында шауып ойнайды. Үй ішімізбен тамашалаймыз. Күндіз күні бойы, түнде біразға дейін сол тайменен бірге боламыз. Күзде 40-50 күндей «Набат торы» деген атпен бірге жарысқа дайындадық. Торы атты тоқ бәйгелерге қостым. Күзде ауданда өткен құнандар жарысында тайым озып келді, алғашқы қуанышын сыйлады. Тайдың атын әкемнің жолды болады деген сөзіне байланысты «Ақжол» деп қойдық.

1991 жылы көктемде құнан жасына шыққанда 4-5 жарысқа қатысып, барлығында да бірінші болды. Жаз айларында қайта бағымға алдым. Сенсеңіз, оны мініп, жоқ малды қараса таппай келмейді. Онымен аң аулап шықса, аң алмай қайтпайды. Аң-құсқа шыққанда жүйрік ат, жүйрік тазы бірін-бірі толықтыратындай әсер қалдыратын. Әр жолы әртүрлі қасиетін сезініп көріп, келесіде солардың сәтті қайталанғанына куә болып іштей ризалықпен, ерекше қадірлейтінмін.

1992 жылдың өн бойында Бұқарбай батырдың айтулы тойына жан-жақты дайындық жүріп жатты. Осы жылдың қыркүйек айында мен «Таңнан» Бұқарбай батыр ауылына жұмысқа шақырылдым. Совхоз директоры Қожахмет Баймаханов аттарыма көне мектептен жылқы зауытындағыдай арнайы бөлмелер беріп, ашық албар қоралар соқты. Әйеліме атшының көмекшісі, балама ветсанитар деп жалақы төлетті. Жем-шөпті әр түрінен керегінше жеткізіп беріп тұрды. Шайзадаев Жекен ақсақал шаруашылық қоймасында істейтін. Ол кісіге қажетті қалың, жұқа жабуларға арналған киіздер бергізді.

Содан келе қосымша көлік бөліп, Луговой жылқы заводынан ақ күрішке айырбастап жылқы алуға жіберді. Мен өзім көріп, таңдап шаруашылыққа екі жылқы, өз ақшама бір бие, бір айғыр, барлығы төрт жылқы сатып әкелдім.

Басшы, қосшы болып жасаған еңбек нәтижесін берді. 250 үй тігіліп республика жамағаты тегіс шақырылған осы астың 47 жүйрік қосылған аламан бәйгесінде Ақжол өзгелерден оқ бойы озып келді. 3-айналымнан кейін-ақ жануарым жарыстың алдын бермеді. Ал, құнан бәйгеде менің күрең құнаным үшінші болып келді. Осы аламанда 3 атымыз бәйгеден келіп, мерейіміз үстем болды. Ақжолдың бәйгесіне 600 мың теңге алдым. Оған әр жастағы 5 ұрғашы жылқы түсті.

Сол жылы өткен «Алтын күзде» Ақжол 15 айналымдық жарыста бәйге аттарының алдында жүрді. Мәреге 200 метр қалғанда мінер жақ аяғындағы сіңірі созылып кетіпті. Содан кейін Ақжолды өзінің бәйгесіне алған бес биеге үйірге салдым. Осы жылдан бастап ол осы үйірге еге болды.

Салқын мезгілдері жайылады. Шыбын, сона шыққанда үйірін үйге айдап келеді. 1993-1995 жылдары елдің малына қасқыр қатты тиді. Ақжол бірде-бір құлын-тайын қасқырға бермеді. Биелерді де қасқырдан қорғану тәртібіне үйретті. Өрісте қорықшылар немесе жаман ойлы малшылардың да көп жүретіні әркімге белгілі. Ақжол малды өрісінен айдатпайды, үйірінен мал ұстайын десе ұстатпайды. Өзі қарсыласады, оған болмаса, биелерді ауылға қуып келеді. Айғыр алдына салып қуған кезде үйірді қайтару мүмкін болмай қалады. Осы жылдары бірде-бір бас бие қысыр қалмады, үйір шашырамай бір жерде жинақ жатады. Іздей қойсаң, межелі жеріңнен тез табасың.

Құлынынан қолда өсіп, сырмінез болған киелі жылқының тұқымы, тегіне тартып өзгелерден ерекше қасиеттерін де білдірді. Жылдар бойы сенімді серігім болған қазанатымның сол бір ерекшеліктері есімнен кетпейді. Әсіресе жылқы жайылып жатқанда Ақжол биік төбелер басына шығып жан-жақты бақылап қояды. Туатын биенің маңына басқа жылқыны иіріп, өзі сыртынан қорғап тұрады.

Ақжол үйіріндегі бес биені 50 басқа жеткізді. Оның асыл қасиеттерін көреалмаушылар да болды. Бұл жылқы өз үйірі жатқан жерден малды да, адамды да жүргізбейді деп жауласқандардың біреуі арнайы дайындалып барып, жануарды соққыға жығыпты.

Теңселіп жүрген жерінен ұстап әкеліп қораға қойдық. Содан өлді. Сойып көргенде жұрт жүрегі мен өкпесінің ерекше үлкен, қанының көп екенін көріп таңырқады. Оның шабыста ұзаққа шыдап талмайтыны осыдан екен ғой деп түйдім. Бас сүйегін қастерлеп үйге сақтап қойдым.

Ақжолдың аламандағы шабысында өзінше ерекшеліктер бар болатын. Ол шапқанда ұзарып, созылып, ұзын арбакештің шыбыртқысындай жазылып кететін. Бауыры жерге тиетіндей жақындайтын. Өте өнімді, жылдам шабатын. Көзге жәй келе жатқандай көрінсе де, қасындағы жылдам шабатын жүйрік жылқылар ере алмай келе жататын. Айналма шабыста иіннен шыққанда басы аяғы аппақ болып, алыстан жарқылдап көрінетін.

Расында да жігіттің жігітіне берілетін бақыт осы жануар сан рет жарыста озып келіп, мені халыққа, елге танытты, белгілі атсейістер қатарынан орын алдым. Талай жоғалған малды осы атпен іздеп таптым. Тұрмыс-тіршілігімді жақсартып, абыройымды арттыруға сіңірген еңбегін ескеріп, мал да болса есте сақтау мақсатында балаларыммен құрған шаруашылықтың атын «Сәйгүлік» деп қойдым. Шаруашылық мөріне «Ақ-жол» деп атын жаздым. Талай құжатқа осы жылқының аты жазылған мөрі басылды.

resize_wҚабыланбек Нұрмағанбетов, ардагер, атсейіс,

Жалағаш ауданы. «Сыр бойы» газеті, 2010 ж.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!