Иесін ақтық сапарға шығарып салған тұлпар

10026

1983-жылдың күзі әкем Мырзекен кенеттен қайтыс болды. Жалаулы аулының төменгі жағындағы Ата-Бабасының сүйегі жатқан қорымға жерлейтін болып, табытты көлікке тиеп жолға шықтық. Жолдан алыстау жатқан бір топ жылқының ішінен әкем баптап бәйгеге қосып жүрген «Көктұйғын» атты көк аты орнынан тұрып кісінеп, мәйіт тиелген көлікке қарай шапты. Артынан барлық жылқылар ілесіп мәйіт салынған көлікпен қатарласа кісінеп шауып отырды. Қорымға жете бергенде көліктің алдын кесіп өтіп, дөңге шығып, жерлеп біткенше қарап тұрды.
Ахметұлы Мырзекен кім? «Көктұйғынмен» достасатындай, жалпы жылқы малымен етене жақын болатындай қандай жақсы қасиеттері бар еді? Осыған аз кем тоқталғым келді.
1930 жылы 14 жасында бабасы Қалыбек батырдың қаракөк тұлпарларының тұқымын сақтап қаламын, ортаға өткізбеймін деп көк құнанын жайдақ мініп милициялардың атқанына қарамай қашып құтылып, сол кеткенінен Қытайға өтіп кетеді. Ол жақта атақты бапкер әкесі Ахметтің қасында жүріп ат баптаудың қыр сырын үйренеді. Көк құнанды айғыр қойып, қаракөк тұлпарлардың тұқымын жалғастырады. Жүйрік болады деген аттарды күтімге алып, бәйгеге қосып жүлде алып жүрді. Текес ауданында (Қытай) госхозда (Мемлекеттік шаруашылық) ферма меңгеруші болып қызмет істеп жүргенде, ҚКП Текес аудандық комитетінің бірінші хатшысы Әбдібарыс деген үйғыр жігітінің ат баптаушылық қаблетінің жоғары екенін байқап ауданды аралап, жүйрік аттарды жинап, 1959 жылы қазан айының басында ҚХР-сының онжылдық мерекесіне орай Құлжа қаласында өтетін аламан бәйгеге даярлауды тапсырады. Мырзекен бүкіл ауданды аралап жүріп, үш ат әкеліп баптады. Ат баптауына үнемі көмектесетінмін. Бірде «Жүйрік болатын атты құлынынан қалай танисыз?» деп сұрағанымда «Жүйрік болатын құлын қайсар алғаш желіге байлағанда үш күнге дейін жатпайды басы кіші, кеудесі кең, бақайы жұмыр, тік болып, астыңғы жақтарының арасы кең келеді. Одан басқада көзге шалына бермейтін белгілері бар» деді. Ат баптауына күнделікті көмектесіп жүремін. Жазғы атбәйгелер аяқталған соң күзгі жыйын-теріннен кейін аттарды еркіне, жылқыларға қосып күйін көтеруге жіберіп, қар тептіреді. Қар тептірудің екі түрлі пайдасы бар дейтін әкем Біріншісі- тұяғы жетіледі. Екінші- қысқы сары шөппен қар, ішіндегі байланған ыстықты алады. қан айналуын жақсартады. Қаңтар айының ортасына таман аттарды қолға бағады. Қатты семіртпей немесе арықтатбай сартап қып ұстайтын.
Ат жаратуда байге жақындағанда басталады. Аттың ащы терін алып денесіндегі артық тұздан және судан арылтады. Бірнеше рет терлетіп тердің дәмін көріп, терде тұз қалмағанда, шылау терін немесе сергіту терін алады да, Бәйгеге бір күн қалғанда демалғызып бәйгеге қосатын. 1959 жылдың Қыркүйек айының аяғында Құлжа қаласында өткен ат бәйгесінде қосқан аттары бәйгеден озып келіп, олжалы оралды. Осылай ауданда, облыста өткен бәйгелерде қосқан аттары алдымен келіп, бәйгелі болып жүрді. 1960 жылы ҚХР-ның ішкі Мұңғұл Автономиялық Ауданының Астанасы Кукуход қаласында өткен Бүкіл Қытайлық ат спартакиясына Шыңжаң Ұйғыр аптономиялық ауданы атынан қатысып, баптаған аттары 10-15 шақырымдық қашықтықта бас жүлделерді жеңіп алды. 1961 жылы туған жері Қазақстанға келіп, Ұзынбұлақ асыл тұқымды қой совхозында шопан болып жұмыс істеді. Қарқара жайлауында жүріп, Қырғыз малшысының сиыр бағуға мініп жүрген кербесті атын көріп жүйрік екенін таниды да, сатып алып, баптап шопандар слетінде бәйгеге қосып, бас жүлдені жеңіп алады. Осыдан кейін Қырғыздың Қарақол қаласындағы Иподромда болған аламан бәйгеде алдымен келеді. «Мұңғұлка» деп ат қойып, аламан бәйгелерге қосып жүрді. Алматы иподромдарында бірнеше мәрте бас бәйгені жеңіп алды. Жүгірісі өте керемет еді. Жүгіргенде бүктетіліп кететін қарап тұрып сүйсінетінбіз. 1978 жылы Евразия-1 телеканалы «Время» хабары басталар алдында осы аттың бәйгеде шауып келжатқанын бір жыл бойы көрсетті. Шыға жүгіретін. 4-5 жылдай бас бәйгелерді иеленіп жүрді. Қыста өрісте жүрген жерінен, түнде қасында жүрген тай-байталдарға қарамай бес қасқыр Мұнғұлканы қасат қарға қамап талаған. Қарды бұзып шығып, қораға қашып келіп, жүрегі жарылып өлді.
Мырзекеннің Ата-бабасынан бері ат бапкерлері екенін білетін, КП Кеген аудандық комитетінің бірінші хатшысы С.Серкебаев өзіне шақырып, «Ауданның Колхоз, Совхоздарынан жүйрік деген аттарыңызды алып баптаңыз, алда Облыстық ат бәйгелерге ауданның атынан апарып қосасыз» деп тапсырма береді. Өзі бұрыннан көріп жүрген. өрен жүйрік екенін білетін, Кеген совхозының көк атын алып, Оған «Көктұйғын» деп ат қойып, баптап бәйгелерге қосты. Алматы ипадромында өткен Республикалық ат бәйгесінде Көктұйғын алдымен келіп бас бәйгені жеңіп алды. Ауданның жыл қортындысы бойынша жасаған баяндамада ауданның жетістіктеріне осы бәйгедегі жетістікте айтылды. Кеген, Нарынқол аудандарында болған бәйгелерде алдымен келіп, аты шыға бастады. Кеген ауданының 60 жылдық мерекесіне арналған Қырғыздың Қарақол қаласында өткен бәйгеде көк аты алдымен келіп, жорғаға қосқан көк жорғасыда жорға жарысында да бас жүлдені иеленді. Көктұйғынның жүгірісімен Мырзекеннің атағы Албан, Бұғыға жайылды. Әкем Көктұйғынды «Жүгірісі мінезі көкдөнен мен көкбестіге, көкжал атқа ұқсайды Қалыбек батыр бабаның қаракөк тұлпарларының қаны бар бұл атта» — деп қоятын. Айтқанындай 1928 жылдары ұжымдастыру кезінде Кеген өңірінің барлық малы Шырғанақ ауылдық кеңесі құрылып, сонда топтастырылған. Бұл топқа қаракөк тұлпарлардың тұқымдары да қосылған. Осдан тұқымы сақталып қалған деуге болады. Әкем Мырзекен, жүйрік болатын жылқыны құлынынан танитын ат баптаудың қыр-сырын жастайынан жетік меңгерген ақкөңіл қайрымды жан еді. Ат десе ішкен асын жерге қоятын, кездескен жылқының ішінен жүйрік болатын тай-құлынды іздеп жүретін. Ата-бабаларының бапкерлік жолын жалғастырған аттың мінез- құлқын зерттеп мінезіне қарай күтіп баптайтын. Сол қасиетіне қарай баптаған аттары айналшақтап қасынан шықпайтын. Осындай жылқыға деген ерекше ықыласын сезетін есті жануар Көктұйғыны да қасына жылқыларын ертіп иесін соңғы сапарға шығарып салған болар…

Әбділда Мырзекенұлы.
Зейнеткер. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі.
«Жас алаш» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.