Атты тур. Ең жас қатысушы 9 жаста (ФОТО)
Қарашаның 2-сі күні Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты Қосшы, Тайтөбе ауылдарының бірқатар азаматы атты турға қатысты.
Берік Ақылбеков бастаған «Ат-травел» клубы мүшелерінің ұйымдастыруымен өткен турдың негізгі мақсаты – қысқы сапарларға дайындық барысын пысықтау болды.
Ауданның ішкі саясат басқармасының бастамасымен өткен сапарға 15 адам қатысты. Алды 60-қа жақындаған ел ағасы болса, қатысушылардың ең кішісі – Мейіржан 9 жаста.
«Өзім шабандозбын. Әкем көкпаршы. Үш жасымнан бастап атқа міндім. Бұрын арнайы турға қатысып көргем жоқ. Бірақ жылқы қайыруға, жақын маңдағы бәйгелерге қатысу үшін мұндай қашықтыққа жүріп көргемін. Атқа міну өз қорқынышыңды жеңе білу. Қорықпасаң ат та сенің қорықпай тұрғаныңды біледі. Әрине, алдымен жуас аттарға міндім ғой» — дейді Мейіржан.
Елбасымыздың «Атқа міну мәдениетін» дәріптеу мақсатында және еліміздің ішкі туризмін насихаттау үшін атқа мінген жігіттер бір күнде 50 шақырымды еңсерді.
Тайтөбе маңындағы Нияз би кесенесі басынан бастау алған сапар жолай Нұра-Есіл каналынан өтіп, Қызылжар ауылының мешітінде қариялардан бата алды.
Сонан кейін атты тур қатысушылары қазақтың бас батыры атанған Қабанбай батырдың мазарында болып, батыр баба рухына құран бағыштады.
Баба кесенесінің басында Камал Әбдірахманов (шырақшы) турға қатысушыларға Қабанбай батыр жайлы аңыздардан, оның тарихынан, өмір сүру ортасынан құнды мәліметтер берді.
Күндік сапарда түскі асты Камал ақсақалдың үйінен ішіп, кешкірмей ауылға жетіп алуды көздеген салт аттылар атқа қонды.
Аттанар алдында жастармен жүздесіп, атты турға қатысушыларға бата беріп, ақ жол тілеу үшін Елордадан әйгілі ғалым Зайролла Дүйсенбеков арнайы келді.
Сонымен, сенбі күнгі сапар сәтімен аяқталып, алдағы қысқа аттардың, азаматтардың дайындығы пысықталды.
Айта кетейік, бұған дейін қысқы маусымға дайындық барысы тексерілетіні жайлы хабарлаған болатынбыз.
Фото: Ерлан Құсайынов