Зұлқарнай СЕЙІТОВ: Мәңгілік жас болудың құпиясы қымызда

10535

Зұлқарнай Сейітов, биология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, қымызтанушы.

– 50 жылдан астам уақыт бойы қымыз бен қымыранды жүйелі зерттеп келе жатқаныңыз мәлім. Бұл тарапта кітап та жаздыңыз. Осы зерттеу бағытына бет бұруыңызға не себеп болды?
– 1951 жылы Омбы ауыл шаруашылығы институтын бітірген соң жақсы оқығаным үшін аспирантураға қалдым. Содан тақырып таңдап алу керек. Мен қымызды зерттегім келді. Жетекшім профессор Зайковский қуана-қуана бірден құптады. Өйткені оның жұбайы да Көкшетау облысына қарасты Шортандыда туберкулезді қымызбен емдейтін шипажайда жұмыс істейтін. Ол кісі әйелі арқылы қымыздың керемет қасиеттерімен таныс болып шықты. Дегенмен тақырыпты бекітетін – институттың ректораты. Маскиевич деген проректор біздің тақырыпты естіп, орнынан ұшып түрегелді. «Ей, сендер не істеп жүрсіңдер? Қымыз деген – ежелгі скифтердің тағамы. Қазір атом ғасыры емес пе?!» – деп ол бетімізді қайтарып тастады. Илікпегендерді Сібірге айдап жіберетін алмағайып кезең. Амал жоқ, басымызды шұлғып, кейін қайттық. Жетекшім: «Жарайды, мен саған басқа тақырып беремін, бірақ қымызды зерттеуді тоқтатушы болма, аспирантурадан кейін өздігіңмен айналысқайсың», – деп кеңес берді. Сонымен, аспирантурада үш жыл оқып, диссертациямды қорғап, Алматыға келдім.
Сары майды ұзақ сақтаудың әдістерін зерттеуім керек болды. Кеңес үкіметінің қоры үшін тонналап әзірленген сары май көп ұзамай бұзылып кете беретін. Жақсы сұрыпты майдың бір жылдан кейін-ақ сапасы төмендей бастайды. Зайковский екеуміз сары майдың құрамын тексеріп, ұсыныс әзірледік. Мемлекеттік қордағы майдың құрамында А, Е дәрумендері мен каратин көп болуы керек дедік ұсынысымызда. Бұл жұмысымды мәскеулік ғалымдар жоғары бағалады. Осыған байланысты Мәскеудегі ғылыми журналдар мақала жазды.
Алматыға келсем, осындағы бажам «биохимик, ғылым кандидаты» деген түйіндемемді алып, бірнеше мекемеге мені ұсынды. Бірнеше жоғары оқу орны мені жұмысқа қабылдауға келісіпті, алайда ішінде зооветинституттың басшысы ғана «бір жылдан кейін баспана әперемін» деп уәде етіпті. Расында да, зооветинституттың ректоры Фазыл Мұхаммедқалиев бір жылдан кейін-ақ екі бөлмелі пәтер берді.
Зооветке барған соң баяғы қымыз зерттеуге белсене кірісіп кеттім. Қымыздың құрамын тексеріп, кептірдім. Анау-мынау аппарат қымыз кептіруге жарамайды, арнайы қан кептіретін құрылғымен ғылыми жобамды іске асырдым. Бұл жаңалықты «Білім және еңбек» журналының сол кездегі жас та болса, бас редакторы Камал Смайылов ең алғашқы болып жақсылап жазды. Оның артынша өзге басылымдар да іліп әкетті. Журналдағы мақаланы оқып, Алматы қалалық атқару кеңесінің төрағасы Ахмет Әділов деген жігіт: «Егер осы жобаңызды іске асыра алсаңыз, сізге Алматының ортасынан үй салып беремін», – деді. «Қымызды кептіруді іске асыру үшін арнайы кептіретін аппарат алдырту керек», – деп жауап бердім. Заматта орынбасарын шақырып алып, тапсырма берді. Өкінішке қарай, ол жігіт көп ұзамай басқа жұмысқа ауысып кетті.
Сосын қымызды сол қалпында сақтаудың әдісін табу керек болды. Кептірілмеген қымыз үш-төрт күнде ашып кетеді. Егер қымызды сақтау үшін химиялық консервант қосса, қалпында тұрады. Бірақ оның денсаулыққа зияны басым. Одан қымыздың құрамы өзгеріп қана қоймайды, бауырдағы ферменттерді жояды. Қазіргі түрлі-түсті тәтті сусындардың бәрі – у.
Бұрынғы Жезқазған, қазіргі Қарағанды облысына қарасты Жеңіс деген ауылда Еркін Есентаев деген зооветтің профессоры қой шаруашылығымен шұғылданатын. Ол етті, құйрықты, ерекше тұқымды қойларды өсірді. Еркін – менің шәкіртім. Сол Еркін бірде маған өзі тұрып жатқан ауылда жақсы қымыз бар екендігін айтты. Әлгі ауылда кеңес үкіметінің тұсында-ақ 400-500 бие сауылады екен. Әрбір үй 5-10 бие ұстап, қымыз әзірлейді. Сөйтіп, Еркін мені сондағы қымыз ұстайтын жігіттермен таныстырды. Іштерінде зооветті бітірген шәкірттерім де бар болып шықты. Олар өз беттерінше қымызды сақтаудың жолдарын қарастырып жүр екен. Бәріміз қосылып, қымызды ұзақ сақтаудың әдісін таптық. Тамыз айында әлгіндей әдіс бойынша әзірленген 5-6 литр қымызды Алматыдағы зооветинституттың өзім отыратын бөлмесіне әкеліп қойдым. Тоғыз айдан кейін әріптестеріммен бірге әлгі қымызды іштік. «Не деген дәмді қымыз!» – деп барлығы таңғалысты. Мен майлылығын, қышқылын, ақуызын тексердім. Құрамында ешқандай өзгеріс жоқ.
Мемлекеттік комитеттің зертханасы болатын. Сол зертхананың рұқсатынсыз бізге бірде-бір тағам өтпейтін. Осы комитеттің басшысына кіріп, әлгі әдіспен әзірленген қымызды табыстап кеттім. Зертханадағылар үш ай сайын тексеріп отырды. Ондағы мамандар қымыздың он айға дейін құрамы өзгермейтіндігін анықтап, қорытынды жасап берді. Денсаулық сақтау министрлігі де тексеріп, ақыры құптаған қағаз табыстады. Одан кейін сол кездегі Білім және жаңа технологиялар министрлігі де жұмысымызды соны жаңалық ретінде бағалады.
Колхоздар мен совхоздар құрыған тоқырау кезеңі болатын. Малдың саны күрт азайып кеткен. Іскер жігіттер қымызды бір жерден емес, әр жерден жинайды. Мысалы, Алматы облысына қарасты Кеген ауылы жақта Құрман есімді жігіт қымыз зауытын ашып, осы шаруамен біршама айналысты. Өзінің үйі – Алматыда. Басы-қасында отыра алмайды. Ол кете салысымен сонда қалғандары қымыздың бәрін бүлдіреді. Құрманның қымыз зауыты ашылған кезде кілең әкім-қара, дөкейлер жиналыпты. «Әй, сендер қымыз алсаңдар, ақшасын төлеп қана алыңдар. Бұл өз қаражатына игі іс істеп жатыр», – дедім оларға. Мені кім тыңдасын?! Анауы бір келіп, қымыз алады, мынасы келіп, тағы тегін қымыз сұрайды. Екі жыл жұмыс істеп, ақыры тоқтады. Біріншіден, жұмысшылар қымызды қабылдағанда талғамсыз сатып ала береді, өздері де су қосады екен. Екіншіден, әрбір шенді-шекпендіге 100-200 литр қымыз беріп, қайта шығынданып қалыпты.
Семейде Асқар деген жігіт қымыз зауытын ашты. Семейдің өзінде қымыз жоқ, Абай ауданынан әкеледі. Абай ауданы Семейден 150 шақырым қашықтықта орналасқан. Бие сүтін әркімнен алады. Ыстық күнде әркімнен жинап жүреді. 35-40 градус ыстықта біреуден – 5 литр, біреуден 10 литр қымыз алып, Семейге жеткізгенше оның құрамы бұзылып кетеді.
Қымыз зауытын жүйелі жандандыру үшін сауын биелер бір жерде шоғырландырылуы керек. Сосын сауын биелер мал дәрігерлерінің бақылауында болуы шарт. Одан кейін тазалығын сақтап, дұрыс сауа білгенде ғана жақсы қымыз болады. Біз тапқан әдіс бойынша жұмыс істеп жатқан Қарағанды облысына қарасты Жеңіс ауылындағы қымыз зауыты көпке таныла бастады. Анда-санда маған қымыз жіберіп тұрады.
Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Қазығұрт ауданында Бекет Тұрғараев есімді азаматтың 4 мың жылқысы бар көрінеді. Ол біздің технологиямен танысып, қымыз зауытын іске қосуға кірісіп жатыр.

kymyz22– Сіз ойлап тапқан технология негізіндегі қымыздың ұзақ сақталу сыры неде? Құпия болмаса, оқырманмен бөлісе отырсаңыз…
– Қымызды белгілі бір температурада ұстап, белгілі бір уақыт ішінде әбден пісу керек. Қымыз ашығанда құрамында неше түрлі қышқылдар пайда болады. Арнайы құрылғы арқылы тексеріп, паж көрсеткіші белгілі бір межеге жеткенде шыны ыдысқа құйып, ауа кірмейтіндей герметикалық жолмен жабу қажет. Бірақ оған сүттің сапасы дұрыс болуы тиіс, яғни ешқандай су қосылмай, тазалығы сақталып әзірленгені жөн. Сосын межелі температурасы сақталуы керек. Қымыздың ішіндегі табиғи консерванттар дамып, дәмі тіл үйіреді. Біздің жұмысымызбен танысқан сол кездегі Жезқазған облысының әкімі Қажымұрат Нағыманов «қымыз қазақтың керемет байлығы екен» деп таңғалыпты. Алматыдан осы бағытта зерттеумен айналысып жүрген үш профессорды шақырды. Ол бізді: «Аямай қаржы бөлемін, Жезқазған облысының әрбір ауданында қымыз зауыты болады», – деп сендірді. Артынша аудан әкімдерін шақырып алып, тапсырма берді. Одан кейін біздің технологиямен әзірленген қымызды Жезқазғанға келген Елбасыға ұсыныпты.
Нұрсұлтан Назарбаев телеарнадағы бір сөзінде: «Жезқазғанда тамаша қымыз бар екен», – деп айтып қалды. Соған марқайып қалған біз – үш профессор Жеңіс ауылы үшін несие сұрап Елбасыға хат жаздық. Содан 1994 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жағдайымызды айтып өтініш жібердік. Елбасыға ризамыз. Ұшан-теңіз жұмысына қарамай, бізге жылы жауабын берді. «Көмектесіңдер, бұл қолдауға тұрады», – деп Премьер-министрдің орынбасарына, экономика министріне тапсырма беріпті. Олар оны «ҚазАгробанкке» жіберіпті.
Сол тұста шұбатқа да патент алғанмын. Бұл кезде қымыз бен шұбаттың пайдасын жақсы біліп алған неміс жұрты, оның еліміздегі елшілігі «сыртқа қымыз шығарсаңыздар, біз алуға дайынбыз» деп жүрген. Өз есебіміз бойынша жұмысымыз жүріп кетсе, жылына Германияға 2 тоннадай қымыз жіберуге мүмкіндігіміз бар дегенбіз. Түркия қазақтары 1000 тонна жіберіп тұрады екен. Сөйтіп, жоспар-жоба жасап жүргенде «Агробанк» несие беруден бас тартты. «Сиырды кепілдемеге алмаймыз» деп жауап қайтарыпты. Біз «айналайын-ау, біздің сиырға ешқандай қатысымыз жоқ қой» десек, «енді бірдеңе деп жауап қайтару керек қой» деп беттері бүлк етпейді. Тағы бір банкке барып, тағы да тауымыз шағылып қайтты. Қажымұрат Нағыманов басқа жұмысқа ауысып кетті де, Жезқазған облысындағы игі іс аяқсыз қалды. Соған қарамастан, Жеңіс ауылындағы қымыз зауыты өз жұмысын тоқтатқан жоқ.

– Қымыранды да сіздердің әдістеріңіз арқылы ұзақ сақтауға бола ма?
– Шұбат та біздің технология бойынша бес айға дейін шыдайды. Атырау облысында Серікбек Дүйсекеев есімді азамат әкім болды. Әлгі әкім мені Атырауға арнайы шақыртты. Әкімнің қасында «ҚазМұнайГаз» компаниясының басшылары да отыр екен. «Атырау облысында негізінен түйе малы өседі. Жылқы мен сиыр аз. Өзіңіз білесіз, өйткені шөлді жер. Сондықтан біз түйе сүтін дамытуымыз керек. Оған сіз көмектесіңіз», – деді Серікбек Дүйсекеев. Мен сөзге келместен келістім. Екі-үш күн бойы мен Атырау аймағын аралап, ондағы түйе шаруашылығының жай-күйімен, жайылымымен танысып келген соң әкіммен қайта жүздесетін болдық. Аймақты аралауға арнайы көлік те бөлді.
Зеңгі баба тұқымының күтімі, сауыны қай жерде жақсы, қай жерде нашар екендігі туралы әкімге мағлұмат жинап апардым. Ендігі мәселе қаржыға келіп тірелді. Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының бастығы маған хат жазыпты. Хатта ол әкімнің мектептегі әрбір балаға күніне бір тостаған шұбат беру туралы тапсырма бергенін жазып, оны қалай жүзеге асыруға болатыны туралы ақыл-кеңес сұрапты. Қандай ақылды азамат! Халық үшін жұмыс істейтін әкімдер сондай болуы керек. Бір-екі айдан кейін әкімді орнынан алып тастады. Одан кейінгі келген әкімге қымыз да, қазақ та керек емес екен. Басшылықта елін сүйетін ерлер отырмаса, қымыздың көсегесі көгермейді.

– Қымыздың кәрілікке қарсы ем екендігі жиі айтылып жүр. Сол рас па?
– Қымызды мәңгілік жас болу құпиясы деп айтар едім. Бұрын Тоқсанбай, Сексенбайлар болатын. Қазір 90, 80-ді қойып, 70-тегі кісіден бала тумайды. Өйткені тамақ нашар. Жастық қалыпты сақтаудың ең ұтқыр жолы – қымыз ішу.
XIX ғасырда қазақтарды Ресейден ғалымдар келіп тексерген. Дәрігерлер қазақтардың арасында туберкулез ауруы жоққа тән екенін жазыпты. Оның себебін қымыз ішетіндігімен байланыстырып дәйектеген.
Бие сүтінің құрамы ерекше әрі нәзік. Балдың құрамындағы негізгі зат – нектар. Балды 40 градустық температурада бір минут ұстасаң, нектар бұзылады да, балдың барлық қасиеті жойылады. Қымыздың да майы, ақуызы, дәрумендері өте нәзік. Сондықтан қымызды әзірлеу барысында бие сүтін қайнатпайды. Қымызды қыздыратын болса, ол бүкіл артықшылығынан айырылып қалады.
Адам баласы миллиардтаған жасушадан тұрады. Әрбір жасушада тұқым қуалайтын ДНК бар. ДНК балаға әке-шешеден өтеді. Адам өмірінде ДНК 50 рет бөлініп, 50 рет қайта жаңарады. ДНК әр бөлінген сайын көлемі қысқара береді. Ол 50 рет бөлінген соң адам өмір сүруін тоқтатады. Сол себепті 150-200 жасайтын адам болмайды. Әрбір адам күніне 1 литр қымыз немесе қымыран ішіп отырса, өзін-өзі жақсы сезініп, денсаулығы арта түседі.
Осы күні арнайы ашытқы қоры қосылмай, өз-өзімен ашытылатын шұбат жиі ұшырасады. Сүт қышқылдарынан құралған қор міндетті түрде керек. Онсыз қымыз бен шұбаттың қасиеті кеми береді. Ақши жақта бірнеше мың түйе асырайтын бір кісі арнайы ашытқысыз шұбат өндіріп отыр.
Тазалықтың жоқтығынан жаман бактериялар сүтке түсіп өседі де, жақсы бактериялар дамымай қалады. Жастық қуатты сақтап, денсаулықты күшейтетін – қымыз бен қымыран. Бие сүтінің ақуызы өте нәзік. Оны ішкен сайын іште тез еріп, жылдам қорытылып, заматта сіңіп кетіп отырады. Дәрумендері де жеткілікті. Әсіресе С дәрумені көп. С дәрумені барлық аурудан сақтайды.
Кезінде қазақтарда жүрек ауруы неге аз болған? Қымыздың майы сұйық болып келеді. Ол жүрек тамырларында пайда болатын түйіршіктерді ерітіп, қан айналымы жұмысын жақсартады. Оған оттегінің дұрыс жетуін қамтамасыз етеді. Жүрек ауруларының барлығы осы түйіршіктерден туындайды.
Бүгінде елімізде 35-40 пайыз ер адамның белсіздікке ұшырағаны мәлім. Ішетіні – консервацияланған сусын, тамақтарында дәрумен жоқ. Бұрынғы табиғи көкөніс пен жеміс-жидек те көзден бұлбұл ұшты. Көкөніс пен жеміс-жидекті тезірек әрі көп өсіреміз деп нитратты артығынан қоса береді. Оны тексеріп жатқан кім бар?! Адам денсаулығын ешкім ойламайды.

– Шетелден келетін тағамдарға бақылауды күшейту қажет тәрізді. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Бізге шетелдіктер өздеріне жарамсыз тағамдарын жөнелтеді. Бала тағамының сапасы тіпті масқара. Бала өлімінің жиі болуының бір себебі – ана мен бала тағамдарының сапалы болмауы. Мен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде сабақ беремін. Ертеңгілік тәлімгерлер маужырап, езіліп отырады. «Таңғы тамақтарыңды іштіңдер ме?» – деп сұрасам, бәрі «жоқ» деп жауап береді. Қарны аш адамға қайтіп білім қонады?! Алты жыл аш жүріп оқыған қыз бала ертең қайтіп ана болады? Білім мекемелерінде күніне әрбір балаға бір кесе қымыз бен қымыран берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

khymyz33– Бие сүті мен ана сүтінің ұқсастығы туралы айтып қалып едіңіз…
– Бие сүтінен балалар тағамын жасау жөнінде бағдарлама да жасаған едім. Хат әзірлеп, жоғары жаққа да жолдадым. Әзірге ол тараптан еш дыбыс та, сыбыс та жоқ. Іргедегі Ресей жылына бие сүтінен 500 тонна тағам әзірлеп отыр.
Қымыздың пайдасын бүгін айтып тауыса алмаспын. Ол асқазан жолын тазартады. Ішкен асты тез қорытуға септеседі. Ферменттер, шырындар бөлетін асқазан бездерінің жұмысын ретке келтіреді. Қан тамырын тазалайтынын жоғарыда атап өттім. Адамның жүйке жүйесін жақсартады. Жас қымыз ішкен соң ұйқы келе бастайды. Бір ұйықтап тұрғаннан кейін өзіңді керемет сергек сезініп, қуаттанып шыға келесің. Иммунитетті де көтереді. Орыстың бір оқымыстысы қырғыздардың «Манас» эпосының бір жерін «днем – кумыс, ночью – кыз, так проводит время киргиз» деп аударыпты. Қымыз ішіп, қазы-қарта жеген аталарымыз екі-үш әйел алып, 90-да бала таптырған. Қымыздың ақуызындағы лактоферриннен шетелдерде ісік ауруына қарсы дәрі-дәрмек жасау жұмысы қолға алынған. Осыдан он жыл бұрын лактоферриннің бір грамы мың доллар тұратын. Бірде Моңғолия ғалымдарымен ғылыми конференцияда бірге болдым. Сондағы бір моңғол ғалымы «бізден Швеция бие сүті майының бір грамын 150 долларға сатып алады» деп айтып қалды. Шведтер әлгі майдан простагландин дәрісін әзірлейді. Аяғы ауыр әйелдерге арналған бұл дәрі әзірше тек Швецияда ғана дайындалады. Олар Моңғолиядан бие сүтінің 1 грамын 150 долларға алады да, одан жасалған дәріні 5 мың долларға қайта өзімізге сатады. Ана мен бала өмірін сақтау үшін, қандай қымбат бағада болса да, сатып алуға мәжбүрміз.

– Әртүрлі денсаулық сақтау мекемелерінде сырқаттарға қымыз бен қымыран беруді бастама етіп көтеріп пе едіңіз?
– Мен туберкулез институтына барып, ауруларға қымыз күніне бір мезгіл беру туралы ұсыныс жасадым. Басшылары «иә, иә» деп бас шұлғығаны болмаса, еш нәрсе істемеді. Өйткені қымыз қымбат. Үкімет арнайы қаржы бөлмесе, іс бітпейді. Ауруларға тамақтың өзін әрең тауып отырған мекемеден өзге не талап етуге болады?! Совминнің емханасынан бір рет қымыз іштім. Сапасы нашар екен. «Алатау» шипажайында да қымыздан дәм таттым. Дәмі мүлде көңілімнен шықпады. Оның себебін дәрігерден сұрасам, «асхана бізге бағынбайды» деп жауап берді.

– Халық медицинасы тек көріпкелдер мен бақсылар ғана емес, түрлі шөп-дәрілердің, әртүрлі аспаптарда ойналатын ұлттық музыка, қымыз бен қымыранның негізінде тұрғаны белгілі. Дегенмен бүгінде қымызбен емдейтін арнайы шипажай ашуға мүмкіндік бар ма?
– Кеңес үкіметі тұсында 20-ға жуық қымыз шипажайы болды. Шипажайлар негізінен Алматыда, Семейде, Көкшетауда, Батыс Қазақстанда орналасты. Осы кездері әрбір ірі қаланың түбінде жылқы және түйе зауыты болуы керек деп заң шығарылды. Бұл зауыттар қала тұрғындары мен өндіріс орнындағы қызметкерлерді қымызбен, шұбатпен қамтамасыз етуі тиіс еді. Ол уақыттағы қымыз бен шұбаттың сапасы да жақсы әрі арзан болатын. Өйткені тұрақты тексеріп отыратын. Кеңес үкіметі ыдыраған соң бәрі де әп-сәтте құрып кетті. Бірен-саран сақталғаны да бар.

– Кейінгі уақытта жеке кәсіпкерлер қымыз бен қымыран бизнесіне айрықша көңіл бөле бастағандай. Бұл науқаншылдық па, әлде, шынында, бұл бизнестің пайдалы екендігін түйсіну ме?
– Шынында да, бұл – өте қуантарлық жағдай. Қымызханалар көптеп ашылып жатыр. Сол кәсіпкерлер қымыздың сапасына дұрыс көңіл бөлуі керек. Сапаға мән бермеу қымыздың қадірін түсіреді. Атап өтер жайт, осындай тәуекелді іске белді бекем буғандарды мақтап, көтермелеп отырған жөн. Қазақстанда тұрған немістер Германияға барып, бие ұстап, қымыз әзірлеу технологиясын дамытқан. Олардың шаруашылығы айрықша деңгейге жеткен. Сауылатын биелердің жайылымын 15 күн сайын өзгертіп отырады екен. Қымыз зауыттары да жаңа заман игіліктерін игерген көрінеді. Немістер де бие сүтін балаға тағам ретінде беріп отыр. Ондағылар қымызды тоңазытқышта мұздатып сақтайды екен.
Оқшау ой
Якутияда қымыз өндіру туралы арнайы заң қабылданған. Ал Германияда 50 жылдан бері бие сүтін өндірушілердің мемлекеттік одағы жұмыс істеп келеді. Сонымен бірге Бельгия кондитерлері қымыздан шоколад жасап шығара бастады. Осы күні қымыз неміс халқының да сүйікті сусынына айналып үлгерген. Олар бие сүтінің емдік қасиетін жақсы меңгеріп, түрлі дәрі-дәрмек, балалар тағамын әзірлеуге әбден маманданып алыпты. Немістерде үздіксіз бие сауып, қымыз дайындайтын 40-тан астам мамандандырылған шаруашылық жұмыс істеуде. Қымызды ұзақ уақыт сақтау тәсілін меңгерген олар қымызды таблетка, ұнтақ күйінде де, тоңазытқышта мұздатып та дайындауды жолға қойыпты. Қымыздың отаны саналатын Қазақ елінде қасиетті сусынның қадірін білмей отырғанымыз өкінішті.

i-1Арман Әубәкір, «Алаш айнасы» газеті 2012

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.