Атбегі арулар (ФОТО)
Жер бетінде қанша қазақ болса, сонша ат баптау тәсілі бар, ал жер бетінде қанша жылқы болса, оны баптаудың, тіпті ол қойторы шобыр болса да, сонша түрі бар. Бұл өз пайымымыз. Ал қазақ аналарының, қазақ қыздарының ішінде ең алғаш ат жаратып, тұлпар баптап, атбегілікпен айналысқан жан – Қобыланды батырдың Құртқа сұлуы дер едік.
Ол жан серігі Қобыландының Тайбурылын баптап, «түндікпенен күн көрсетіп, түтікпенен су береді». Демек қазақ қызына, қазақтың аналарына ат баптап, аламанға ат жаратудың жат емесін осыдан-ақ түсіне беруге болады.
Бастауын Құртқадан алған осы бір киелі өнер қазақ бар жерде жадыдан өшпей, жарасымын тауып, бүгінге дейін жалғасты. Әрине, қыз-келіншектің бәрі атбегі, сейіс болып кетті деуден аулақпыз, дегенмен дәстүрді үзбей, кешеден ертеңге жалғастырып бара жатқан аруларымыздың бары қуантады.
Қазақтың қастерлі бір ырымы бар, ол – жүйрік аттың алдынан әйел затын өткізбейтіні. Және жүйрік атқа әйел адамды мінгізбейтіні. Бұл ырымның астарында терең мән мен ашылмас сыры бар. Ол басқа әңгіме.
Біздің бүгінгі айтпағымыз, сол Құртқа анамыздың, кешегі Құла айғырдың қасиетін жазбай таныған Домалақ анамыздың ізін жалғап жүрген Тәуелсіз еліміздің атбегі арулары жайлы.
Бұл мақаламызда еліміздегі атбегі азаматтардың арасында кеңінен танымал, өздері де ат баптап, жүйрік жүгіртіп жүрген әпке-қарындастарымызды қарапайым оқырмандарға да таныстыруды мақсат тұтттық.
Атбегі аруларымыз дегенде әуелі қазіргі кезде ең жас, ең танымал, ең көп бәйге ұтқан шабандоз Ақжол Жұматайдың әжесі Сағымгүл Оразымбетова әпкеміз есімізге түседі. Бүгінде Алматы облысында өмір сүретін Сағым апамыз бәйгеге ат қоспайды, бірақ шабандоз тәрбиелейді. Ақжол Жұматайдың аламанға түскенде алдымен есіне алары осы – Сағым апа.
Бұдан кейін ат сүйер қауымға, әсіресе көкпаршыларға кеңінен танымал әпкелеріміздің бірі – Эльвира Әбдіраманова.
Эльвира оңтүстік өңірде көкпарға түсер азаматтарға көкпар атын дайындап берумен айналысады. Яғни, бәйгеге ат баптап, аламанға жүйрік қоспаса да, одан жауапкершілігі бір де кем емес – көкпар атын баптаумен айналысады. Эльвираның дайындаған аттары қазіргі кезде оңтүстікте жоғары сұранысқа ие деуге болады. Әсіресе жаппай көкпарға ат дайындайтын Эльвираның арқалы аттарымен елімізге белгілі Баян Қилыбаев, Рүстем Жасұланов т.б. қатарлы палуандар салым салып жүр.
Эльвира көкпарға ат дайындаса, қазіргі күні қатарын бұзбай өсіп келе жатқан бір топ сіңілісі де бар. Тек олар атты бәйгеге жаратады. Мақаламыздың басында мақсатымыз – атбегі аруларымызды оқырманға таныстырсақ деген болатынбыз. Ендеше, Эльвираның сіңілілеріне тоқталайық.
Сейлханова Мейрамгүл Аспандиярқызы, 1988 жылы 7 қаңтарда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Білікті заңгер. 2017 жылдан бері мемлекеттік қызметкер.
Жүйрігі: Сұңқар
Жастайынан ата-әжесінің қолында өскендіктен жылқыға бала кезінен құмар.
«Қазақы жылқы өсіреміз. Қай жерде ат жарыс болса мен сол жерден табыламын. Ауданымыздың атбегі азаматтарымен жақсы араласып, ат баптау да бір өнер екенін біліп, өзім қызыға бастадым. 2017 жылы ауданымыздың белгілі бапкері, жылқышы Бақберген ағайдан тай сатып алдым. 2018 жылы Бақберген ағай арамызда жүрген жалғыз қыз деп, бір тай сыйлаған болатын. Соны биылғы жылы жазда дайындап қостым жарысқа. Негізі жылқыны өсіру бір бөлек, оны дайындап жарысқа қосу бөлек әсер екен. Шабандоз бала таппай қиналасың, қыз баласы болған уайымшыл болады екенсің» — дейді Мейрамгүл.
Сатылғанова Жания Жақсыбайқызы, 1995 жылы 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында дүниеге келген.
Жүйрігі: Қызкүрең
Сондағы №2 Ломоносов атындағы мектепті, Ноғайбай аулындағы Техникум колледжді Мал дәрігері мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірген. Қазіргі кезде Алматы облысындағы ҚазНАУ-да мамандығы бойынша білімін жалғастырып жүр.
«Атқа жақын болғанан кейін осы мамандықты таңдадым. Ат баптап жүргеніме 8 жыл болды. Көкпар тартуды, асау үйретуді жақсы көремін» — дейді Жания қарындасымыз.
Ол Қыз қуудан Қазақстан чемпионы. ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Астанада өткен Қыз қуудың жеңімпазы. Бұған дейін 31 рет Қыз қууға қатысып, барлығында жеңімпаз атанған.
«Барлығы Алланың қалауымен болды, екінші әйгілі атбегі Мұратхан Қартабаев ағамыздың тәрбиесінің арқасы деп білемін. Ол кісі менің ұстазым. Мені атқа мінуге бауылып, аттың қыр-сырын, мінезін, көңіл-күйін түсіндірген сол кісі» — дейді Жания.
Жания барлығын іспен дәлеледеуді қалайды. Сондықтан да болашақта Қазақстанның атын халықаралық дәрежеде шығаруды мақсат тұтады.
Мәмбетова Гүлсезім Мәмбетқызы, 1999 жылы 16 наурызда Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келген.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысындағы Құдайберген Жұбанов атындағы Мемлекеттік Университетінде заңгер мамандығы бойынша студент.
«Әкем мал шаруашылығымен айналысады. Кішкене кезімнен қырда туып, қырда өскесін бес түлікті, соның ішінде жылқы малын өзіме жақын тартып өстім. Ағаларым бәйгеге ат дайындайды. Соларды көріп қызығатынмын. Қаламызда болып жатқан бәйгелерден қалмайтынмын. Солай жүргенде арман қуып Ақтөбе қаласына оқуға түсіп, осы қаладан ат спорты мектептерін іздей бастадым. Ақтөбе Ұлттық спорт мектебіне барып, сол жақта ат мінуді жалғастырдым. Алғашында көкпар командасының аттарына мінетін едім. Соның арқасында ат құлағында ойнайтын дәрежеге жетіп, қыз қуу жарыстарына қатысып көрдім» — дейді Гүлсезім.
Осылай ат спорты мектептерінде жүргенде Гүлсезімге «неге Ұлттық спорттың дамуына өз үлесімді қоспасқа, Ұлттық спортымызды өзіміз көтермегенде кім көтереді» деген ой келеді.
«Осы ойдың жетегімен инстаграмм желісінен Аттар.кз тобын аштым. Топқа еліміздегі жүйрік аттарды, елімізде болып жатқан бәйгелерді жариялап, халық арасында таратып отырдым. Қазіргі кезде, Аллаға шүкір, тобымда 90 мың ат сүйер оқырманым бар. Бұл да мен үшін үлкен жетістік. Аллаға шүкір, бәйге аттарын мініп, атбегі ағаларымның арқасында бәйге атының қыр-сырын біліп, өзіме үлкен тәжірбие жинап келемін. Бұйырса алдағы уақытта өз бетіммен ат баптап, бәйгеге ат қосып үлкен жетістікке жетемін деп нық сеніммен айта аламын» — дейді атбегі ару.
Сондай-ақ ол, әркез өзін қолдап, сеніп, ақылын, білгенін айтудан жалықпайтын осы Ат спортындағы ұстаздарыма және Ақтөбе облысы Ат Спорты мектебіне алғысын білдіреді.
Ғұмарова Айгерім Ғабдилмақатқызы, 2000 жылы 13 маусымда БҚО, Сырым ауданы, Аралтөбе ауылында дүниеге келген.
Жүйрігі: Хан-төре
2017 жылы мектепті бітіріп, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығына оқуға түсті. Қазір 3-курс студенті.
Атқа деген қызығушылығы 4 жасынан басталатын қарындасымыз жайлы толығырақ мына сілтемедегі сұқбатынан оқуларыңызға болады.
11 жасынан бәйгеге шауып, шабандоз атанған Айгерім 16 жасынан бастап атбегілікпен айналысып келеді.
Фатима Оразова, Орал облысы Ақжайық ауданының Шабдаржап деген ауылында дүниеге келген.
Жүйрігі: Шахризат
«11-сыныпта оқимын. Атқа 2016 жылдан бері қызығып, ұстап жатырмын. Бәйгеге 2018 жылы Алматыдан байтал әкеліп соны дайындап, бәйгеге қосып жүрмін. Жалпы отбасымыз атбегілікпен айналыспаған» — дейді Фатима қарындасымыз.
Бұл әзірге бізге жеткен мәліметтер бойынша дайындалды. Алдағы уақытта бұл тізім толыға түседі деген сенімдеміз. Ат баптап, жүйрік жаратып жүрген әпке-қарындастарымыз ел ішінде бұдан да көп екеніне сенімдіміз.
Аттарыңыз бәйгелі, шабандоздарыңыз аман болсын!
[…] біліп, жүйріктің терін сүртіп, жалын тарап жүрген бойжеткендер аз емес. Оралдағы Айгерім Ғұмарова мен Фатима Оразова, […]
[…] республикалық «Аrgymaq.kz» ұлттық танымдық порталының «Атбегі арулар» мақаласы есімізге салды. Аталған сайттың редакторы, […]
[…] Ал бүгінгі таңда ат баптап, аламанға ат қосып жүрген атбегі қыздарымыз жайлы мына жерден оқуға болады. […]
[…] орайда бұған дейін бізге жақсы таныс, көкпар атын дайындаумен аты шыққан тағы бір апайымыз […]