Балуан Шолақтың көкпарға тайынша тартуы
Мұның алдында көкірек үйсіннің басты бай адамы Жылысбайдың сый-құрметін көріп, Шөкең сол үйде, сол ауылда біраз күн аунап-қунап жатты. Тек бір үйді ығыр, бір ауылдың үстін көбірек опыр-топыр қылуды лайық көрмей, Арқа батырының ілгерірек жылжығысы келді. Кел демек бар, кет демек жоқ. Шөкең өзі өлеңмен жөн білдірді.
Басы еді өлеңімнің маң-маң қоңыр,
Тең емес арғымақпен қара шобыр.
Армансыз қалың дулат аралайын,
Көп жатып бір ауылды қылмай ығыр.
Жылысбай қонағының сыңайын байқады. Ренжімей, қабақ шытып өкпелемей кетсін деп әрі балуанның күш-өнерін сынамақ, көрмек болып, бай үлкен той жасады. Үйсін-дулат жігіттеріне додаға үш серке, бір тайынша тастады. Мықты жігіттер додаға серкелерін тартқандарымен, тайыншаны ат үстінен алып шаба алмайды. Шөкең қасындағы атқосшыларының біріне сонда:
– Сұлтан, ә, Сұлтан, Ерденбай қараны бауырлашы! – деп дауыстады. Жолшыбай Ерденбай мінгізген мықты қара аттың бауырын мықтап тартып таста дегені.
Елудегі күш сиқырының дәу перісі Шолақ қара атқа мінді. «Енелерің сендер үшін несіне қалжа жеген?» деп Шөкең әдетінше мұрнынан сөйлеп, екі аяғын үзеңгіге мықтап қадап, екі жаққа ерсілі-қарсылы шаңдата кезек-кезек шапты. Тайыншаны бір қолымен қаздитып тік көтеріп алып, қарақшыдай қалқита ұстады. Тайыншаны тізесіне, жамбасына маңайлатпады. Қолын қанатына созып, сабын өрімімен бүктеп ұстаған қамшыдай, тананы астындағы атына қатарластырып, қалықтата көтеріп шапқан…
…Бойының сәл аласырағын көріп, Шолақпен күрескісі, ұстасып көргісі келген дәмелі жігіттер де бар сықылды. Бірақ Шөкеңнің тайынша көтеріп шабу кереметін көріп, дәмелілер жым болды.
Жайық БЕКТҰРОВ.
(Материал Заңғар Кәрімханның фейзбук парақшасынан алынды)