Нұрлат ҚОЖАБЕРГЕНҰЛЫ: Атбегілік қазақтың қанында бар

9852

Баян-Өлгий аймағының «Бесбоғда бүркіттері» атты палуандар одағының төрағасы, аймақтық саңлақ атбегі Нұрлат Қожабергенұлымен сұқбат. «Ой, ниетің дұрыс болса тіршілік өзінен өзі оңғарылады» атты сұқбатынан ықшамдалып алынды.

527-14158422202014-09-03-13-25-49— Сізді жұртшылық ең әуелі палуандарға жанашыр болғандығыңыз арқылы жақсы таниды. Соңғы кезде атбегі, бапкерлігіңіз де сіздің әйгілі ете бастады.
— Біз көшпенділердің өрен-жарандарымыз. Моңғол, Қазақ халықтары атам заманнан атқұмар. Сол қан менде де бар-ау деп ойлаймын. Бала кезімде жазғы демалысымда ата-анам ауылға жіберетін. Жылқы малына жақын өстік. Жүрісті жүйрік ат мінген сайын көңіл өсіп, ерте ержетіп келе жатқандай сезінетінмін. Атқа осылайша құмар болдым. Ал бапкер болғаныма аса көп уақыт бола берген жоқ.

— 2010 жылы аймақтық үлкен тойда сіздің баптаған жүйрігіңіз топ жарып алда келген еді?
— Бапкерліктің қыр-сырын ұққаныма тым ұзақ уақыт бола берген жоқ дедім ғой жаңа. Баян-Өлгейдің 70 жылдық мерейтойы сол кезде болды. Сүхбаатар аймағынан да аттар әкеліп тойға қосты. «Азамат тойда үш кезең ағалап, мерекеде үш ән айтар болар» деп моңғол ағайындар айтпақшы иық тіресіп күреспесем де жүйрік атымды бәйгеге қосайын деген бір ойдың жетегіне ердім. Міне қызық, ат шаппайды бап, әлде бақ шабатыны рас шығар, сәтіне жарай ең алдыңғы ретте шапқан құла дөненім бәйге алды. 101 нөмірмен бәйгеге қосылып көмбеге жалғыз қара болып жетті, жануар. Содан бастап жігерленіп ат баптау өнерімен айланысып келемін.

— Бұл өнерді үйрену арқылы меңгердіңіз бе, әлде ата-бабаларыңыздан жалғасып келе ме?
— Сүхбаатар аймағының Түшинширээ сұмынында тұратын аймақтық саңлақ ат бапкері Энхтайваннан жүйрік ат баптау тәсілін үйрене бастадым. Оның қажымас еңбеккерлігі менің қысқа уақытта үйренуіме негізгі себепкер болды. Жылқы малына жақын болатын нағыз моңғол адамы қандай болатынын сол кісіден үйренген едім.

— Ат баптағаныңызыға көп уақыт болмаса да бағындырған биігіңіз аз емес көрінеді. Аз уақыттың ішінде өлкелік, аймақтық жарыстарда 30-ға жуық бәйге алу деген үлкен табыс қой?
— Бес жылдың жүзінде аймақтық, жергілікті жарыстарда біраз бәйге алғаным рас. Ең соңғысы аймағымызда өткен Ер Жәнібек батырдың 300 жылдық мерейтойында жүйріктерімді қосып жуан аттардан бас бәйге және екінші орынды қатар алдым. Ата-бабалар аруағы, туған халқымның ақ ниеті қолдады-ау деп соларға сыйындым. Бәйгесі солардың үлесіне тиді. Өкіметтік тойда қосқан аттарым 20, 35-орындарда келгені жүздеген жүйріктен озғандығы еді. Осы орайда меніңде үйренсем деген, білсем деген атбегіліктің қыры мен сыры толып жатыр. Көздегеніме жетсем баптаған аттарым аламан бәйгелерде топ жарып еңбегімді ақтайды дегенге сенімім зор. «Жылқы жануар жығылған иесіне жалын төсейді» деген емес пе дана халқымыз.

— Дундговь аймағында өткен орталық аймақтардың зоналық тойына қатысыпсыз ғой?
— Иә, бесті атым алтыншы орын болып көмбеге жетті. Және Сүрэнхор марқұмның атында өткен тойда бас бәйге иеленіп жылдан жылға сәйгүліктерім ысылып келеді.

10872671_719636814822373_2075013119_n— 2012 жылы саңлақ ат бапкері болдыңыз. Үйренудің әурешілігімен жүргеніңізбен табыс төрінен көріне білдіңіз. Бұл жалықпай үйренудің берген жемісі болар?
— Жылқы малына, жүйрік атқа жақын болғаным үшін жылқы иесі Қамбар ата қолдаған шығар, не ойласам сол орындалатынына шүкіршілік етемін. Мен қалалы жерде өссем де бала кезімнен осы түлікке ықыласым ауа берді.

— Атақ-абырой дегенді не деп түсінесіз?
— Мен адал еңбекті, халық алдындағы адамдық қасиетімді өмірлік ұстаным еткен адаммын. Адам еңбектеніп табысқа жетсе, халқынан ризалық алса атақ-абырой дегеніміз сол болар. Алайда ешқашан атақ-абырой, мәнсап-мәртебе үшін жанымды сала жүгірген емеспін. Ел-жұртқа зәредей де болса септігім тисе екен, солардың намысын қорғасам екен деген үміт, сеніммен келдім. Бір сөзбен айтқанда атақ деген өз еңбегіңнің нәтижесі, жемісі ғой.

— Моңғол елінің «Маңдай алды бас атбегі» атағы жақын ба?
— Аймақтық саңлақ ат бапкері атағым бар. Бұл да «тақияға тар» емес. Ал аймағыңның абыройын өзге жұрттың алдында, ел абыройын халықаралық ат бәйге, жарыстарда асырар болсаң бір ғанибет. Палуандарды демеп «қызылжінік» болып жүргеніміз де сол үшін. Адам қандай бір нәрсеге мақсатпен, ізенумен жетеді ғой. «Маңдайалды бас бапкер» болмаса да ел дәрежелік бапкер атағы жақындады-ау деп ойлаймын.
Жалпы адам «аққа құдай жақ» дегенді терең түсініп жақсы жолмен жүрсе барлық нәсе ойдағыдай жүзеге асады ғой. Алла қаласа өкіметтік тойда жүйрік аттарымды алдыңғы бес орынға жеткізсем-ау деген ой жетегінде келемін.

— 2013 жылы алғаш рет өкіметтік аламан бәйгеге ат қостыңыз. Сондағы көңіл күйіңіз қандай болды екен?
— Бұрынғының атышулы сыншылары жарысатын аттарды аралап бір шолып шыққан соң ғана «әнеу ат келеді» деп дөп басып айтады екен. Ал біз болсақ өз атым келіп қалар деп қана үміттенеміз емес пе. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе» дегендей келіп қалар, келсе екен деген ғана күйде болдым. Алғаш рет өкіметтік тойда ат қосқаным сол еді. Жалпы моңғол жұртының ұлттық той күні қандай тамаша! Туыс-туған, дос-жарандарым келіп «ат бәйгелі болсын» айтысып, мәре-сәре ақ жол тіледі. Алғашқы жылы қосқан атым үлкен оза шаппаса да ырду-дырду жақсы тойлаттық. Өткен жылы маусымның оны күні «Хүй долоон худаг»-та болған жуан ат жарысында 30-орын, дөненім 28-болып көмбеге жеткен еді.
Моңғол халқының ұлы мерекесі үкіметтік той шілде айының 9, 10-нан басталса, бапкерлер тойы одан ерте маусым айы шыға басталып кетеді. Тойдың алдындағы түнінде елеңдеп ұйқы келмейді. Содан таңертең ерте тұрып ат байлайтын жерге барып тұрған сәт тым ерекше әсерлі.

10841475_719636824822372_425930572_n— Осы ел көлемінде қазіргі кездегі үздік бапкер деп кімнің есімін атар едіңіз?
— Үздік бапкерлер көп. Соның ішінде Моңғолияның маңдайалды бас бапкері Даваахүү, Онондарды құрмет тұтамын. Әйгілі сәйгүлік Сары айғырдың иесі Эрдэнэчулуун, соңғы кездері Дуграа қатарлы мықты-мықты бапкерлердің атағы жер жарып жүр ғой. Бапкерлер дегеніміз бір-бірінен үйреніп, тәжірибе алмасып, ой ортақтасатын белгілі өнер иелері ерекше қауым деуге болады.

— Өзіңіз атын атаған Д.Онон шабандоз баланы өз баласындай аялап, бәйгені де онымен бөлісу керек дейді екен…
-Кәсіби атбегі тұрғысынан Онон ағайдың осы жақсы мінезін құптап, құрметтеймін. Жуырда біздің аймақтық Алтай сұмын азаматы даңқты атбегі Б.Баттөмөр ағай атақты жүйрігінің даңқын белгілеп, ол атты шабандоз балаға бергені туралы тамаша хабар естідік. Мәрттік деп сондайды айтатын болар. «Жақсы малды асырасаң аузы-мұрныңды май етеді» деген халық даналығы осындай аламан бәйгелер кезінде еріксіз еске түседі.
Мен шабандоз балама қолдау көрсетіп, отбасына мүмкіндігімше жәрдем, көмек көрсетуге тырысамын. Осыған байланысты бір ой туындайды маған. Қалада кейбір жастар жұмыс табылмады деп босқа сенделіп жүреді. Қырға шығып мал бақса жақсы тіршілік сонда ғой. Барлық адам жоғарғы мектеп бітіріп бастық бола беретін мүмкіндік қолға келе бермейді. Әркім әліне сай еңбектеніп адал өмір сүруге талпынса осы елде айтарлықтай тіршілік ететін мүмкіндік бар.

— Жалпы қазақ жылқыны байлық санамаған. Содан болар саусақпен түртіп санын айтпаған. Дегенмен қанша жүйірігіңіз барын халқыңыздан жасырмассыз?
— Жан-жақтан жинаған жүйрік тұқымды жеті айғыр үйір жылқым Сүхбаатар аймағының Түвшинширээ сұмынында. Қысы-жазы сонда бағылады. Жүйріктерімді де сол жерде жаратып, сол жерде бәйгеге дайындаймын.

— Шабандоз бала, атбегі және жүйрік ат үшеуі бір-біріне сәйкескен жағдайда той-тойға ұласады дейді екен. Сіз осы пікірге қосыласыз ба?
— Ат иесі, шабандоз бала, жүйрік ат өзара жымдасып, қыр-сырын білген кезде табысқа жетеді. Ең негізгісі шабандоз бала ғой. Моңғол балалар тым ерекше. Кішкентай қыз баланың шабандоздығына таң қаласың. Келешектің әйгілі ат бапкерлері солардан шығары анық. Менің алғашқы атымды шапқан бала 11-сыныпта оқып жүр. Сол баланы бірге туған бауырымдай көремін. Отбасына қарайласып, білім алуына мүмкіндігімше көмек жасаймын. Арықарай да солай болады.

— Палуандық өнеріңіз де бар. Сонымен қатар сәйгүлік бапкері. Сонымен бірге бизнес саласында танымал болып келе жатқан алғы қатардағы іскерсіз. Осыншама қат-қабат жұмысты қалай үлгеріп жүрсіз?
— Палуан мен жүйрік атты қатты қызықтаймын. Оларға еңбек, уақыт жұмсаған сайын көңіл серпіледі. Палуандықпен аздап айланыстым. Ержеткеннен кейін өзімді «ұмытып» өзімнен зор шығатын өзге палуанды қолдап Баян-Өлгей аймағынан мемлекеттік атағы бар палуан шығару менің басты мақсатыма айалды. «Ат — ер қанаты» дегендей тоқымы кеппейтін тұлпарларға, жалпы жылқы малына құмар болғандықтан одан алыстай алмадым. Ал сауда менің отбасымды асырайтын әкеден жалғасқан несібем. Сондықтан осының әр қайсысын үлгеру үшін құлшынамын.

— Әңгімеңізге рахмет! Аттарыңыз бәйгелі, палуандарыңыз білекті болсын!

Моңғол тілінен аударған Шынарбек Сейітханұлы, (Ж.Цэцэгмаа, sonin.mn.)

1 comment

  1. Ат құмар қазақ 31 Желтоқсан, 2014 at 10:16 Ответить

    Өте керемет. Нұлат деген азамат аз қазақтың ішінен шыққан, іскері, ұлт үшін жүгіріп жүрген азамат деп естиміз. Менде Моңғолиялықпын. Атың бәйгелі, Балуандарың білікті болып. Мемлекеттік атаққа балуандарың жетіп, жүйріктерің ағарып алда келуіне тілектеспіз!

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.