Бекет ТҰРҒАРАЕВ: Қымыз бар, алатын адам жоқ
Ұлттың толқынды жарып шығып толысатын, гүлденетін, өзін-өзі танитын кезі болады. Ондай сәт қандай уақытта бақ болып, бақыт болып орнайды? Бұғаудан құтылып, жалтақтаудан, жалпақтаудан арылып, бүкір белі жазылғанда, құнысқан иығы түзелгенде, яғни тәуелсіздігін алып, азаттығына ие болғанда ғана, бақ та, бақыт та төңірегіне шуақ шашып тұрады. Оны толық ұға алмағанның обалы өзіне. Қазір қазақ үстемдіктің үскірігінен құтылған кезеңді бастан өткізу үстінде. Қазақ тарихы байтағындағы байлық секілді қатпар-қатпар. Оны 4 мың жылдық Түркі жұртының мәуелі бұтағы санатында санаңда сараласаң көзің жетеді. Тұранның қара шаңырағы қазақта екенін еске түсірсең марқаясың. Сол секілді ата-салт, әдет-ғұрып, өмір сүрудегі өзіндік тыныс-тіршілік, атакәсіп, содан тапқан нәсіп, яғни қазақы қалып, ұлттық үлгі әлі де сап алтындай сақталып, қаны мен жаны таза ортада жаңарып, құлпырып келе жатқанын көргенде серпілесің, сергисің. Ұлтты бағалаудың сан түрлі жолы бар. Арғы ғасырларда қазақ топырағына табан тіреген еуропалықтар: «Қазақты ат үстінде ғана тану керек» деген екен. Қазір қызметіне қарап танитын болдық. Шынында, қазақтың атқа мінсе айбаттанып кететіні анық. Жылқының шабаны да дүрілді естісе дүрмекке ұмтылып, екі құлағын қайшылайтыны бар. Қазақтың жылқы мінез деген сөзі осындай бір тұста шықса керек.
Бұл жолғы әңгіме жылқы өнімдері туралы болмақ. Жылқыны адам қолға үйреткелі де 6 мың жылға таяпты. Ол дәуір энеолит дәуірі еді. Содан бергі кезеңдегі адамзат тарихында жылқы «жал құйрығы қанат, төрт тұяғы болат», мінсең көлік, сүті сусын, еті ем жасампаздығынан жаңылмай келеді. Сұқтанып сұғын қадағанның, құртсам деп құлшынғанның ойдағысы болған емес. Дәл қазіргі техникасы тепсінген дәуірде де жылқы түлектегі қырандай, адам үкілеп үміт артқан сеніміне айнала бастады. Неге бұлай деп отырмыз? Себебі, Геродот, Гиппократ мән берген, «Егер қымызды үзбей ішсең, бір аптадан соң өзіңді сергек сезінесің. Денсаулығың түзеліп, тынысың ашылады, жүзің жарқырап шыға келеді» (В.Даль), деп бағалаған, жылқы мен қымызға, түйе мен шұбатқа саналы ғұмырыңның 60 жылдан аса уақытын арнаған, қымыз бен шұбат өнімдерінен 7 патент алған профессор Зұлқарнай Сейітов, «ұлттық брендіміз бие сүті» деп, теорияда оны дәлелдеген академик Төрегелді Шарманов ағаларымыз бас болып, сергек сенатор Қуаныш Айтаханов 13 сенатормен бірге, кезінде елімізде өкпе ауруын қымызбен емдейтін 15 шипажай болғанын, оның бәрі қолдаудың болмағандығынан біртіндеп жұмысын тоқтатқанын, көршілес Ресей елінде қымыз өндіретін 80-нен астам агрофирма, қымызбен емдейтін 48 шипажай жұмыс істейтінін, Ресей ғалымдары бие сүтінде болатын лактоферрин атты ақуызда қатерлі ісікті емдейтін дәрі жасап жатқанын, Жапония және Батыс елдері біздің ұлттық сусынымызға қызығушылық танытып отырғанын, Германия да бие сүтінен қымыз дайындап, оның ұнтағынан түрлі тағамдар мен косметикалық заттар алуды игергенін, Түркиядағы қазақ қандастарымыз Германияға әр жыл сайын 1 000 тонна қымыз экспорттайтынын айтып, Үкіметке заңдық күші бар бір құжат қабылдау жөнінде сұрау салған еді. Осы арада мына бір нәрсені де айта кетсек дейміз. Ол қымыз патентін германиялық азамат иеленіп кетті деген әңгіме болатын. Осы мәселе бойынша 2014 жылы аталмыш елде болып, қымыз өндіріп жатқан Ганс Цоллман мырзамен тілдескенімізде, ол қымыз патенті қазақтікі екенін айтып, байтақ жері бар Қазақ елі мыңдап емес, бірнеше миллиондап жылқы өсіріп, қымыз дайындауға болатынын еске салған еді.
Жұрт неге жылқы, қымыз дей береді? Өйткені, бар мәселе бие сүтінің қасиетінде болып тұр. Оның құдіреттілігін мынадан көруге болады. Өзге мал сүттерін пісіріп ішуің керек. Ал бие, түйе сүтін пісірсең құнын жояды. Сауын басынан жылы күйінде ішсең сырқатыңа ем, жаныңа жайлы. Ана сүтімен теңестірудің астарында осы бір құдірет жатқан болуы керек. Мұның өзге емес, біздің бабаларымыз баяғыда-ақ білген. Бүгіндей ғылымы дәуірлеген заманнан бұрын бие сүтінде пайдалы дәрумендердің (ол 30-ға жуық көрінеді) барын біліп «қымыз 40 түрлі дертке ем» деген аталарымыздың көрегендігі қазір дәйектеліп отыр. Өкпе сырқатына, анемияға, жүрек-қан тамыр, ұйқысыздық, депрессия, жүйке жүйесі, онкология ауруларына пайдасы анықталып, қартаюды тежейтін, өмірді ұзартатын қасиеті де дәлелденді. Жылқы етін жеп, сорпасына құрт қатып ішкен адам қандай суыққа да төзетінін, ауылдағы малшы ағайындардан талай естіген едік.
Иә, жылқы, қымыз дегенде елеңдемейтін, тамсанбайтын қазақ кем де кем болар. Былайғы жұртты былай қойып, дәмін айтқанда биік лауазым иелерінің өзі де таңдай қақпай тұра алмайды. Жүзден, мыңнан таңдап алып бабына келтіріп, аламан бәйгеге қосып, жолы болғандар қаншама. Бірақ, біз сол жылқыны өсіруге, өнімінің сапасын арттыруға қолайлы жағдай туғызуға келгенде – кешеуілдейтініміз өкінішті-ақ. Несін жасырамыз, бұл іс әлі де шөре-шөре күйінде қалып келеді. Ішкен сусынымыз бен қиясынан кесіп жейтін қазы-қарта, жал жаяны неге ұлттық брендке айналдыру жайы кейінге ысырыла береді? Өзімізде бармен көзге ұруға (Абай) қалайша талпынбай отырмыз? Ұлттық тағамымыздың бірін ұлттық брендке айналдырсақ, қалғаны сол соқпақтан өтіп, өз бағасын алары анық. Осы жерде тағы да өткен тарихқа үңілер болсақ, біздің бабаларымыз жылқыны алғаш қолға үйреткен, қымызды да бірінші рет сусынға айналдырған, оның құнын ерте ұққан дейміз. Бұл жалған емес, ақиқат сөз. «Көкте – Тәңірі, төменде – қара жер жаралғанда екеуінің арасында адам баласы жаралған», деп он үш ғасыр бұрын өмір сүрген Күлтегін ғұламаның 4 мың жылқысы болған делінеді. Жылқының, оның ішінде бәйге аттарының сынын аталарымыз 80-ге апарса, жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында Ақан тұлпарының 53 белгісін атайды. Жылқыны бағалаудан осылайша алдына жан салмаған да біздің даналарымыз. Осы бір күрмеуі көп мәселенің қиын-түйінін қалай шешуге болады, істің тетігі қайда дегенде сөз жүзіндегі желдірмемен емес, нақты шаруамен жұмысын тындырып жүрген бір азаматты әңгімеге тартқан едік. Себебі, қымыз туралы сөз аз қозғалып, аз жазылып жүрген жоқ. Енді нақты жұмыспен айналысып жүрген кім дегенге келсек, ол белгілі заңгер, осы салада біраз мәртебелі қызметтер атқарған, атакәсіпті қайтсем ұлттық кәсіпке айналдырам деп түн ұйқысын төрт бөліп, зейнетке шыққаннан кейін бел шешіп кіріскен, заң ғылымдарының докторы профессор Бекет Тұрғараев еді.
– Бекет Тұрғараұлы, қасқа жолдың иесі Қасым хан: «Біздің асыл дүниеміз – бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін сусынымыз – қымыз», депті. Бұл айдай ақиқат. Жылқы еті десе тісіміз қышып, қымыз десе таңдайымыз кеберсіп шыға келеді. Сіз осы құндылықты қайтсем ұлттық брендке айналдырам деп бел шешіп атакәсіпке кірісіп кеткеніңізден хабардармыз…
– Не бітіріп жатырсыз деген көкейдегі бүлкіліңді ұқтым. Әңгіменің әл-қисасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауынан, көп мәселе қамтылған мақаласынан бастайын. Жолдауда алда тұрған міндеттерді атап, соны орындау бәрімізге ортақ борыш екенін айтып, отандық өнім өндіруге, ол өнімде төрт қасиеттің, яғни оның сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болу керек екенін алған тартты. Бұл біз секілді елдік өнім өндірушілерге қатысты айтылған сөз деп білемін. Ал мақалада ұлт сөзін алға шығарып, арман сөзінің астарында ұрпақтар сабақтастығы жатқанын меңзеді. Сол сабақтастық арқауы Түркі қағанатынан бері келе жатқан «Мәңгілік Ел» идеясын тәуелсіздік тұсында бекітуді ұлы мақсат етіп қойып, «Ел сөзінде үлкен біріктіруші күш бар» деуі көп ойдың арқауын аңғартады. Оны ұғып, іске асыру Қазақ елін Отаным деген адал жанды азаматтардың борышы екені сөзсіз. Енді сұраққа келсем, саналы өмірімнің көбін өзің айтқандай, заң саласына арнадым. Зейнетке шыққан соң жамбастап жата беруді қолай көрмедім. Ауыл алтын бесік дейміз, сол ауылға барып, өзіме қарайтын інілерімді жұмылдырып, іс бастадық. Алғашқы кездегі басты мақсатымыз жылқы өсіріп, соның өнімін ұлттық брендке айналдыру еді. Ауылда өскен адамға ауыл қашан жат болып еді. Мамандығым заңгер болғанмен, жас кезімде бұрынғы Алматы зооветинститутында екі жыл білім алғаным бар. Атам заманнан келе жатқан қанатты сөз «Денсаулық – зор байлық» делінеді. Сол денсаулыққа бірінші қажеттілік не – таза тағам. Табиғи таза тағам біздің елде мол екенін Президент әркез айтып жүр. Соны өндіруді көп адам айтады. Бірақ іске келгенде қол көтеріп, жанды қинап кірісе қоймайды. Алғашында қолымыздағы жылқыдан өнім өндіріп түрлі ауруларға ем болатын қымызды көбейтеміз деген едік. Бабаларымызбен бірге жасасқан қасиетті тағамға қазір халықтың ынта-ықыласы ауғанын көріп, табиғатымызға тән тағамды мол өндіріп, жұрттың игілігіне жаратамыз деген ниет көкте шарықтап тұрды. Оның үстіне туған әпкем Қаракөз Тұрғарақызы Құнанбаева кезінде 10 баланы жетелеп жүріп, колхоздың атақты шопаны болып, абыройы асқан еді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болды. Сол кісіден қалған үлгіні, малды ілгері жылжыту ойымызды өсірген. Сөйтсек, бәрі де айтуға оңай екен. Іске кіріскенде небір «қызықтарға» тап болдық. Бір ғана жылқымен жұмысты ілгерілету қиын соғатын болған соң, қой, сиырды да қатар өсіруге ниеттендік. Қазақ жылқыны зауыт дейді. Шынында, зауыт десе зауыт екен. Күйіс қайырмайды. Жем мен шөпті төгіп тастауың керек. Халқымыз «сиырдың сүті тілінде» дейді. Бұл да ақиқат сөз. Оны мал азығы рациондарынан кенде етпеуің керек. Азықты жеткілікті берсең бәрі – ғажап, там-тұмдасаң – азап екен. Осыдан көп мәселе туындады. Қолда бар қаржың қанша тыраштанғанмен біріне жетсе, екіншісіне жетпейді. Мұндай жағдайда несие аласың, тиісті орындардан көмек сұрайсың. Біздің ауыл шаруашылығына қарайтын мекемелер ауылға субсидия беріп жатырмыз дейді. Ондай мекемелер қатарына Ауыл шаруашылығы министрлігінен бастап, облыстық, аудандық басқармалар жатады. Өзің жүгірмесең, бармасаң түк те жоқ. Ұйытқы болайық, бар мен жоғын қарайық дей қоймайды. Көбінде олар өрге төмен есеп берумен отыр. Анауың жоқ, мынау жоқ деп апарған қағазыңды түзейді, сұраған ақшаңды күзейді, қысқартады, сөйтіп, субсидияны суға кетіреді. Енді қысқартатын ештеңе де қалмаған сияқты. Жер ауқымының тарлығы және бар. Аталарымыз «балдай қымыз ішкің келсе жұртты ауыстырып отыр» деген екен. Жаз жайлауға, қыс қыстауға, көктеуге, күздеуге орын ауыстырып, жерді тыңайтып отырған. Қазір оның бірі болса, екіншісі жоқ. Жер тарылған, техника мен технология да аяққа оралғы, қолға тұсау. Мұндай жағдайда пайда емес, шығынға ұрынасың. Көп адам арман жетегіне еріп, зор ынтамен жұмыс бастағанмен жоғарыдағы кедергілерден кейін қолды бір сілтеп тастап кетуге мәжбүр.
– Өз тірліктеріңіз қалай?
– Ер жолында жүк қалдырмау қамындамыз. Ең бастысы, жемшөпті үнемдеп беруді қолға алдық. Онсыз жұмысың оңатын емес. Қыруар еңбекпен келген мал азығын өңдейтін цехты Қытайдан алдырдық. Оған да едәуір қаржы кетті. Есесіне бір тал шөп шашау шықпайды. Малды аудан саналатын Қазығұрт өңірінде мал азығын өңдейтін жалғыз цех бізде ғана істеп тұр. Оны екінің бірінің алып пайдалануға шамасы жете бермейді. Мүмкіндіктері де жоқ. Егер әр фермер сондай жабдыққа ие болып жатса, ысырапшылдық жойылып, үнемшілдік орын алар еді. Әлі де алсақ деген технология мен техникалар баршылық. Заманға сай бұл құрал-жабдықтар жеткілікті болса, өнім өндіруден қиналмас едік. Осындайда мемлекеттік қолдау болса, бас иелік етсе дейсің. Сол кезде ұлттық табиғи тағам түрін сапалы өндіруге жол ашылар еді. Осының бәріне қолында билігі бар Ауыл шаруашылығы министрі, оның салалық құрылымдары ұйытқы болса ұтар едік. Оған олардың мүмкіндігі де, қаржысы да бар. Жетпейтіні елде еңбек етіп жатқандарды қорғау, қабілеттерін бағалау, ынта-ықыласына көңіл бөлу, ең бастысы – мемлекеттік мүдде тұрғысынан келіп, тәубе істің иесі бар, елдің киесі бар дегенге жіті мән беру жағында ғана болып тұр.
– Қымыз бен шұбат мәселесіне оралсақ, осы ұлт тағамдары туралы заңдық күші бар құжат қабылдау жайы туралы не айта аласыз?
– Мен тақырыптан неге ауытқып отырмын, оның себебі, екі тағам ғана емес, өзге тағамды да, басқа да ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді жолға қою кезіндегі кедергілер көп жағдайда қадам аштырмаған соң естір құлаққа жеткізсем деп қиын-түйін мәселелерді қозғап жатырмын. Егер бұл кедергілер жөнімен шешімін таппаса, мақсаттың орындалуы екі талай. Иә, қымыз бен шұбат туралы заң болса дейміз. Бұл жөнінде 2014 жылы «Үкімет назарына» деген айдармен «Егемен Қазақстан» газеті «Қымыз бен шұбат – ұлттың ұлы тағамы» деген екі бет топтама мақала, сұхбаттар берді. Онда академик Т.Шарманов, профессор З.Сейітов, жазушы М.Байғұт, басқа да ұлт тағамының жанашырлары заң болмаған күннің өзінде заңға теңестірілген құжат болса екен деген тілектерін білдірді. Ол топтаманы қолдаушылар да жетіп артылды. Бірақ селт еткен пенде табыла қоймады. Әрине, заң қабылданса, оның орындалуы талап етіледі. Оған бюджеттен қаржы қарастырылады. Заң деген пікір қымыз бен шұбатқа тиісті орындар көңіл бөлсе деген ниеттен туғаны түсінікті. Бір жағынан ойлап қарасақ, мал өнімдерінің бәріне жеке-жеке заң қабылдай берсек, заңның құнын кетіріп аларымыз анық. Оның үстіне заң көбейсе, орындалуы да қиынға соғады. Сондықтан заңға қарайлас Үкімет қаулысы шықса екен деймін. Барлық қажетті атқаратын, орындайтын, қаржы беретін Үкімет қой. Егер ондай жақсылық жасалып жатса, мал өсіруге, оның жемшөбін әзірлеуге, өнім өндіруге, өткізуге, артық тауарды сақтауға, өзге де тіршіліктерді оңалтуға мүмкіндік туар еді. Үкімет бекем араласқан іс түбегейлі шешілетініне бір мысал келтірейін. Елбасы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын қабылдады. Соның аясында адам денсаулығына қатысты ана бір жылдардағы әңгімелер бірден тыйылды. Медицинаға барлық жағдай жасалды, озық техника мен технология келді. Мамандар әлемнің мықты елдерінде білім жетілдірді. Қазір кемшін дейтін тұс сирек айтылады. Астанадағы Ұлттық медициналық орталықтар, Алматы мен облыстардағы заманауи жарақталған ауруханалар – ешбір елден кем емес. Ағза алмастыру да қанат жайды. Ауырған адамдар бұрынғыдай сырқатына ем іздеп Германияға, Кореяға шапқыламайтын болды. Мектеп мәселесі де шешілуге таяу. Үш ауысымды оқу көп жерде азайды. Тіпті, кей өңірлерде жойылды. Қол иініне тартқан билік иелері мен депутаттар кейде асыра сілтеп жіберіп, шағын ауылдарға төрт құбыласы түгел бірнеше қабат мектеп салып, ол кейін бос қалып Президенттің сынына ұшырады. Шіркін, артта қалған істі алға шығару үшін Елбасы дағдарыстан шығаратын локомотив деп бағалаған ауылға Үкіметтен сондай бір қолдау болса, кедергі кеміп, іс оңалады. Қайталап айтамын, біздің Үкіметке қарайлай беруіміздің арғы жағында осындай «сыр» мен түйіндер жатыр.
– Шаруашылықтарыңызда қанша жылқы бар?
– Бойдақ жылқы, құлын-тайды қоспағанда 500 сауын бие бар. Соны сауып үлгере алмай жатырмыз. Үлгерер едік, өткізетін жер жоқ. Тапсырыс беріп алатын адам шамалы. 150-200-ге дейін ғана сауып, қажетімізді өтеп отырмыз. Бізге қымыз бен етті өткізу қиынға түсіп тұр. Өндірген өніміңді бүлдірмей, өткізетін күн қашан боларын қайдам. Технологияға толық қол жетсе, 500 биенің сүтінен небір ұлттық тағам түрлерін, өзге де қажеттерді өндіріп жұртқа жеткізер едік. Бұрын биені қолымен сауатын. Қазір ол да техниканың еншісіне тиді. Қымызды пісу жұмысы да адамның физикалық күшіне тәуелді болмай қалды. Арнайы құрылғыны қосып қойсаңыз, әр жарты сағат сайын күбідегі саумалды күмпілдетіп пісіп тұрады. Осындайда баяғыдағы әкелеріміз бен әжелеріміздің қиямет еңбегі еске түседі. 300 үй тігіп Сағынайдың асында жұртқа саптыаяқпен қымыз таратқан еңбекке таңданбасқа шараң жоқ. Кейде ойлаймын, ғылымы өркен жайған, техникасы дамыған заманда мен айтқан проблемаларды шешіп тастау соншалықты қиын ба екен?
– Өндірген өнімді өткізудің азабы туралы күйініп айтып жатырсыз. 2001 жылы АҚШ-қа «аттанған жетімдерімізді» іздеп барғанда, Айжамал деген бүлдіршінімізді бағып отырған бір фермердің үйінде болған едік. 80 сиыры бар екен. Оның 30-ы сауылады. Сиырларды ері бағады. Әйелі Вашингтондағы бір колледжде мұғалім. Ертеңгісін 30 сиырды сауып, арнайы ыдысқа құйып, қора шетіндегі суытқышқа қойып қояды. Алып кететін адам бөлек, жемшөппен басқа бір фермер айналысады. Ет пен сүтті қабылдайтын мекеме фермермен күзде алдағы жылы өткізетін сүт пен тапсыратын ет туралы келісімшартқа қол қояды. Ақшасын қай уақытта алады – ол фермердің шаруасы…
– Дәл осындай жайға мен Францияға барғанда куә болдым. Әр фермер өз жұмысының иесі. Ақшасын төлеп, біріне-бірі тапсырыс береді. Бізде қалай, барлық жұмысты өзің атқаруың керек. Оған барлық фермерлердің мүмкіндігі келе ме? Келмейді. Техникасы кемшін. Сондықтан өндірген өнімін амалы таусылып тұрып делдалға беруге мәжбүр. Мысалы, екі ортадан табыс тауып жүрген делдалдар қойдың жүнінің 1 килограмын 300-350 теңгеден алып, 500 теңгеден өткізеді. Кейде біз де сондай күйді бастан кешеміз. Анау жылдары қазақ ғалымдары шығарған жібек жүнді арқар миранос қойын өсіріп жатырмыз. Бір шүкір дейтініміз, Сайрамнан кілем фабрикасы ашылып, сәлде болса қадамымыз кеңіді. Қырқым кезінде фабрика өкілдері келіп, жібек жүнді алып кетеді. Олар да заманауи техникаға ие болып, керемет кілемдер тоқып, отандық өнімге үлес қосуда. Осы қарқыннан танбаса Иран мен Белгия тоқыған кілемдерді сайрамдықтар шығарып, қазақ кілемінің бағы ашылары күмәнсіз. Отандық өнім өндіруге ауыр тиіп тұрған нәрсе, қайталап айтам, өндірген сапалы өнімімізді көздеген бағаға өткізе алмауда болып тұр. Мәселен, ет сапасын арттырамыз деп бүкіл тапқанымызды аузына тосып, есік пен төрдей қазақтың ақбас сиырын бағып, семіртіп етін базарға апарсаң, бағасы өзге еттерден еш айырмасы жоқ болып шыға келеді. Алушылар еттің сапасына емес, бағасына қарайды. Не істейсің, сұраныс жоқ. Ішің удай ашыса да сол бағаға көніп, қалдырып кетесің. Шыққан шығының өтелмейді. Келмеске кеткен кеңес дәуірінде, тіпті, анау соғыс жылдарында да, театр салған, білім беріп, осындай өндірген өнімді тиісті мекемелер күні-түні жинап алатын. Қоян өсірсең де оның еті мен терісін қабылдайтын орын болушы еді. Ет комбинаттары үздіксіз жұмыс істеп жататын. Қазір ондай мүмкіндік жоққа тән. Өз күніңді өзің көруің керек. Табанынан тозып, айлаң таусылған соң суытқышпен жарақталған үлкен машинаны сатып алып, 5-10 сиырдың етін тиеп, алуға ниет танытқандарға өзіміз жеткізіп беруден өзге тірлік болмай қалды. Әрине, бұл басқа тартсаң аяқ, аяққа тартсаң бас ашылып қалатын қаржы тапшылығы тұсында соққы болары сөзсіз. Не істерсің, маңдай терің құмға сіңбес үшін, бастаған жұмысыңды тұралатып алмас үшін бәріне де көнесің. Мұндай ауыртпалықтарымызды айтсақ, екі тізгін бір шылбырды ұстаған бауырлар жағадан алған дағдарысты алға тартып қашқақтайды. Ондай кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында айтқандай, дағдарыс келеді де кетеді, өмір жалғастығы үзілмейді деген сөзге үміт артып отырудан басқа амал жоқ. Әлемде, оның ішінде Нидерландыда, Испанияда, дамыған елдердің көбінде «мәрмәр» ет деген бар. Ол ет сапасына қарай берілген баға көрінеді. Ондай етті Париж, Лондон мейрамханалары тапсырыспен алдырады екен. Мен қазақтың ақбас сиырын өсіргенде сондай бір дәрежеге жетсек, біздің ұлтымызда «мәрмәр» ет шығара алады екен деп өзгелерді таңдандырсақ деген ойды қамшы етіп қолға алып едім. Сондай күнге жетсек, сапалы ет пен сапалы қымыз байтақ елдің бағын ашары сөзсіз. Осыған өмір жеткенше талпына бермекпін. Естуімше, Алматыдағы бір мейрамхана Израильден қымбат балық алдырып, сорпасын сыйлы қонаққа береді екен. Болашақта сондай қазақ өніміне де жететін күн туады. Өйткені, қазақтың жері құнарлы. Тауының суы күмістей мөлдір болса, даласының қара оты қандай малдың да қабырғасын дөңгелектеді. Баяғы жырау бабалардың «бір тоқтысы мың болған» деп киелі жерімізді жырға қосқаны соның дәлелі болса керек.
Жұрт мал өсіреді. Соны соятын жабдықталған орын жоқ. Енді сол іспен айналысуға тура келіп тұр. Біздің шенеуніктер өзге елді мысалға алып, біз бәрін орындап жатырмыз дейді. Шын мәніне келгенде, өркениет жолындағы АҚШ, Ұлыбритания, Франция, тағы басқа елдердің оң ісін олар сөз жүзінде емес, іс үстінде атқарса, фермерлер қазіргідей қиналмас еді. Дағдарыс енді-енді келіп жатыр. Ал қазақ шаруалары дағдарыспен күн кешіп келе жатқалы біраз жылдың жүзі болды. Бір замандары машина-трактор жинақталған МТС деген болды. Осыны ауыл шаруашылығына жауапты орындар, тіпті, бизнесте жүрген азаматтар жаңғыртса, «ортақ өгізден оңаша бұзау» деп жүргендерге үлкен көмек болар еді. Тиісті қаржысын төлеп, керек техникасын ісіне қолданады. Ондай техниканы кез келген фермер ала алмайды. Қазір бірлесіп еңбек ету жайы айтылып жүр. Бірлесіп еңбек ету осыдан басталуы да мүмкін ғой. Бұл аспандағы ақшаны сұрайтын жекелерге жаутаңдаудан құтқарар еді. Ауылдағы халық жұмыс істемейді деп кері сөйлейтіндер жоқ емес, бар. Әлгіндей тұсаулардан шаршаған соң, ауыл жұрты қолды бір сілтеп қала кетіп жатыр. Тағы бір етектен тартқан мәселені қозғай кетейін. Ол мал дәрігерлерінің қимыл-қарекеті. Ветеринария туралы заң бар. Бірақ оның талаптары толық орындалып жатыр дей алмасақ керек. Олар жылда бір мал емдеу деген міндеттерін атқарған болады. Оның өзі шала-шарпы. Бір дәрісі болса, екіншісі жоқ болып шығады. Қалған уақыт та бос. Қажет болғанда іздеп барып жайыңды айтсаң, ақша не бір тоқты торым өңгертуің керек екенін алдыңа көлденеңдетеді. Оған келіспесең анау жоқ, мынау жоқ, уақыт жоқ деп шығарып салады. Менің оларға, олардың басшыларына айтар бір ғана ұсынысым бар. Мал дәрігерлері ай сайын айлық алып отыр. Соған сай жұмыс істесе. Тіпті, айлықтары жүрісіне емес, еңбегіне қарай төленуі керек секілді. Өйткені, бүгінгі талап солай болып тұр. Қажет болса елдегі мал санының өсуін тікелей солардың жұмысына байланыстырып қою қажет. Бұрын жайылымдық жерге дәрі себіліп, зиянды жәндіктер жойылатын. Қазір ол да тоқтады. Содан да елдегі мал кеселге жиі шалдығады. Соны болдырмау мал дәрігерінің міндетіне жатпайтын ба еді? Бір қарағанда елеусіздеу көрінгенмен осындай кері кетірер істер жаныңды жегідей жейді. Оны айтсаң сен кертартпалардың қатарынан табыласың. Ел дамуында үлкен-кіші мәселе болмайды. Бәрі дер кезінде шешілсе, орынсыздыққа тосқауыл қойылары анық. Егер мен шаруамен айналыспасам, басқа біреудің айтқаны ақиқатқа жанаспайды деп ақпараттарға сеніп отыра берер едім. Өзің күнде кездесіп, күресе-күресе дәрмен таусылып, іш қазандай қайнаған соң алға тартып отырмын. Адам басына түспей, көзімен көріп, қолымен ұстамаған соң көп нәрсеге сене бермейді емес пе?
– Қолдағы жылқыларыңыз өз еліміздікі ме, әлде сырттан әкелдіңіздер ме?
– Жергілікті жердікі. Ішінде Қостанайдан жеткізілгендер де бар. Еттілігі мен сүттілігі еш жылқыдан кем емес. Біз жалпы сырттың малына қызықпаймыз. Себебі, оның табиғатқа бейімделуі, жерсінуі қиын. Қыруар ақшаны шашып, ұшақпен мұхит асырып әкелген сиырлардың соңы не болғанын жұрт біледі. Көзін тапсаң, мал еңбегіңді жемейді екен. Бір жылда 300 бие құлындаса, оның өзі үлкен жетістік емес пе?! Біздің жылқының басы бір қарагер бие болды десем, жаңылмаймын. Жылқымыз жоқ кезде бір қаракер биені базарға салып тұр екен. Алдық. Союға қимадық. Тұқымын өсірдік. Жылқымыздың жартысынан көбі қарагер, күрең болып шыға келді. Адам малсақ болып кете ме деймін. Осы күні мал көрсем көз тіге қараймын. АҚШ-ты Австралияны шарламай-ақ өз Отанымызда жоғары сортты малдар бар. Жуырда бие сатып алдық. Бағасы 1 миллион 200 мыңға тоқтады. Бір сауғанда 5 литр сүт береді. Қазір оны бөлек ұстап отырмыз. Қолда барда алтынның қадірі болған ба? Қазір кілең қаракөк жылқы жия бастадым. Баяғыда Шорманның Мұстафасы патшаға 300 қаракөк сыйлапты деген сөз бар. Иә, қаракөк жылқы жарасымды құлпырып тұрады екен. Қырғыздан кілең жорға төрт қаракөкті алдырдым.
– Алда қыс қыстау, жаз жайлау, яғни жер мәселесі туралы айтып қалдыңыз. Бұл жағы сіздер де толық шешілген бе?
– Жер мәселесі дегенде орыс халқының бір мәтелі ойға оралады. Ол жиған шөптің үстіндегі ит шөпті не өзі, не өзгеге жегізбейді дегенге саяды. Сол секілді бұрынғы жер туралы құжат бойынша жай жұрт әрі кетсе 10 гектарға иелік етсе, мықтылар мыңдаған гектарды жамбасына басты. Соңғы Жер туралы кодексті мен қолдаймын. Енді жер бос жатпауға тиіс. Жұмыс істейтін адамның қолына өтуі керек. Кім жұмыс істесе, сол жерге ие болсын. Оңтүстікке халық көп орналасқан. Содан ба мамырдан кейін жердің шаңы шығып кетеді. Малыңды алысқа айдай алмайсың. Ешкім өз жерінің үстінен өткізбейді. Алған жеріңді жылдың төрт мезгілінде еншіндегі малың шиырлай берсе, шөп те шықпай қалады екен. Мал тұяғы темір тәрізді ғой. Тамырды да талқандап, әр жылы шығатын шөп өспей жер айтақыр болып қалуда. Бұл ойландыратын қасірет болмаса да назар аударатын мәселе болып тұр. Мен Солтүстік Қазақстанда 10 жыл облыстық соттың төрағасы болып қызмет еттім. Сонда байқағаным, ол өңірде шөп те, жем де молынан. Көктем мен жаздағы шыққан шөп күзде жылқы тізесінен кейде төмендейді, кейде қалыбын сақтап қалады. Қыс жайлы болса, қыстан жылқы тебінмен шығып кетеді. Бір замандары қымыз бен шұбаттың білгірі З.Сейітовтің арғы аталарына 40 мың жылқы бітіпті. Осы күндері 40 мың болмаса да әр фермер 4-5 мың жылқы өсірсе жетіп жатыр. Сонымен-ақ, ас асылының ақ бұлағын ағызуға мүмкіндік туады. Бұл ойды неге айтып отырмын. Болашақта Астана салған Арқада желден жүйрік текті жылқыны өсіруді қолға алсақ, көп жетістікке жетер едік. Бұл жер иесін де қалыптастырады. Бір сөзбен айтқанда, тиісті мекемелер ауыл тірлігін оңалтамыз, денсаулыққа пайдалы қымыздан бастап, өзге де ұлттық тағамдарды өндіруге ден қоямыз деген ниеттерін түзесе – бәрі де шешімін табады. Ал жеке «батыр» болып шапқылап жүрген шаруалар не бітіре қойсын. Оларға Ауыл шаруашылығы министрлігі, өзге де тиісті мекемелер ұйытқы болса, жетістікке жетеріміз сөзсіз. Ондай көмек көрсету жағы қарастырылса, біз қабылдауға дайынбыз. Шаруаларға керек құрал-жабдықтарды бизнесмендер елімізге әкеліп, көрмелер ұйымдастырып, сатып алуға жағдай жасаса әркім өзіне керектіні іздеп, алыс-жақын шетелдерді кезбес еді. Құны да жарты қалтаға тиімді болары еді. Біздің қазіргі тірлігіміз бар өндірген шикізатымызды көп жағдайда ісімізге керек құрал-жабдыққа айырбастап отырмыз. Бізден алғанды олар өңдеуден өткізіп, атбасындай алтынға пұлдап сатуда. Ғалымдардың зерттеуінше мұнай өндіруге жұмсалған 1 доллар 7 доллар пайда әкелсе, қымызға кеткен 1 доллар 25 доллар табыс түсіреді екен. Сонда қайсысы көп пайда әкеліп отыр? Билік бар, жұрт болып жұмылып, ұлт болып ұйыссақ ұлт тағамы ұлт брендіне айналары шүбәсіз. Ол бүгін болмаса, ертең шешімін табады. Сол тұста жұмыс жоқ деп сабылып жүрген қазақ баласының бір шоғыры қолына ноқта ұстайтынына иманым кәміл. Сонымен, сауға сусын, сырқатқа ем болатын қымыз бен шұбаттың шығар күні алда.
– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет.
Бұрынғы сот төрағасы жылқы сауып кетсе, басқамыз ашаршылықтан қаңғып кетпесек болғаны қайыр сұрап?