Абай Құнанбайұлы айтқан жүйріктің 64 белгісі

1856

(Этнографиялық талдау)

(Жалғасы. Басы мына жерде)

Қазақ халқының ат сыншылары мен бапкерлері (атбегілері) өте зерек, ерекше көреген болған. Тіпті іштегі құлынды да таныған. Мысалы Алпамыстың Байшұбары алғашында ешкім көзге ілмеген, қалың жылқы ішінде жүрген қотыр тай болатын.

Ал Қобыландының Тайбурылын өз ғашығы Құртқа сұлу немере ағасы Сәлімбайдың көкала биесінің ішінде жүргенде көзі түсіп, өзі қолқа салып сұрап алып, Қобыландыға:

«…Тобылғы меңді торы атың,

Майданға мініп шабуға,

Жарамайды бұл дейді.

Жан серік атың, сұлтаным,

Көкала бие ішінде,

Көк буырыл құлын бар,

Жан серік атың сол…» — деп, өзі аман-есен тудырып, құлын кезінен мәпелеп бағып өсіріп, Қобыландыға жан серік ат етіп береді.

Ал енді негізгі тақырып болған Абай Құнанбайұлының «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деген өлеңін толық оқып шығайық:

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ.

Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті,
Қабырғалы, жотасы болса күшті.
Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,
Тояттаған бүркіттей салқы төсті.

Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр таяқ,
Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ.
Жерсорғарлы, сіңірлі, аяғы тік,
Жауырыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ.

Кең сауырлы, тар мықын, қалбағайлы,
Алды-арты бірдей келсе ерге жайлы.
Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,
Көтендігі шығыңқы, аламайлы.

Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті,
Өзі санды, дөңгелек келсе көтті.
Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,
Арты талтақ, ұмасы үлпершекті.

Шідерлігі жуандау, бота тірсек,
Бейне жел, тынышты, екпінді, мініп жүрсек.
Екі көзін төңкеріп, қабырғалап,
Белдеуге тыныш тұрса, байлап көрсек.

Тығылмай әм сүрінбей жүрсе көсем,
Иек қағып, еліріп басса әсем.
Шапса жүйрік, мінсе берік, жуан, жуас,
Разы емен осындай ат мінбесем.

Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей.
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,
Ыза қылдың қолыма бір тигізбей.

8 шумақ өлеңге жылқының басына қатысты 13, аяғына қатысты 12, ұлы денесіне қатысты 24, әрекетіне қатысты 15 сын, жалпы 64 сын айтылған. Бұл қазір көптеген сыншы, бапкерлердің ат сынының өлшеміне айналды. Қандай бір сыншы, бапкерлермен әңгімелесе қалсаңыз осыдан айналып шыға алмайды.

«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» атты ат сыны өлеңінің жүлгесімен жоғарыдағы 64 сынға айырым-айырым талдау жасап көрейік:

  1. Шоқпар кекіл.

Кекіл – жылқының, түйенің маңдайындағы бір шоқ қыл, шуда. (15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» осылай түсіндіріледі. Бұдан кейін «сөздік» деп беріледі).

Кекіл түрлері – қу кекіл, шоқпар кекіл, ұзын кекіл, қалың кекіл, үкі кекіл, түйе кекіл, бура кекіл, түп кекіл болып бөлінеді.

Шоқпар кекіл – бураның кекіліндей қысқа, қалың, ұяң, бір шоқтай ғана болады. Оны бура кекіл немесе шоқпар кекіл дейді. Бураның кекілі майда, қып-қасқа, теп-тегіс болып тұрады. Кекіл ұзын болса ат шапқанда көзін көлегейлейді.

  1. Қамыс құлақ.

Құлақ түрлері – қамыс құлақ, марал құлақ, түйе құлақ, мысық құлақ, жебе құлақ, тік құлақ, құлан құлақ, ұзын құлақ, құрық құлақ, қысқа құлақ, түзу құлақ, ешкі құлақ, мүкіс құлақ, қабан құлақ, бөрі құлақ, салпаң құлақ, сиыр құлақ, қайшы құлақ.

Қамыс құлақ – қамыс жапырағындай сүйір, жұқа, ұзын, тік, жіңішкелеу құлақ. Ұшы үшкір шаншылып тұрады. Сұлу көрінеді. Қамысты қиялап кескен қима бетіне де ұқсайды.

Марал құлақ – салпиған, ұзындау, көлемі үлкен, жалпақтау, қалқиып тұрады.

Бура құлақ – қысқарақ, дөңгелек, қалыңдау, түбі жуан, үшкір, құлақ жүні қалың болады. Ондай ат кәртейгенде құлақ жүні ширатыла ұзарып, шықшытқа дейін төмендеп кетсе, жазда қайта тақырлау болады.

Бөрі құлақ – мұндай құлақты жылқы біреу болса – біреуі, екеу болса – екеуі жүйрік болады.

Түйе құлақ – дөңгелек, қалың болады.

Мысық құлақ – кішкене құлақ.

Бәйге атының құлағы әр түрлі бола береді. Кей ат құлағын қояберіп, салпитып жүреді. Бірақ аттың құлағы шаппайды. Қамыс құлақ сұлулыққа қаратылған.

  1. Қой мойын.

Мойын түрлері – құлжа мойын, қаз мойын, қой мойын, бұлан мойын, қыл мойын, жуан мойын, жұмыр мойын, дөңгелек мойын, жұқа мойын, қалың мойын, жолбарыс мойын, төгерек мойын, қысқа мойын, ұзын мойын, көзе мойын болып бөлінеді.

Қой мойын – жылқының мойны қысқа, жіңішкелеу, желкесі сәл ояңдау, мойны жалпақ емес, жұмырлау келеді. «Құлжа мойын дөңгелек, күнде шапсаң не керек» деген сол. Мойны дөңгелек, қабырғалы болса күнде шапсаң да елемейді, шаба береді. Мойны ұзын жылқы қысқа аралықтікі болар. Жүйріктің мойын бітімінде көп мән бар. Қазмойын сұлу көрінгенімен шабуға жаралған жүйрік үшін жайсыз. Аламан бәйгеде мұндай мойын тез талады. Нағыз жүйріктің мойыны бұланның мойынындай жұмырланып келеді.

  1. Қоян жақ.

Жақ түрлері – қоян жақ, ешкі жақ, тік жақ, түзу жақ, түзу жақ, қу жақ, қалың жақ, сүйір жақ, жұқа жақ болады.

Қоян жақ – қоянның жағы сияқты шығыңқы, сүйір жақ. Ол байқамаған адамға екі шықшыты ісіп кеткендей томпайып көрінеді. Дөңгеленіп бітеді. Жақ сүйегінің екі жақ қыры иегінің астынан келіп түйісетін жерде үшкіл емес, басбармақ сиярлықтай болып бітеді. Оның үстіне, жақ сүйегінің төменгі қырлары түзу келеді. Мұндай ат тынысты болады.

  1. Бөкен қабақ.

Қабақ түрлері – хас албасты қабақ, бөкен қабақ, үңгір қабақ, тік қабақ, бөрі қабақ, түйе қабақ, жастықты қабақ болады.

Бөкен қабақ – сыртқа қарай шығыңқы, түксиген қабақ. Биіктеу, дөңкиіп бітеді. Қабағының асты мен үсті бірдей. Қызыл жиегі төмен бітеді. Қабақтың жастықты болғаны жақсы, тер көзге құйылмайды.

  1. Ауыз омыртқа.

Мойынның баспен жалғасатын, тұтасатын жеріндегі омыртқаны ауыз омыртқа дейді. Кей жылқыдың құлағының арты томпиып, жақтың астына қарай қуыс, басқа жалғасқан ең алдыңғы бір буын бір-екі асып тұрады. Яғни, ең алдынғы мойын шығыңқы болады. Бұл шығыңқы сүйек ноқта-жүгенді артына жібермейді. Оны құлжа мойын деп те атайды.

  1. Майда жал.

Жал түрлері – келте жал, құлан жал, сирек жал, сұйық жал, майда жал, қайратты жал, бұйра жал, жібек жал, қаба жал, кереге жал, тоқпақ жал болады.

Құлан жал – жылқының кекілі де қысқа болады да жұқа болып құланның жалындай майда келеді. Оны ел арасында «құлан жал» деп те атайды.

  1. Ой желке.

Желке – бас сүйектің қарақұсынан, шүйдеден төменгі жері. Ой желке деген жал тұсы биік, желкесі ойынқы келгенін айтады. Ат өте семіз, не өте арық болмасын, желке сәл ойлау болсын деген. Жылқы семіз кезде шаппайды. Арықтаған жылқының желкесі ой желке болғанымен әлсіз болады. Жараған кезде де күжірейген, бұқа мойын болса, ол мініске жаралған жылқы. Ол мықты келеді. Жүйрік ат ой желкелі, күшті болады. Ондай желкеге жарты шыны су құйсаң тұрып қалады деп те айтады.

  1. Үңірейген сағақ.

Сағақ – жылқының сағалдырық тұратын тамағының астынғы жағы. Малды бауыздайтын жері. Шықшытының астынғы жағы.

Сағақтың түрлері – пішініне қарай терең сағақ, бөкен сағақ, үңгір сағақ, алма сағақ, кең сағақ, үңірейген сағақ деп бөлінеді.

Жүйріктің басы жұқа, сағағында, иегінің астында бармақ айналып тұратын бостық, шұңқыр болады. Көп аттың сол шұңқырының ортасында екі-үш без болады. Ал жүйрік аттың сағағында без болмайды. Бармағыңыз ары бірақ барады. Алқымындағы без көп нәрсеге себепкер болады. Сағақ – бір толымдылығы. Жүйріктің сағағы кең, үңірейген, етсіз, қуыс болады. Кейбіреуіне жұдырық сиып кетеді. Мұндай сағақты атты «үңгір сағақ» деп атайды. Жұтқыншағы қойдың жұтқыншағына ұқсаса оны «қой жұтқыншақ» ат дейді.

  1. Теке мұрын.

Мұрын түрлері – теке мұрын, бөкен мұрын, бұлан мұрын болып бөлінеді.

Танау – арна танау, тоғыс танау, делди танау, тар танау, бөкен танау, желбегей танау, көп тесікті танау, бұғы танау болып бөлінеді.

Теке танау – доғасы көтеріңкі келеді. Оны бөкен танау деп те атайды. Бөкен – танауы кең, жүйрік аң. Желісінің өзі шапқан аттай. Барлықтың теріскей баурайында Бөкенші деген жер бар. Тарихта онда бөкен қалың болған екен. Сол кезде Құлыстайда бөкен қуатындар жүйрік атты жаратып, даярлап, алғаш қар жауғанда ұтылап қуып, бір ат болдырғанда тағы бір атпен бастырмалатып ұстайды екен. Бөкеннің танауы кең, тынысты, оның үстіне, еңкейіп қашатындықтан көбік қар танауына кіріп, мұз қатып, тынысы тарылып, өкпесі қабынып жүгіре алмай қалғанда, үшінші не төртінші атпен соғып алады. Әйтпесе бөкен атқа жеткізбейтін жүйрік аң. Оның желбіршегі кең, талыс танау болады. Аттың танауы да осындай болса, жүйрік болады. Танаудың өзі кейбір жылқыныкі жабысып, кішкене бітсе, кей жылқылардыкі үлкен, шеті добалдай қалып болады. Жалпы танаудың кең, шеті жұқасы жақсы. Танаудың суағарлығы екі арна, екі орамнан тұрса жақсы. Үштен болса, тіпті құба-құп.

Жалғасы бар.

Кәрім Дүйсенбайұлы

ҚХР, «Мұра» журналы 2020 жыл

Түпнұсқадағы тақырып: «Ат сыны»

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

ФОТО: Тұрар Қазанғапов

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.