Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ. Шаһардағы жылқылар

10041

Ж.Б-ға

Қытайды асқан асау Пегас Сандал көк,pegas_(2)
Аласұра ауыздығын шайнар кеп.
Құлагерден қалған сенде қан бар деп,
Қоя бердің.
Самғап берді сандал көк,
Қайда тартсаң сонда барам, сардар, деп.

Тәңірі Көкте,
Тарихы шыңда,
Ұлты жыр –
Күлтегін мен Мағыжандардың жұрты бұл.
Жылқы жүрген жерде аунап түркі жүр,
Түркі жүрген жерде аунап жылқы жүр!

Апайтөсті, жылқы мінез жұрт еді,
Асау көрсе алаулаған күрт өңі.
Арғымақтың сыпырып ал жүгенін,
Қайда тартса
Сонда барсын түркі елі!

Дүбірі оның
Дөңбекшіген шет қалып,
Шығыстағы Түркістанға жетті анық.
Кісінейді күллі тұлпар сондағы,
Шабатындай Сарыарқаны бетке алып.

Оның сыры мәлім біздей періге,
Мың сан табын жылқы біткен жеріне.
«Пегас» дейді ертедегі гректер,
Құлагер-ді ол – қазақ Ақан-серіге!

Басады оны топырақтың мысы кеп,
Алтын бесік туған елдің іші деп.
Қытай, Иран, Ауған асып кетсе де,
Киесіне бір келеді –
Кісінеп!

Арғымақтар

«Ол жылаған. Дүниежүзінің көрермендерін көркімен, әсем жүрісімен таң-тамаша қалдырған қайран арғымақ, өзінің соңғы күніне өкінген шығар… ол тұрған орнында жерге гүрс етіп құлап түскен…»
/Сәуірбек Бақбергенов/

Сәуірбек аға!t1hicatlk9sa
Ғафу ет сұрағаныма,
Арғымақтардың да адамша жылағаны ма?!
Арғымақтар-ай, ғасырдың мазақ құрбаны,
Менің де қаным қыр қаны, қазақтың қаны,
Шынымды айтам, шынымды сандырақтамай.
Құндыз қыл құйрық сұржекей, арғымақтар-ай!
Даламыз – кітап.
Беттерін ашқанда кілең,
Терең ол, ерен ғажайып дастандарымен.
Эпос, эпопеясы қыраттарының
Тұяқтарымен жазылған пырақтарымның.
Ат тұяқтарының даламда азан сапты әні,
Ата-бабамның сол еді қаламсаптары.
Сол жазған ерлік эпосын Отырарыма,
Ұлытауымның сандықтас шоқыларына.
Мінекей, енді көз жасы тамып жатқаны,
Жиырма бірінші ғасырдың топырағына.
Жан серік болып Чапайға, Щорсыңа да,
Қатысқан шауып Азамат соғысына да.
Құс ұшып құлагерлерім қызынып қанға,
Оянған ноян – өмірге қызығып таңға.
Біз ұмытқанда…
Ұмытпайды оны уақыттың бұла қырандары,
Петроград тротуарлары.
Тарихта қалған іздері – сонардағы іздей,
Революцияны сүйіпті олар да – біздей!
Жансерік болып Чапайға, Щорсыңа да,
Қатысқан шауып азамат соғысына да.
Есімде әлі, елесі жанарда мына,
Екінші дүниежүзілік қырғын тәмамдалғанда,
Қырық бесте Қызыл алаңда шуласып, өліп,
Таң қалдық оның тәкаппар тұлғасын көріп!
Қамыттан мойны қан болып күйреп, әпендем,
Түркісіб темір жолын да сүйреп әкелген.
Сол уақыт өтті…
Жылқы еті – үстелімізде,
Вагон-ресторанда ішкенімізде,
Самолет қана көреміз түстерімізде!
Ертоқымдарын шаң басқан, бірақ, өрнегін,
Ипподромдарға қамалған Құлагерлерім –
Жылап тұр!
Соны «Волгадан» түстім де көрдім;
Ат жарысына орын жоқ үстінде жердің!
Аспанға қара, не деген күшіктер еді,
Баллистикалық зымыран ұшып келеді!!!
Қарашы қатты ышқынған дауыстарына,
Бәйгелер енді аспанға ауысқаны ма?!
Сәуірбек Аға!
Ғафу ет сұрағаныма,
Арғымақтардың да адамша жылағаны ма?!
Арғымақтар-ай!
Шынымды айтам, шынымды сандырақтамай,
Күй – олар жылау домбыра шектеріндегі,
Олар тек – сөйлем тарих беттеріндегі!
Қалғаны содан – ескірмес, тозбастың бірі,
Арқамды шымырлататын Олжастың жыры.
Бір кездесуде атбегі түгел келіп те,
Бір сауал қойған сол Олжас Сүлейменовке:
«Бізді де, ақын, аттардың жаты санама,
Тұлпарлар енді соғысқа қатыса ала ма?!»
Сол кезде ақпай қалған бір ақыл, төзімнен,
Абсенттің жасын көріп ем – Ақын көзінен.
Тұрды Олжас сонда жүрегі қан жоса болып,
Тұнжырап кетті: «Тұлпарың
Зорласа – көніп,
Қатысар – деді – тек қана колбаса болып!!!»
Мендағы сонда ішімнен жылап еңіредім,
Тұра бергенім, жер шұқып, тұра бергенім,
Ипподромдарға қамалған Құлагерлерім…

Қарагерді бәйгеге салардағы ой-толғауMQqwvX_s7eI

Қарагерім, кінәрат жоқ мүсінде еш,
Ерге қонған ер еңсесін түсірмес.
Сұлулыққа суғаратын көзіңді,
Сұлу жылқы – сұлу әйел пішіндес.

Түсті-ау қолға деп жүргенде: «Жетем ғой…»
Құлагерлер қылаң ұрған мекен ғой.
Тұяғымен тұлпар тұрса жер тарпып,
Тұғыр болып туу – күнә екен ғой!

Еуропа ерте жексе күймені,
Қазақ қырда арғымақпен биледі.
Жарасады бұл тұқымға Ақанның –
Құлагері, Жұматайдың – Жирені.

Қыр төсінде тұяқтан шаң жосылса,
Неткен сері, сал жұрт едік осынша:
Құлагер мен Жирендерге енді кеп,
Мына менің Қарагерім қосылса!

Қарагерге көзі түсіп, тосылып,
Осындағы ойындары осылып, —
Басы лақсын, басын кесіп ала алмай,
Батырашқа Қотырашы қосылып!

Тұяғыңмен жерден інжу аршып ал,
Жөнел енді, жел өтіне қарсы бар.
Сенің де бір Батырашың бар шығар,
Сенің де бір Қотырашың бар шығар.

Ал, Қарагер, беу, «Сарыарқа» күйінің,
Нотасымен бас кеудеңнін күйігін.
Қара шаң сап Қарқаралы шетіне,
Бетіңе ұста Ақсораңның биігін.

Мен өзіңе желге мінсем жетем ғой,
Құлегерлер қылаң ұрған мекен ғой.
Тұяғымен тұлпар тұрса жер тарпып,
Тұғыр болып туу – күнә екен ғой.

Екі жылқышы туралы екі түрлі балладаJylkyshylar

Екеуі де тау ұлы,
Ел суарды екеуінің сауыны.
Сапырылып күбі-күбі қымызы,
Қатар жатыр екеуінің ауылы.

Орал ағам от-мұзда,
Тұрғанын айт қарауылдай боп құзда.
Ат үстінен түспейді Аяз ата боп –
Ақ қар, көк мұзда.

Кім жылқышы дейді Сәмет ағаны,
«Волгасымен» олай-бұлай ағады.
Ол бір шонжар, алты мыңдай жылқысын,
Қағылған мен соғылған кеп бағады.

Қос жылқышы… қос-қос қосты паң дала,
Ақ-қарасын білетұғын Алла да,
Ақ-қарасын білетұғын пенде де,
Екі ағам – бұл екі түрлі баллада.

Хан тағында –
Осы ұлыстың қолына ұстап бағын да,
Орал ағам табын қосты табынға.
…Сәмет жұрттың жауша тиді малына.

Заулап өтті содан кейін ағын жыл,
Көзден ұшқан сағым-дүр.
Орал ағам жылқышы әрі атақты,
Сәмет сиыр бағып жүр…

Сары аязда сақылдаса тісі кеп,
Көз алдына құба қылаң түсі кеп, —
Оятады ат үстінен Оралды,
Қалың жылқы кісінеп.

Тұяқсыз қалса алап – тұл.
Орал ағам арғымақты – қанатты ұл,
Қайда әлгі Қара айғырдың үйірі,
Қайда әлгі Құлай айғырдың үйірі?!
Қара бұқа Сәметке қарап тұр…

Ел аманда, жұрт тынышта жұтаған,
Есіл малды табарсың қай бұтадан?
Қабақ түйіп қарап тұрған Сәметке,
Қорқам осы бұқадан!

Жалғыз қосты паң дала,
Қарайғанға қарайтындай шамдана:
Өзегіме құйылады өлең боп,
Өмір дейтін екі түрлі баллада…

Шаһардағы жылқыларMustang escultura

Тұяғы жер тілгілеп,
Балшық – жоны, бүйірі, —
Қарағандыға кірді кеп,
Қарагердің үйірі.

Алас-күлес топтары,
Асфальт жолға боп Тәңірі –
Автобустар тоқтады,
Авто біткен тоқтады!

Қайдан келген сандалып,
Шаба-шаба жарап бір.
«Орбитаға» таң қалып,
Оқырана қарап тұр.

Жасқа толы жанары,
Бәрі де үркек ашулы.
Қымызхана жарнамалары,
Көзіне оттай басылды!

Желідегі құлын мен
Бие еді ол шідерлі.
Соны көріп… бір үнмен,
Кісінеп-кісінеп жіберді!

Үлгермеді автолар,
Не – кідіріп, не – тұрып:
Көкжиекке ақты олар,
Көктей өтіп – секіріп…

Тұра шапты күйіне!
Қарагер жалт қарады:
Көзінен бұл дүние,
Жылап көшіп барады.

Serik A.Серік Ақсұңқарұлы, ақын

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.