Жылқының «пірі»

15-ке қараған шағым. «Бесмейрамда» өтетін 1 мамырдың тойына аттандық. Бұ жолы мен Құлатпастың «Бәйгіторысына», інім Дауыл «Көшкіқызылына» шаппақпыз. Бұл бір менің өмірімдегі ең нұрлы шақтар.
Өйткені ескі шалдардың қасында, құлағы жел шайқаған, тұяғы жер сойқаған жүйрік аттардың үстінде Шын Өмірімді сүретін едім. Шалдарымның: «Ат қоссаң, ит жүгіртсең, құс салсаң – көкіректе шер қалмайды» деген сөздерінің шындығына осындай сапарларда талай көз жеткен. Әлі өмірдің ащы-тұщысын түгел татып үлгермесем де шерлі едім. Жүйрікке тақымым тисе, көкірегімді жиі торлайтын мұң мұнарынан айығып сала беруші ем. Алайда «ат шапқан жиын тарқап», ыбырат дәулеті ыбырсыған Жетібайға оралғанда, шын шерменде болушы ем. Анау демі жоғары, еңсесі биік, аңсары бөлек қариялардың сұхбаттарында бірнеше күн болып келген арманшыл қасқаға кебір-көкірек, шобыр-текірек тұрмыси тобырмен араласып кету азап-тұғын. Оншақты күн көкірегімді ұлыған жалғыздық торлап, құлазып жүретінмін…
Уағдалары солай шығар, осы жолы бір бұру болса да Құттықияның түп қуысы Тайғасқа құдығында отырған Нәйімнің аулына қонып, көрші ауданның орталығы «Бесмейрам» кентіне бәріміз бірге аттанатын болдық. Кешке қарай діттеген жерге жетсек, Нәйім ертең бәйгіге қоспақ Салкүреңмен тау мен тастан қарғытып қашаған қуып жүр. Мұнысы бәрімізге де ерсі көрінді. Бұ кезде 1973 жылы облыс құрылған тойдағы аламанда даңды жүйріктердің бірі де үзеңгі қағыса алмай, қарақшыдан жалғыз айналған күрең қасқа бестінің даңқы Маңғыстаудың ойы мен қырында дәуірлеп-ақ тұрған. Оны ылғи «ыссы шөлмектің» буына бөртіп жүретін Нәйімнің жаратып қарық қылмайтыны да белгілі болған. Қыс бойы жылқыға мінді ме, кім білсін, жануар тым күйсіздеу көрінді. Бәріміздің де көңілімізге: «Мынаның жілік майы үзіліп қалған жоқ па екен?» деген қара қашты. Тобымыздағы Қожамұрат деген асығыстау сөйлейтін шал: «Қой, мынаның жалы жоқ, көрерсіңдер, ертең шаппайды!» деп біржола «пәтуасын» шығарып тастады…
Со заманда Салкүреңді қалдыру үшін белгілі сейістер не түрлі амал жасап көрді. «Тынысын сығайық» деп, салғаннан кілең ұшқыр аттармен ұтылап қысып та байқады. Бұл жерде бір нәрсені тынғылай кеткен дұрыс шығар, сірә. «Тыныс сығудың» кәнігі сейістер жасайтын тәсілдері бар. Екі-үш ұшқыр атты бәйгі-атпен бірге жаратады да, жеме-жемде «қамау-терін» толық шығармай, әлгі аттардың бойларында қалдырады. Ал ондай жануар аламан басталарда оқ жыланша атылып, өзінің де, елдің де мазасын алып бітеді. Жалау жалп етіп белгі берілгенде жаңағы жануарлар жындай ытырынып, құйындай құтырынып жоғалады! Ондай аттар, құрығанда, 15 шақырымдай алдына қара салмас! Әккілер болмаса, соларға ілесем деп, небір ат таңын созып, шабысын сарқып алады. Төрт айлаудың тұсында жаңа ғана талайдың таңдайын қақтырып, қышқырта қиқулатқан жануар «басымды кес!» деп, қалт тұрады да сілейіп қалады. Бір жолы Бесмейрамдағы кезекті аламанда Бозашыдан келген Бұлымжан әкеміз қос қарақызыл атпен Салкүреңді сықты. Ал өзінің жүйрігі Қара айғыр солардың соңында жүрді. Алайда Салкүрең тер буған, жын қуған қос қарақызылды бәрібір алдына шығармаған…
Бақталас сейістер өзара ымдасып: «Ай, осының пардасы 35 шақырымнан аспас, сірә» деп, Салкүреңді шырқыраған шілдеде 50 шақырымға да қостырып көрді. Бірақ ешкім иласын таппады. Әп дегеннен маңдайы жарқырап шығына шабатын жануар сол қарқынынан танбастан қарақшыдан ылғи жалғыз айналатын. Бұл «Мақуторыайғырдың» бие баласынан, яки «жылқының пайғамбары» «Заузаторыаттың» «апасынан» туған жануар-тын. Ата сойы да сорлы емес, әйгілі матай Бектің Қасқа атымен аталас дейтін. Кейін шалдардың: «Жүйріктің үш түрі болады: бірі – бақты жүйрік, бірі – бақсыз жүйрік, бірі – арсыз жүйрік. «Арсыз жүйрік» өзін-өзі жаратады, оған ешқандай баптың қажеті жоқ. Мынау Салкүрең ат сол шырақ. Бұл үшеудің ішіндегі ең жүйрігі – «Бақсыз жүйрік», қылқұйрықта онымен шендесер жылқы болмайды. Бірақ ол бәйгі алып келістірмейді. Не тілігеді, не пышаққа ілінеді, әйтеуір желі оңынан тұрмайды. «Заузаторыат» «Бақсыз жүйрік» еді…» деп отырғандарын өз құлағыммен естігенмін…
Тайқасқадан таң алагеуімде қозғалдық. Нәйім Салкүреңді жабулап, ер-тұрманымен бос қоя берді. Жануар оң қапталымызда жаңғыз жортып келеді. Аттардың «суына тимек» болып шапсақ, ол да шабады. Қызығы, «Сұркөжек» деген тыпырлап шабатын шағын атқа мінген Нәйім қолын кейін серіпсе, жай шабады, қатты сілтесе, ытырына салады! Сол «қойылым» төрт-бес рет қайталанғасын, аттардың суы әбден шыққан шақта ат аунатуға кідірдік. Нәйім қолын бұлғаған, Салкүрең шауып келді. Біз «адамнан зият» жануардың қылығына таңдай суырып, ішегімізді тартып келеміз…
Сәскеге таман «Бақырғанның қапысынан» өтіп, Бесмейрамның қолқасына іліндік. Майса мамырда жайсаң адырда жатқан жылқыдан көз тұнады. Бұлар, әрине жай жатқан жылқылар емес, тойға келген аттар. Біреулер бәйгі аттардың «суын шығарып» шауып барады, біреулер аунатып, біреулер қыдыртып, біреулер жаяу жетектеп жусан үздіріп жүр, ал мініс көліктер жайбарақат жайылып жатыр. Адамдар әр жерде топ-топ болып кеңес құруда. Нағыз бір барақатшылық шақ…
Біз де желе-жортып жақындап қалдық. Сол сәтте… саған өтірік, маған шын, әлдебір ғайыби бұйрықпен қолқа-адырды керген күллі қылқұйрық – шауып немесе желіп, жортып баратқандары да, аяңдап жүргендері де кілт тоқтай қалып, аунап, жайылып жатқандары қарғып тұрып, мойындарын жалт-жалт бұрып әлі де тобымыздан оқшау желіп келе жатқан Салкүреңге «сәлем бергені»: бір үнмен шырқырай кісінеп жіберді! Балауса көктің нілі мен тұнық ауаға мелдеп тұрған Қаратау бірге «кісінеді»! Тау жаңғырып, мынау сұм дауысты әрі алып кетті… Салкүрең, ай, қасқамысың деген, осынша түліктің ықыласына кісінеген жоқ, заңды құбылыстай қабылдап, басын шұлғи оқыранып қана «сәлем алды». Жануардың мұнысын тәкаппарлыққа телисіз бе, бекзат-дегдарлыққа балайсыз ба, ол сіздің еншіңіздегі іс, оқырман…
Уағдабай палуанның баласы Құлатпас сейіс ұзын мұртының шалғысын таулап: «Япырмай, мынау жылқының «пірі» екен ғой!» деп таңдайқата болып түкірінді. Осынау ғажайыпқа таңданғаннан елдің есі кетіп қарап қалыпты…
Сол жолы да Салкүрең қасына қара ілестірмей қарақшыдан жаңғыз өтті! Інім екеуміз екінші келген Бұлымжанның қара айғырына құйрық тістесе үшіншіге іліндік. Әттең, бізге енді бір екі жүз қадам жетпей қалды. Бір-біріне қара тартты ма, әлде екеуінің пардасы шамалас па, «Бәйгіторы» мен «Көшкіқызыл» жұп жазбай қойған…
«Қызырөзеннен» келген Естілеу кәкем керторы атын ойқастатып: «Ай, адай, топырағыңа жылқының «пірі» келген екен, енді Салкүреңнің бәйгісін шаппай берің!» деп айқайлап бара жатты. Бірақ оны тыңдаған ешкім болмады, ол кезең малдың пірі түгілі, елдің Пірі келсе де сыйлай қоймайтын дүбәра дәуір, дүдәмал кезең, қоймалжың уақыт еді. Салкүрең одан кейін де оншақты жыл бәйгінің алдын бермеді…
Светқали Нұржан
Argymaq.kz