Ел чемпионаты. Түркістан Қызылорда құрамасын ойсырата ұтты

4844

Бүгінгі күннің ақырғы ойыны да өз мәресіне жетті. Кеше де СҚО құрамасын айқын басымдықпен ұтқан түркістандықтар бүгін Қызылорда құрамасын «шайнамай жұтты».

Кешегі ойын кестесінде Қызлорда облысының құрамасы демалған болатын. Тың күш, тың атпен айқасса да Түркістанға төтеп бере алмады.

Ойынның алғашқы айналымының өзінде-ақ «Құлагер» командасы алаң тізгінін өз қолдарына алды. Осындайда әйгілі додапаз, көкпардың көкжалы атанған Әлкәйда Ләшкерұлының «теке тасу» деген сөзі еске түседі. Сол айтқандай, түркістандық жігіттер ортадағы серкені алды да салды, алды да салды. Қызылорда облысының құрамасы Түркістанның тарландарына табандылықпен тойтарыс бере алмады.

Ойынның алғашқы айналымын 9:1-мен аяқтаған Ғани Ахметбаевтың шабандоздары, екінші айналымды да еркін меңгерді.

Бұл ойындар алдағы уақытта өтетін республикалық, халықаралық, әлемдік чемпионаттарға ел құрамасын іріктеуге үлкен мүмкіндік береді. Алла амандық берсе, биыл күзде Түркияның Бурса қаласында Дүниежүзі көшпенділер ойындары өтеді. Сол кезде де осы жолғы мықты ойын көрсеткен көкпаршылар іріктелетін болады. Тағы да қайталап айтамын, ойын мәдениетін меңгеріп, анайы сөз айтпай ойнауға дағдылану керек. Біз басқа спорт түрлеріне үлгі болуымыз керек. Себебі біз Ұлттық спорт деген статусты иеленіп отырмыз. Қазақстандағы өзге спорт түрлері бізге қарап бой түзесін. Қазақ ұлтының атынан шығып отырғандықтан біздің ойынның артында ұлттың мүддесі де тұрғанын айтқым келеді – деді бүгінгі ойынды аяқтаған чемпионаттың бас төрешісі Қуан Құрамаев көкпар командаларының жетекшілеріне.

Сонымен, екі команда арасындағы есеп – 17:2. Түркістан облысы құрама командасының пайдасына шешілді.

BAQ.KZ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.