Махамбет ӨТЕМІСҰЛЫ. Арғымақ, сені сақтадым
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала,
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық, шөл көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп,
Түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?
Арғымақ, сені сақтадым
Арғымақ, сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп.
Азамат, сені сақтадым,
Бір күніме керек деп.
Жабыдан туған жаман ат,
Шаба алмайды бөжектеп.
Қырдан қиқу төгілсе,
Еділге қарай үңілсе,
Арғымақтың баласы
Шабушы еді безектеп.
…Жақсыменен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Алдыңнан шығар өбектеп,
Жаныңа не керек деп.
…Жаманменен дос болсаң,
Айрылмас күні қос болсаң,
Басыңа қиын іс түссе,
Басқа кетер бөлектеп,
Қолдан берер есептеп,
Сыртыңнан жүрер өсектеп.
…Ат жігіттің майданы,
Қылыш жанның дәрмені,
Өлім қақтың пәрмені…
…Атақты ермен бірге өлсе,
Жігіттің болмас арманы.
Өте шыққан қызыл гүл
Бұл дүниенің жалғаны!
Арғымақтың баласы
Арығанын білдірмес,
Арқамнан қосым қалар деп.
Ағыны күшті ақ дария
Қаһарланып толқиды,
Қанатын күн шалмаған балығым
Ортамнан ойран салар деп.
Балағы түкті қоңыр қаз
Баттауыққа тоя оттамас,
Сұңқарлар үлгі алар деп.
Хас жақсының баласы
Арада тұрып сөйлемес,
Жауларым таба қылар деп.
Хас патшаның баласы
Жапанда жалғыз тұрмайды,
Дұшпандар көзін салар деп.
Қарқыны күшті көк семсер
Шапқан сайын дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп.
Қарақұс қонбас көк сеңгір
Басына құсты қондырмас,
Қарауыл қарап тұрар деп,
Қараса көзі шалар деп…
Азамат ердің баласы
Арғымақтың баласы
Аз оттар да, көп жусар –
Талаудан татқан дәні бар.
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да, көп жортар –
Дұшпанға кеткен ары мен
Барымтаға түскен малы бар.
Міңгені Исатайдың Ақтабан-ай,
Сүт беріп, сұлы беріп, баптағаны-ай!
Зеңбірек үш атқанда дарымады,
Құдайдың, міне қара, сақтағаны-ай!
Міңгені Исатайдың көгілдір-ай,
Әскерін Барша құмға төгілдірді-ай!
Бірді алған, мыңды беріп Ақтабанды,
Жыландай белге соққан бүгілдірді-ай.
Міне алмаған алаға
Міне алмаған алаға-ай,
Шыға алмаған құба далаға-ай,
Мұсылманның баласын,
Атаңа нәлет Жәңгір хан,
Көзінен тізіп жіберді-ау,
Орынбор деген қалаға-ай!
Арғымаққа оқ тиді
Арғымаққа оқ тиді
Қыл мықынның түбінен,
Ер жігітке оқ тиді
Ауызомыртқаның түбінен.
Жантайып жатып көп іштім,
Жаздықтың шалшық көлінен.
Қайтейін енді, дүние-ай,
Жағдайсыз кетіп барамын,
Қасымда көмектің кемінен.
Алай ма
Алай ма, сұлтан, алай ма!
Астыма мінген арғымақ,
Аяңдай түсіп марай ма?
Арғымақ дейтін жығылғыр,
Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарай ма?
Арғымақ атқа
Айдай таға қақтырса,
Кілегей қатқан Еділдің,
Көкше мұзынан таяр ма?
Ата ұлының баласы,
Асыл ерге малың бер,
Малың бер де, басың қос,
Басыңа тарлық түскенде,
Ардақтаған әділ жанын аяр ма?