Бейсен АХМЕТ. «Ат үсті – әулие»
Таң бозынан ерттедім құнанымды,
Қамқа киіп, шарт байлап тымағымды.
Күрең қабақ күн шығып келе жатыр
Шұңғыл нұрға шомылтып тұрағымды!
Сәлем беріп қош келген көктеміме,
Сыр ақтарып қайтпақпын бөктеріме!
Құла құнан астымда ойнақтайды
Қолтық жазып көктемнің өкпегіне?!
Оқыранып, есінеп, елеңдеген,
Құба желмен, жарысып белеңменен!
Мизам шуақ тербейді құшағында
Көктем –көңіл, жүрек – нұр, өлең – денем!
Қайыс торсық байладым қанжығама,
Елпек жылқы қамшыны салдыра ма?
Қалын біліп қайтайын Үлкен үйдің
Сыбағам бар сақталған абдырада!
Малы төлдеп, үйшігі толды ма есен?
Сүтке жарып, көкке мал тойды ма екен?
Туған жердің қанайын уызына
Сағындырды, сағынды –ау сол бір мекен.
Жусан бөртіп, иісі бұрқыраған,
Барқыт бел, балауса көл тұрсың аман!
Балапан тал иіліп сәлем салып
Ақ қайыңдар аспанға ұтылаған.
Жортып келем осылай жалғыз дара,
Сәлемдесіп қыранға, байғызға да.
Шықылдаған сауысқан сыр айтады,
Кісінейді алыстан маңғыл қара!
Балдай батып тұныққа жуынатын,
Тояттайды табиғат сиына кім!?
Тауда туған қазақтың баласы едім
«Таңғы нәсіп ТӘҢІРДЕН бұйыратын».
Тәтті ауа, төгілген өлең-жырым,
Самал сүйіп, шалады төбемді күн.
Басқа әлемде,
Ұмытып ит тірлікті
«Атүсті — әулие» боп келем бүгін!
26.03.2015
Құлан жал Күреңге
(Жылқы жыр сериясымен)
Жеті күн зеріктіріп, қатырылған,
Жерде шөп соқса демі жапырылған.
Құлан жал, күрең бесті ойнақтайды,
Кіл жүйрік кетпеген-ді тақымымнан.
Пай, пай-пай, жүйрігім-ай, шұлғытады,
Тұяғы қара жерді сырғытады.
Иесін үстіндегі лақтырып
Орлардан ор қояндан ырғытады!
Елеңдеп, қос құлағы түріледі,
Сыртынан көрген адам сүйінеді.
Шайнаған ауыздықтан көбік шашып,
Тізгінге қос білегім сүріледі.
Тізгінді қоя берсе атылады,
Шабысы шапқан сайын жатылады.
Адамды арқадағы бұйым көрмей
Құлан жал сірә неге асығады!?
Шаң қалды арт жағымда будақтаған,
Ат мінсем арқаланып, міз бақпағам.
Тау-тасты мекен еткен бала едім,
Шу асау тақымында бұлғақтаған.
Он жылдан асып кетті келмегелі,
Қу өмір құрық салып дөңгеледі.
Естісе дауысымды оқыранған
Құлан жал сағындың-ау сенде мені.
Жібектей құйрық-жалы төгілетін,
Мен кеттім, ие болар өзіңе кім?
Жеті күн «Көк лаққа» шаршамайтын
Жеті күн қоя берсе семіретін!
Құлан жал, Күрең бесті, Шалқұйрығым,
Баруға болмай жатыр бір бұйрығым.
Үйірінен адасып кісінеген,
Мен едім, о, туған жер бір құлының!
Құлан жал, барады өмір ескен желдей,
Қараймын елестетіп көшкен белге-ей.
Тұл қаладан кетуге тусауды үзіп,
Жүргені-ай құрғыр заман өткел бермей!
Құлан жал таңда жортсам есінеген,
Қадірін түсінбегем несіне мен?!
Туралып, тұздық болып бара атырмын,
Заманның домалаған көшіменен!
Аманат бір Құдайға құла, күрең,
Сезетін көңілімді құлағымен.
Аманат туған жерім, көшкен елім
Тау-дала, өзен-көлім бұлағымен!
12.04.2015
Бейсен Ахмет.
Марқұм немерелес атамыздың үйінде қайыстан өрген бір торсық бір саба болып еді! Ол да аталарымыздың бір шеберлігінің белгісі!
Ереке көп рахмет!