Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ. Жылқы жыры

11821

«Арғымақ» порталының азаматтары, Армысыңдар!
Бойында қазақ қаны тулаған жандарды жайбарақат қалдырмайтын тақырыпты заманауи бір нысанаға топтасырғандарыңа бек қуанып қалдым. Ойларың оңынан болсын!
Менің де делебем қозып, жылқы тақырыбына жазылған өлеңдерімнің бір-екеуін жолдап отырмын. Жас күнімде жылқы соңынан біраз жыл ергенім бар. Сондықтан ба екен, қылқұйрық тақырыбына едәуір өлең шумақтарын арнап тастаппын. Әрине, азды-көпті ақындық қабілетіміздің жеткенінше.
Қаласаңдар, келешекте осы тақырыптағы басқа да өлеңдер топтамасын жіберуге бейілмін.
Сәлеммен, Қайрат Зекенұлы

imagesЗекенқара

Арындаған ат еді Зекенқара,
Жұртым оған бермепті бекер баға.
Аунап-қунап, су ішіп, мекен еткен
Жылқыға да тым ыстық екен дала.

Бөтен жанды жолатпас қасына тым,
Мінезі бар бір тулап басылатын.
Алыс жаққа шыққанда байыз таппай
Мекеніне жеткенше асығатын.

Байқалмайтын сыртынан қоңдылығы,
Жарып жүрді жайлауда мол дүбірді.
Қатарынан неше күн көкпарлатсаң,
Не екенін білмейтін болдыруды.

Бастық сұрап бұл атты шіреніпті,
Бермеген соң иесі, түнеріпті.
Ерегесіп басекең сол Қараны
Ет комбинат асырып жіберіпті.

Қырдың ескен қуат ап самалынан,
Комбинаттың қарғыған қамалынан.
Оңдырсын ба тұтасқан темір қоршау,
Омырауын оңдырмай жара қылған.

Үйірімен асығып өбісуге
Бір-ақ тартқан мекені-өрісіне.
Алты жүздей шақырым асып жеткен,
Ат та болса Қараның жеңісі де!

Естілігін көргенде ел сүйінді,
Өлеңменен арнадым мен сыйымды.
…Артық етпес бізге де, ағайындар,
Жылқыдан да үйренсек жер сүюді…

b-412451-Süper_2_at_fotoğrafıБоз байтал

Бұлшық еттен білінер бүкіл күші,
Бір үйірдің боз байтал бітімдісі.
Жарау аттай жануар шұлғығанда,
Қызығардай тұрқына мұқым кісі.

Әлденеден алғандай тояттанып,
Жүретінді шығарды саяқтанып.
Бөлектеніп жүруді жиілетті
Дәл сол үшін жатса да таяқталып.

Жусағаны назарда, оттағаны,
Тым саяқтау бәрібір боп барады.
Қайырғанмен жылқышы қанша мәрте,
Көп үйірдің біріне тоқтамады.

Қысы-жазы жортатын құба белді
Жылқышының жоқ іздеу – бір әлегі.
Жүрсе-дағы боз байтал бақылауда,
Ұшты-күйлі жоқ болып шыға келді.

Біраз жанды бұл жағдай таң қылысты,
Және тағы тудырды сан сыбысты.
Бір қызығы, талай жыл жылқы баққан
Дәл шығарды болжамын шалдың ішкі.

Әлденеден көңілі болып күпті,
Жылқышылар бар маңды шолып шықты.
Жатпаған соң жемтігі жазым болған,
Ұрландыға қояды жорып тіпті.

Тым арыда жатқан соң сыр тереңі,
Өзі үйретпек уақыт, білмегенді.
Іздеп жүрген алыстан әлгі байтал
Көрші ауылдан табылды іргедегі.

Малға кінә, әрине, арта алмады,
Көңілдегі күдік те талқандалды.
Үйір басып боз байтал қалған екен
Айғырына шопанның арқандаулы.

Бұл жалғанның мән берсең мысалы көп,
Өткісі жоқ жылқы да құсалы боп.
Қарт жылқышы ой түйді оқиғадан,
«Ат табатын биенің нышаны» — деп.

…Сан тұлпарды ойнатқан тақымында,
Сыр бар екен қария ақылында.
Боз байталдан сондағы туған құлын,
Тұлпар болып танылды ақырында.

Безымянный777Қайрат Зекенұлы, Семей.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.