Жылқышы қыз – Маржан қыз

4731

…1987 жылы алғаш рет Гурьевке келдім. Индер, Махамбет аудандарында болдым. Жергілікті жердің біраз әндерін зерттедім. Сонау бір жылдарда «банды» аталған есіл ер Аманғали мен ақтар атып кеткен Қисса әншінің қайғылы тағдырын қағазға түсірдім. Ауқат, Дәукен, Ажар, Балым Соқырдың әндері де таңғажайып оқиға боп шертілді. Бұлар бұрын зерттелмеген еді. Ажардың әйгілі «Әмірхан» әнінің шын тарихы таң-тамаша қалдырды. Міне, осы зерттеудің үстінде бір жолы қария сөзді зерделі кісілер: «Маржан қыз» әнінің кейіпкері осы жерде… өзіміздің Маржан… Социалистік Еңбек Ері» деді. Бұл сөзге елең етіп, бірақ, уақыттың тапшылығына байланысты дүйім ел ардақтай сөйлеген Маржанға жолыға алмадым.

Алмас Сырғабаев. «Маржан қыз»

2000 жылдың қыркүйек айынан бастап Атырауға қоныс аударып, тұрып жаттық. Бұл жылдарда бүкіл Батыс өлкесінің ән дүниесіне емін-еркін еніп, зерттеу ісім қат-қабат оқиғалармен сапырылысып, кей жайларға мойын бұрғызбады. 2004 жылы жаз айында Алматыда академик Зейнолла Қабдоловпен жүздесіп, сырласып, біраз жайды еске алдық. Әңгіменің бір ығытында ол кісі:

Ән зерттеу ісі мехнаты зор бір тұңғиық сыр ғой. «Гүлжансары» әнін тыңғылықты зерттеп, көкейімізде жүрген әңгімелерге шырай таратып, көп жайға көз жеткіздің. Жан-жақты насихаттап, газет-журналға жарияладың. Менің «Жайық қызы» әнімді де жеріне жеткізе жаздың. Ал, «Маржан қыздың» кейіпкері Маржан апаң бар ғой, жүздестің бе? Енді сол әнге көңіл бөлші… бәрі де болған оқиға. Ел сөзі қате емес, — деді.

Маржан апайдың Индер ауданы, Есбол ауылында тұрып жатқанын естіп-біліп жүрдім. Әні-міні, деп жүргенде Маржан апай дүниеден қайтты. Қатты өкіндім. Бұл – 2015 жыл… Амал не, адамның қай арманы орындалып жатыр, өмір солай… өз әуенімен жүре береді.

Маржан Енбаева жөнінде көп әңгіменің ең дәйектісін сол жылдарда Есбол ауданының Комсомол ұйымының бірінші хатшысы болған, кейінгі жылдары Гурьев облысының мәдениет бөлімін ұзақ жылдар басқарған, бүгінде тоқсан деген жастың биік қырқасынан асып, әлі де болса өте сергек көрінетін, көргені, көңілге түйгені көп аса сырбаз, текке сөйлемейтін байсалды ақсақал Орынғали Қарасаев былай деп түйіндеді:

— Иә, мен сол жылдарда Есбол ауданында комсомол ұйымын басқардым. Маржан Енбаеваға Социалистік Еңбек Ері атағын берген жиынға қатыстым. Маржан да комсомол. Жалындап жанып жүрген кезі ғой. Бұл – 1948 жыл. Ал, келесі жылы Москвада Бүкіл Одақтық Комсомол ұйымының съезі болды. Маржан Енбаеваға сол съездің құрметіне тұлпар сыйлады. Ел іші қашанда думандатып жатады ғой, дархан көңілді жұртшылық Маржанды «Маржан қыз» әнінің кейіпкері деп, ардақтап, көкке көтерді. Өзі де елге сыйлы, кішіпейіл, зерделі қасиеті мол аяулы жан еді. Міне, мен осы оқиғаның куәсімін.

2015 жылдың маусым айының жаймашуақ күні еді, Индер ауданында шығармашылық кешім өтті. Осы оқиғаның үстінде Маржан апайдың көп әңгімесі айтылды. Ел сөзіне ден қойдым да ол кісі жайлы дерек жазып берулерін өтіндім. Бұл сөзге ерекше мән берген аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев маған мына деректі әкеліп берді:

Маржан Енбаева (194-2015)

«Енбаева Маржан 1924 жылы бұрынғы Гурьев (қазіргі Атырау) облысы Есбол (қазіргі Индер) ауданындағы «Толыбай құмы» өңірінде, қарапайым жылқышы Енбай мен Қалиманың отбасында дүниеге келген.

Маржан апа ауыл молдасынан сауатын ашып, буыны қатпастан еңбекке араласып, мал баққан ата-анасы мен ағасына көмекшілік ете жүріп, ата кәсіптің құпиясына ерте қанығады.
Бұл тәжірибесі ел басына күн туып Ұлы Отан соғысы басталған сәтте қадеге асып, ағасы Шалабай 1942 жылы майданға аттанғада 18 жасқа толған Маржан үлкендермен қатар еңбек етеді. Қабырғасы қатпаған жас қыз сол кезде шаруашылық басшыларына ағасы баққан малды өз қарамағына бекітіп беруді сұрап, өтініш білдіреді. Сенбестік танытқан басшыларға өз байламының бекемдігі мен қолынан іс келетіндігін жеткізеді.

Әуелі көмекші, ал 1944 жылдан Степан Разин атындағы колхоздың жылқы фермасында аға жылқышы болып, қарамағына 52 бие бекітіліп беріледі. Қарлы да түтеген боран және жан-жағынан қаумалаған аш қасқырлармен аңдыса жүріп, бекітілген мал басын көбейтуге бар күш-жігерін салады.

1942-1946 жылдары қарамағындағы табыннан 237 құлын алуды қамтамасыз еткен жас қыздың баққан жылқысынан майданға да талай жүйрік жөнелтіледі.

Ұлы Отан соғысы кезіндегі мал шаруашылығын өркендетуге және одан кейінгі кезеңдегі ерен еңбегі Үкімет пен партия тарапынан жоғары бағаланып, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1948 жылғы 28 шілдедегі Жарлығы бойынша Маржан Енбаеваға Социалистік Еңбек Ері атағы, Ленин ордені мен «Орақ және баға» алтын белгісі, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Грамотасы беріледі.

Маржан Енбаева 1949 жылы Москвада өткен БЛКЖО XI съезіне делегат болып қатынасқан. Апамыз тарихта атышулы 1956-1957 жылғы ауыр қыста да өзіне бекітіліп берілген 132 жылқыны аман алып шықты.

Атақты жылқышы Маржан Енбаеваның осы жылдары жинаған мол тәжірибесін кейінгі толқын жастарға үйрету мен оларға басшылық жасау қажеттілігі ескеріліп, колхоз басшылығы оны тауарлы жылқы фермасының меңгерушісі қызметіне тағайындайды. Осы міндетті ол 1963 жылға дейін абыроймен атқара білді.

Осы жылдары Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаеваның ерлікке толы еңбегі халыққа кеңінен танылып, сазгер Әбілхат Еспаев пен ақын Садықбек Адамбековтің сөзіне жазылған «Маржан қыз» әні ел арасында кеңінен тарап, әр жүректен орын алды.

Ел еңсесін тіктеп, азаматтар жоғары білім алып, тәжірибе жинай бастаған тұста өз қызметін жастарға беріп, қой шаруашылығын дамыта түсуге бел байлап, осы салаға ауысады.

Маржан Енбаева 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанша Амангелді атындағы совхозда малды азықтандыру мен бағуды ғылыми негізде ұйымдастыруға белсене үлес қосты. Халық шаруашылығын ілгерілету ісінде лайықты ізін қалдырды.

Маржан Енбаеваға Атырау облысының және Индер ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Елтай ауылындағы өзі тұратын көше оның есімімен аталады.

***

Күллі Атырау жұрты «Маржан қыз» әнінің кейіпкері, деп Маржан Енбаеваны мақтаныш етеді. Өмірде кейде шын болған оқиғалар өз төңірегінде ғана айтылып, сырт жұртқа жайыла қоймай, томаға тұйық күйінде булығып жата беретінін ән зерттеу ісінде талай рет байқап, таңғалғаным есімде. Тамаша әнге өзек болды, дейтін Маржанның да тағдыры сондай қызықты тағдыр. Оны зерттеу мұнымен бітпейді…ол жалғаса береді.

Ілия Жақанов,
«Маржан қыз» эссесінен ықшамдалып алынды

 

 

 

Маржан қыз

Сөзі: Садықбек Адамбеков
Әні: Әбілахат Есбаев

Асқақтата салғаным жайлау әні,
Баққан малым жайлаудың болған сәні, Маржан-ай.
Қай жерімнен мін таптың, қалқатайым,
Менің жазған хатыма жауап қані, Маржан-ай?

Қайырмасы:
Кездескен күн есімде,
Айлы жаздың кешінде.
Еске сақта, қалқатай,
Айта берем несіне.

Жайлау қандай, мал қандай, өзім қандай,
Көрген адам біздерге таңданғандай, Маржан-ай.
Жалғыз жүріп есіме сен түскенде,
Қарсы алдымнан болады шам жанғандай, Маржан-ай.

Қайырмасы:
Кездескен күн есімде,
Айлы жаздың кешінде.
Еске сақта, қалқатай,
Айта берем несіне.

Кездесіп ек колхозда айлы түні,
Құлағымнан қалқаның кетпейді үні, Маржан-ай.
Шығасың ба алдымнан, шықпайсың ба,
Жұлдыз тағып Мәскеуден келген күні, Маржан-ай?!

Қайырмасы.
Кездескен күн есімде,
Айлы жаздың кешінде.
Еске сақта, қалқатай,
Айта берем несіне.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!