Шеңгелбай қасқаның Сайлаудың қолына түсуі
Сол жылы көктемгі әскери комиссарияттың шақыртуымен Сіләмбек әскерге кетті. Ауданда өтетін ат бәйгесіне Амантай аға көп ойланбастан, Игіліков Қыдырқажы ақсақалдың үйіне барып, жасынан жылқыға жуық, малсақ, асаудың құлағында ойнайтын Бақытбекті ата-анасынан арнайы сұрап алды. Амантайды рулас жағынан іні көретін Қыжаң ақсақал, бауырының бұл қолқасына іштей қуанып қалды.
Мамыр мерекесіне орайластырып аудан орталығы Ақжарда өтетін ат бәйгесіне совхоз-совхоздың кіл жүйріктері түгелге жуық жиылған екен. Амантай аға қасқа атын жетектеп жеке шығарып алып, ат үстіндегі шабандозы Бәшайға соңғы ақыл-кеңесін айтып, топқа қосты да өзі қол дүрбісін алып, анадай жотаның жиегінде қала берді.
Тоқтақын ағалар ат шауып кеткенше топтың маңайында жүр. Жасынан шақар туған, өршіл, намысқой Бәшай, солақай қолындағы қамшысын иіріп, маңайындағыларға сес көрсетіп, атын алдыңғы топқа ұстауға ұмтылып барады. Ат айдаушы мен қапталдағы төреші келіп аттарды иіріп алып, бір қатарға қойғанда барып Бәшай байқастап қараса, ауылдағы бәйгеден қарағанда, бұл жердегі аттардың да, ат бәйгесін көремін деген халықтың да қарасы мол екен. Амантай ағаның айтуымен осы сәтті ұтымды пайдаланған шабандоз бала, Орликті тебініп барып, стартта тұрғандардың қақ ортасынан ойып тұрып өз орынын алды. Оң қолын көтеріп, «Айда!»-деп қамшысын төмен сілтеп қалған төрешінің қолы төмен түсе бере, Бәшайда астындағы атын тебініп барып, алға қарай ұмтылдырып үлгерді.
Қара жердің қою шаңы бұрқ етіп, көтерілген сәтте, Бәшай шабандоз алдыңғы топтың басында кетіп бара жатқан болатын. Міне енді екі айналымды артқа тастап, барлық аттың алдына шығып, жұлдыздай ағып келе жатқан қасқа атты көрген жұрт, ұлардай шулап қоя берді. Бабы мен бағы қатар жанған қасқа ат, аудандағы алғашқы бәйгесінде осылай көптің көзіне түсті.
Тарбағатайдың ат танитын ақсақалдары, бұл жолы Шеңгелбаев Амантайдың атына, таң қалумен тарқасқан болатын. Бұл – Ақжардағы ескі «Бәйгетөбедегі» 1985 жылдың 9 мамырында өткен, аудандық ат бәйгесі еді.
Осы көктемдегі бәйгеде көптің көзіне түскен Қасқа ат тарбағатайлықтарға талайға дейін айтарлықтай әңгіме болды.
Жаз өтіп күз келгенде Тоқтақын ағаның баптауымен аудандық бәйгеде қасқа ат тағы жеңімпаз болды. Бұл жолы оның бәйгеден келеріне аса көп күмән болмады елде. Себебі көктемдегі бәйгеде көрген жұрт, оның шабысын асыға күткен еді. Бұл ол кезде Орликтің жасы бесті толтырып, бестіге шыққан, нағыз бабына еніп келе жатқан кезі еді.
1986 жылдың сәуір айында аудан басшылары жұмысына жауапты, қызметіне өте ұқыпты Амантай Сүлейменұлын Ақжар совхозының загат-контарына бастық қылып тағайындап, ауданға қызметін жоғарылатты. Ақжар – өзінің туып-өскен жері әрі басшылық зор сенім білдіріп отыр. Сондықтан ұятқа қалдырмау керек деп шешті. Қасқа атты көндікке Тоқтақын ағаның қолына қалдырып, күтіп, баптап бәйгеге қосуын өтініп тапсырды. Алайда біреуді-біреу күндейтін көрсе-қызарлық, қызғаныш деген ертеден бар емес пе? Міне енді Тоқаңды сырттай жазып-сызып, ферма бастығына жамандай бастады біреулер. Дау-дамайға араласпайтын Тоқтақын аға, осы қаңқу сөзден аулақ болу үшін, ферма меңгерушісінің тапсырмасымен Қасқа атты, ендігі келген бас зоотехник Амангелді Бархиевке жетектетіп жіберді. Бір-екі рет айдала әлденеден үркіп ала қашқан қасқа атты, аса жақтырмаған жаңа зоотехник оны Қантай ақсақалға малшының мініс аты ретінде беріп, өзіне көндіктен жүріс-тұрысына ыңғайлы, тор жорға атты таңдап алды. Алайда арқасынан ер түспей, қозы көшке, ойға-қырға шауып, малдың соңына салған атта күй болама? Жаз өтіп күз келгенде «Қарақұдықтың» тұсынан қой айдап бара жатқан Қантай ақсақалға, мал дәрігері ЛСП-дағы Қазбектің Сайлауы жолыға кетті.
— Ассалаумағалайкум аға! Қал-жағдайыңыз қалай?- деп, ақсақалдың жағдайын сұрасқанымен, екі көзі астындағы, қабырғасы ырсиып, аяғын ауыр басып келе жатқан қасқа атта.
-Уағалайкумассалам! Үй, Сайлаумысың, ей? Әкеңнің қалы қалай, ей? Аман ба? — деп, замандас жайын сұрап жатыр.
-Ия, шүкіршілік, аға! Амандық. Жақсы. Аға, мына қасқа атты неге осығұрлым тулақ қылып жібергенсіз. Бұл бәйгенің аты емес пе?-деді Сайлау шынайы жан ашырлықпен.
— Қарағым, енді маған жалғыз атты малға мінбей, жаяу жүр демексің бе?-деп, Қантай ақсақал жақтырмаған кейіп танытты. Сайлау сәл ойланып барып, үлкен жолын сыйлайтын қазақы әдеппен, енді өтіне тіл қатты.
— Қантай аға, сізге мына астымдағы ала аяқ атты берейін, бұл да осы совхоздың малы. Екеуіміз ат ауыстырайық аға? Жүрісі жақсы, жол жорғасы бар, арба-шанаңды зуылдатып тұр — деп, астындағы тоқжарау, семіз қоңыр атты мақтай жөнелді. Енді Қантай ақсақал ойланып қалды.
— Ей, қарағым, бастықтарың не дейді екен оған? — деп оның бетіне сұраулы жүзімен үңіле қарады.
-Аға, саспаңыз. Олардың тілін өзім табамын. Келіседі, келістіремін -деп, Сайлау уәдені қарша боратты. Қантай оны-мұны әңгіме етіп біраз уақыт тұрды да, былай деді.
— Жақсы бала. Сен аттың жайын жақсы білетін жігітсің ғой, бұл ойың да дұрыс шығар бәлкім. Амантай Ақжарға көшіп кеткелі, қасқа аттан хәл кетті ғой. Ал менде басқа мініске ат жоқ — деп бір күрсінді.
Ендігі кезекте екеуі ер-тұрмандарын ауысып, алаяқ атқа қонған Қантай аға, қойына қарай қоңыр атты жорғалата жылжып кетті. Қасқа аттың арқа-басын сипалап, жануардың шаршаңқы түрінен түңіліп: «Япыр-ай, мынау бәйгенің нақ өзі емес пе, тұлпар емес пе?!»-деп, Сайлау айдалада өз-өзімен күбірлеп, сол жерде атын ерттеп алып ЛСП-ға алып келді де, тіптен әйелі Фаризаның дайын тұрған шайына қарамастан, бірден әкесінің ат қорасындағы ел «Қазбектің көк аты» атап кеткен көк-шолақты міне салып, фермаға тартты.
Амангелді аға екі кештің арасында жетіп келген Сайлаудың, тығыз шаруасының бар екенін бірден сезіп, үстіне жеңіл тоқыма жемпірін жамыла сала есіктің алдына шыға келді. Негізінен адамға зияны жоқ, кісіні тыңдай алатын, адамды-адамша сыйлай алатын осы Амангелді ағаның жақсылығын көрген жандар көп еді ауылда. Сайлауда соны білгендіктен, бірден Жүкеңе бармай, ағалап Амангелдіге келіп тұр. Мән-жайды бірден ұққан, ақ көңіл Амангелді аға: «Жақсы, Жүкеңе өзім айтамын»-деп, сөзге келместен келісімін беріп, жылы шығарып салды. Міне құдайдан тілеген тұлпары, оның тақымына осылай тиген болатын.
(Алдыңғы бөлімдері мына жерде. Жалғасы бар)
Шеңгелді ауылы.
Argymaq.kz
Фото: artfile.me