Қайрат Исхан: Мемлекет жылқыға көңіл бөлуі керек

3068

Ауыл шаруашылығын бірнеше бағытқа бөлсек, мал шаруашылығының алар орны ерекше. Оның ішінде жылқы өсіру, санын көбейту мен тұқымын асылдандыру тақырыбы БАҚ-та жиі жазыла бермейді. Nege.kz тілшісі Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, жылқытанушы ғалым Қайрат Жәлелұлымен сұхбаттасып, біраз жайтқа қанық болды.

– Қайрат аға, ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде мал шаруашылығын бір кісідей білесіз. Оның дамуын ілгерілету үшін қандай ілкімді істер атқарылуы керек?

– Ауыл шаруашылығы – үлкен саланың бірі. Тіпті, мал шаруашылығының өзін бірнеше тармаққа бөлеміз. Мен соның ішінде жылқы шаруашылығын зерттеумен айналысамын. 20 жылдан астам уақытым «қайтсек қазақ жылқысын келер ұрпаққа аман-сау жеткіземіз» деген сауалға жауап іздеумен өтті. Жылқы шаруашылығы жайлы айтсақ, оның осы күні бір күрделі мәселесі бар. Қазақ даласындағы жылқы саны – 3 миллион 118 мың бас. Статистика агенттігі таратқан мәлімет осындай.

Жылқы санының өсімі байқалса да, сапасы кереметтей емес. Осыны дамыту үшін республика көлемінде арнайы палаталар құрылған. Оның бірі – Алматы қаласында орналасқан «Заводтық жылқы тұқымдары», екіншісі – елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жергілікті жылқы тұқымдарын асылдандыру» деген палата. Одан кейін жылқы шаруашылығы туралы ассоциациялар бар. Жуырда, Павлодар облысында жылқышылар қауымдастығы құрылды. Олар қараша айының 5-і күні халықаралық конференция өткізеді. Міне, осы жұмыстың бәрі жылқы тұқымын асылдандыруға бағытталған.

– Негізгі мәселе неде?

– Мәселе неде деген сауалға келсек, жылқы өсірушілер ешқандай субсидия алмайды. Сатып алған айғырға кезінде 100 мың теңге берілді. Жылқыны өсіріп, тұқымын асылдандырған шаруаға емес аталған қаржы сатып алушыға табысталды. Мәселен, 5 айғыр батыстан шығысқа сатылса, мемлекет сатып алушыға 500 мың теңге төледі. Ол енді жем-шөбі мен жолға кеткен шығындарын жабатын.

Басқа мал шаруашылықтарын алсақ, төрт түліктен бастап, шошқа шаруашылығына дейін субсидия төленеді. Ал, қазақтың ұлттық, ата-бабадан келе жатқан жылқы шаруашылығына келгенде мемлекет қаржыны қысып қалып отыр.

Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе облысының әкімдігі жергілікті бюджеттен Мұғалжар жылқы тұқымын асылдандыруға 40 мың теңге төлеуді бастады. Бұл – облыс деңгейінде ғана шешілген мәселе. Ал, республика деңгейінде бұл мәселе шешімін таба қойған жоқ. Жылқы өсірушілердің жиі айтатын ұсынысы осы.

– Субсидия мәселесі мінберден айтылып, жалпы тақырып көтеріліп жүр ме?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, қараша айында Павлодар қаласындағы Торайғыров университетінде өтетін ғылыми конференцияда осы мәселе көтеріледі. Жылқы шаруашылығы қауымдастығы мен Торайғыров университеті ұйымдастырып жатқан шарада «жылқы сапасын арттыру», «қазақ жылқысының мәртебесін қалай көтеруге болады» деген сауалға жауап іздейміз. Жылқыға субсидия беру тақырыбы бірнеше жылдан бері республикалық, облыстық, аудандық БАҚ-та айтылып, жазылып та жүр.

Бізге жылқы жайлы сөз қозғағанда өткен шақпен сөйлеуден арылу керек. «Жылқыға неге субсидия берілмейді?» деген сауалға жауапты мекемедегілер санасында «Жылқы жыл он екі ай өз-өзін асырай алады, далада жүреді, оған көп шығын кетпейді, экономикалық жағынан иесіне тиімді» деген түсінік қалыптасып қалған. Өзге түлікке қарағанда, жылқының төзімдірек екені рас, солай екен деп оған көңіл бөлмей қоюға болмайды. Себебі, жаңа айтқанымдай, оның сапасы төмен, тұқымдық ерекшеліктері, қасиеттері жойылып бара жатыр.

Жабы типтес түрі немесе салт мініске арналған тауға да ойға да төзімді түрі жойылып барады. Өйткені қан алмастыру, қан араластыру деген жоқ.

Шаруалар айғырды шығыстан батысқа, батыстан шығысқа алып бара бермейді. Шаруашылық өзінің айғырларымен ғана қалғандықтан, инбридингтік жүйе болып кетеді де, жақын туыстар бір-бірімен шағылысады. Осыдан кейін мәстек, бойы аласа, арық әрі семірмейтін жылқылар туылады. Осыны жолға қою үшін мемлекет тарапынан жүйелі көмек қажет-ақ. «Жылқы өзін-өзі асырайды» деп бір жақты қарауға болмайды.

– Жылқы өзін-өзі асырайды дегенге келсек. Еліміздің оңтүстігіндегі халықтың басым бөлігі егін шаруашылығымен айналысады. Жайылымдық жер жоқ. Олар сонда жылқы асырамау керек пе?

– Дұрыс сұрақ. Басында 3 миллионнан астам жылқымыз бар деп айттық қой. Соның 95, тіпті 98 пайызы қазақтың жергілікті жылқы тұқымы деп есептеледі. Олар қысы-жазы тебінде жайылады. Аймаққа байланысты жылқының типтері, ерекшеліктер бар. Мысалы оңтүстіктегі басқа тұқыммен асылданып, будандасып кеткен. Сондықтан олар көбіне қолға ұсталады. Бір жағы егіншілік болғасын жайылымға жібере алмайды. Ал енді ШҚО, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе облыстарында, БҚО-да жылқылар түгел тебіндеп жайылып жүреді.

Біздің өсіріп отырған жылқыларымыз қазақтың байырғы жылқы тұқымы санатына жатады. Себебі біз жылқы классификациясын бөлгенде таулық, далалық, ормандық, зауыттық жылқы деп өсіру бағытына қарай бөлінеді. Біздің өсіріп отырған 3 миллион жылқының көпшілігі далалық жылқыға жатады. Біз өзімізді «Ұлы дала халқы» десек, жылқымыз да – ұлы даланың жылқысы. Өйткені біздің аймақ негізінен даладан тұрады. Олар да соған бейімделген. Осының енді генефондын жоғалтпау, әрі қарай дамыту шаруашылық пен ғалымдардың бірлесіп істейтін шаруалары. Сондықтан бір жағы мемлекет басқа малға төлеген субсидиямен жылқы өсірушілерге көмектессе дейсің. Бірақ, бір қызығы, біз егемендік алған 1991 жылы Қазақстан Республикасында 1,5 миллиондай жылқы болған, 1997-1998 жылы жылқы саны 700-800 мыңға дейін түсіп кетті. Бір жағы аумалы-төкпелі заман болды. Енді содан бергі уақытты есептесең, жылқы басы 3 миллионға жетті. Өсім бар, ендігі жұмысты сапасына бағыттау керек.

– Мені ғана емес сапаға қатысты мына сауал біраз адамды мазаласа керек: Ағылшын жылқысының, араб жылқысының, түркімен ақалтекесінің атын-затын әлем біледі. Қазақ жылқысы, жабы типі деп жатырмыз ғой. Қазақ жылқысы неге әлі брендке айналмады?

– Ағылшын таза текті жылқысын әлем мойындайды. Бірақ, оның селекциялық жұмысын жүргізуге 300 жыл уақыт кеткен. Ал біздің ата-бабадан келе жатқан жылқымызды дамытып оны көрсету әркімнің де арманы. Ол экономикаға әсер етеді. Неге бренд бола қоймады деген өте күрделі әрі қызықты сұрақ. Қазақ жылқысының генінің өзі – бренд.

Археолог ғалымдар Ботай қорымынан табылған жылқы сүйектерінің гистоанализін жасап, жылқы әлемге Орта Азиядан, оның ішінде Қазақстаннан тарағанын дәлелдеді. Енді біздің селекционер зоотехник ғалымдар зерттеп, селекциясын асылдандыру үшін еңбек етуде.

Кеңестік кезеңде қазақ жылқысының бағытын анықтап, сол бағытта ғана дамытқан. Яғни, етті әрі сүтті бағыттағы жылқы деген көзқарас қалыптасқан. Сол кездегі ғалымдардың барлығы өнімді бағыт болғасын «жабы типі» деп типке ғана бөліп, «қазақ жылқы тұқымы» деген сөзді алғызып тастауға тырысқан. Қазақ жылқы шаруашылығының кеш дамып келе жатқанын осыдан да байқауға болады.

Егемендікті қайтып алғалы 30 жыл болса, Қазақ елі сонау Керей мен Жәнібек ханнан бері қалыптасты деп алғанның өзінде, 1920 жылы Алашорда партиясы құрылған кезде Қазақты Кеңестік өкімет «Қырғыз-Қаисақ» деп атап, Қазақ дегізбеген. Сол «Қазақ Республикасы» болу үшін Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алаш зиялылары Ленинге хат жазып жүріп «Қазақ автономиялық» республикасын құрады. Одан кейін Қазақ КСР, кейіннен егеменді Қазақ Республикасы болдық. Осының арасында қазақ жылқы тұқымы түсіп қалып тұр.

Қараңызшы, әлемдегі жылқы тұқымының регистрында 200-ден астам жылқы тұқымы болса, оның ішіне қазақ жылқы тұқымы кірмей қалған. Моңғол тұқымы, ағылшын жылқы тұқымы бар, ал қазақ жылқы тұқымы жоқ. Енді біз сол санатқа қосылу үшін үлкен жұмыс істеуіміз керек.

Бір жағы қазақ жылқысына «тек етті, сүтті бағытта» деп қарау – қате түсінік. Міністі, керек десеңіз, жорға да керемет дамыған. Оның бәрі тарих беттерінде, ауыз әдебиеттерде айтылады. Қазір ұлттық бәйгелерде жорға жарысын ұйымдастырамыз, сол жерлерде жорғалап мәреге жететін жылқылардың дені қазақтың жорғалары емес. Оларды «руский рысак» дейді, орыстың желісті жылқыларын, орлов желісті жылқыларын біздің ұлттық бәйгеде «міне, жорға жылқы өтті» деп шатыстырады. Шын мәнінде осының өзі үлкен ғылыми жүйе. Қазақ жылқысын қалай дамытамыз осыны санаға сіңіруіміз керек. Одан кейін біздің міністі, жүрісті, ұшқыр, төзімді жылқыларымыз бар екенін айқындауымыз керек.

– Осы жылғы қуаңшылық жылқы шаруашылығының дамуына әсер етті ме?

– Қазақ «жұт жеті ағайынды» деп айтады ғой. Жұттан Құдай сақтасын. Әйтсе де, Маңғыстау, Қызылорда облыстарында қуаңшылықтың қаншалықты ауыр соққы әкелгенін БАҚ-тан көріп, естідік. Бұл, бәлкім, сол өлкелердегі мал шаруашылығына тиген жұт шығар. Қазір қайта оңалды ма ол жайлы білмедім. Бірақ, бір ескерілмеген нәрсе ауа райының тосын мінезін соңғы, заманауи технологиялар арқылы анықтауға болар еді. Жауын жаумаса, өзен сулары тартылатынын жергілікті әкімдіктер шаруаға ескерту керек еді. Бәлкім, олар ертерек мал басын азайтып, асырай алатын бөлігін қалдырар ма еді?! Шаруашылық мамандары, ғылыми өндіріс пен ауыл шаруашылығы бірлесіп жұмыс істесе, бұл тығырықтан шығады деп ойлаймын.

– Жылқының төзімділігі сынға түссе қазіргі қазақ жылқылары топты жарып шыға ала ма? Тәулік бойы тоқтамай шаба алатын жыр-аңыздардағы аттар осы күні бар ма?

– Бабаларымыз қазақ жылқысының төзімділігін жан-жақты сынаған. Таңнан қас қарайғанға дейін, тіпті күнбе-күн шаба беретін жылқылар болған. «Ал қазір ше?» дегенге жауап беру өте қиын. Себебі ұлттық бәйгеге қатысып, бәйге алып жатқан жылқылар қазақ жылқысы емес. Тағы да сол – шетелдік жылқылар. Осыған тосқауыл қою мүмкіндігі болмай тұр.

2019 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында 130 шақырымдық бәйге ұйымдастырылды. Ол жақтағы атбегілердің көрсеткісі келгені – қазақ жылқысының төзімділігі. Расында да олар шетелдің жылқыларының ұзаққа шаба алмайтынын, төзбейтінін дәлелдеп, қазақ жылқысын мойындатты.

Сол бәйгеден оза шауып келген «Тарпаң» лақап атындағы сәйгүлік 6 сағат 40 минутта 130 шақырымды шауып өтті. Онымен қоймай қазақ жігітінің ат үстінде 6 сағат бойы шаба алатынын дәлелдеді. Бұны басқа бәйгелермен шатыстырмау керек. Бұл – төзімділікке арналған, ұшқырлыққа емес.

Қазір біздің ипподромдарда 1 шақырымнан 3 шақырымға дейінгі ұшқыр бәйгелер бар. Сонымен қатар, 25 шақырымға шабуға арналған ұлттық бәйгелер ұйымдастырылады. Ұлттық бәйгені 25 шақырым деп есептегенмен, бұл туралы біраз архив құжаттарын, ғалымдардың ғылыми жұмыстарын іздеп көріп едік, ешқандай мәлімет таба алмадық. «25 шақырымдық ұлттық бәйге қай кезде басталды, ол неге 25 шақырым?» деген сауалға жауап таба алмадық. Өйткені біздің жырауларымыз, ата-бабадан жеткен ауыз әдебиеттерді күнбе-күн шапқан дейді. Менің ойымша, дәл осы 25 шақырым дегеннің өзін кеңестік өкімет ойлап тауып, бізге енгізіп жіберсе керек. Олай дейтінім жылқының өзінің қалыпты жағдайдағы физиологиялық процесі болады. Физиология дегеніміз, жүрек қағысы, тыныс алуы мен ас қорыту жүйелері негізінен үш мың метрге есептелінеді негізінен. 130 шақырым да өте ауыр. Бірақ, соның өзін біздің жігіттер дәлелдеді.

– Осы ұзақ шақырымдық бәйгелерді неге жиі жасамасқа?

– Ондай бәйгелер болып жүр. Жуырда Алматы облысында Ертілеу Сатыбалды деген атбегі әкесінің асына үлкен бәйге ұйымдастырды. Бәйге қыркүйек айында өтті. Жылқылар 80 шақырым шауып өтуі керек. Бірақ, 80 шақырымды қазіргі классикалық кәсіби бәйгеге келтіріп, жылқы 15 шақырым шауып келгеннен кейін оны тоқтатады, жылқы 20 минут демалады. Сол кезде жылқының жүрек қағысы, тыныс жиілігі, дене қызуы қалыпқа келуі керек. Физиологиялық көрсеткіш бойынша қалыпқа келетін болса ғана бәйгені жалғастырады. Бұны енді қазір «пробег» деп жүр.

2011-2012 жылдары бүкілодақтық жылқы шаруашылығы жоғарыдағыдай бәйге ұйымдастырған. Маңғыстау облысының «Аққанат» деген сәйгүлігі Ресейде өткен осы бәйгеде топ жарды. Сонда елдің бәрі бұл қандай тұқым деп сұраған. Қазақ жылқы тұқымы деп айтылып, төлқұжатын қараса, куәлік қана болған. Міне, осы жерден бастап заңдастыру, тұқымның ерекшелігі, құжаттандыру деген мәселелер туады.

Қазір әлем дамыған цифрландыруға көшіп жатқанда малдың бәрі электронды жүйеге тіркелу керек. Айғырдың әке-шешесі кім деп жобалап отырмау керек. Оның құжаты болу керек және кез-келген жерде көріну керек. Сол арқылы қазақ жылқысының бар екенін әлемге мойындата аламыз. Сол үшін кеңестік үкіметтен қалып кеткен «біздің жылқы тек өнімді бағытқа арналған» дегеннен ертерек арылсақ дұрыс.

– Қазақ жылқысын таныту үшін ғалымдар қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Қазір үлкен ғылыми жобалар дайындалуда. Онда жылқыны генетикасымен анықтау, тану назарға алынған. 300 жылдық тарихы бар, таза текті ағылшын жылқысының генетикасы әлдеқашан анықталып қойған. Ол жүйелі түрде арнайы базаға еніп, әр жылқыға төлқұжат жасалады. Төлқұжатты Чехиядағы арнайы лаборатория береді. Тура сол сияқты қазақ жеріндегі жылқылардың генетикасын зерттеуіміз керек. Деректерді жүйелі түрде бір лабораторияға топтастырып, батыс, шығыс, оңтүстік пен солтүстіктің жылқысының генетикасы мынау деп анықталуы керек. Ол үшін ғалымдар жұмыс істеуде. Өкінішке қарай жұмыс процессі өте баяу. Өйткені, ғылыми жобаларды ұтқан кезде аз уақыт аралығында және белгілі ғалымдардың ғана қатысуымен өтеді. Не де болса, жұмыс басталып кетті.

Бұрын біз жылқыны тек фенотипімен ғана анықтайтын болсақ, қазір сонымен қоса жылқылардың генін анықтау жұмысы қосымша берілген. Сонда біз осы генді анықтап алатын болсақ, қазақ жылқысын әлемдік түсінікке енгізіеміз. Содан кейін барып міністі жылқыны, етті-сүттісін бөлек, жорғаны бөлек зерттеуге болар еді. Жорға осы күні зерттеулерден кеш қалып барады.

– Қазақ даласы кең болғаннан кейін табиғат ерекшеліктері де бір-біріне ұқсамай жатады. Жылқыны өмір сүріп жатқан аймаққа қарап та бөлуге бола ма?

– Мен енді іссапармен қазақ даласының біраз бөлігін араладым. Мысалы ШҚО-ның Марқакөл ауданындағы азаматтар жылқыны мынадай құндылығына қарап бағалайды. Мәселен, тауды асып өтіп, Марқакөлден балық аулап, соны өңгеріп қайта тауды асып өтуі керек. 5 сағат ішінде соның бәріне үлгеру керек. Сондай атты ол жақта «белді ат» екен дейді. Басқа аттар ол жерлермен жүре алмайды. Немесе тағы сол Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында жалқыларды арбаға жегіп, шөп тасиды. Сондайда «арбаны тарта алатын ат» дейді. Ал Маңғыстау облысында қуаңшылыққа, суға төзімді екен деп бағалап жатады. Оңтүстікте будан жылқыларды арнайы көкпар үшін дайындайды. Ол көкпарды жарып кіру керек, немесе қорықпау керек, жүректі болу керек дейді. Ат қорықпау үшін бір таза қаннан тумайды. Ол үшін бірнеше қан араласуы шарт. Байқап қарасақ, Қазақстанның әр өңірінде әрқалай.

– Осы салада маман дайындау тұралап қалмады ма? Жылқытанушыларға қандай жағдай жасалып жатыр?

– Өкінішке қарай, біз кеңестік үкіметтен қанша алшақтап кетсек те, соны еске аламыз. Бұл сұрақ – өте орынды. Қазір жылқы шаруашылығын дайындайтын мамандық жоқ. Қазіргі мамандықтың аты «Мал өнімдерін өндіру технологиясы» деп аталады. Сол мамандыққа түскен студенттер соңғы курста дипломдық жұмыс жазады. Жылқыға қызыққан болса бір ұстазды тауып сонымен жұмыс істейді. Ал кезінде біраз институтта «жылқы шаруашылығы кафедрасы» болды. Егер біз жылқыны дамытамыз десек, кафедра керек. Себебі, Қытай ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істегенде көргеніміз, Қытайда бір мемлекеттік университетте жылқы шаруашылығы мамандығын 4 жыл оқытады екен. Соған куә болдым. Қытай осындай қадамға барса, бұл бізге де керек деген сөз. Себебі, біздің елде жылқыны зерттеп отырған ғылыми кандидаттық, ғылыми дессертация қорғаған ғалымдардың саны ары кетсе отызға жуық қана. Оның жартысы зейнет жасында. Енді бір он жыл өткен соң жылқыны зерттеуші ғалымдарымыз болмағандықтан, Қытайдың мамандарын шақыруымыз мүмкін. Өйткені, олар 4 жыл бойы соны зерттеп, жылқының бар қыр-сырын меңгерген. Былай қарасақ, күлкілі дүние, әрі болмайтын сияқты. Бірақ, жаңағы айтқан 15 ғалым жылқы сапасын арттырмақ түгілі, оның басқа да жұмыстарымен айналысуға жетпейді.

Ел ішінде жылқыны өсіріп, сонымен айналысып жатқан азаматтар көп-ақ. Олар санын көбейткенімен, сапасын арттыра алмайды. Біз қазақ даласындағы бар жылқы тұқымдарын зерттеу, асылдандыруды кешеуілдетпегеніміз жөн. Қазақ жылқысын әлем мойындайтын халге жеткізуіміз керек. Біз көбіне өткен шақпен мақтанамыз. Болашақ пен бүгінгі күн жайында ештеңе айта алмаймыз.

«Гинетикасын зерттеп бастадыңыздар ма?» деп сұрап жатырсыз, әзірге жоқ. Ол үшін ауызбіршілік керек, ол күнге де жетеміз. Мысалы, Абылай ханның қасында жүрген қазақтың хас батыры Қабанбайдың таза салмағы жүз алпыс келі болған екен. Бұл қытай деректерінен табылған ақпарат. Сауыт-сайманын асынса жүз сексен келі шығады. Батыр бабамыздың бойының қанша екенін білмедім, десе де «бүгінгі таңда дәл осы салмақты көтеретін қазанат бар ма? Көтерсе де шаба ала ма?» деп тағы өткенді еске алып, Қабанбай атамыздың осындай жылқысы болғанын айтып мақтанамыз. Бүгінгі таңда, көкпарға түсіп жүрген атымыздың деңгейі қандай? Мықты аттар болса неге асылдандырып, әрмен қарай тұқым алып қалмасқа? Айналып келгенде бұл тақырып жеке бастың мүдесі емес, мемлекеттің араласуымен ғана жүзеге асады. Айтпағым, мемлекет субсидия бермей жатыр дегенді қайталай беру демеңіз, басқа түлікке беріліп жатқаннан кейін оны да назардан тыс қалдырмау керек.

Қазақ жылқысын жүйелі түрде дамыту керек. Себебі, соңғы жылдары Қостанай жылқы зауыты тұралап қалды. Тұралағаны сонша Қостанай тұқымды бие 25 бас қалды деген ақпараттар тарап кетті. Ол жерді Айгүл деген қарындасымыз қайта қолға алды. Екі ғасырлық тарихы бар дайын зауытты неге дамытпасқа? Тұқымдық бағыты өзгерген шығар, бірақ тұқымды сақтап қалу керек. Бір тұқым шығару үшін алдымен аталық із пайда болады, аталық із пайда болу үшін 15-20 жыл уақыт кетеді. Бірнеше аталық із бірігіп тип пайда болады. Ол үшін тағы 15-20 жыл уақыт керек. Ал, тұқым шығару үшін бірнеше тип бірігуі керек. Оған да 30-40 жыл уақыт қажет. Сонда бір тұқым шығару үшін бір ғасыр керек. Оған бір адамның ғұмыры жете бермейді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 Арман Құдайберген

Nege.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.