Қасқырмен айқасқан айғыр

10740

Ел жайлаудан етекке түскенде, Алтайдың орқаш-орқаш айғыржал жоталарында қара қосты қалқитып жылқышылар ғана қалатын.

Біз бір қоста екі адам едік. Қасымдағы Кітапбай деген кісі тығыз шаруасы шығып етектегі елге түсіп кетті де, екі ауылдың жылқысына жалғыз өзім қарап қалдым. Қасқыр қатты. Күндіз жота-жотаға шығып дыбыстап, айналаға анда-санда мылтық дауысын естіртіп қоясың…

Бір күні қалжырап кеп ұйықтап кеткен екенмін, ояна келсем алыстан кісініген жылқының дауысы естілгендей болды. Таң ағарып келеді екен. Атып түрегеліп жабулаулы тұрған атқа қарғып міндім де, жылқы дауысы шыққан жаққа қарай тарттым. Жылқы баласы албаты шұрқырамайды ғой, қасқыр шапқаны анық. Аманат мал ғой, «қаншасын қырып кетті екен?» дегенде зәре жоқ. Өрінен қиялап, еңісінен сүрдектетіп үш қырқаны асқанда алдымнан өзімнің айғырүйірім шыға келді. Үйір шырқ иіріліп тұр екен де, күрең айғыр айнала шауып жүр. Біресе тік шапшиды, біресе айнала шабады. Айқайды салып мен де құлдилап келем. Тайыншадай арлан қасқыр екен, сытылып шыға берді. Оқ жетер жер емес болса да, ат үстінде келе жатып үзеңгіге аяқ тіреп бір-екі көмп (атып) қалдым. Белегірді асты да жоқ болды.

Үйірге қарай жақындап едім, айғырымды танымай қала жаздадым. Қарасүмек тер. Мен жақындағанда кісінеп-кісінеп жіберіп қаратопыраққа арлы-берлі асып түсіп аунады-ай келіп. Бүкіл үйір күрең айғырдың қасына келіп мама биелер иіскелеп жүр. О құданың құдіреті, қасқыр ақшамда шапқанға ұқсайды, мына айғыр таң атқанша шапқылаған секілді. Иіріліп тұрған үйірдің айналасы дөп-дөңгелек жол болып қалыпты. Кәдімгі жаздай отырған киіз үйді жыққанда керегенің айналасы ойылып сары жұрт болып қалатыны қайда, дәл сол секілді. Айнала шапқан айғырдың аяғы ойып кеткен. Күрең айғырым аунап тұрғанда қап-қара айғыр болды. Дүр-дүр сілкініп оқыранып еді, малдың басы кәрі көк бие де оқыранып барып күрең айғырдың шоқтығына иегін артып тұра қалды. Қасынысып жатыр. Жарықтық, жылқы деген ерекше сезімтал жаратылған хайуан ғой. Таң атқанша қасқырдан өздерін қорғап қалғанына ризалығы секілді. Тай-құлындар әлі де басын төмен салып үлкен жылқылардың бауырына ығады. Сол айғырым айғыр еді шіркін! Мықты айғырлар солай болады. Алдымен тарпып, артымен теуіп таң атқанша алдырмау деген оңай ма? Сонда бір құлынның тірсегі ғана жараланыпты.

Талай нашар айғырларды да көрдік. Үйіріне қасқыр шапса немесе қатты боранда жылқының алдына түсіп алып сүлкектеп желе береді. Артына да қарайламай өзі кетеді. Ысқырған боранда жылқыны ықтырмай қайырып ұстайтын да айғырлар болды. Ой, жануарлар-ай!..

Бұл әкемнің әңгімесі. Бала күнімнен естіп келем. Жылқы жайы сөз бола қалса көк аты, күрең айғыр, кер бие дегендер айтылмай қалмайтын. Бұл әңгімені айтқан кезде кер биені «жүйрік табады» деп бағалаған, күрең айғырды піштірмей «айғыр қой» деген Көксеген атты досына риза болып отырады. «Жарықтық Шалқайма (Көкең марқұмды солай атайды. Ол кісі ауыл тұсынан өткенде алаяқ жорғасына қамшыны бір басып, үзеңгіні шіреп шалқалай жатып тайпалтқанда елдің бәрі қызығып қараушы еді) жылқы танушы еді, айтқаны келді» дейтін.

Алтайдың айғыржал жоталарында айтылар-айтылмас, ұғылар-ұғылмас талай-талай шалдардың тарихы қалды. Тасқа сіңіп танылмай бара жатыр… Не дейсің, айғыры да адамға үлгі болардай еді…

Ovh129XOҰларбек Нұрғалымұлы
namys.kz

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.