Дарабоз-2019. Үздік мерген анықталды
Жайық жағасында жалауын көтерген ІІІ халықаралық «Дарабоз-2019» турнирінің Жамбы ату бойынша жеңімпаздары анықталды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген сұрмергендерге қойылатын талап біреу – туған жылы 1993-тен ары болмауы керек. Себебі турнирдің биылғы ұйымдастырылуы еліміздегі «Жастар жылына» арналып отыр.
Мергендік сайысына Ақмола облысынан Жалғас Құрман, Жамбыл облысынан Дәмір Аманбек пен Бақдәулет Бабажан, Нұр-Сұлтан қаласынан Ынтымақ Шыңғысбай, Атырау қаласынан Амангелді Өмірзақов, СҚО-дан Әлия Бекен, БҚО-дан Қосмағұлов К. және Түркістан облысынан Айтбек Сарыбай мен Бекзат Жақсыбек қатысты.
Садақ атудың екі түрінен – шеңберге ату және қазақ стилінен сынға түскен жас мергендер ат үстінде ойын көрсетті. Екі айналымның қорытындысы бойынша нағыз мерген анықталды.
Сонымен «Дарабоз-2019» турнирінің Жамбы ату бойынша жеңімпазы – Жамбыл облысының жас өрені Бақдәулет Бабажан болды. Ұпай саны – 34.
Сұрмергендер сайысында екінші орынды – екі айналымда 24 ұпай жинаған Атырау қаласының түлегі Амангелді Өмірзақов еншіледі.
Алғашқы үштікті – Жамбы ату спортындағы санаулы қыздарымыздың бірі, бүгінгі ойындағы жалғыз қыз – Әлия Бекен иеленді. СҚО-дан келген сұлу қыздың еншісінде 15 ұпай бар.
Бұдан бөлек «Дарабоз-2019» турнирі аясында Теңге ілуден, тазы жүгіртуден және 25 шақырымдық аламан мен 12 шақырымдық топ бәйге және 7 шақырымға жорға жарысы өтті. Сонымен бірге құнан бәйге мен аударыспақ, көкпар додасы да турнир көрігін қыздырды.
Ал осы турнир барысында ел назарын ерекше аударып отырған «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өтті. 51 шақырымдық аламан, осымен еліміз көлемінде бесінші рет ұйымдастырылып отыр. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы өткізіп келе жатқан дәстүрлі ат бәйгесі биылғы жылы Атырау даласында, Ақ Жайық жағасында өтті.