Нұрлан МАҒАЗҰЛЫ: Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жылқы мұражайын тарту етпекпіз

6221

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астана қаласында «Қуатты өңір — қуатты Қазақстан» атты өңірлер күні барысында Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының әкімі Нұрлан Мағазұлымен сұқбаттасудың сәті түскен еді. Бір-екі ауыз сөзбен ғана бүкіл ауданның тыныс-тіршілігін түйіндеп берген әкім Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына аудан халқы 25 игі іспен тарту жасамақ дейді.

Батыстағы іргелі аудандардың бірін басқарған Нұрлан Мағазұлы ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды.

«Аудан әзірге қысқа толық дайын. 16 ауылдық окургтің барлығы жиын-терінді толық аяқтады деуге болады. 75 мыңға тарта ірі қара өсіріп отырмыз. 300 мыңға тарта ұсақ мал, 21 мыңнан астам жылқы бар. Осы малдың барлығын қамтамасыз ететіндей деңгейде шөбімізді де алып үлгердік» — дейді өңір басшысы.

Сонымен қатар, биылғы еліміздің Тәуелсіздігінің елеулі датаға жетіп отыр. Осыған байланыста аудан халқы атқарып жатқан шаруалар өзге өңірлерге де үлгі боларлықтай.

«Біздің аудан Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 игі іс арнауды қолға алдық. Мысалы әрбір ауылға кемінде халық игілігі үшін қызмет атқаратын бір ғимарат салу. Ең басты ұстаным — ол үшін мемлекеттен қаржы сұрамай, жергілікті жердегі қалталы азаматтардың көмегімен жүзеге асыру. 25 жыл бойы мемлекет өзінің қамқорлығын танытты. Ал қазіргі кезде аудан халқының өзі талпыныс танытып отыр. Тәуелсіздікке тарту ретінде біз не бере аламыз дейтіндер көбейді. Жаңағы 25 жылдыққа 25 игі іс атқаруды ұсынған да халық. Мысалы біреуі бір ауылға монша салып беруді ұсынса, келесісі халықтың игілігі үшін ойын алаңын жабдықтайды, тіпті өз қаржысымен дәрігери пункт салып беріп жатқан азаматтар бар. Солардың қатарында ерекше атап айтуға болатын Қошанкөл ауылында жабдықталып жатқан жылқы мұражайы» — дейді аудан әкімі.

«Енді іске қосылатын жылқы мұражайы» деген кезде құлағымыз елең ете қалды. Осыдан біраз бұрын Орал қаласынан 400 шақырымдай шалғайда орналасқан Қошанкөл ауылында Қазақстан тарихындағы алғашқы жылқы мұражайы жабдықталып жатқандығы туралы естіген болатынбыз. Нұрлан Мағазұлынан тұңғыш жылқы мұражайы туралы толығырақ айтуын өтіндік.

«Иә, бұл еліміздегі жылқыға арналған алғашқы мұражай болғалы тұр. Бастама көтеріп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту ретінде жылқы мұражайын ашуды ұсынған аудандық газеттің редакторы Серік Ғабитұлы Жұмағалиев деген азамат. Басқа мұражайлардан өзгешелеу болсын деген ниетпен осы қазағымыздың қазанатына айналған жылқы жануарға арнауды жөн көрдік. Басында ұсыныс болғанымен, қайда, қай жерде ашамыз деген ой келді. Көктерек ауылында да ашуға мүмкіндік бар еді. Дегенмен Қошанкөл ауылында атбегі жігіттер бар, көкпар командасы бар дегендей, сонымен Қошанкөл ауылында тұңғыш жылқы мұражайының негізін қалап жатырмыз. Алла қаласа алдағы қазан айының соңына таман ашылу салтанатын жасаймыз деген ниеттеміз» — дейді Нұрлан Мағазұлы.

Ауданның бір ауылдық бөлімшесін былай қойып, орталық мұражайлардың өзінде тікелей жылқыға қатысты жәдігерлер табу қиын шаруа. Әкімнің айтуына қарағанда бұл жағы да реттеліп қалғанға ұқсайды.

«Жаңа жоғарыда айтқанымдай аудандық газеттің редакторы Серік Жұмағалиев пен сол газеттің тілшісі Гүлфия Қошбаева деген қызымыз және Аманжол Қажығалиев қатарлы азаматтар өздері ел арасынан жәдігерлер жинады. Атбегілермен, жылқы ұстайтын азаматтармен сөйлесіп, қай жерде қандай жәдігер болуға жарайтын зат бар барлығын жинауға тырысты. Ақтауға дейін барып қайты бұл кісілер. Қазір ғимарат толықтай жабдықталу үстінде. Мұражайға «Сәйгүлік» деп ат бердік. Бұл біздің ауданның тәуелсіздіктің 25 жылдығына жасаған ең үлкен сыйымыз болады деген ойдамыз» — дейді БҚО Казталов ауданының әкімі Нұрлан Мағазұлы.

Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын Қазақ жылқы мұражайының негізі қаланғанын айтып оқырмандарымыздан сүйінші сұраған едік.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.