Жүйрік атты бір көргеннен қалай тануға болады?
(Жалғасы. Басы мына жерде)
Жүйрік атты көре қалған сәтте сыншылардың ойында тұратын мынадай сындары бар:
Қабырғалы, шоқтықты, етсіз, жалпақ жауырынды, қылыш құйрық, сұйық жалды, кекілі келте, ұзын тісті, яғни сойдиған құлан тісті, ойынды еті нығыз, бөлек-бөлек, салпы ерінді, бөкен тұмсық, қыл түбі кең, құлан жалды, ойжелке, кеудесі есіктей, арыстан төс, бөкен қабақ, оқтаудай елік мойын, жұмыр тұяқ, тар мықынды, қақпан белді, құлын сауыр, еңкіш келген ит жіліншік, түп құйрығы жуан ұш жағы үшкіл, жіңішке, жуан сіңірлі, сойдиған, нар тірсекті, бауры жазық, аламайлы, қолтығы кең, арты талтақ, көзі оттай, қамыс құлақ, аяғы быртық бақай, селкеусіз шымыр тұяқты, етсіз қу жақ, селтиген тәует басты, ұзын кірпікті, қос шынтағы шығыңқы, қос топшысы ілгері, ұршығы аласа, ойынды еттері бөлек-бөлек, теке мұрынды, жалтылдаған от көзді, тынысы кең, кең танау, тесік (қуыс) өкпе, қазмойын, жазық бауыр, маңдайы екі орай, кеудеде бес орай, сауыры мен шоқтығы тегіс, ойжелке, салғырт қабақ, салқы төсті, ойнақы мінезді болса дейді.
Жүйрікті баптау әдістері
Жүйрік атты баптау жайлы Мінайхан Тотайұлы былай дейді.
— «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, таңдап іріктеп алынған жүйріктерді бәйгеге шабатын бабына келтірудің өзі үлкен өнер. Төтенше күшті тәжірибе. Біздің ұлтымызда «Жүйрікте де жүйрік бар, әліне қарай жүгірер», «Ат шаппайды, бап шабады» деп жүйрік атты баптаудың төтенше маңыздылығын қорытындылаған.
Бірінші – бәйгеге қосылатын жүйрік аттың шабысты көтеретін еті болуы керек. Себебі арық ат бәйгеге шапқанды қойып, өз басын алып жүре алмайды. Сондықтан басты шарт – жүйрік ат ақжілік болуы керек. Қыстан құр шыққаны жақсы. Егер қыстай жем-шөп беріп, құр шыққан ат болса, маусымда бір ай жайлау сонысына жіберіп, қазысын таратып, көкке аунатып, етін жайдыру керек. Көк шалғынға аунатып, жауын суына аяғын соқтыру керек. Жауын суына соқтырылған атта арам бордақ болмайды. Сондықтан шілденің басында қайтадан ұстап, баптау керек.
Екінші – тер алу. Жүйрік атта баптауда үш түрлі тер болады. Біріншісі – көбік тер, екіншісі – май тер, үшіншісі – қара тер. Осы үш тер алынғанда аттың жүні құндыздың жүніндей жылтырап тұрады әрі ат жеңілдеп, саңылақтанып тұрады.
Көбік тер – алғаш ұстағанда шығады.
Май тер – одан кейінгі кезеңде шығады.
Қара тер – соңғы шығатын тері.
Осы үш терді алғанында аттың терін саусағыңызбен іліп алып, жалап көргенде ащы дәм болмайды. Тұнық су дәмі шығып тұрады.
Үшінші – уағында жайылтып, уағында демалту керек. Әсіресе, аттың арқасын күн шалғаннан кейін суарған дұрыс. Әртүрлі жүйрік аттың бабы да әртүрлі болады. Ат иесі аттың мінез-құлқын, жайылысын өзі біледі. Бірақ аттың жайылыс уақыты ендігі бір атқа мүлде ұқсамайды. Себебі тоғын сүйетін ат пен орта құрсақ шабатын ат екі түрлі болады. Мұны ат баптаған аттың иесі өзі біледі. Жүйрік ат әбден бабына келгеннен кейін, бәйгеге қосатын күні түнде бос қояберсе, ең жақсысы сол. Ұйқысы қанып, жылқының ішінде бос, демін алып жайса, бұл ең тамаша баптау өнерінің бірі.
Жалғасы бар.
Бекзат Құрмашұлы,
mp.weixin.qq.com, (2022 жыл)
Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай
Түпнұсқадағы тақырып: Сыншымыз бар, дүние таныған тұлпарымыз жоқ, бұл қандай жағдай?
Фото: Дмитри Ругис
[…] (Жалғасы. Басы мына жерде) […]