Қостанай жылқы зауытындағы жылқыларға қатарлі індет жұққаны рас па?

5046

Агроқоғам порталы кеше «Қазақ тұлпары» ЖШС-де жылқылардың жұқпалы анемиясы (ИНАН) анықталды. Егер бұл шынымен сол ауру болса, онда кәсіпорында үлкен проблемалар бар. Ауру мал сойылады, мұндай жағдайда ол жерде алты айға карантин жариялануы керек» деп жазған болатын.

Анық-қанығын білмек мақсатпен тиісті орындарға сұрау салдық. Алайда, жылқы зауыты директорының қабылдау бөлмесіне қанша қоңырау шалғанымызбен, жауап ала алмадық. Жұмыс күні болса да жан адам телефон тұтқасын көтермеді.

Ал, Қостанай облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы басшылығы «әзірге ауру тіркелгені дәлелденген жоқ» деп отыр.

Тамыз айының басында жылқы зауытында жоспарлы ветеринарлық алдын алу шаралары жүргізілді. Жануарлардан алынған қан сараптама жасау үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы арнайы орталыққа жіберді. Оның қорытындысы келмей нақты ешнәрсе айта алмаймыз. Сондықтан, «Қазақ тұлпарында» жұқпалы анемия ауруы тіркелді» деген ақпарат шындыққа жанаспайды, — дейді ветеринария басқармасының басшысы Ақат Шектібаев.

Бір анығы, жылқы зауытында қазір ресми карантин жариялабаған. Шектеу шарасы сынаманың нәтижесіне сәйкес қолданылады. Ал, қанның қорытындысы алдағы апталарда дайын болады.

Бұл соншалықты дабыра қылатын мәселе емес. ИНАН (инфекциялық анемея) аса қауіпті ауруға жатпайды. Түсінікті тілмен айтқан, жылқыда кездесетін қан аздығы. Салыстырмалы түрде сиырда болатын бруцеллезге ұқсас. Тіпті, ауру білінген жағдайда да, ол малды сойып, етке тапсыруға болады, — деп жаймашуақтап отыр ветеринар мамандар.

Әрине, ауырған арам өлмес. Бізді алаңдатыны басқа мәселе.

Таяуда ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қостанай тұқымын қалпына келтіріп, қорғаудың жол картасы әзірленіп жатқанын сүйіншілегені белгілі. Ал, «Қазақ тұлпары» ЖШС-і төл тұқымды ұстап отырған еліміздегі жалғыз мекеме. Ондағы ахуал оңып тұрмағанын, ғасырдан астам тарихы бар жылқы зауытында не бәрі 48 бас жылқы қалғанын бұған дейін жазған болатынбыз.

Қан сынамаларының қорытындысы ауру бар екенін дәлелдесе жағдай қалай болмақ? Қазақтың қазанатын қайта жаңғыртамыз деп жүргенде, қолда бар тұқымнан түгелдей айрылып, құрық ұстап қалмаймыз ба? Онда үкімет жасамақ болған «жол картасына» жайына қалмай ма? Сұрақ көп.

Ветеринар мамандардың қанша жұбатуға тырысқанымен, «Қазақ тұлпары» ЖШС қызметкерлерінің «байланыс аясынан тыс болуы» көңілдегі күдікті қоюлата түседі.

2 comments

  1. Қостанай жылқы зауытындағы жылқы ауруына қатысты түсініктеме берілді — Арғымақ Ұлттық танымдық порталы 12 Тамыз, 2021 at 17:39 Ответить

    […] Естеріңізде болса, бұған дейін Қостанай жылқысына қатысты бірнеше материал жарияланды. Интернетте «жылқы зауытында мал ауруы тарады» деген ақпардың рас-өтірігін анықтап көрмек болған едік. Алайда, «Қазақ тұлпары» басшылығынан тиісті жауап берілмеді, тек жергілікті ветеринар мамандардың пікірі ғана айтылған болатын. […]

  2. Ереке 24 Тамыз, 2021 at 20:12 Ответить

    Қаншама төгілген тер, болашаққа бағытталған ерен еңбек, тіптен атақты қостанай жылқы тұқымын құртып алсақ масқарамыз сонда болмақ. Ресейде де дон жылқысы жоғалып кетудің аз ақ алдында тұрғанда, барлық Ресейліктер аттандап сақтап қалып еді. Неге бізде солай аттандамаймыз. Жылқы сүйер қауым мен атақты ғалымдарымыз қайда. Зиялы өкіл ағайындар неге шу көтермеуде…

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.