Қызға көкпар тартуға бола ма, болмай ма?

7816

Бұл сұрақ бұған дейін де талай рет айтылып, талқыланған. Бірақ шешімін әлі тапқан жоқ. Бірнеше күннен бері көкпаршы қауымға, әсіресе жаппай көкпармен айналысатындарға Ева есімімен танымал Қарасай ауданындағы көкпаршы қарындасымыздың әңгімесі қызу талқыланып жатыр.

Әр өнердің, әр ұлттың, тіпті кейбір елдік мәселелердің өзінде халықтың жазылмаған заңы болады. Соның бірі – қазақ халқының көкпарға, жаппай көкпарға әйел адамды араластырмауы. Ол атам заманнан бері жалғасып келе жатқан үрдіс. Біраз адамнан, ардагер көкпаршылардан не себепті әйел жыныстыны көкпарға жолатпайды деген сұрағымызға толыққанды жауап ала алмадық.

Қош, сонымен Ева Жигалинаның әңгімесін жалғастырайық. Ева Алматы облысы Қарасай ауданында туып-өскен. Бір үйдің 6 қызының үлкені. 6-7 жасынан ат құлағында ойнап өскен. Ағайынды алтаудың төртеуі ат үстінде өсіп келеді. Өздерін «Амазонкалар» деп атайтын төртеуі додаға араласқанда анау-мынау азаматтар жол беріп, шетке ығыса бастайды екен.

Еваның өзіне хабарластық. 15 жылдан бері көкпар шауып жүрмін дейді ол.

Қазақы дәстүрді, көкпарға қыздарды араластырмайтынын білеміз. Жастайымыздан ат құлағында ойнап өстік, асау үйретеміз, көкпардың, бәйгенің атын өзіміз дайындаймыз. Біздің осы істеп жүрген ісімізді көрген ауылдың ақсақалдары, қариялар, ел ағасы болып отырған аталарымыз өздері батасын берген. Біздің көкпарға араласа беруімізге рұқсат еткен. Көкпар тарту – біз үшін қызықты – дейді Ева.

Еваның бұл сөзін сол өңірдің жігіттері де растап отыр. Тіпті Батыр Аманұлы деген азамат осы қыздарға арнап әр сенбі сайын жаппай көкпар ұйымдастырып тұрған екен.

Ева Жигалинаның жолдасы Тельман екеуі шағын шаруашылықпен айналысады. Негізінен жылқы, көкпар аттарын дайындайды.

Еваның көкпар тартатынын естіген соң Көкпардан 9 дүркін КСРО чемпионы Әбілхан Дауылбаев ақсақалға хабарластық.

Әрине, әуелгі сұрағымыз «бұрын-соңды жаппай көкпарға қатысқан қыз-келіншектерді білесіз бе?» болды.

Бүгінде жасы 70-тен асқан ардагер шабандоз Ева жайлы айтқанымызда таңданысын жасыра алмады.

Мынау мен бұрын-соңды естімеген жаңалық екен. Көкпар тартатын келіншек бар екен дейсің бе, ей? Анау Созақтағы шалдардан бата алып, кішігірім көкпарға қатысып жүретін қарындасымызды білетін едім, мына қызым да сондай болды ғой онда? – деді.

Созақтағы қарындасым деп отырғаны Адолат Алтешова екенін бірден түсіндік.

Негізі қазақ ежелден қыз баласын көкпарға араластырмаған. Тіпті маңайына жүргізбеген десе де болады. Бірақ ауылдың ақсақалдары, үлкендер рұқсат берсе, неге додаға аралапасқа?! Өзіне сенімді, көкпардың ережелерін білетін болса, тізгінінен қағудың керегі жоқ-ау – деді қарт көкпаршы.

Осы орайда бұған дейін бізге жақсы таныс, көкпар атын дайындаумен аты шыққан тағы бір апайымыз Эльвира Әбдірамановаға хабарластық. Эльвира әпкеміз Еваны сырттай ғана білетінін, оны танымайтынын бірден айтты.

Мен көкпарға ат дайындап беремін. Бірақ додаға араласқан емеспін. Бір рет қана ат иесі салымға тігілген сыйлықты өзі келіп алсын деген ақалақшының сөзінен кейін ғана ортаға шығып, атымның жүлдесін алғаным бар – деді ол.

Әбілхан ағаға қойған сұрағымызды бұл кісіге де қойдық.

Менің ойымша, ата-бабаларымыздан бері жалғасып келе жатқан көкпар ережесін, көкпар дәстүрін сақтауымыз керек. Әйел адам көкпар шаппағаны дұрыс қой. Біріншіден – әйел баласы көкпарға кірмесін деген жазылмаған заң бар. Оны құрметтеуіміз керек. Екіншіден – өздеріңіз білесіздер, көкпар ең экстремалды спорт. Сол себепті де әйелдердің додаға кіруі аса қауіпті деп ойлаймын. Үшіншіден – оншақты жылдан бері жаппай көкпарға ат дайындайтын маман ретінде де жаппай көкпардың қандай болатынын жақсы білемін. Жолдасым да көкпаршы, көкпар болған күннің ертеңінде орнынан тұра алмай қалады. Бір сөзбен айтқанда – көкпар әйелдің тірлігі емес – дейді атбегі апайымыз.

Эльвира бұл мәселені ел ағаларының, ауыл ақсақалдарының рұқсатымен, солардың келісімімен ғана шешкен дұрыс дейді.

Менің сөздерімді оқып отырған адамдар, «Өзіне қарап алсын, өзі де көкпарда жүреді ғой» дейтін болар. Иә, мен де көкпарға барамын. Бірақ, тағы айтайын, додаға араласқан емеспін. Ауыл ақсақалдарынан көкпарға баруға рұқсат-баталарын алғамын. Ал қазір кім не істеймін десе де өзі білетін заман болып кетті ғой. Менің мақсатым – көкпаршыларымыз жақсы ат мінсе, көкпарымыз дами берсе деген ой – деді ол.

Еваның мәселесімен басталған әңгімеміз «қыз баланың көкпар шабуына бола ма, болмай ма?» деген сұрақ төңірегіне қарай ойысты. Осы ретте әйгілі көкпаршы, көкпардан Қазақстан Республикасының бас жаттықтырушысы Қуанышбек Құрамаевқа хабарластық.

Ат дайындасын, ат баптасын, бірақ көкпарға араласпағаны дұрыс-ау, менің ойымша. Еваны сырттай білемін, дақпыртына қанықпын, бірақ өзін көрген емеспін. Анау Қаскелеңнің тауларында алып қашатын көкпарға қатысады екен деп естимін. Бірақ ешкімге көкпарға қатыс, қатыспа деп ештеңе айтуға қақым жоқ. Себебі көкпар менің жеке дүнием емес, халықтың өнері. Қалай десек те, қыз баласының ер азаматтармен жағаласа доданың ішінде жүруінің өзі ыңғайсыз секілді – дейді Қуанышбек Құрамаев.

Ол да бұрын-соңды қазақ даласында жаппай көкпарға қыз бала араласыпты дегенді естімегенін айтты.

Халқымыз қыз баласын ерекше құрметтеген. Оны ешкім жоққа шығармайды. Дегенмен, «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» дегенді де естен шығармайық. Соңғы кезде алпауыт байлар көкпар бергіш болып кетті. Сондай кезде ғана көрермендер отыратын жерден бірен-саран әйелдерді көріп қалатынымыз болмаса, жаппай көкпарға келген қыз-келіншектерді көрген емеспіз. Ал командалық көкпардың жөні бөлек. Ол онсызда көкрерменнің қызығы үшін ұйымдастырылатын дүние ғой – дейді ҚР Бас жаттықтырушысы.

Осы мәселеде қазіргі жастардың да ойын білгіміз келді. Сол мақсатпен қазіргі кезде еліміздегі командалық көкпардың көкперісіне айналған Құрманбек Тұрғанбекке хабарластық.

Үзілді-кесілді қарсымын. Көкпар қыздар айналысатын спорт емес. Өз басым олардың көкпар алаңында жүргенін қаламас едім – деп қысқа қайырды жас көкпаршы.

Біз осы мақаланы дайындап жатқан кезде ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев тура осы Ева Жигалинаның мәселесіне қатысты әлеуметтік желіде пікір білдірді.

Әлеуметтік желіде тарап жатқан көкпаршы қыздың видеосына байланысты бірер ой. Мәдениет және спорт министрі ретінде бүгін шабондоз қыз Еваның өзімен сөйлестім. Қолдау білдіріп, сәттілік тіледім. Ұлттық спорт Министрліктің әрдайым айрықша назарында бола береді. Осы оқиғаға қатысты тағы бір дүниені айтқым келеді. Қазақ әрдайым қызын ұлымен тең өсірген. Сондықтан әйелдер арасынан атақты өнерпаздар, шеберлер, тіпті, палуандар көптеп шыққан. Қажет болса, ел басына күн туғанда айымдарымыз атқа да қонған. Арғысы Томирис пен Бопай ханымдар, кешегі Әлия мен Мәншүк сол батыр қыздар үрдісінің жалғасы. Әрі бұл – Ұлы дала демократиясының айқын көрінісі. Оның үстіне қазіргідей дүние дөңгеленіп тұрған тұста бізге бір ұлт болып ұйысу аса маңызды. Осы ретте салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымыз – ұлтты біріктіруші ұлы күш екенін естен шығармау керек. Жасампаз ел болу үшін жік боп бөліну емес, жұп боп бірігу қажет. Атымыз сүрінбесін, шабандоз жығылмасын, өмір көкпарында салымды болайық! – деп жазды министр Дәурен Абаев.

Ал кеше ғана наурыз мерекесін атап өткен мажарлар қыздар арасында көкпар өткізгенін көрдік. Мажарстан ұлттық ойынымыз көкпарды соңғы бірнеше жылда дамытып келе жатқан ел. Мына суреттерден олардың көкпардан қыздар арасында сайыс өткізгенін байқауға болады.

Ержан Жаубай,

Argymaq.kz

Басты фото: Сайд Атабеков

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.