Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Қадыл АЙДАУБАЙҰЛЫ. Қаражарыс немесе аттан тер алу
(Қамау тер)
Қаражарыс дегеніміз – аттың майлы етін азайтып, тынысын кеңейтіп, бұлшық еттерін шынықтырып, сіңірлерін қатайтуға арналған жаттығу деген сөз. Жүйрік атты әлбетте 6-7 рет қаражарсқа салып, терлетіп таң асырып, жаратуға тиісті. Алғашқы қаражарыс 6 км-ден аспау керек. Жарыс сайын 2 км қосылып соңғысы 18 км мен шектеледі. Қаражарыстың яғни жаратудың дұрыс-бұрыстығын аттың теріне қарап айырады. Терді батпақ тер, көбік тер, су тер, моншақ тер, қара тер, деп 5 топқа беледі. Әдетте жауыннан соң қаражарыс салған жөн.
Батпақ тер. Етпен терінің арасындағы су сыртқа шыққанда жүннің түбіндегі шаң-тозаң езіледі де қою батпақ тер болып сыртқа шығады. Сөйтіп, алғашқы екі реткі қаражарыста жүннің түбіндегі, немесе тері тесіктеріне сіңген шаң-тозаң батпақ тер болып төгіледі және де терінің тесіктері шаң-тозаңнан тазарып. аттың тынысы кеңиді. Аттың терін арнайы (тер қырғышпен) жаппай қырып тастаған жөн. Кейбір бапкерлер аттың батпақ тері шыққан соң, суға жуып тазалап та алады.
Көбік тер. Үшінші, төртінші қаражарыс кезінде көбік тер шығуға тиісті. Көбік тер дегеніміз кәдімгі көбік. Бастан аққан көбік тер — жүгеннің кеңсірігіне, жақтауына тоқтайды. Жаядан да байқауға болады. Көбік тер шелден шығады. Қысқасы шелден (майдан) сығымдалып шыққан су деп ұғуға да болады. Көбік терде кермек дәм болады. Аттың сідігінің өңі бозамық келеді. Ал құмалағы қатаяды, сығып көргенде бірер тамшы су шығады. Орайы келгенде айта кететін бір жайт, атты таң асырған түнде тышқан алғашқы боғын ғана сығып көреді. Ол құмалақ болады әрі күшеніп тұрып әрең тышады. Міне, бұл дұрыс жараған аттың бір белгісі болып саналады.
Су тер. Су сияқты тұнық мөлдір терді «су тер» деп атайды. Су тер бұлшық еттерден сығымдалып шығады. Егер атыңыз жарай бастаса алтыншы реткі қаражарыста су тері алынып бітеді. Терде сортаң дәм болмайды. Аттың сідігі де мөп-мөлдір, тұнық су іспетті. Боғын сығып көргенде дым шықпайды. Тердің дәмін бапкер татып көреді.
Сөлді тер — бабы келмей керісінше семіре бастаған аттан шығатын тер.
Майлы тер — еті сартаптанса да, майынан арылмай жатқан аттан шығады. Түсі жылтырап, май тәрізді қоймалжыңдап көрінеді.
Моншақ тер. Бұны қайсыбір бапкерлер «бап тер» деп атайды. Ат әбден бабына келіп, терісінің тесіктері тұтастай тазарып, кеңіген кезде күзгі шөптің таң алдындағы шығы іспетті, мөлдіреген гауһар маржан тәрізді моншақ тер шығады. Бұл кезде аттың жүні майланып, құндызша жылтырайды да, жүніне тер де жұқпайды. Сондықтан да бабына келген аттың тері сауырынан моншақша домалап тұрады. Бұл сүйекті жарып шығатын тер. Міне, тер аттың денесіндегі (терідегі, майдағы, еттегі, сүйектегі) артық суды да, уды да тазартады. Боғынан дым шықпайды. Сідігі мөп-мөлдір, су сияқты болады. Моншақ тер бірақ рет алынуы шарт.
Қара тер. Екінші рет моншақ тері алынған ат бабынан таяды, арықтап әлсірейді, зорығады. «Қарасан» болады. Міне, осы тұста пұшпағына дейін терлеп, қарасуға түседі, терін көпке дейін кептіре алмай ат оңай әлсіреп, демігеді, ертеңінде қарны шермиіп кетеді сенделіп қалады. Қысқасы судан шыққан тышқандай болып қалады. Тердің бұл түрін «қара тер» дейді. Қара тері шыққан аттың сідігі қою қара шай өңдес болады. Мұны бапкерлер «қан сиіп қалыпты» деседі. Қарны кебежедей болып кепелеп тышады. Тердің түсі, дәміне байланысты тер алу, тер шығаруды үйлестіріп, көбейтіп азайтады. Семіз атқа жұқа жамылғы, тоқым, кежім, арық атқа қалың кежім жабады, Терлету бабы келмесе қылшығы жығылып, түсі бұзылып шауып келе қалғанда дірілдеп, селкілдеп тұратындығынан оңай аңғаруға болады.