Боздақ батырдың Көктұлпары

8426

Боздақ батырдың Көк тұлпары жауға шапқанда, Боздақ жаумен найзаласып, қылыштасса, Көк тұлпары артынан келген жауын теуіп, алдынан келген жауын тістеп аттарынан жұлып тастай береді екен. 1735 жылғы жоңғарлармен болған бір реткі қанды соғыста Боздақ батыр 214 жауды жайратса, Көк тұлпары 21 жауды тістеп, төрт жауды теуіп өлтірген.
1741 жылы Боздақ батыр жортуылдан келе жатып, шаршағандықтан Көк тұлпарын отқа қойып, өзі ұйықтап қалады. Бір кезде Көк тұлпары кісінеп шауып келіп, Боздақтың киімінен тістеп тартып оятады. Боздақ ояна келіп қараса, бір топ жау өзіне қарай шауып келеді екен. Боздақ апыр-топыр Көк тұлпарына қарғып мініп, жаумен айқаса кетеді. Жарты сағатқа жалғасқан соғыста он екі жаудың жетеуін Боздақ, бесеуін Көк тұлпары тістеп өлтіріп, келген жауды түгел тып-типыл қылады. 1742 жылы күздің бір күні Боздақтың Көк тұлпары алпамсадай бір жігітті тістеп, сүйреп әкеледі. Әлгі жігітті тексеріп көрсе, ол жаудың жансызы болып шығады.
Боздақтың Көк тұлпары өте ақылды, сезгір болғандықтан иесімен ерекше сәйкеседі екен. 1743 жылы Боздақ бес жолдасымен бірге жаудың қоршауында қалады. Боздақ серіктерімен бірге жау бекінісін бұзып шықпақ болғанда, жолдастары түгел мерт болып, өзі қауіп астында қалады. Боздақ бұл қоршаудан өзінің тірі шықпасын сезеді де дереу жебе тиген адамша аттан құлап түсіп тым-тырыс жата қалады. Көк тұлпар шауып келіп оның киімінен тістелеп тартып, бет-аузын иіскелей бастайды. Сонда Боздақ Көк тұлпарына: «Ей, жаудан қайтпас серігім, тез, өлген мал құсап жата қал. Жау келіп үстіңдегі ер-тұрманыңды алса да былқ етпе» деп құлағына сыбырлайды. Оны естіген Көк тұлпар иесінің қасына құлап түсіп, өлген малша қыбыр етпей жата қалады. Жау әскерлері «Олар ат-матымен бір-ақ өлді» деп шауып келіп олардың сауыт-сайман, ер-тұрмандарын ала бастайды. Көк тұлпар иесінің айтуы бойынша сонда да былқ етпепті. Сөйтіп, бір реткі қатерден Боздақ пен Көк тұлпар аман қалады.
Боздақ қартайған шағында көзі көрмей қалыпты. Бірақ ол Көк тұлпарына мініп алып: «Мені пәлен жерге апар» десе, Көк тұлпар апарады екен. Боздақ қайтыс болғанда Көк тұлпары көзінің жасын көл қылып, жеті күн, жеті түн жем-шөп жемей, ақырында иесінің соңынан көз жұмыпты.

Айып Нүсіпоқасұлы,
Темірбай Сымағұлұлы,

«Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» кітабынан
(Төте жазудан крилицаға түсірген Жаубай Ержан)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!