Мәскеудегі жылқы музейінің қазаққа қандай қатысы бар?
Ұлттық құндылықтарымызды байыту үшін,
ұлттық мұраларымызды шетелден іздеу керек.
Әбіш Кекілбайұлы.
Жылқы десе елең етпейтін қазақ баласы жоқ болар. Өйткені, жылқы түлігі ата-бабаларымыздың жүздеген жылдар мінсе көлігі болса, ал тәтті еті мен дәмді қымызы күні бүгінге дейін халқымыздың аса қадірлі асы ретінде бағаланып келеді. Сонымен бірге, сұрапыл соғыстар мен жорықтарда жылқы қазақтың «ер қанаты – ат» дегендей, жаудан қорғаған батырлар мен сарбаздарының сенімді серігі болғаны белгілі. «Адам жылқы мінездес» деген сөзді де дана халқымыз тегін айтпаса керек. Жалпы, бұл жануар жайында көпшілігіміз ел аузында айтылатын әңгімелерден, батырлар жыры мен дастан-қиссалардан, ақын-жазушылардың жазған басқадай шығармаларынан оқып өстік. Ал ауыл балаларының жылқыға мініп, оның қызық-шыжығын бастан өткермегендері сирек болар. Жоғарыда айтқандардың қысқаша түйінін қазақ жырының құлагері Ілияс Жансүгіровтің:
Жасымнан жылқы десе менің жаным,
Атырдым жылқы ішінде өмір таңын.
Жапанда жел жылқының үстінде өскем,
Мекендеп өмірімде аттың жалын.
Мал сырлас, аттың сыры маған мәлім,
Жырым – жылқы, жүйрік ат – салған әнім.
Аспан асты, жер жүзі кең сахара
Күн көріп атам қазақ келген мәлім, – деген өлең жолдарынан барынша байқауға болады деп ойлаймын.
Әңгіме жылқы төңірегінде болғанмен, нақтылы мәселе ауаны жылқы жөнінде халықтың жадын, тарихын сақтайтын, қорғайтын, оның даму жолын, құндылықтарын, жәдігерлерін көрсететін, насихаттайтын арнайы орын – музей жайлы өрбімек. Музейдің неше түрі болатыны да белгілі жайт. Бүгінгі таңда музейлердің білім мен ғылымның, мәдениеттің, белгілі бір мөлшерде өндірістің (оның бір куәсі Мәскеудегі атақты политехникалық музей – Ө.С.) де дамуына ықпал ететін ғылыми-танымдық әрі тәлім-тәрбие беретін қоғамдық институт ретіндегі маңызы арта түсуде. Осы жағдайды ескере келе өзім жәдігерлерін тамашалап, тарихына, қызметіне тамсанған бір музей жөнінде қалам тартқанды жөн көрдім.
Ол – бұрынғы Кеңес Одағы атты алып мемлекеттің астанасы болған Мәскеудегі жылқы музейі. Бұл К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінде орналасқан. Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасында мен осы білім ордасының аспирантурасында оқыған едім. Мұнда оншақты музей жұмыс істеді. Соның ішінде мені ерекше қызықтырғаны жылқы музейі болатын. Оның экспозициялары орналасқан ғимарат архитектуралық әсемдігі жағынан алыстан көзге түсіп, алдындағы биік колонналарымен, кіреберіс жоғары шығатын баспалдақтардың екі жағындағы тірі жылқының бойындай қоладан құйылған екі аттың келісті тұлғаларымен елдің назарын бірден аударатын.
Бұл музейдің пайда болу тарихы да қызық екен. Оның іргесі қаланып, арнайы мекеме ретінде қалыптасуы Я.И.Бутович деген кісінің есімімен байланысты көрінеді. Сондықтан да өткен XX ғасырдың басында жылқы өсірумен айналысқан бұл адамның өміріне аздап көз жүгірткеннің артығы бола қоймас. 1881 жылы дүниеге келген Яков Иванович жас кезінде Санкт-Петербургтегі Николай патша атындағы кавалериялық училищеде білім алып, біраз уақыт 17-ші Волынск драгун полкында қызмет етіп, 1905 жылғы орыс-жапон соғысына қатысады. Отставкаға шыққаннан кейінгі ғұмырын түгелдей жылқы өсіру мен коллекция жинауға арнапты. Орыстың атақты желісті Орлов тұқымының өсіп-өркендеуіне, оның тұқымын жақсартуға үлкен үлес қосады. Я.И.Бутовичтің баптап өсірген жылқылары 1910, 1912 және 1921 жылғы өткізілген Бүкілресейлік көрмелерде арнайы жүлде алады. Содан кейін Тула қаласының жанындағы жылқы зауытының меңгерушісі әрі жылқы музейінің директоры болған ол тірнектеп жинаған 1200-дей экспонатын 1928 жылы Мәскеуге әкеледі. Осы жәдігерлер 1929 жылы Мәскеу ипподромында ашылған мемлекеттік жылқы шаруашылығы ғылыми-әдеби музейінің негізін қалайды. Ал 1949 жылы бұл мұражай К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясына беріледі.
Бұдан отыз жылдай бұрын осы музейдің табалдырығын алғаш рет аттап, оның үш залға орналасқан экспонаттарымен танысқанымда есімде жақсы сақталғандары майлы бояумен салған неше түрлі ат тұқымдарының суреттері болатын. Оның ішінде өзіміз институтта профессор Красниковтың «Коневодство» (1975) атты тамаша жазылған кітабынан оқыған кейбір атақты араб, ақалтеке тұқымдарының арғымақтарын көргенде көптен таныстай, көзге жылы ұшырап, ерекше бір сезім пайда болғаны әлі есте. Алайда, менің бұл ғимаратқа бас сұққаннан ойлағаным, мұнда қазақтарға қатысты қандай сурет, жәдігер кездесер деген ой болатын. Тіпті, кездеспей қала ма деп қобалжығаным да есімде. Қуанышқа орай, әртүрлі композициядан тұратын қоладан құйылған аттардың мүсіндері арасынан сондай бір тамаша «Киргиз с беркутом», «Киргиз верхом на лошади ловит дичка», «Киргизский косяк на отдыхе» секілді скульптураларды көргенде көңілім орнына түсіп, тек бұл қырғыздар емес қазақтар ғой, сол замандағы патшалық Ресейдің солақай саясатын қарашы, оның кесірі мынадай өнер туындаларына да жабысқанын-ай деп ыза болғаным есте. Әрі бұл пікірімді экпонаттармен таныстырып жүрген музей қызметкеріне де айтып едім. Бұл нағыз қазақтар, өйткені киген киімі, басындағы тымағы куә, бұлтартпайтын айғақтар деп тырысып баққам…
Өткен жылдың желтоқсан айында жол түсіп, іссапармен Мәскеуге барғанымда тағы да осы жылқы музейіне соқтым. Алғашында айшықты ғимарат алдында тұратын әсем екі атты көре алмай аң-таң болып тұрып қалдым. Үлкен есіктері де жабық. Сұрастыра келе музей орналасқан ғимаратта күрделі жөндеу жүріп жатқанын, ал экспонаттар уақытша университеттің кітапханасына көшірілгенін білдім. Салып ұрып оқу орнының алғашқы ректоры Н.И.Железнов атындағы 1 миллионнан астам кітап қоры бар орталық ғылыми кітапханаға келдім. Жылқы музейіне уақытша үшінші қабаттағы екі үлкен залды беріпті. Көптен көрмеген экспозицияларды тағы да аралауға кірістім. Ең басты ойым қазақы скульптуралардың жағдайы. Өйткені, ұзын-құлақтан естігенім – аумалы-төкпелі заман, өтпелі кезеңде далада тұрған екі аттың біреуі қолды болған. Бір сөзге қарағанда, Германиядан соғыс кезінде әкелінген трофейлік дүние болғандықтан, немістер қайтадан алып кеткен дейді. Ал екінші сөз, белгісіз бір пысықтар ебін тауып, жымын білдірмей металға өткізіп жібергенге саяды.
Музей экспонаттарының басым көпшілігі – белгілі кескіндемеші, график және мүсіншілердің жылқыны тақырып еткен нағыз өнер туындылары. Олардың ішінде атақты қылқалам шеберлері Серов, Врубель, Поленов, Рубо, Верещагин, Суриков бар. Дегенмен, жиналған коллекцияның негізгі бөлігін жылқы түлігі шығармашылығында кездейсоқ емес, тұрақты орын алған суретшілердің туындылары құрайды екен. Сондай қатарда белгілі анималист пен баталистер Б.П.Биллевальде, П.Н.Грузинский, А.Д.Кившенко, П.О. Ковалевский, А.П. Орловский, П.П. Соколов, П.К. Клодт, Е.А. Лансере, М.А. Авилов, Т.П.Гапоненко, М.Б.Греков, Н.С.Самокиш еңбектері атауға тұрарлық. Олардың арасынан орыс өнеріндегі анималистік бағыттың негізін қалаушы Н.Е.Сверчковтің (1817-1898) еңбектері құндылығымен ерекшеленеді. Музейде оның жылқы туралы 450-ге жуық картина, акварель, суреттер мен литографиялары сақталыпты.
Ал бүгінгі күнгі экспонаттар арасынан менің көзіме ерекше бір әсемделген ертоқым түсті. Бұл жәдігерді тағдыры аянышты аяқталған Ливияның бұрынғы басшысы Муамар Каддафи ресми сапармен келгенде Ресей президентіне сыйға тартқан екен. Музей қызметкері Ю.Н.Кузнецованың айтуына қарағанда, ең көне экспонаттардың бірі 1795 жылы Орлов желісті тұқымының негізін салушы Свирепый II айғырына мініп түскен атақты жылқы заводының басшысы, граф Орловтың тірі кезінде салынған суреті екен. Қатарлас қойылған екі аттың қаңқасы да талай сырды бүгіп тұр. Олардың біреуінің аты «Бычок», ал екіншісінің аты «Улов» болғаны тақтайшада жазылыпты. Қастарына бұл жануарлардың тірі кезінде салынған көркем картиналары ілініпті. Улов ақ боз болса, Бычок қарагер екен. Бұлар өз кезінде көптеген рекордтар иесі болыпты. 1836 жылы 3 шақырымды олардың біреуі 45 секундта шауып өтіпті.
Музей кез келген адам үшін ашық. Оған тек Мәскеу тұрғындары ғана емес, көптеген қала қонақтары Ресейдің түкпір-түкпірінен, жақын және алыс шетелдерден келетін көрінеді. Менің:«Қазақстаннан да келушілер бар ма?» деген сұрағыма музей директоры Иоланта Ивановна Бондаренко: «Әрине, бар. Айталық, өткен жылы сіздерден қоғам қайраткері, академик Серікбек Дәукеев келіп, экспозициялармен танысып, жылы лебізін білдіргені жадымызда», – деп жауап берді.
Музейдің бай қоры оның әртүрлі көрмелерге тұрақты қатысуына мүмкіндік береді. Тек соңғы жылдарда ғана мұндағы экспонаттар Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Париж, Лейпциг, Хельсинки қалаларында өткен көрмелерде көрсетіліпті. Ал музейдің 1994-1995 жылдарда АҚШ-тың Луивилл қаласындағы (Кентукки штаты) «Кентукки Дерби» және Руидозо қаласының (Нью-Мехико штаты) Жылқы музейінде өткізілген жылжымалы көрмесі елдің керемет қызығушылығын тудырып, жарты жылдың ішінде 150 мыңнан астам америкалықтар тамашалапты.
Ал енді осы музейдің біз үшін тағылым боларлық тұсы, құндылығы неде деген сауалға орай туындаған ой-пікіріме келейін. Жоғарыда өзім атап кеткен қазақтарға қатысты ат мүсіндерінің авторы атағы тарихта қалған Е.А.Лансере (1848–1886) екен. Бұл адамның өмірі қызғылықты өріліпті. Оның атасы Пауль Лансере Наполеон армиясының соғыста тұтқынға түскен майоры, орыс жерінде тұрақтап, азаматтығын алып, тамырын тереңге жіберіпті. Оның баласы жол қатынастары инженері Людвиг Паульдан (Александр Павлович) болашақ мүсінші Евгений Александрович туады. Алайда, оның негізгі мамандығы заңгер екен. Ал мүсіндеу өнерімен өз бетімен айналысып, Н.И.Либерих секілді тұлғаның шеберханасынан тәлім алып, тәжірибе жинайды. 1867 және 1876 жылдары Парижде болып, ондағы музейлердегі өнер туындыларымен танысып, қоладан мүсіндер құюдың қыр-сырын зерттейді. 1872 жылы Императорлық Сурет академиясы оған 1-ші дәрежелі суретші деген атақ береді.
Е.А.Лансере жыл сайын Ресейдің біраз жерін, Украина, Кавказ, Башқұрстан, Кырым және Орта Азия, оның ішінде Қазақ даласын аралайды. 1883 жылы Алжирде болады. Шебер өз қолынан шыққан мүсіндерімен Лондон (1872), Вена (1873), Парижде (1873) өткен Дүниежүзілік көрмелерге қатысады. Оның туындылары Ф.Ю.Шопен, Н.Ф.Штанге, А.Моран, К.А.Бертоның жеке меншік шеберханаларында және Оралдың шойын зауыттарында құйылыпты. Оның мүсіндерінің саны 300-ден асады екен. Е.А.Лансеренің туындылары нақтылығымен қатар, соншалықты дәлдігімен ерекшеленеді. Сондықтан да оның еңбектері көптеген халықтардың – қазақ, башқұрт, Кавказ халықтарының, Дон казактарының жылқы шаруашылығын зерттеуге бай материал дер едік. Соның бір жарқын көрінісін біз жазып отырған музейдегі оның қазақ даласынан сыр шертетін еңбектері.
Мүсіндер атауын орыс тілінде, яғни тұпнұсқасымен бергенді жөн санадық. Алғашқы жәдігер «Киргиз верхом на лошади ловит дичка» деп аталады. Мүсінші онда қоладан құйылған салт атты қазақтың қашып бара жатқан асау атқа құрықты салып шірене тартып жатқан сәтін соншалықты әсерлі бейнелепті. Оны автор арнаулы тұғырдың үстіндегі жер бедеріне орнатыпты. Тұғырдың алдыңғы жағындағы бетіне асауларды қуып бара жатқан жылқышылар бейнеленген. Мөлшері – 23х62х43см. Оның осы мүсінінің көптеген туындыларынан шоқтығы биік екенін байқадық. 2006 жылы Мәскеуден шыққан «Этнографические мотивы в русской кабинетной бронзовой скульптуре второй половины XIX века в собрании галереи «Кабинетъ»» атты орыс мүсіншілері мен суретшілерінің 38 өнер туындысы берілген кітап-каталогтың сыртқы бетінде айтылған асауды құрықтап жатқан қазақ жылқышысының суреті беріліпті.
Келесі қола мүсін – «Киргиз с беркутом». Көлемі 55х44х26. Онда салт атты қазақтың оң қолында қанаттарын жайып жіберген бүркіт, оң жақ қанжығасында салбыраған түлкі, ер тоқымның алдыңғы қасында жатқан мылтығы бейнеленген. Мүсіншінің бұл туындысы да сондайлық асқан үлгілі шығарма екені бірден көзге түседі. Осы еңбек Е.А.Лансеренің 300-ден астам туындылары арасынан таңдап алынып, 1998 жылы Ресей поштасының 150 жылдық тойына арнайы шығарған конвертте бейнеленуі бұл шығарманың аса биік бағаланатынын айқын айғағы десек қателесе қоймаспыз.
Соңғы сөз еткелі отырған мүсін «Киргизский косяк на отдыхе» (табун с двумя табунщиками) деп аталыпты. Бұл жоғарыда аталған екі мүсінге қарағанда көлемді үлкен композицияны құрайтын туынды екен. Осы топта төрт ат пен (бір ат ерттеулі) үш құлыннан тұратын жылқылар үйірі бейнеленіпті. Оларды бағып жүрген бір бала сыбызғыда ойнап отырса, ал қасындағы бала жанында жатқан құлынды сипап отыр. Жерде бір ертоқым жатыр. Алдыңғы қатардағы бір жылқының тіпті басылған таңбасына дейін көрініп тұр. Қазақтың тұрмысын бейнелейтін осы бір көріністі соншалықты тамаша шеберлікпен бере білген жатжерлік адамның өнеріне еріксіз ризашылық сезімде боласың. Тұғырдың мөлшері – 41х85см.
Жалпы, Е.А.Лансеренің аталған еңбектерінің барлығы да ХIХ ғасырдың екінші жартысына жатады. Бұл мүсіндер жоғары әдеби және техникалық деңгейде орындалған коллекциялық туындылар. Қоладан құйылған аңшылық және этнографиялық әшекей фигуралар заманында іскер адамдар мен шенеуніктердің кеңсесінің сәнін келтірген бұйымдар болған. Жасалу уақыты бойынша антиквариаттық мүліктер қатарына жатады.
Мақаланың басында жылқы малының қазақ үшін орны қаншалықты екенін айтқан едік. Ал осы төрт түлік малдың төресі деп жүрген жылқыға бізде қандай құрмет көрсетілуде, соның ішінде өзіміздің діттегеніміз, оған арналған музей біздің елде бар ма деген сауал туындаған еді. Осы жасқа келгенше ол туралы естімегендіктен, интернетке жүгінуге тура келді. Одан 40 жыл ғұмырын жылқыны зерттеуге арнаған тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабайдың 2011 жылы жарық көрген кітабынан хабардар болдым. Ол кісі былай депті: «Тағы бір үлкен мәселе, Жапония, Ресей, Испания, Англия секілді өркениетті елдердің бәрінде дерлік жылқы музейі бар. Ал бізде, оның отанында осы жануарға арналған бірде-бір музей жоқ. Кезінде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз қазақ ұлттық аспаптарының қандай керемет музейін ашты. Бүгінде оған әлем таңғалады, себебі, бір ғана саладан музей ашу деген – қиын, сонымен қатар, мәдениетіміздің соншалық бай екендігін паш ететін іс. Қазақ жылқысының музейін ашуды қолдайтын адам, құзырлы орындар табылса, мен ол музейдің қанша бөлмеден, қандай экспонаттан тұруы керек, бәрін қамтитын концепциясын да түзіп қойдым. Бүкіл Қазақстан, қала берді, Моңғолия, Қытай, басқа да елдерді аралағанымда кімнің қолында қандай жәдігер барын жадыма түйе жүрдім. Соның бәрін жинақтап, музейді ашуға, жабдықтауға бас-көз бола алар едім. Мемлекет қолдаса, не болмаса, қаржылы азаматтар қолдаса, мен бұл жылқы музейінің күллі әлемді таңғалдыратын музей болатынына 100 пайыз кепілдік бере аламын».
Жағдай белгілі болды. Ал Ресей болса арнайы жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, бірнеше жылқы музейлеріне қоса, ешкіге де музей ашыпты (Урюпинск қаласында – Ө.С.). Ал Америкада тіпті жылқы тарихы институты бар екен.
Жарайды, болашақта ұлтжанды азаматтар болса музей де ашылар. Ал уақытты созбай жоғарыда тілге тиек еткен қазақтың тұрмысы мен мәдениетінен сыр шертетін тарихи құндылықтар, мүсіндердің көшірмесін жасаттырып, Астана мен Алматының музейлеріне әкеліп қойса, қалың жұртшылықтың қызығушылығын тудырарына сенім мол.
Өмірзақ СҰЛТАНОВ,
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік
университетінің профессоры. «Егемен Қазақстан» газетінен
[…] Кеңестік дәуірде жылқыға арналған музей тек Мәскеуде орналасқан Тимирязов атындағы аграрлық […]