Абай Құнанбайұлы айтқан жүйріктің 64 белгісі (Жалғасы)

1553

(Этнографиялық талдау)

(Жалғасы. Басы мына жерде)

 

  1. Дөңгелек к..ті.

Артынан қарағанда жамбасы дөңгелектеу келуіне қарай айтылған.

  1. Сырты қысқа.

Құйрық түбінен басарқа, шоқтыққа (жалдың тоқтаған жері, одан әрі мойын) дейін ұзын болмауы. Яғни, арқасы қысқа келуі, белі ұзын болмауы. Қысқа жылқы күшті болады.

  1. Бауыры жазық.

«Бауыр – жан-жануардың дене тұрқының бауыр орналасқан ішкі жағы. Қолтық тұсы» (Сөздіктен).

Бауыр түрлері – кебеже қарын, сиыр қарын, тазы қарын, боқ қарын, салқы қарын болып төлінеді.

Баптап жаратқаннан кейін аттың бәрінің ішін тартып, бауыры жазық болып кетеді. Мұнда айтып отырғаны әдетте бауыры жазық, керген төстіктей түзу болса дегені. Бауыры тар ат аяғын оңай соғады. Бауыры жазық келсе, соқпайды. Жазық бауыр аттар тойып тұрғанда екі санның ортасынан, артынан қарасаң қарын бөлігі тегіс, жазық, жалпақ көрінеді. Алақан сияқты тұрады. Көп аттың бауыры жұмыр келеді. Оның екі жақтағы қабырғамен қатысы бар. Қабырға кең бітсе, оралымы да кең келеді де, бауыры жазық болады.

  1. Арты талтақ.

Жылқының арты екі түрлі бітеді. Бірі – жүргенде арты талтақ келеді. Аяқты бұрап басқанда аяқ талтақ көрінеді. Екіншісі – екі тізесі жақындап, сиыр сияқты артқы екі аяғы бір-біріне тиіп жүреді. Тіпті, тезірек жүргенде сырт-сырт етіп дауыс шығарады. Арты кең ат артынан қараған адамға артқы аяғын айналдырып басып келе жатқандай болады.

«Аттан аттың несі артық,

Адымдап басқан ізі артық.

Ерден ердің несі артық,

Тайғанақ асу, тар жерде,

Ерлердің қылған ісі артық» — деген бар.

Жақсы ат адымын кең алады. Алдыңғы басқан аяғынан артқы аяғы асып түсіп отырады. Оны артынан шапанды кісі сиып кететіндей дейді. Кеудесі тар, артының шақпақ еті жоқ, арты тар қушық аттың ізі түлкінің ізі сияқты тізіліп түседі. Арты кең аттың ізі екі аттың ізі сияқты қатар түседі.

  1. Ұмасы үлпершекті.

«Ұма – еркек малдың аталық зәр шығару мүшесінің сыртқы бөлегі. Үлпершек – жүректің қабы» (Сөздіктен).

Ұмасы үлпершекті – майлы, нәрлі деген мәнде. Ұманың өзі тынысқа қарап бітеді. Ұмалы аттың тынысы кең болады. Ұмасы биенікі сияқты жабысып әрең көрінетін болса ат шаппайды. ондай ат ә дегенде алдын бермейді де, біраздан кейін шегіне береді. Ұзаққа шыдамайды. «Үлпершекке су құйып, іліп талға байладым» дейтін жұмбақ бар. Яғни, жүректің қабына су құйып, талға байладым дейді. Бұл жұмбақтың шешуі – шәугім мен мосы.

  1. Шідерлігі жуандау.

Шідерлік – ат сирағының шідер салатын жері. Шідерлігі жуан болса, сіңірлі, серпінді, күшті келеді. Асықты жілік төменірек, шідерлігі төмендеу бітеді. Ботаның тірсегі төмендеу, көстиген болады. Ондай тірсек қуатты болады. Шідерліктің астын сыбдырлақ дейді.

  1. Бота тірсек.

Жүйрік аттың эфитеті, сұлу-сымбаты.

Тірсек түрлері – бота тірсек, жолбарыс тірсек, маймақ тірсек, желмая тірсек болып бөлінеді.

Бота тірсек деп тірсегі төменіректі, маймиғанды, алдына қарағанды айтады. Шідерлігі деген сол тұс. Кей жылқы бота тұмсық болады. Тұмсығы жатыңқы келеді. Иттің өндіршегі төмен, шұңқыр келсе жақсы. Жіліншігі қысқа болуы керек. Кей жүйрік аттарды ит жіліншік деп жататыны содан. Тілерсегі желмаяның тілерсегіндей болып бітсе, онда мұндай ат өзге аттардың 2-3 аттаған жерін бір-ақ аттайды. Ит жіліншік, тазы тізе, бота тірсек бір аттан кезіге бермейді.

  1. Жүйрік.

Жүйріктің негізгі басы, одан қалса төрт аяғы ұқсаса, қалған жері көп жағдайда қосымша болады. Кей жүйрікте сын болмайды. Байқалмайды. Олар – шын жүйріктер, бапсыз жүйріктер.

  1. Бейне жел.

Мұндай аттар әдетте тұрғанда қандай тыныш болғанымен, мінгенде әрекеті соған келеді. Желсіз күнде мінген адамның құлағынан жел есіп, желпінтеді.

  1. Тынысты.

Танау түрлері – бота танау, арна танау, талыс танау, делди танау, бөкен танау, тар танау, желбегей танау, ұсақ тасікті танау болып бөлінеді.

Теке мұрын аттың танауы тар болады. Кей сыншылар тынысы танауда тұрған жоқ дейді. Тынысы теріге де байланысты болады. Жүйріктің терісі кең бітеді. Жүйріктің тершең болатыны да содан. Бір қарағанда кең-тарлығы біліне қалады. Тоқымдығын ұстасаң онда бір бостық тұрады. Тынысты деп айтатыны танауда ғана тұрған жоқ. Кеудесі кең, шынтағы қабырғадан тұрса аулақ дегені де тынысқа қаратылған. Қабырға кең болса, кеуде сүйек те кең, тынысты келеді. Кей ат шауып келіп, ауыр-ауыр бір-екі дем алады да, түк болмағандай тыныштала қалады.

Жүйріктің өкпесі ерекше кішкене, лақтың өкпесіндей ғана болады. Өкпесі үлкен болса, кеуде сүйекті тез кеулеп, қысылады, тынысы тарылады.

Жалғасы бар.

Кәрім Дүйсенбайұлы

ҚХР, «Мұра» журналы 2020 жыл

Түпнұсқадағы тақырып: «Ат сыны»

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Argymaq.kz

ФОТО: Мерғалым Қангелді

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.