Баптаған аты бәйгесіз қалмайтын бапкер

2470

Қызылорда қаласында ат қоспаған аламаны, алмаған жүлдесі жоқ атбегі тұрады. Осы істің басы-қасында жүргендер түгел дерлік — жасы жетпіске таяған Сайфулла Дүйсенбеков мектебінің өкілдері.

Шиелі ауданының Балаби ауылынан шыққан ол жас күнінен жылқының тілін таба білген. Қазақстанның түкпір-түкпірінде болған. Өзі төбе көрсеткен бүкіл бәйгенің 28-інде көлік мініпті.

Біздің ауылда бір кісі бір жылқыны бәйгеге 17 жыл үзбей қосты. Жылына екі рет қосады екен. Мен екі атты жылына 8 реттен қосқанмын. Әрине, мұндай жиілікпен жануар ұзаққа шыдамайды, — деді ол.

Сайфулла ағаның қолында таза қанды ағылшын жылқылары тұр. Соның бірін енесін еміп тұрған құлын кезінде 1 миллион 400 мың теңгеге сатып алған. Ал ол аламанға сегіз рет қатысып, тең жартысында озып келген.

«Жігер» деген сұлуды 6,5 миллион теңгеге сұрап тұр. 2 миллионға сатып алғанмын. Сатқым келмейді. Балаларым да келіспей отыр. Қызығын өзіміз көрмейміз бе?! — дейді атбегі.

Өмір сүру ұзақтығы жөнінен де ағылшын жануары әбден күтіп-баптаса, 30 жасқа дейін тіршілік етеді екен. Сайфулла Дүйсенбековтің сөзінше, қазақ жылқысы 20-ға жетпей қартайып қалады.

Бұл отбасы үйішімен атқа құмар. Жұбайынан бастап, бала-шаға, немерелеріне дейін сырына қанық.

Ат үстіндегі адамның салмағы 35-40 келі болуы керек. Қазір бала табу қиын. Өзіміздікі өсіп кеткен. Ағайын-туғаннан сұрап амалдаймыз, — дейді бапкер.

Атбегінің айтуынша, жылқы – бала сияқты. Айтарға тілі болмаса да көзінен, кіші, үлкен дәреті, түгінен жағдайын білуге болады.

Пайдасынан шығыны көп. Күнде қыруар жем-шөп жейді. Түрлі дәрумен керек. Біреуі сүйек өсіреді, біреуі тәбет ашады, біреуі терісін жылтыратады, — дейді Сайфулла Дүйсенбеков.

Оның сөзінше,»бәйгеге шапсам, жүлде – менікі» деп жылқы асырау — ақымақтық. Қиын да қызық өнер жолында адамды атқа шынайы құмарлығы ғана өрге шығарады.

Қария жас жеткіншектерді бәйгеге баулу, арнайы үйірме ашу туралы талай ұсыныс көтерген, бірақ аяқсыз қалып келеді екен.

Назерке Саниязова

massaget.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.