Жылқы жылы жылағым келеді…

8250

Қажытай Ілиясұлының 1998 жылы «Жетісу» газетінің екі нөміріне (№128,129) жарияланған «Жылқыны ойласам, жылағым келеді» деген мақаласы кезінде көпшілікті елең еткізген еді. Оның ақын, сазгер, сатириктігіне «атбегі» деген аттың жамалуы да осы кезден басталады. Бұдан кейін бұл мақаланы басқа баспасөз басылымдары жарыса көшіріп басқан-ды. Сол тұста Мұхтар Әбділдәбеков орысшаға аударып, «Караван» газетіне жариялатты.
«Қазақ өзін тану үшін, әуелі жылқыны жыға тануы шарт. Өйткені, қазақ тарихы мен жылқы тарихы – әу бас­тан бірге өсіп, біте қайнасқан тарих. Қазақсыз жылқы тарихы, жылқысыз қазақ тарихы тірілмейді.
Бұл екеуі бөлінсе, тарих тамырына зақым келгендіктен, зорлықтан бөлінеді. Зорлық жайлаған жердің тарихында жүйе, мұрасында ие болған емес. Баяғы турашыл қазақтардың «белгісізден би, белдеусізден үй шығаратын» тұсы да сол. Әлеуметтік теңсіздіктен шындық шырағы қараулап, тарих өшкін тартады. Сондықтан да оны қайта жазу қажеті туған жоқ па?! Ал өшкін тартқан тарих өлген тарих емес, тіріледі. Тарих тірілгенде, оған зорлық жасаушылар өзін-өзі ұстап береді. Бұйырса, ендігі ізденіс қазақ тарихына да, жылқы тарихына да жасалған зорлықтың ініне су құяды. Басқа жолы жоқ. Ендеше, ең алдымен, тұлпардың түбін тінту керек. Жылқының арғы атасын анықтамай тұрып, оның қашан жаралғанын білмей тұрып, қазақ тарихына төккен тер, төңген қол зая» деп басталатын мақалада жылқының шығу тегі мен «ата-бабасын» түгендей келіп, «Жылқы атасы – Керқұлан», «Жылқының арғы атасы – керік, бергі атасы – құлан» деген сөздер көшпенділер әулетінің соңғы бұтағына ауызша жеткен дерек», – дейді. Қажекең Алматы Орталық мұражайындағы «Құлан 93 түрлі шөп жейді» деп жазылып, құланның орнына құлағы қарағайдай көк есектің тұрғандығын, оның жанында В.В.Климовтың «Лошадь Пржевальского» деген кітабынан үлкейтілген бір топ көк ала есектің суреті мен «Куланы или полу ослы – родственники и ослов и лошадей» деген жазудың мүлдем қате түсінік екенін дәлелдеп шындық пен өтіріктің, дұрыс пен бұрыстың, жылқы мен есектің айырмасын анықтап берген еді. Бұл есектің «жай тұрмай, асса зерттеушінің, қалса көрерменннің дүниетанымын тұмандатып, құланның ізінен адастыру үшін тұрған есек» екенін, есектің айғырын «әңгі», ұрғашысын «меде», төлін «тахай» деп атайтынын, ал жылқыға «жиен» болатын қашырдың құланға үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын нақтылы мысалдармен, ғылыми деректермен дәлелдеп, шикі жерін ашып көрсеткен еді. Қытайлық ғалым Мамырхан Қалиясқарұлының «Жылқы шаруашылығының шежіресі» атты кітабын аса жоғары бағалап, оны оқырмандармен тұңғыш таныстырған да Қажекең еді.
Khazhytai IlyasБаспасөзде сенсация туғызған осы мақаладан кейін Қажекең Орталық мұражайға тағы барады. Жазылған қате сөз атаулы алынып тасталғанымен, есектің қаңқасы әлі орнынан таймағанын күліп айтып келді. Бірақ күлгені жылағанға бергісіз, зіл батпан…
Осы тақырыпта Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғаған Кендебай Әбішев: «Өзіме етене таныс ат спорты туралы жазатын болдым деп алғашында қуансам да, материал іздеуге келгенде қатты қиналдым. Ол туралы ғылыми-зерттеулердің тапшылығы өз алдына, жалпы, халыққа арналған нұсқаларының өзі ауыздан-ауызға көшіп жүргені болмаса, баспаға түскені де шамалы екен. Сондай қиналып, сусап жүрген кезімде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жылқыны ойласам, жылағым келеді» деген мақала көзіме оттай басылды. Өшкенім жанып, жоғалғаным табылғандай болды», – деп жазады.
Міне, зерттеушілерге жол сілтеген осы мақаланың әлі күнге дейін бағдаршамдай әсері байқалады. «Жан­уарлар әлемі» (2014 ж.) деген кітабында профессор Рысбай Сәтімбеков Керқұланды сипаттай келіп: «Біз айтып отырған деректі жылқы малының ерекше жанашыры, әрі қазақтың белгілі ақыны Қажытай Ілиясұлы бірнеше дүркін баспа беттерінде жанайқайымен жазылған «Жылқыны ойласам, жылағым келеді» деген мақаласынан үзінді келтіріп отырмыз. Мұндай құнды деректерді жинап жүрген ақын ағамызға мың алғыс. Керқұланға берілген анықтама ол туралы жазылған ғылыми еңбектермен толық сәйкес келеді», – дейді. Жылқытанушы ғалым Ахмет Тоқтабай «Қазақ жылқысының тарихы» атты қомақты зерттеуінде Қажекеңнен арнайы сілтеме келтіреді. Іздеген адамға мұндай мысалдар толып жатыр.
Қажекең тағы бір қолжазбасында жылқытану ғылы­мындағы орны ерекше саналатын жылқыны қыл­пынан танитын нешетүрлі дегдар сыншыларды (атбегілер) атап өтіпті. «Оның хатқа түскендері Марабай, Толыбай, Күреңбай, Махамбет, Абай, Ақан, Ілияс, Керімбайлар болса, аты жекелеген еңбектерде ғана аталатын сайыпқыран сыншыларымыз қаншама?! Айталық, Ақтамберді, би Боранбай, Еспембет, Ошанбай қажы, Есенбай зәңгі, Мырзахан болыс, мұңғұлдан – Жондын, Белек, Мөңке тәрізді ғұламалар артына із қалдырған екен. Бұларды таратар болсақ, таңға таусылмайды» десе, «…Қара тұлпардың соңғы тұқымын, яғни арқалы ат, кіндікті айғырын қолынан берген Медеу Пұсырмановтың қара тұлпары, Сәттің (Мөңке бидің інісі) торы тұлпары, Құрманғали қажының құла тұлпарынан не бар? Жоққа тән. Жанақ ақынның шұбары, Ақтамбердінің шұ­бары, С.Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешуін­дегі» Паң Нұрмағамбеттің патшаға тартқан үш бірдей шұбар қысырақ үйірінен тұқым қалды ма? Тәуке батырдың Ақ бозы, Мәди Бапиұлының «Ақ қояны», Б.Момышұлының соғыс алаңында ойқастатқан Тарланбозы. Мінеки, мұның бәрі кешегі қазақ даналығымен сұрыпталған өз тұл­пар­ларымыз ғой. Сәкеннің әнге қосқан «Ақбозы», Тәкеннің қарасөзбен жырлаған «Ақбозы», «Әбіш­тің «Бәйге торысы», Қабдештің «Қозы­күреңі», Мағауиннің «Нар қызылы» – соның үл­кен айға­ғы», – деп жылқытанушыларға ғана емес, басқа да зерттеушілерге жол сілтеген екен.
«Қазақ тарихы қалай бұрмаланса, жылқы тарихы солай бұрмаланған» деген журналист Т.Тәшеновке берген сұхбатында Қажекең: «Менің есебім бойынша, бәйге атының жетпіс тоғыз түрлі сыны болады. Ілияс Жансүгіров «Құлагерінде» тұлпар аттың елу үш белгісін жазады. Абайда аттың жиырма жеті түрлі сыны бар. Ал би Боранбай Қабанбайдың Қубасын таңдағанда, жүйрік аттың ең негізгі он сегіз белгісін айтады. Абай: «тояттаған бүркіттей салқы төсті» – десе, би Боранбай: «артынан қарағанда төсі көрініп тұратын болсын» – дейді. Абай: «шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ» десе, Марабай: «сарымсақтай құлақты, сары атандай қуатты, от орнындай тұяқты, аш арыстан сияқты», – дейді. Бәрінің көру нүктелері бірдей, бірақ әрқайсысы өзінше әр қырынан айтады. Абайдың «Аттың сынында» «байлап көрсек» деген сөз бар. Мұнда үлкен пәле жатыр. Бәйге аты белдеуде тұрған кезінде түзу сүлкиіп тұрмайды, қабырғалап, қырын тұрады. Мен мұның барлығын өмір тәжірибемде көріп өскен адаммын. Қазір маған жүз ат, бес жүз ат көрсетіңіз, көзілдірігімді киіп, қырық сантиметрден жанарына анықтап қарасам, шабатынын не шаппайтынын айта аламын. Бірақ мен оны айтпас бұрын ат шабатын жердің шарасын, жері еңіс пе, қайыс па, жазық па, соны білуім керек. Алды – аласа, арты – биік ат өршіл келеді. Кейбір аттың алды-арты бірдей шаршы болады. Махамбет: «Ылдидан салса, төске озған, ертеден салса, кешке озған, қой мойынды көк жұлын, томаға көз қасқа азбан» – дейді. Осы бір шумақ өлеңде аттың өмірбаяны, оның өнерінің өрісі, тағдыры тұр. Махамбет соның бәрін бір шумақ өлеңге сыйдырып жіберген», – деген екен.
Марқұмның жылқы туралы жазғандарын ақтарып отырсам, «Жылқы жыры» деген тақырыппен жарты бетін бастап қойыпты. Жүйелеп жазбақ болғанға ұқсайды. Бөлек қағаздағы жоба-жоспарында 44 түрлі ат сынын көрсетіп, түсіне қарай қылаң, баран деген екі үлкен тапқа бөліп, жіктепті. Жылқы үйірінің, жылқы жүрісінің, жас атауларының, үйретудің, байлаудың түрлерін тізіп жазыпты.
«Ер қанаты – ат» деп ұғынған дана халқымыз ғасырлар бойы іріктеп, сұрыптау арқылы тұлпарды тапса, қолөнерімен оның ер-тұрманын әшекейледі. Саз өнері арқылы атын әнмен айшықтап, күймен көркемдемеді ме? Айталық, «Сұржекей», «Құлагер», «Екі жирен», «Екі-ай торы» т.б. осыған дәлел. Ал күйден: «Телқоңыр», «Маңғабылдың Қарақасқасы», «Жолаушының жолды қоңыры», «Балжыңгер», «Кербез керік» т.б.» деген сөздерін оқығанда лықсып келген жас тоқтар емес. Көз алдыға жанды сурет елестейді емес пе?
Қажекең қайтыс болатын күні күндіз көңіл сұрауға Нүсіпхан досы Бибігүл жеңгемізбен келген-ді. Жұмабек інісі болса да, қасында. Нүсіпхан гормонь тартып, татардың әуенімен жыр жырлады. Сосын домбыраны ала салып, «Әудем жер» әнін тарта бастап еді, Қажекең қабағын кіржитіп: «Олай емес, әкел домбыраны» деп басын жастықтан көтертіп, «Әудем жерді» тартып берді. Сонда Нүсіпхан досы «қасиетті саусағыңнан айналдым!» – деп қолынан сүйіп, жылап жіберген еді. Содан қонақтар кетіп, үйде өзіміз қалғанда кенжесі Нұржан залда отырып, күй тарта бастады. Бірінің артынан бірі нешетүрлі күй кетті. «Бүгін мынау ерекше шабытпен тартып отыр екен, жарығым. Тиіспе», – деді. Күй тартылып біткенде жанында отырған Жұмабекке: «шақыршы мұнда», – деді. Нұржан қасына келіп, домбырасының құлақ күйін келтіріп, біраз айналды. Оған шыдамсыз Жұмабек: «Тарта ғой, жаным!» – дейді. Нұржан сол кезде көңілінің қалауымен Сүгірдің «Жолаушының жолды қоңыры» деген күйін тартады. Ұйықтап кеткен адамдай, қимылсыз жатқан Қажекең кенет көзін ашып, жұлып алғандай: «Жұмабек, мен де жолау­шымын ғой. Мына күй бекер тартылмады. Осы күймен аттанатын шығармын», – деген сөзді кейіннен Жұмабек те айтты, Нұржанның да жадында қалыпты. Бұл күй шынында да, тыңдаған соңғы күйі болды. Алматы құшағына қараңғылық енген кезде бауыры Жұмабекке: «Сен де қайт, ертең 11-ден қалмай кел» – деді. Сол түні, яғни 2013 жылдың 27 қаңтарында түнгі сағат 11-де «Әзірейіл бастаған жан алғыш періштелер көрінген» болуы керек, көзін әрлі-берлі мағынасыз төңкеріп, бүгіп жатқан қол-аяғын оқтаудай ғып түзеп, өлімге бойұсынған қалпында көзін тарс жұмды да, жеңіл ғана бір дем алып, еш қиналыссыз Нұржан екеуміздің қолымыздан бұл пәниден бақи дүниеге кете барды ғой, жарықтық…
Ол мүшел жастан қорқатын. Әр мүшелден өткен сайын қуанатын. «Биыл Естайдың жасына келем, өзін қатты жақсы көруші едім, оның жасынан өте алар ма екенмін?» деген уайымын әркімге айта беретін. Қазақтың белгілі әнші-композиторы Естай Беркімбаев 73 мүшелінде қайтыс болған екен. Бір отырыста осы сөзді халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовке де айтқан еді. Ол кісінің: «Қайдағыны айтпай, жақсы сөз сөйлесеңші» деп ұрысқаны әлі күнге есімде.
Енді қарап отырсаңыз, «Жігіт те арман барма, сүйгенді алған» деген Естай сөзіне ерекше мән беріп, «не деген әулие адам» деп табынып отыратын әнші-композитордың жасынан көп ұзамапты. «Бір жігіттей ғұмыр сүріп, бір жігіттей дүниені біліп, баюға болатын жолды таңдамай, халыққа да, хаққа да тура қарау үшін өнерді мақсат қып алып» (өз сөзі) әнін айтып, домбырасын тартып, насыбайын атып, есті сөзден, әзіл-қалжыңынан жаңылмай, өмірден өте беріпті ғой. Ол өлер-өлгенше насыбайын да тастамай, атып өтті. Бірақ Ақселеу Сейдімбеков сияқты мәдениетті ататын. Алғаш аурухананың жансақтау бөліміне түскенде, бас дәрігер «Аға, сізге мынаның зияны күшті» деп насыбайын алмақ болыпты. Сонда Қажекең өмірбақи насыбай атқан белгілі бір адамдардың атын атап: «Солардан әулиемін бе, мұны алсаң, мен өз ажалымнан бұрын өліп қалуым мүмкін, одан да бір укол бер де, өлтіре сал», – депті. Дәрігер де жазушының баласы болғандықтан, Қажекеңді үн-түнсіз түсініпті. Ол туралы «Өлсе өлсін, өлмесе өлігі риза болсын деді-ау деймін, системаны да, қымбат дәрілерді де аямай салды ғой» деп еді.
Мен Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» деп аталатын алты томына ғылыми талдау жасағандықтан, екеуінің бітім-болмысынан соншама ұқсастық байқайтынмын. Ол ұқсастық екеуінің де адам төзгісіз жан сірілігінде жатыр. Қажекең де жанына ауру батқан сайын ерегесіп, қасарыса түсетіндей көрінетін… Тіпті «аурумын» десе, ешкім сенбейтін. Ол түгіл өзінің 66 түрлі ауруы бар екенін айтқанда, өзім де сенбеген едім. Қазір соны жазып алмағаныма өкінем. Бұған аттан құлап, 8-рет сүйегінің сынғанын да қосқан болуы керек.
Қажекеңнің пірі жылқы еді, үнемі түсінде жылқы көретін. Шамамен 2007-2008 жылдары өкпесі ауратын тұс болуы керек. Мен ерте тұрып кеткем. «Оянды-ау» деген мезгілде бөлмесіне кірсем, аяғын жерге салбыратып жіберіп, төсектен басын көтеріп отыр екен. Менің бетіме тура қарап: «Руда, ана жерде екі көк ат жайылып жүр. Өздері терлеп тұр. Соның терін ішсем, жазылам», – деді. Бетіне қарасам, өңі де, көзі де сап-сау. Қалжыңдаған шығар деген оймен: «Жарайды, кәрия» деп (біз бір-бірімізді «кәрия» дейтінбіз, оның шығу тарихы – бөлек әңгіме) шығып кеттім. Біз тұратын үйдің суы бастау бұлақтың суындай ерекше тастай боп ағады, сол судан ағызып жіберіп, бір кесені толтырып әкеліп: «Мә, кәрия, аттың тері», – дедім. Суды сіміріп, ішіп жіберді де «Уһ!» деп жата кетті. Маңдайын ұстасам, қызуы көтеріліп тұр екен. Жалма-жан көк орамалды cуық cуға малып: «Кәрия, аттың теріне шылап әкелдім» деп маңдайына басып, дәрі бердім. «Рахмет, жарығым!» деді. Біраздан кейін түк болмағандай, тұрып кетті. Айтсам, сенбейді. Жын ба, сайтан ба деп ойлап қоям. Бірақ менің өтірікке жаным қас екенін жақсы білетіндіктен, сенді. Екеуміз біресе күліп, біресе таңдай қағыса әңгімелесе отырып, оразамызды ашқан едік.
Қайтыс боларының алдында да, түсіне ақбоз ат кірді. Жүйріктің нақ өзі, тұлпар екен. Ақбоз атқа мінген Мұхтар Құл-Мұхаммед өзі бір круг айналып келіп: «Аға, мынаны сынап беріңізші!» деп атты көлдеңендеп алдына тарта беріпті. Сол кезде оның інісі Рақымғали келіп: «Мен де бір айналып келейінші» деп ол да шауып, бір айналып келіпті. Одан кейін Қажекең бір айналып шығыпты. Мен «түсің жақсы екен, жазылып кетерсің» деп жорыдым. Сөйтсем, бұл түс «Атамұра» баспасының директоры Рақымғали Құл-Мұхаммедтің өз қаражатымен шығарып беретін «Келешек, мені түбі түсінерсің» деген естеліктер кітабы мен «Әуенім аққуды да елеңдетер» деген ән-күй жинағына көрінген екен-ау деп ойлаймын. Кім білсін! Бірақ екеуміз де сол күні керемет қуанған едік.
Уақыт сынаптай сырғып өтіп барады. Ол тірі болғанда, биыл 75-ке толар еді. Қажекең жылқыны ойлап, жылағысы келсе, мен Қажекеңді ойлағанда, жылқы жылы жылағым келеді…

Ruda ZaikenovaРуда Зайкенова, ақынның жары
«Жас қазақ» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!