Жылқыға байланысты әдет-ғұрыптар. Ат тұлдау

10496

Қазақ салтында атпен үйге дүбірлете шауып келу көргенсіздіктің, тәртіпсіздіктің ең жаман түрі. Кісі өлген үйге ғана «ой, бауырымдап», дауыс қылып, ат қойып келген. Өткен ғасырда өлген адамның атын тұлдау, қазақтың жерлеу ғұрпының ажырамас бөлігі болғаны туралы Құрбанғали Халидтің, В.В.Радловтың еңбектерінде, әсіресе М.Әуезовтың эпопеясында жақсы баяндалған. Өлген адамға ат арнау (обряд посвященияя коня) Х.Арғынбаевтың белгілі монографиясында, жалпы кеңес этнографиялық әдебиеттерінде жақсы зерттелген проблемалардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда біздің материалдарымыз белгілі жағдайларды толықтыра түседі. Ат тұлдаудың мәні: «Бұл салттың мәні сол, адамның жаны о дүниеге барғанда марқұм өмірінде не нәрсе пайдаланған болса, ол жақта соны қажетсінеді деп жорыған. Сондықтан туыстары марқұмды киіммен, тамақпен мініп жүруі үшін атпен қамтамасыз еткен…» деп көрсетеді Б.А.Калоев.
Грек, парсы және басқа халықтарда аттың құйрық-жалын кесу – қайғы-шер белгісі. Кейде қолбасшы өлген жағдайда барлық мініс, жеке жегіс аттарының құйрық-жалы күзелетін. Аттың жал-құйрығы адам қаза болған жағдай ғана күзелетіндіктен жай уақытта әсіресе қарсы жақтың атының жал-құйрығын кесу өте үлкен масқарашылдық саналып, ат иелері кек алуға тырысады, билер сотына жүгінеді. 1906 жылдары Зайсан мен Павлодар қазақтарының арасындағы барымтада, павлодарлық билер ат құйрығын кесуге арналған жазаны адам өлтіргенде төлейтін құнмен теңестіреді. Бұл кесім Зайсан жақтың ашу-ызасын тудырады. (Зайсандықтар павлодардықтардың бір жылқысының құйрығын кесіп тастайды — А.Т.) Зайсанның биі Қисықов бұл кесімге қарсы шығып былай деген екен: «Павлодардың малының қылы адамның өмірі мен арынан қымбат болғаны ма?» Билікке жиналғандардың бәріне бұл сөз атылған оқтай тиіп, ештеңе тіс жарып айта алмапты.
Қайтыс болған адамның атын алдын ала дайындап, ерін теріс қаратып ерттеп, үстіне киім-кешегін, қару-жарағын жайып қояды. Ең үстіне бас киімін қойып, өз үйінен кесіліп алынған арқанмен буып байлайды. Жоқтау айтып жүріп аттың құйрық-жалын күзеп тастайды. Оны тұлданған ат, тұл ат, кейде қаралы ат деп атайды. Бұл атқа мінуге болмайды, бір жыл жылқымен бірге қоя береді. Бір жылдан соң марқұмға берілетін аста сояды. Атты соярда жоқтау айтады. Тұлданған аттың кесірі тиеді деп ұры да ұрламаған, барымтаға да алмаған. Атты тұлдап қою, қайтыс болған адамға құрмет болған. ХІХ ғасырда қоқандықтардың қолына түскен Тәти би елімен қоштасып:
Менен сәлем айтарсың,
Ақжолдың ұлы Арғынға.
Орта жүздің ішінде,
Атымды менің тұлдасын, — деп өсиет еткен.
Атақты батырлардың молаларының басына қыл жалаулы найзалар қойылатын. Көшкенде батырдың атын ерттеп, киімдерін ердің үстіне, бас киімін ердің алдыңғы қасына қойып, қыздары, болмаса туыстары атын жетектеп, көштің алдында келе жатады. Ал қыздарының бірі найзаға байланған жалауды ту қылып алып жүреді.
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде және қарақалпақтарда қайтыс болған кісіні салып көтеретін табытты «ағаш ат» деп атайды. Халық өлеңінде:
Сөйлеп қал тіршілікте, қызыл тілім,
Жаны жоқ ағаш атқа мінбей тұрып.

Сарыала міндім де салдым өрге,
Сай өрлеген шығады сары белге.
Ағаш атқа бір мініп жөнелген соң
Менен сәлем айтыңдар кейінгі елге.

Безимени-6Ахмет Тоқтабай. «Қазақ жылқысының тарихы»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.