Ұлттық спорттағы кейбір мәселелер

1318

Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толды.

Бүгінде құрамына 10 түрлі федерация кіретін іргелі ұйым 2004 жылы 14 қазанда өз жұмысын бастаған болатын.

Осы орайда ширек ғасырға жуық уақытқа аздаған шолу жасауды жөн көрдік. Әуелден спорт емес, ойын, тіпті кейбірі әскери дайындықтың әліппесі негізінде халықтық сипат алып, жаугершілік заман тоқтап, ел іші бейбіт өмірге ұласқанда ұлттық ойынға айналып, келе-келе ұлттық спорт деңгейіне жеткен дәстүрімізді ұлықтау, оны насихаттау, халықтың жаппай айналысатын күнделікті машығына жеткізу, одан қалды әлемдік деңгейге көтеру – осы саладағы әрбір маманның ғана емес, әрбір қазақтың азаматтық ұстанымы болуы керек.

Ұлттық спорт – ұлттық дәстүріміз бен құндылықтарымызды танытатын еліміз мәдени мұрасының құрамдас бөлігі. Қазақ халқы, Қазақстан мемлекеті барда ұлттық спортымыз халықтық сипатынан балталасаңыз да ажырамайды. Халқымыз ұлттық ойындары арқылы өзінің болмысын танытып, сол арқылы күш-қуат пен ептілікті, дәлдік пен стратегияны меңгерген. Ал бүгінгі таңда еліміз осы Ұлттық спорты арқылы әлемге көшпенділердің көзіндей, кентаврлардың өзіндей болып отыр. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының табанды еңбегі, тартысты жұмысының нәтижесінде еліміз спорттық дәстүріміздің бай мұрасын сақтап қана қоймай, белсенді дамытып келеді.

Ширек ғасырға жуық уақытта Ұлттық спорт қауымдастығын:

2004 жылы Алматыда құрылған күннен бастап 2013 жылғы 24 желтоқсанға дейін Қайрат Сатыбалды;

2013 жылғы 24 желтоқсаннан 2022 жылдың қыркүйегіне дейін Бекболат Тілеухан;

2022 жылдың 9 қыркүйегінен бері Исламбек Салжанов басқарып келеді.

Әр басшы өз кезінде, мүмкіндігі жеткен жерге дейін жұмыс істеді. Қазаққа, ұлтқа осындай құндылық барын, оны дәріптеуге, насихаттауға, онымен тұрақты айналысуға болатынын сезіндіре алды деген ойдамыз. Бұған дейінгі атқарылған жұмыстарды ел көрді, бұқара таныды. Оған тоқталып жату артық. Біз осы мақаламыз арқылы соңғы бір жылда, яғни 2023 жылы атқарылған жұмысты талдай отырып, алдағы уақытта не істеуге болатынын және осы саладағы түйткілді мәселелерге тоқталуды жөн деп таптық.

Бұған дейін Ұлттық спорт қауымдастығы құрамында 6 федерация бар еді. Соңғы екі жылда бұлардың саны 10-ға жетті.

Дәл қазіргі таңда Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіретін 10 федерация бар. Олар: «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Дәстүрлі садақ ату», «Асық ату» және «Ұлы дала жорығы» федерациясы.

Мұндағы ең көне федерация – «Тоғызқұмалақ» (1974 жылы құрылған) федерациясы болса, ең жасы – өткен жылдың соңында ғана тіркелген «Ұлы дала жорығы» федерациясы. Айтпақшы, биыл «Тоғызқұмалақ» федерациясының құрылғанына да жарты ғасыр болған екен.

Бәйге федерациясы – 2014 жылы құрылған, бүгінде елімізде шабандоздарды дайындайтын 753 үйірме жұмыс істейді. Онда 21 мыңға жуық бала ұлттық спорттың қыр-сырын меңгереді. Кәсіпқой спортшылар саны – 3270.

Асық ату федерациясы – елімізде 2237 асық ойны үйірмесі бар. Онда 77 мыңнан астам адам ұлттық спортпен шұғылданады. Биыл Халықаралық «Асық ату» федерациясы құрылады деген жоспар бар.

Көкпар федерациясы – елімізде айналысатын адам саны жағынан алғашқылардың біріне кіретін бұл спортпен 78 мыңнан астам адам шұғылданады. Оларды жаттықтырып, шеберліктерін шыңдайтын 916 үйірме бар. 500 адам кәсіби түрде көкпар тартады.

Тоғызқұмалақ федерациясы – еліміздегі ұлттық спорт түрлерінің ішіндегі ең танымалы. 1974 жылы құрылған. Қазақстанда 6856 тоғызқұмалақ үйірмесі бар. Оған 207 мыңға жуық адам тұрақты түрде қатысады.

Құсбегілік федерациясы – 2013 жылы құрылған, бүгінде 2000 адам әуесқой ретінде айналысады.

Аударыспақ федерациясы – 2013 жылы құрылған, бүгінде 1600 адам әуесқой ретінде, 153 адам кәсіби түрде айналысады. Өткен жылы осы спорт түрімен айналысатын барлық елдің федерацияларын біріктіріп, «Ат үстіндегі күрес» атауымен халықаралық ұйым құрылып, ойынның жалпы ережесі бекітілді.

Жамбы ату федерациясы – 2013 жылы негізі қаланған. Алдағы уақытта Шымкентте «Жамбы ату» академиясын ашып, Азия федерациясын құру жоспарланып отыр.

Теңге ілу федерациясы – 2018 жылы құрылған. «Теңге ілу» ұлттық спорт-ойынымен кәсіби түрде айналысатын 12 адам, әуесқой ретінде айналысатын 150-ден астам адам бар.

Садақ ату федерациясы – 2019 жылы құрылған, бүгінде 3000-нан астам әуесқой айналысушы бар. Соңғы кезде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі деуге болады. Қазақстанға ресми сапармен келген Франция президенті Эммануэль Макрон «Садақ ату» федерациясының ұжымымен кездесіп, ұлттық спортымызға тың серпін берді.

«Ұлы дала жорығы» федерациясы – 2022 жылы құрылып, Ұлттық спорт қауымдастығы қатарына 2023 жылы тіркелді. Еліміздің барлық өңірінде, яғни 3 қала, 17 облысында бір-бір командадан бар. Демек қазіргі таңда бұл спортпен айналысатын нақты 100 адам бар деуге болады.

Соңғы бір жылда ұлттық спорт саласындағы спортшылар 12 халықаралық жарысқа қатысып, 95 медаль жеңіп алған. Оның 35-і алтын медаль екенін атап өту ләзім. Алайда, бұл тоқмейілсуге болатын көрсеткіш емес. Себебі біздің ұлттық спорт түрлерімен әлемде айналысатын елдердің саны саусақпен санарлық қана. Демек, өзіміздің ұлттық ойынымыздан алар жүлденің көлемі, әсіресе алтын медальдің көлемі бұдан да көп болуға тиіс.

Ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатындар саны 2021 жылғы 489,9 мың адамнан 2022 жылы 584,1 мың адамға дейін өсті. Бұл елдегі спортпен шұғылданатындардың жалпы санының 8,2%-на тең. 2023 жылғы дерек бойынша еліміз бойынша 600 мыңға жуық адам ұлттық спортпен айналысады. Ұлттық спорт түрлерімен айналысатындар саны бойынша алғашқы үштікте – Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары тұр.

Еліміз бойынша ұлттық спортпен айналысам дейтіндерге 1531 штаттық жаттықтырушы білгенін үйретіп жүрсе, олардың 834-і ауылдық жерде. Өткен жылғы дерекке қарағанда ұлттық спорт түрлері бойынша үйірмелердің саны 16555-ке жетті. Республика көлемінде ұлттық спорт түрлері бойынша 10 клуб, 13 спорт мектебі жұмыс істейді.

Бұл – қауымдастық құрамындағы федерациялар туралы бізде бар қысқаша ақпарат.

Енді ұлттық спортымыздағы мәселелерге тоқталсақ.

Бірден айтайық, дәл осыған келгенде мәселеден мәселе туындайды. Мысалы, 20 млн халықтың 600 мыңы ғана ұлттық спортпен айналысу деген өте аз көрсеткіш. Кемінде халықтың 10 пайызы тұрақты айналысса, Президентіміз жиі айтатын бұқаралық спорт сипатын алатыны белгілі. Ал халық неге аз айналысады деген суалға жауап іздегенде, тағы да мәселеге тірелеміз. Ол – ұлттық спортпен айналысам деушілерге инфрақұрлымның жоқтығы. Мысалы Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спорт саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында атап өтілгендей, мектеп бағдарламасына енуге тиіс «асық ату», «тоғызқұмалақ», «қазақ күресімен» айналысатын орындардың өзі жоққа тән. Барының бағасы қымбат. Біз садақ ату, аударыспақ, жамбы ату, т.б. қатарлы ат үстінде ойналатын ойындарды айтпай-ақ қояйық. Десе де, Ұлттық спорттың кемі 70-80 пайызы ат үстінде өтетіндіктен, мұнымен айналысамын дейтін жандарға жылқы табу өте күрделі мәселе.

Еліміздегі ұлттық спорттың дамуына қолбайлау болатын негізгі мәселенің өзі осы – спорттық жылқы мәселесі.

Сенат депутаттарының бастамасымен, Ауыл шаруашылығы министрлігі және басқа да мүдделі азаматтармен бірлесіп, Қостанай жылқы тұқымын дамыту және қолдау жөніндегі заң жобасы әзірленді, ол Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қаралып жатыр – деген еді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов бір сөзінде.

Біріншіден – иә, бізде жылқы жоқ емес, бар. Бірақ оны ұқсатып пайдалану, спорттық бағытқа бейімдеу, оған мемлекеттік қолдау мәселесі ақсап тұр. Жақында ғана спорттық жылқы өсірушілерге субсидия төлеу мақсатында мемлекеттен 140 млн теңге бөлінетіні туралы ақпарат тарады. Бірақ, 2024 жылға бекітілген заң жобасы бойынша асыл тұқымды айғырға ғана жылына бір рет 100 мың теңге көлемінде субсидия берілетіні жазылған. Ол жерде спорттық жылқы туралы сөз жоқ. Яғни спорттық жылқыны субсидиялау әзірге сөз жүзінде ғана қалып отыр.

Екіншіден – жылқы десе көзіне қазы-қарта, жал-жая мен қымыз ғана елестейтін біздің елдің шаруалары үшін спорттық жылқыны өсіріп, дамытып, одан пайда табамын деген – жуық арада орындала қоймайтын арман секілді сезіледі.

Үшіншіден – біздің жылқының негізі спорттық емес, ет-сүт бағытындағы жылқы. Ал спорттық жылқы ретінде дамытатын Қостанай жылқысының түрі айтпаса да белгілі. «Қазақ тұлпары» зауытында әзірге небары 50-дің ар жақ-бер жағында ғана жылқы бар. Ал жақында ғана патенттеліп, қазақ жылқысы ретінде ресми тіркелген Адай жылқысы әзірге спорттық жылқы ретінде алыс қашықтықтағы аламаннан басқаға жарай қоймасы белгілі. Оның да өз себебі бар. Адай жылқысын тұрақты дамытып, сұрыптап, сапасы мен өсіміне жауапты нақты жылқы зауыты жоқ. Жеке шаруалардың қолындағы жылқы ертең мемлекеттік деңгейдегі сұранысқа жауап бере алуы екіталай.

Әйгілі Қажытай Ілиясұлының «Жылқыны айтса, жылағым келеді» дегені бар. Біздің жағдай да сондай. Әсіресе биылғы қыстан соң жылқының жайы қалай болар екен?! Бұл – бөлек әңгіме. Ұлттық спортымызға қайта оралайық.

Төртіншіден – бұл саланың дамымай тұрғанына тағы бір кедергі – нақты ұлттық спорт саласының кәсіби мамандарының болмауы. Иә, барлығы білікті, білімді жаттықтырушы, осы саланың айналасында жүрген азаматтар. Бірақ біздің елде бірде-бір ЖОО Ұлттық спорт түрлерінен маман даярламайды. Мысалы, сіз өміріңізде «Теңге ілу» спортының жаттықтырушысы деген мамандықты оқыған адам көрдіңіз бе? Жоқ. Бұл біздің жаттықтырушыларымыздың, болмаса осы салаға жауапты басшылардың, тіпті білім министрлігінің кінәсі емес. Ұлттық спорттың өзі о баста ұлттық ойыннан дамығанын ұмытпаңыз. Ал ұлттық ойын үшін ешкім мамандық оқытпайды. Себебі ұлттық ойынды сол ұлттың кез келген адамы белгілі деңгейде білуі керек.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ұлттық спорт түрлері бойынша барлық жаттықтырушылар мен төрешілер аттестациядан өтеді. 2024 жылы екі жетекші жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университеті мен Қазақ спорт және туризм академиясы – «Спорттық жылқы ветеринары» және «Ат спортының жаттықтырушысы» мамандықтары бойынша кадрлар даярлауды қолға ала бастайды. Ұлттық спорт түрлері бойынша кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау үшін «Ұлттық спорт түрлері жоғары мектебін» ашуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қазақ тілінде ғылыми, ғылыми-тәжірибелік, әдістемелік және құқықтық еңбектерді шығару мақсатында «Ұлттық спорт түрлерінің кітапханасы» ғылыми-көпшілік сериясын құру бойынша ұйымдастыру-әзірлік жұмыстары жалғасып жатыр – деген еді бір сөзінде қауымдастық басшысы Исламбек Салжанов.

Егер Исламбек Салжановтың сөзі іске асатын болса, маман мәселесі оңынан шешіледі деген ойдамыз.

Бесінші – Бұл саладағы тағы бір мәселе – жер шалғайлығы. «Түлкінің қызылдығы өзіне сор» дегендей, еліміздің ұланғайыр даласы ұйымдастыру мәселелеріне де айтарлықтай әсер етеді. Мысалы мамырда оңтүстік өңірлерде ұлттық спорт маусымы басталып, көкпар қызып тұрған уақытта, солтүстікте көктем енді шығып, ел есін енді жинап жатады. Оның сыртында соңғы бірнеше жылдан бері еліміздің бірнеше облысы Ұлттық спорт ойындарына немқұрайлы қарап, команда жасақтауда, оларға қолдау көрсетуде салғырттық танытып келеді. Бұл да өз кезегінде ұлттық спорттың дамуын керітартатын жайт.

Ұлттық спорт саласындағы бізге белгілі бірнеше мәселені атадық. Қауымдастық басшылығы бұл түйткілдерді де біртіндеп тарқата беретінін айтып отыр. Жұрт боп жұмыла көтеріп, ел боп епшілесіп Ұлттық спортымызды дәріптеуден танбайық!

Осы орайда тағы бір шетін жағдайдың шетін шығарғымыз келіп отыр. Ол енді тікелей ұлттық спортпен айналысушыларға, әсіресе ат ұстап, ит жүгіртіп, құс салатындарға байланысты. Айтпағымыз, астына мінген атына есім беру мәселесі.

Иә, «әркім қолында барын теке қояды» демекші, қолында ұстаған сәйгүлігіне қандай атау беруді ат иесі өзі шешетіні белглі. Бірақ…

Қазақ әр нәрсеге логикамен, қисынмен қараған. Сондықтан да, «өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен» дейді. Яғни, әр нәрсеге атау бергенде қисынға жүгінген халқымыз, жылқыға, өзі мінген атына есім бергенде де қисынын келтірген. Кешегі, Тайбурыл, Байшұбар, Бозауыз, Нарқызыл, т.б. қатарлы әйгілі тарихи тұлпарлардың есімдерін түріне қарап қойса, Қубас, Қабанқұлақ, Қақпанбел, т.б. атауларды аттың жеке қасиетіне қарап қойған. Ал Аққұс, Көкешкі, Көкойнақ, Кертайлақ, т.б. атаулар ат иесінің өз қиялынан туған. Бірақ оның өзі қазақылыққа, қазақы дүниетанымға жат емес.

Қазір жылқыға есім беру қазақы түсінік шеңберінен шығып кетті. Әркім қалаған есімін қойып ала береді. Біздің ойымызша бұл дұрыс емес. Мысалы алдағы күзде, анығы 8-14 қыркүйекте елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Қазақылығымызды танытатын бір дүбірлі дода осы. Осында бәйгеге қосылатын, көкпарға шабатын, теңге ілу мен жамбы атуда жүгіретін жылқыларымыздың атаулары да қазақы танымға сай, ұлттық болмыстың иісі аңқып тұрған атаулар болса, қандай жарасымды болар еді. Әрине, бұл шешімі табылатын мәселе, ат ұстаған әр қазақтың жүрегінде ұлттық болмысқа, ұлттық спортқа деген жанашырлық, сүйіспеншілік, құрмет барына кәміл сенеміз.

Ержан Жаубай,

Argymaq.kz ұлттық-танымдық сайтының бас редакторы

Argymaq.kz

1 comment

  1. Ереке 5 Наурыз, 2024 at 19:30 Ответить

    Өте дұрыс көтерілген мәселелер, қай өңірдің басшысы «уызын қазақша емсе», сол жердің ұлттық спорты дамитынына көзіміз жетіп жүр

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.