ИППОЛОГ – ҒАЛЫМ

3135

Исхан Қайраттың орда бұзар отыз жасында, мен жиырмадан енді асқан шағымда бізді қасиетті білім ордасы, қара шаңырақ – Қазақ ұлттық аграрлық университетінде кездестірді.

Жас ұстаз жайлы мәліметтің толығын студенттерге жақын жүретін қадірлі ұстазымыз, профессор Бақыт Барақовтан алдық. Қайрат аға жайлы сөзінің соңында: «Кейін сендер осы Қайраттан оқығандарыңды мақтан тұтатын боласыңдар!» — деп аяқтады. Айтқаны – айдай келді.

Ол кезде «Жануарлар физиологиясы» пәні екінші курстың екі семестрінде де оқылатын. Бұл пәнді бізге Қайрат Жәлелұлы жүргізетін. Алғашқы сәттен-ақ  жас ұстаздың сабырлы қалпы, салиқалы дәрісі, қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы, болмыс-бітімі, біліктілік пен білімділікті ұштастырған көркем мінезді көрінді бізге.

Бірте-бірте ол кісі біздерді физиологияның бағзы дәуірінен сыр шертетін қиын да қызықты тарихи кезендер тұңғиығына тоғытып, сан-қырлы сипатын заманауи жаңашылдықпен жеткізіп, қабылдауы ауыр сабақты жеңіл  ұғынуға тәрбиеледі.

Біз осы пәннен физиология — биологияның маңызды салаларының бірі екендігін, ол организмнің тіршілік әрекетін, жеке мүшелер мен жүйелердің қызметін зерттейтіндігін, олардың ерекшеліктерін, биологиялық маңызын анықтайтындығын, организмнің сыртқы ортамен қарым-қатынастарындағы заңдылықтарды ашатындығын және физиология медицина мен ветеринарияның жалпы биологиялық сипаттағы қолданбалы ғылым салаларының ірге тасы болып саналатындығын, мал организмдеріне тән функциялар мен үдерістердің тіршіліктік мәні мен маңызын айқындайтындығын білдік.

Сондықтан бұл пәнді оқырманның өзіне сұрақ қойып, оның жауабын ұғына отырып оқығаны жөн дейтін Қайрат Жәлелұлы. Сонда ғана ол түбегейлі білім жинақтауға, организмде жүретін күрделі үдерістердің биологиялық мәнін ұғынуға болады деп қортындылайтын.

Қайрат Жәлелұлының ұстаздық болмысындағы бір қасиеті – адамды өзіне баурап алатын кішіпейілділігі. Оқытушы мен білімгерге қатысты ара қашықтықты белгілі бір деңгейде ұстағанымен, білімге құштарға іш тартып тұрады.

Жылқытанушы ғалым Қайрат Жәлелұлы

Оның ұстаздық болмысында көзге ұрар артық нәрсе байқалмайды. Бәрі орнын тауып, орайласып тұрады. Дәрісханаға кіріп-шыққаннан бастап жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, аудиториямен қарым-қатынасында арттық-кем шығар тұс болмайды. Ризашылығын өзіне тән жылы жымиысымен білдіріп, ренішін қабағынан танытып, артық ауыз сөзге бой алдырмайды. Әрбір ісінен сыпайылық пен жоғары мәдениет нышаны көрініп тұрады.

Қайрат Жәлелұлы тек ұстаздық емес, ауыл шаруашылығы ісінің білімді де білікті маман-ғалым ұйымдастырушысы ретінде де танылған ғалым.

Ең алдымен ғалым ретіндегі Исхан Қайраттың еңбектері несімен құнды десек, оның жауабы ғалымның ізденісінін жылқы шаруашылығы танымының бұрын-соңды отандық және шетелдік жылқы саласы ғылымында болмаған құбылыс екендігінде жатыр.

Қайрат Жәлелұлы зерттеуінде алғаш рет Қазақ жерінде өсіріліп жатқан таза қанды жылқылардың ұшқырлық сапасы ғылыми талдауға түсті. Бұл жалпы жылқы шаруашылығы ғылымындағы спорт бағытындағы жылқыларды алғаш зерттелуі.

Оның жұртты алғашқы елең еткізген ғылыми еңбегі – «Мініс жылқыларының ұшқырлық сапасының құлындардың туылу мерзіміне байланысты». Бұл монографияда – жылқының мініс тұқымдарының шығу тегі мен қалыптасу тарихы және оның кейбір ерекшелігі, өсіру, күтіп-бағу, азықтандыру, оның зауыттық тренингісі, ұшқырлық сапасын сынау мен бағалау технологиясына ғылыми негізделген тұжырымдама берілген.

Жылқы шаруашылығын тереңдей зерттеген ол кандидаттық диссертациясын мемлекеттік тілде қорғады, алғаш рет жылқы шаруашылығы саласында қорғалған ғылыми тың тақырып болды, сол зерттеуінің негізінде қазақ тілінде көптеген ғылыми, ғылыми-көпшілік еңбек жазды. 2002 жылдан бастап ҚазҰАУ-дің ассистенті, аға оқытушысы, доценті, профессоры, кафедра меңгеруші ретінде қызмет ете жүріп, ұзақ жылдар бойы қазақ тiлін ғылым тіл ретінде дамытуға өзінің қазақша жазған маңызды еңбектерімен үлес қосып, жылқы шаруашылығы, құс физиологиясы және балық физиологиясы пәндерінің оқулық, оқу құралдарының сапалы жазылып дайындалуына бір кісідей еңбек сіңірді.

Профессор Қайрат Жәлелұлының ғылыми шығармашылық еңбектерiнiң басым көпшілігі, мәйекті де маңызды жағы өз мамандығының қыр-сырын, өзекті мәселелерін зерттеп-зерделеуге арналған. Ондай еңбектерінің ғылыми сипатын саралап, тарқатып айтуға біздің кәсіби біліміміз жеткіліксіз болғандықтан, жылқышы-ғалымның ол жағын тереңірек қаузауды өз әріптестерінің қарамағына қалдырғанды жөн көрдік. Сол себептен «Жылқы шаруашылығы» оның бір еңбегі, тіпті ғылыми шығармашылық қабілеті мен терең ізденісін танытатын бір қыры деп айтуға әбден болады.

Бiр жағынан ұстаз, екiншi жағынан ғалым, үшінші жағынан жылқы маманы Исхан Қайраттың осы мәселелер хақында ортаға салған ойлары да назар аударарлық. Отандық жылқы шаруашылығы мен ат спорты, ұлтық таным-түсінік туралы толғаныстары талай мақалаларына арқау болып, ақыр аяғында өз мамандығының оқулығын құрастыруға апарды.

Жылқы шаруашылығына қатысты мәселелерді қазақ тiлiнде зерттеп сөйлету, ипполог-ғалым Қ.Ж. Исхан шығармашылығының қос қанаты, оның ешкiмге ұқсамайтын азаматтық, ғалымдық қарым-қабілетін танытатын ерекшелiгi iспеттес.

Жылқы шаруашылығын зерттеуші ғалым ретінде ол алғаш рет мемлекеттік тілде «Ат спорты» атты оқулығы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінде мақұлданып, Жоғары оқу орындарына оқулық ретінде ұсынылды.

Ресейлік әріптестерімен бірлесе отырып, Мәскеу қаласындағы Тимирязев академиясының «Жылқы шаруашылығы» кафедрасының профессор-оқытушыларымен жоғары оқу орындарына арналған «Коневодство» оқулығы 2022 жылы ЛАН баспасында басылып, жарық көрді.

Исхан Қайрат Жәлелұлының авторлығымен бірнеше ғылыми патенттер алынды: Патент на изобретение №2628148 // Способ отбора казахских лошадей жабе для селекционного процесса. – Опубл., бюл № 9. -14с, 22.03.2018г., Патент на изобретение «Способ получения препарата для стимуляции неспецифической резистентности организма, профилактики заболеваний и реализации воспроизводительных качеств крупного рогатого скота» № 2754555 от 03 сентября 2021г., Патент на изобретение «Способ отбора казхских лошадей адайского отродья для селекции» № 2763914 от «11» января 2022 года., Патент на изобретение «Способ отбора лошадей кушумской породы для селекции» № 2763915 от «11» января 2022 г.

Ол ҚазҰАУ-дің «Физиология, морфология және биохимия» кафедрасының профессоры бола жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Республикалық «Ет-сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдары» палатасы және Республикалық «Зауыттық жылқы тұқымдары бойынша» палатасында жылқы шаруашылығы саласының ғылыми кеңесінде мүше. «Қазақстанның жылқы өсірушілер Одағы» қауымдастығында «Ат спорты және жылқы шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының ғылым және өндірс жөніндегі орынбасары. 2014 жылдан Қазақстан Республикасында тұңғыш шығатын «Ұлттық спорт» республикалық журналдың шеф редакторы. Сонымен қоса Қазақстан Республикасындағы көптеген «Ат спорты» саласындағы асыл тұқымды жылқы шаруашылықтарына, жылқы зауыттарына және жекелей ат иелеріне ғылыми кеңесші қызметін атқарады. Оның еңбек жолынының өзегін, негізінен, ұстаздық қызмет құрағанымен, бірталай басшылық қызметте де табысты еңбек етіп келеді.

Қайрат Жәлелұлы қандай да лауазымды қызмет атқарса да, белсенділігімен, ұйымдастырушылық іскерлігімен, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтындығымен көзге түсіп, әрқашан өзін жақсы қырынан көрсете білді.

Ол өзінің ұзақ жылғы жемісті еңбегіне лайық 2015 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетің «Аграрлық білімге, ғылымға және өндіріске қосқан үлесі үшін» төс белгісімен, ал 2019 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Ұлттық аграрлық ғылым — білім беру орталығынан «Ауыл шаруашылық ғылымы мен жоғары білімнің алдына қойылған міндеттерді шешуге өзінің кәсіби және айрықша үлесі үшін» атты Құрмет грамотасынмен марапатталды. Ал, 2021 жылы «Білім мен ғылым дамуына үлес қосқаны үшін» атты құрмет медалінің иегері атанды.

Бұл күндерi отыз жасында — орда бұзып, қырықтың қамалын алып, қырқасына алқынбай шығып отырған Қ.Ж. Исхан нағыз шығармашылық кемел шағында қазақ халқының асыл қазынасы – отандық және қазақ жылқы тұқымдарын жетілдіру және селекциялық-асылдандыру жұмыстарын ғылыми тұрғыда зерттеп, Республика деңгейінде дәрістер оқып, баяндамалар жасап, ғаламтор (интернет) беттерінде «Fecbook, Instagram, Argymaq.kz сайты және т.б.» әлеументтік желілерге және «Қазақстан, Хабар телеарналарына», «Шалқар» қазақ радиосына сұқбаттар беріп, шағын жылқы туралы ғылыми мақалалар жариялап, сонымен қоса «жылқы шаруашылығы» саласы ғылымның бастамашылдығы мен жаңашылдығын қоса алып жүрген профессор-оқытушы Қайрат Жәлелұлы елiне рухани қызмет етуде әлi талай биiктерге шығатынына сенiмiмiз мол.

Сонымен, Қайрат Жәлелұлы Исханның ұстаздық, ғалымдық, өз мамандығының майталман маманы екендігі жайлы бірқатар деректерге аздап болса да шолу жасай отырып, оның кісілік келбетін кескіндеуге ниет еттік.

Қашанда байсалды да байыпты қалпын бұзбай, парасаттылық пен азаматтық қасиетінен танбайтын, кең мінезді Қайрат Жәлелұлының қазақ қоғамының ғылымына берері әлі де мол. Терең білімді де білікті ұстаз, білікті ипполог-ғалым бүгінде өз шәкірттеріне, ісі мен сөзі баршаға өнеге. Студенттер де, әріптестері те, оны жақсы біледі, жалпы жұрт та жаны жайсаң, абзал азаматты қадір тұтады, құрметтейді.

Қазақ ұлттық агралық зерттеу университеті

Ветеринария факультеті

«Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасының аға оқытушысы,

ветеринария ғылымының магистрі Базарбаев Рыскелді Хантөреұлы.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!