Құранға ұйыған шу асау

6649

Адамзат үшін, оның ішінде, әсіресе, қазақтарға қазанаттан қымбат, киелі мал жоқ шығар. Сондықтан да ақын-жырауларымыздың осы ақылды жануарларға көп өлең-жыр арнағаны аян. Әсіресе, Ақтамберді бабамыздың
«Ор қояндай қабақты,
Қиған қамыс құлақты,
Сары мысықтай азулы,
Саптаяқтай ерінді,
Қидасын кәрі жілікті,
Омырау еті есіктей,
Ойынды етіп бесіктей,
Табаны жалпақ тарланды
Таңдап бір мінер ме екенбіз?» деп суреттеуі қандай десеңші, көз алдыңа елестетсең, айызың қанады. Немесе заңғар жазушымыз Сәбит Мұқановтың ғұмырнамалық «Өмір мектебі» кітабында «Жылқыда» деген тарауын оқыңыз. Онда шай іштік, нан жедік не болмаса басқадай тағам пайдаландық деген сөз жоқ. Қыс, аяз, жылқының еті және құрт қосылған сорпа. Болды, осының өзінен-ақ Сәбең өзінің бетіне қан жүгіріп, толысқанын суреттейді. Енді жылқы жануарының жұрт білмейтін басқа қасиетіне тоқталайық.
Өткен жылдың күзінде Ақсуат ауылында тұратын кәсіпкер, «Рауан» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Қайырбаев бауырымыздың асыл жары, бүкіл Ақсуат өңіріне танымал медицина маманы Ақлима Рахметоллақызы көп уақытқа созылған дерттен өмірден озды. Ел болып қамықты, жұрт болып жоқтадық. Сол кезде Қайрат бауырымыз төрт жастан асқан құрық тиіп көрмеген бір жылқысын жылқышыларына әзер ұстатып, құйрық-жалын күзеп, Ақлимасының жылдығына атап жібереді.
Биыл аяулы қарындасымыз, асыл келініміздің жылдығын атап өту мезгілі жетті. Жайлаудан енді ойға беттеген табыннан бес жастан асқан ту биені алдырдық. Табалдырық қазы түсетін шу асауды сойысуға міне деген жігіттердің Қайрат бес-алтауын шақырған. Солар ұстап тұр. Жыққанға дейін құран оқылып, бата берілу керек. Бес уақыт намазын қалт жібермейтін Қайрат өзі құран бағыштай бастады. Осы сәтте көзбен көрмесе, айтса сенбейтін жәйт болды. «Фатиха» сүресі орталанып қалғанда аспанға атылардай болып тұрған асау қарадай тынышталып, «Ықылас» сүресіне ауысқанда өзі көсіліп жата кеткені. Енді соярда сақтықпен аяқтарын байлағанда тіпті тұяқ та серіппеді.
Жылқының тектілігін, оның басқа түліктерден артықшылықтарын талай кітаптардан оқып, болмаса өз көзімізбен көріп жүрміз ғой. Дәл мұндай жануарды тұңғыш рет көруім. Тіпті, басқа біреудің аузынан естісем сенбес пе едім, кім білсін?! Текті жануарды, бабаларымыз «ат – ердің қанаты» деп текке ардақтамаса керек. Осындай ұлы қасиеттерін біліп-зерделеген соң барып ұлықтаған ғой, төрт түліктің төресі – жылқы жануарды.
Осы орайда мына бір әңгімені де айта кетейін, мен өзім Семейдің атақты ет комбинатында жұмыс істегем. Көп нәрсеге қанықпын. Мысалы, мың қой сойсақ мыңқ етпейді, ал он ешкі бақырғанда бүкіл цехты «көшіріп» жібереді. Сиыр малы тоқпен соққан сәтте ғана өкіреді. Ал қасиетті жылқы малы сойылу алаңына кіргенде-ақ көздерінен жас парлап тұрады. Себебі, бауыздалмай арам өлетіндерін сезіп тұратын болулары керек.

Серік Жұмат, Тарбағатай ауданы. alashainasy.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.