Абай Құнанбайұлы айтқан жүйріктің 64 белгісі (Жалғасы)

1397

(Этнографиялық талдау)

(Жалғасы. Басы мына жерде)

  1. Салпы ерін.

Бұл салпиға, қалың еріндерге қаратыла айтылған.

Ерін түрлері – саптыаяқ ерін, салпы ерін, түсіңкі ерін, етек ерін болып бөлінеді.

Салпы ерін ат күшті болады. «Ат ерінді, ер мұрынды келеді» деп бекер айтпаған. Түйенің тұмсығы сияқты жұқа, астыңғы ерні салпиға шыныдай болса жүйрік болады. Көбінде түйе тіс аттың ерні салпы келеді. Мұрны теке мұрын, бұлан мұрын болып келгенде астынғы ерні салпиып тұрады.

  1. Ұзын тісті.

Тіс түрлері – сиыр тіс, қой тіс, доңыз тіс, бидай тіс, түйе тіс, құлан тіс, тауық тіс, жайран тіс, алыс тіс, сары тіс, қара тіс, шеге тіс, бор тіс деп бөлінеді.

Ұзын тіс – маңдай тіске байланысты айтылған. Тісі жалпақтау болса немесе қасқа тіс пен ат азуының арасына арпа симайтындай тар келсе, жақсы ат болады. Ондай тісті түйенің тісіндей, бақандай екен дейді. Малдың тісіне қарап, жасын анықтайды. Бірақ оның жайылымына да қарайды. Шөбі аласа жердің жылқысы шөппен бірге тас, құм жейді, сары шөп жейтін сазды жердікі шөпті қасқа тіспен жұла береді. Шөбі тартыныңқы болады. Осындай жердегі жылқылардың тісі тез кәртейеді. Далада көп жүрмейтін, қолда көп бағылған жылқылардың тісі жуырмаңда жойылмайды. Жылқының тісі де жерге, шөпке қарайды. Құлын тісі, тай тісі делінеді. Құнанында үстіндегі, астындағы екі қасқа тісі тісейді. Дөненінде шетіндегі екеуі тісейді, бестісінде барлық тай тісі тісеп болады. Одан кейін азу жарады. Жайырақ азу жарған жақсы деп жатады. Астынан шыққан тіс әбден шегіне жеткенде үстінгі бұрынғы тіс өздігінен түсіп қалады. Тістің жұлар бетіндегі шұңғылдау келген өңезді, қақты бедер өрнегі тіс мөрі делінеді. Тіс мөрінің өзгерісіне қарап жылқының жасын айырады. 6 жасында үстінгі қасқа тіс пен астынғы қасқа тістің мөрі азаяды. 8-9 жасында астынғы-үстінгі үшеуінікі азаяды. Сүйте-сүйте ортасынан шетіне қарай азая береді. 10-11 жасқа барғанда екі шетінде бір-бір ғана мөр қалады. Мөрі жоғалған соң жасы айырылмайды. Жақсы жылқының мөрі 13-14 жасына дейін жүре береді. Егер ұзын тісі ақ тіс болса мөрі жойылмайды. Кей адам қартайса да тісі маржандай болады. Ол да бір қуаттылық.

«Азусыз ат, азулы бие міндің бе?» дейді халқымыз. Аттың азусызы, биенің азулысы қолға оңай түспейді. Тістің сыздық еті тісінің ұшымен бірдей болуы жақсы атқа бітеді.

Ақ тіс мықты әрі ұзын болып, мөрі оңайға жойылмайды. Кей ат ит азу болады. Ит азу аттың қасқа тісі мен азуының арасы кең болады да, азу артына қарай қайқайып тұрады. Ауыздықты алғанда қармақ сияқты ілініп қалады. әдетте аттың оннан кейін мөрі кете бастайды. Оннан кейін екі шеті қалады. он екіден кейін екі шеті кетіп, сарықайрақтанады. Содан кейін тістің ортасын оя бастайды. Кейбірі 10-11-де кәртейеді. Түйе тіс көпке шыдайды. Мөрі кеткенімен қалауы, тістің қыры кетпейді. Ондай аттың кәртейгені білінбейді. 20-25-ке дейін шаба береді. Бормидің тұқымы бірнеше сортты болады. Ұзын, сопақ бормиды ат тісті борми дейді. Ол жақсы, мықты тұқым болады.

  1. Қабырғалы.

Қабырға түрлері – иілген қабырға, жуан қабырға, жіңізшке қабырға, бұғана қабырға, орта қабырға, дардан қабырға, делдиген қабырға, жылан қабырға деп бөлінеді.

Қабырғалы – қабырғасы кең, жазыңқы дегенді білдіреді.

Мұнда қабырғасы делдигені жақсы. Ат қабырғалы болса, өкпесі үлкен болып, тынысты келеді. Кей жылқының екі жақ қабырғасы жабысып, жіп-жіңішке болып тұрады. Қабырғасы жіңішке болса, біршек болып, ұзаққа жарамайды. Жүйрік жаратылған жануардың қабырғалары иіліп бітеді. Қарынды келеді. Бірақ оның қарны сиырдың қарнындай қампиған емес, орташа болады.

  1. Жоталы.

«Жота-жон деп те айтылады. Желкеден құймышаққа дейінгі аралық» (Сөздіктен).

Жон түрлері – қоян жон, жұмыр жон, қысқа жон, күдір жон болады.

Жая, белдеме, арқа, шоқтық жалпақ, жуан болса, қоянның жоны сияқты жұп-жұмыр болып, арқасы шықпайды, білінбейді. Қоян жондының жаясы жазық болады. Жауырынынан артқа қарай домаланып келеді. Жоталы дегені сол.

Қоян жон – белдеменің ұшы келген жері, бұны кейде балық арқа деп те атайды.

Бел – қақпанбел, мұз бел, қайқы бел, түзу бел, құмырысқа бел деп бөлінеді.

Қақпанбел – ертоқымның арты сауырға келіп тұтасады. Дәл осы жері сәл көтеріңкі болса, қақпанбелді екен, жоталы екен дегені сол. Қақпанбелден жүйрік көп шығады.

Бел түзу болса жарағанда құмырысқа бел болып, жақсы көрінбейді.

Қайқы бел ерге жайлы жүйрік көп шықпайды. Белі түзуді мылтықтың сүмбесіндей дейді. Кей аттың шоқтығы басқадан биік, жауырынының басы шоқтықтан төмен тұрады. Жаурыны шоқтыққа жағаласа біткен аттан жүйрік шықпайды. Кей ат қақпанбел болады, дөңгеленіп бітеді, ондай ат тауға жүрдек. Кей аттың шоқтығы биік болады, ол ат ойға шабады деседі.

  1. Күшті.

Бойында күші мол, әлді, қуатты, қайратты дегені. Жоталы болса – бел күші көп, сүйегі кесек, жуан болады. Қабырғасы жылан қабырғалы жіңішке болса, күш болмайды.

  1. Ойынды еті.

Ойынды ет – бұлшық ет, кесек ет, сом ет дегені. Мұндағы ойынды еті айтылып отыр. Көп сын бір-біріне тіке байланысты. Мұндағы ойынды ет бөлек-бөлек болса, омыраулы болады. Басқа сында айтылатын қоң ет деп асықты жіліктің ойынды етін айтады. Сауырдың асты – сан еті ат арығанда қоң еті таралып, суағары ырсиып қалады. жақсы аттың қоң еті жүргенде бір-біріне тимей тұрады. бұл — қосымша белгісі.

  1. Омыраулы.

Алқымы кең, кеуделі, жүріске төзімді, берік, жүйрік дегені.

Омырау түрлері – кең омырау, терең омырау, салпы омырау, бұлақ омырау, омыраулы деп бөлінеді.

Арабтар аттың омырауы, аяғы, басы – осы үш мүшеден жылқының асыл тұқымды екенін айырады екен. Қазақта «Бас бастайды, аяқ қостайды» деген сөз бар. Бас пен аяқты негізгі орынға қояды. Әдетте жүйрік таза сүйек болады. Кейде кеудесіз аттан да жүйрік шыға береді. Кеудесі кең аттың бұлшық еті қалыңдау, құйрық-жалы молдау, бұйра жал, бұйра құйрық болады. Омырауы кең болған соң екі аяқтың арасы да кең болады. Тар кеуделі аттың алдыңғы аяғының арасы тар болады да, шабысы мандымайды. Аяғын қағып алады. Кең аяқты болған соң тынысты болады әрі аяғын соқпайды.

  1. Тояттаған бүркіт.

Тояттаған бүркіттің екі жемсауы алдына шығып, еңкейіп, төсі салақтап тұрғандай болады. Мұндай атты бүркіт төс дейді.

Құс төс, ит өндіршек дегенде төс пен өндіршек түзу келеді. Төс әрі тартып тұрады. Мұндай ат оңайға бітпейді. Өңеші етке немесе теріге қысылмай, кең, еркін жатқаны жақсы.

  1. Салқы төс.

«Төсі түсіңкі, салпиған» (Сөздікте).

Төс түрлері – түлкі төс, бүркіт төс, алшаң төс делінеді.

Төс төменірек болғаны жақсы. Ондай аттың алдынғы екі аяғының тұяқтарының ішкі жиектерін бір-біріне тигізіп тұрып қарағанда, екі тізенің арасы кем дегенде 3-4 елідей алшақ тұрады. Омыраудың тереңдігі (салпылығы) алдынғы аяқтың ұзындығы мен шынтақтың шоқтықтың жоғарғы қырына дейінгі аралықтың ұзындығы өлшеніп, салыстырылады. Егер олардың ұзындығы бірдей болса, онда бұл омыраудың тереңдігін (салпылығын) білдіреді де төс төс түлкінің төсі пішінді келеді. Бұл жүйріктіктің белгісі.

  1. Жуан бақайлы.

Бақай – тұяқ пен жіліншіктің қосылған жері.

Бақай түрлері – быртық бақай, тар бақай, тақыр бақай, ит бақай, жуан бақай болады.

Жіліншік пен бақайдың арасы екі елі әрі бақай жуан болса, мықты, күшті келеді. Бақайы ұзын, бір сүйемдей болса, күш түскенде сіңірі созылып кетеді де, аттың аяғына ақау түседі. Аяғында ақауы бар ат бірер жол болмаса жалғасты шаппайды.

Жалғасы бар.

Кәрім Дүйсенбайұлы

ҚХР, «Мұра» журналы 2020 жыл

Түпнұсқадағы тақырып: «Ат сыны»

Төте қазақшадан крилшеге түсірген Ержан Жаубай

Argymaq.kz

ФОТО: Мейірбек Тәжқұранов

2 comments

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!