Биылғы «Алтын тұлпарда» «Жаннұр» атты бедеу бас бәйге алды (фото)
Жылқы десе делебесі қозып, бәйге десе барын беруге даяр қазақ үшін аламанның орны бөлек. Астына ат тиіп, қолына қамшы ұстаған қазақтың мерейі үстем, мәртебесі биік, мейманасы тасып тұратыны да содан. Үш жылдан бері аузы асқа жарыса да, ауы атқа жарымай жүрген қала қазақтарына, әсіресе Астананың тұрғындарына жылына бір келетін «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі аңсап күтер ұлы дүбір тойға айналды десек артық айтқандығымыз емес. Оның айғағы жылдан жылға көрермен санының артып келе жатқандығы. Биылғы аламан кезінде Арқаның күні алашаңыттанып, сүркейлетіп тұрса де бәйгеге деген бейіл, аламанға деген алғаусыз көңіл ауа райының қолайсыздығына қаратпады.
Сағынайдың асындай күншілік жерге айдамаса да, 51 шақырымдық жол аттың аты, шабандоздың шабандозы шыдар айтулы қашықтық екенін көрген жүрт түсінді.
Сонымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған 51 шақырымдық Аламан бәйгеден «Алтын тұлпар» ІІІ республикалық турниріне Арқаның апайтөстері, Қостанайдың құмайкөздері, Маңғыстаудың марқасқалары, Алматының алшаңкерлері, Шығыстың шығаннан шыққан шалқасқалары, Оңтүстіктің оқтан озған орауыздары, Көкшенің құлагерлері, Қарағандының қаракерлері мен Ақтөбенің аршынтөстері жиналған екен.
Еңістен салса төске озған, азанда шапса кешке озған өңшең саңлақтың санын алған даяғаштар тура 67 сәйгүлік сары даланың белін қайыстырып, Арқа төсінің аңызын алмас тұяқтарымен дүбірлететінін жеткізді.
Сары даланың сайын төсінде сайран салған саңлақтар 12,7 шақырымдық шеңберді алғашқыда 22 минутта айналып өтті. 4 айналымнан тұратын бәйгеде қара үзіп қатарынан озған 9 жүйрікке ҚР «Самұрық Қазына» ҰҚ бәйге берді. Бас жүлде 10 млн теңге.
Сонымен, үйірімен үш тоғыз деп, алғашқы тоғыздыққа кірген сәйгүліктердің атын атап, түсін түстесек:
Тоғызыншы орын: Ақмола облысының азаматы Қуан Әкімжановтың «Дос» атты 5 жасар қазақы жирен аты. Шабандозы – Елшат Баймұханов. Бапкері – Мақсат Тукенов. Реттік номері – 13.
Сегізінші орын: Ақмола облысынан келген Талап Жомартұлының «Ақанқара» атты 9 жасар Қостанай тұқымды айғыр. Шабандозы – Арсен Кахарман. Бапкері – Нұғман Нұрбол. Реттік номері – 15
Жетінші орын: Қарағандылық Сейсенов Нұрсұлтанның «Бекторы» атты будан (ағылшын мен қазақы) жүйрігі. Шабандозы – Еркебұлан Ермағамбетов. Бапкері – Бексұлтан Сейсенов. Реттік номері – 41.
Алтыншы орын: Алматы облысынан келген Абдырахман Күлгінбаевтың «Лашын» атты 3 жасар будан (англо-араб) қарагер байталы. Шабандозы – Айдын Күлгінбаев. Бапкері – Абдырахман Күлгінбаев. Реттік номері – 35.
Бесінші орын: Маңғыстау облыстық Иса Бимырзаевтың «Көкбастау» атты 7 жасар ағылшын тұқымды көк арғымағы. Шабандозы – Олжас Дыбысбаев. Бапкері — Хамза Бимырзаев. Реттік номері – 73.
Төртінші орын: Алматы облысынан келген Дәурен Серіковтің «Алмас» атты 10 жасар арабы торы айғыры. Шабандозы – Азат Абир. Бапкері – Дударай Дәуітбаев. Реттік номері – 23.
Үшінші орын: Жамбыл облысының азаматы Нұржан Еселбаевтың «Көгершін» атты 6 жасар арабы көк бедеуі. Шабандозы – Нұрболат Айдаралы. Бапкері Мұрат Құдайбергенов. Реттік номері – 51.
Екінші орын: Қарағанды облыстық Гинаяддин Қожахметотің «Көкбастау» атты 5 жасар қазақы көк жүйрігі. Шабандозы – Нұрмұхамет Қайролла. Бапкері – Думан Қожахметов. Реттік номері – 44.
Бірінші орын: Алматы облысынан келген Ұлан Омаровтың «Жаннұр» атты 5 жасар будан (англо-араб) жирен бедеуі. Шабандозы – Әміржан Әділбек. Бапкері – Досжан Әділбек. Реттік номері – 32.
2014 жылы «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткен аламан бәйге биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды. Дала төсін дүбірлеткен думанды дода алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғаса беретін болады.
argymaq.kz