«Көкпар» ма, «көкбөрі» ме?

1387

Көкпар тарихына жүгіну

Бүгінгі ғылыми деңгей мен мазмұн «әлеужелі деңгейі мен ауқымын» меншіктеп алды. Тіпті соның ықпалына түсті, айналма ауруға ұшырап, бір аумақтан шықпай қалды.

Шынайы әрі академиялық ғылымның бұған қарсы тұрар шамасы мен қауқары, абыройы жетпей отыр. Сондықтан, жалпытөрк танымы әркімнің ала қашатын көкпарына айналды. Журналист те, блогер де, шала сауатты ұлтшыл да, ғылымды төңіректеген сауатты да осы «майданға» қойып кетіп, әркім өз балығын аулауға жан ұшыратын ахуалға тап болдық.

Әңгіме тақырыбы – көкпар ойынының «көк бөрі» тіркесінен шыққандығын қайткенде де дәлелдеуді мақсат еткен көзқарас турасында болып отыр. Ең әуелі, «көкпар» атауының шығу тегін індету – ойынның туындау және қалыптасу жолына тікелей тәуелді екеніне назар аударайық. Сол себепті, қолда бар, тарихи жазбалар мен деректерге, басқа да дәйектерге иек арта отырып, көкпар ойыны қалай туындады, қалай қалыптасты дегенге ой жіберіп, көз жеткізуге тырысайық. Шындығында, көкпардың туындауы турасында дерек мардымсыз. Жазбалар жағы мүлдем сараң. Алайда, бұл ойын түрін зерделеушілер оның қалыптасу жолын бірнеше мың жылдықтарға апарып тірейді.

Жалпы бұл ойынның қалыптасуын жылқысыз елестету мүмкін емес. Егер де адамзат тарихының жылқыны қолға үйрету үлгісін Евразия даласына қарасты Ботай елдімекеніндегі 6 мыңжылдық атты мәдениеттің ашылуымен қарастырсақ, ендеше бұл ойынды да соған жетеқабыл мерзіммен өлшеуге қақымыз бар. Өйткені, көкпардың қалыптасуына қажетті ең бірінші жарақ, ол – ат. Жылқыны қолға үйретуден бастап, оны көлік ету мен азық етуден басқа, түрлі сала бойынша оны техникалық жараққа жарату мүмкіндігі өмірде орын ала бастағанын ескерсек, көкпар ойынының туындауына да Атты мәдениеттің ойып орын алатын маңызы жеткілікті.

Көкпар ойыны сонау зороастризм дәуірінен бар екенін алға тартатындар баршылық. Бірнеше мың жыл бұрын шыққан ойын болса, оның бұл күнге дейін бірнеше сатыдан өтіп және түрлі сипатта ойналуы да ғажап емес. Бұлай деуімізге аталған ойынға қатысты түрлі интерпретацияның болуымен қатар алуан айғақтардың бір-бірімен қабыса бермеуі дәлел.

Берідегі мәлімет бойынша, Голливудта 1971 жылы экрандалған, француз жазушысы Жозеф Кессельдің «Аттылар» романында көкпардың кең таралған нұсқасын жазады.

Бұл ойынды Шыңғысханның сарбаздары олардың аттарының тұяғы жеткен жерге жайды. Содан бері жеті ғасыр өтсе де, біздің жазығымызда ежелгі дәуірдегідей әлі де сақталып келеді – деді ол өз жазбасында.Демек, көкпар ойыны Шыңғысхан дәуірінен бар екеніне куәлік бар деген сөз.

Жазушы, этнограф А. Қалиұлы (Көк бөрі мен көкпардың қандай байланысы бар?): «Көкпар тарту – әскери жаттығулардың бір түрі. Түрік қағанатындағы «Дербес бөрі жасақ» дегеніміз осындай жаттығудан өтіп сайланған батырлар тобы еді», – деп тұжырымдайды.

Белгілі қазақ ғалымы, академик Әлкей Марғұлан өзінің «Мир казаха» кітабында:

Сырдарияның төменгі сағасы мен Арал маңын мекендеген сақ тайпалары жыл сайын бөріні кие тұту құрметіне арнап, қасқыр терісін жамылып, бетперде тағынып, атты сайыстар өткізетін болған. Бұл дәстүр түркі-моңғол тайпаларында әлі күнге дейін сақталды. Қазақ, түрікпен, қырғыз елдерінде бұл ойын «көкбор» (как бар) – сұры қасқыр деген атаумен сақталған. «Көкпар» атты ойынның қазақ халқындағы бір нұсқасы «Қыз бөрі» – қасқыр терісі мен бөрілі бетперде тағынатын дәстүрлі сақ ойынының бір түрі – деп В.В.Радлов (Опыт словаря тюркских наречий. T.II, ч.1. С.888. ) пен С.В.Киселевтың (Древняя история Южной Сибири. С.481, табл. XIV.) еңбектеріне сілтеме жасайды.

Соған қарағанда сақтарда қасқырды көкпар тарту емес, керісінше бөрі кейпіне енген ойыншылар серкені тартатын нұсқасы да болған. Ендеше сақтар дәуірінде көкпар ойыны бөрі киесін паш етудің бір жоралғысына жараған. Ал С.В.Киселевтің жазған «қыз бөрі» ғұрпы бүгінгі «қыз қуу» ойынының этнографиялық бір сипаты екендігінде сөз жоқ.

Өткен ғасырдың 80-жылдары советтік этнограф Г.Н.Симаков (Общественные функции киргизских народных развлечений в конце XIX — начале XX века. Историко-этнографические очерки. Издательство: Л.: Наука. Переплет: мягкий; 230 страниц; 1984 г.):

Қырғыздың оңтүстіктегі де, солтүстіктегі де қарттары бізге қырғыздар арасында қасқыр аулаудың кең таралғанын айта келіп, қалың қарда омбылаған қасқырды қуалаған аңшылар, қуып, жетіп, шоқпармен басқа ұрып, соғып алатынын бірнеше рет әңгімеледі. Бұл ежелгі аң аулау тәсілі онымен бірге қасқыр соққан аңшының алдына өңгерген аңына басқалары таласып, одан тартып алуға ұмтылысатын болған. Осылайша, әзілдесе, таласа-тармаса отырып, айылға жеткенше «көк бөрі» ойнасатын болған. Бірақ айылға жеткенде қасқырды соққан жігіт алады екен.

«Көкпар тарту – әскери жаттығулардың бір түрі» деген тұжырымға қатысты, көкпар тарту мен соғыс жаттығуы бір біріне қабыса бермейтін дағды деген пайымды қарсы қоймақпыз. Себебі, аттылардың соғыста кемінде бес қаруды қолдана алудың шеберлігін меңгеру дәстүрі мен қажеттілігі бар. Ал атқа отыру мен ат үстіндегі қимыл әрекеттің қайсысы соғысқа жарамды деген сауалға келгенде өлген аңның не өлтірілген жануарға таласудың аса сапалы әскери топты баптауға ішінара болмаса, соншалықты сарбаз даярлаудың мектебі болатындай сабақ деу қиын. Әлгі «бөрі жасақтың» ең әуелі мықты көкпаршылардан құрылғандығында емес, оның аталуында ғана интрига болар; атағымен бөріні еске түсіріп қана, қасқыр секілді ойда-жоқта қарсыласқа ылаң салып, белгілі бір ерекше дағдымен дұшпанды састырып, псисхологиялық әсер ететін, күтпеген жерден ойсыратып кететін шеберлігінде болар. Дегенмен де түркі қағанаты заманына қарасты 6-7 ғасырларға да лайық ойынның түрі болғандығын бағамдауға болады.

Г.Н.Симаков келтірген көкпардың қасқыр аулау кезінде туындау мүмкіндігі барын келтірген көрініске қарап, атты аңшылар қалай болғанда да, соққан аңды ермек қылып таласу дәстүрі болғандығын аңғартады. Бірақ бұны көкпар секілді ұлттық ойынның туындауына негіз деуге де келмес. Себебі, ежелгі ойындар ермектен туындамайды, сол уақыттың идеологиялық наным-сеніміне бағына қалыптасады. Ежелгі дәуірдегі көшпелі елдер мен тайпалардағы идеологияны, руханиятты әсіресе абыздар басқарғанын ұмытпайық және оның билігі мен абыройы белгілі бір қалыптасқан таным мен қалыпқа сәйкес болмаса – өмірге сиыса бермейді, сіңісе де бермейді. Руханияттың бұл түрленісі сәйкесінше қоғамның да түрленуінде көрініс табатын нысандар – көкпар да соның бірі. Бірнеше жүздеген ғасыр бұрын пайда болған ойынның уақыт тезіне шыдап, не формасы, не мазмұны өзгермеуі мүмкін емес.

Көкпар атауларының тарихи көріністері

Г.Н.Симаковтың мына жазбасын қарайық:

… Кейбір ойындарда бұл ойынға үй жануарын болмаса оның бір бөлігін қолдану да кездеседі. Мысалы көк бөрі сайысына солтүстікте лақ тартылса, оңтүстікте торпақтың мүрдесі тартылады, содан да бұл ойынның басқа да атауы бар: ұлақ тартыш немесе торпақ тартыш.

Енді одан әрі Г.Н.Симаков былай жазады:

Бұл ойынның екі түрі белгілі – көк бөрі және чаб ұлақ, біріншісіне қатысушылар мен көрермендерді еліктіретін қызу сайыс тән. Сайысатын күйеу жігіттің туыстары мен қалыңдықтың төркін жағы. Ұтқан тарапқа қызын ұзатып жатқан әке қомақты сыйлық тарту етеді. Ал ойынның екінші нұсқасы – чаб ұлақ, бұнда ойынға тән сайыс болғанмен, ғұрыптық/ритуал сипаты басым. Чаб ұлақты күйеу жігіт жағы қалыңдықты алуға келе жатқанда ұйымдастырады. Ойын шартты түрде ғана күйеу жігіттің болашақ қайын атасының аяғына қолға түсірген олжа-лақты тастай салатын болған. Оған жауап ретінде қайын атасы мал,ақша, киім сыйлайтын болған. Көк бөрінің бұл түрінде сайысатын тараптар жоқтың қасы. С.П.Толстовтың нұсқауына қарағанда,қырғыздарда ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр соңында бұл ойын өзінің ритуалдық сипатын жоя қоймаған болатын. Біріншіден, көк бөрі ойынының неке тойға арналған сипаты бар екіншіден, оның көптеген түрінің бірі анық ғұрыптық мәнге ие болды.

Келтірілген мәліметке қарағанда, біз ойлағандай тиянақты ойынның ережесі жоқ, бірақ оның бірнеше түрі бар және ғұрыптық сипатқа ие, оның үстіне бірнеше атауы тағы бар. Байқағанымыз, ойынның сипатына түрлі танымдар мен ғұрыптар араласып, алуан сипат орын алған. Әрине, біз тиянақты дайын күйіндегі ойынның нұсқасын күтуге де қақымыз жоқ. Дегенмен тартылатын нәрсеге байланысты «ұлақтартыш», «торпақтартыш» немесе «көк бөрі» атаулары болғандығы. Ал енді «көкбөрі» аталатын ойынның соншалықты ерекшелігі жоқ. Қасқыр да тартылмайды не қасқыр терісін жамылғандар турасында да ақпарат жоқ.

Сонымен, келтірілген мәліметтер бұл нұсқалармен шектеліп, соның әсерімен «көк бөрі» аталды деуге де негіз шамалы. Себебі, біздің тақырыпқа талғажау болған көкпардың мысалдары мен мәліметтері әрі кетсе, екі жарым мыңжылдықтың шамасын ғана қамтиды және сол кезеңдегі халықтардың таным-түсінігі мен наным-сенімдерін, салттарын байқатады. Бұларға қарап «бөрі» сөзінің соншалықты ежелгі сөз екенін және оның тіпті нақты қасқыр ұғымын бергеніне де көз жеткізген мақұл. Өйткені, төрктер әдетте қасқырды «құрт» атағаны мәлім. Бұған баш+құрт (арлан қасқыр), құрт+қа (қасқырдың қаншығы) секілді сөздер дәлел. Біздің пайымымызша «бөрі» сөзі айуанның түсін білдірген болу керек. Шамамен алғанда, бөрі – сұрғылт көгілдір түс, бөрте – ашық көгілдір. Бұл сөздерге тақылеттес «буырыл» сөзі де ақшыл-көгілдір ұғымды береді. Демек, көк бөрі тіркесінің өзі ең әуелі хайуанның түсі. Соңғы 5-6 ғасырдың шамасында ғана бөрі мен бөрте түс атаулары қасқыр мен лаққа сіңісті болған сықылды. Ал енді көкпарға сондай көгілдір-сұрғұлт түсті серкені/лақты/торпақты тарту әу бастағы талап болса ше? Себебі, ол Көк аспанмен түстес ұғымдарды білдіреді.

Белгілі этнолингвист Әбілбек Нұрмағамбетов, өзінің «Сөз сырына саяхат» еңбегінде «…Якут тілінде қасқырдың алдыңғы аяғындағы қара жолақ белгіні «бөрте деп атайды екен. Ал келе-келе ондағы Т дыбысының түсіп қалып, «бөре», «бөрү», «бөрі» қалпына дейін өзгеруіне таңдануға болмайды» деп жазады.

Бұл пайымымызды бекіте түсетін Мұқаш Байбатыров жыршының жырлауындағы грампластинкаға (Ташкент грамзапись фабрикасы) жазылған «Алпамыс батыр» жырында мынадай жолдар бар:

Көк бөрі қылдың егеспен,

Жұртым мені жылаттың,

Мұның қалай деместен.

……………………………………..

Ағайын, саған не жаздым,

Көк бөрі қылып тартқандай?

………………………………………..

Көк бөрі деп тартқан соң,

Екі өкпем бірдей қабынды.

Бұл – Алпамыс батырдың жеті жасар ұлы Жәдігердің өзін көкпарға тартқысы келген жастарға айтып зарланғаны. Осы жырдың үзігіндегі «көк бөрі» тіркесін біршама зерделеушілер мен зерттеушілер қасқыр деп қабылдайды. Шын мәнінде, қасқырды даланың сайыпқыран аңы ретінде қабылдап, оны бір жағынан қадыр тұтқан ата-бабамыз сақтардың салтында келтіргендей, арнайы жыл сайын қасқыр терісін жамылып, ғұрыптық сайыс өткізетін болса, ал енді Алпамыс жырындағы мына «қасқырдың» өзі көкпарға түсіп тартылып жүр ғой. Сонда не болды? Сондай-ақ жырда ойынның атауы ап-анық «көкпар» ретінде аталады. «Көкпарға тарту», «көкпар бер» сықылды қолданыс сөздері айтылады. Неге «Көкбөріге тарту», «көкбөрі бер» деген тіркестер айтылмайды? Неліктен? «Ағайын, саған не жаздым, Көк бөрі қылып тартқандай?» деп Алпамыстай арыстың 7 жасар баласы неге қорсынып жылайды, ол «мен қасқырмын, тартсаңдар тарта беріңдер» деп неге қасқайып тұрмайды? «Көк бөрі деп тартқан соң, Екі өкпем бірдей қабынды» — деп ол қорсынады! Яғни, Жәдігер өзін қасқыр сезінбейді, керісінше көк бөрі түсті құрбан мал (лақ) сезініп қорсынады, содан екі өкпесі қабынып, ренжиді!

Көкпар ойынының атауын «бөрте» мен «бөріден» тапқысы келіп, «көкпар» сөзі тақиясына тар келген азаматтар бүгін ғана шыққан жоқ. Бұрыннан бар. Оған кешіріммен де қарау керек, себебі, көкпарға қасқырдың қандай да бір қатысы бар және «көк бөрі» тіркесі «бөрі» сөзімен қатар келеді, оның үстінде «бөрі» сөзі бүгінде қасқыр ұғымы ретінде де қолданылады. Шын мәнінде «бөрте» сөзі де малдың түсін білдіретінін ескеру керек. Ол да «буырыл» сөзіне мағынасы жуық сөз. Қазақтың киелі хайуанды жұмбақтап атайтынын ескерсек, «бөрі», «бөрте» сөздері сын есімнен зат есімге бертініректе ауысып кеткен. Тіпті Шыңғысханның бәйбішесінің есімі Бөрте болуы оның ажарының ақшылдығы ашық аспандай келбетін байқатады. Ежелгі дәуірдегі ата-бабамыз қадырды биіктеткісі келгенде жердегі нәрсеге емес, көктегі бояуға еліктеп зорайтқан, биіктеткен. Тіпті Бөрте анамызды шын есімі басқа болуы мүмкін.

Белгілі жазушымыз Сәкен Жүнісов «Ақан сері» романында губернатордың қызы Аннаға Ақан серінің ауызымен «көкпар» атауының шығуын «көкбөрі-көкбөр-көкбар-көкпар» деген тізбекпен айтқызып, қасқырға қатысты екенін айтқызады. Әрине бұл көркем әдебиет, бірақ жазушы осындай пайымдармен лингвистикалық насихатты кейіпкердің ауызына салып, «көкпардың» генезисі шынымен қасқырға ғана қатысты болғандай пікір қалыптастырады.

Қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов, «Қош бол, Гүлсары!» хикаятында көкпар ойынының атауын «козлодрание» деп «ұлақтартыш» сөзінің кәлкісін алады. Талай дүниеден хабары бар және өз ұлтының білгірі саналатын Шықаң неге «көкбөрі» сөзін қолданбады?! Мәселе оның ұлтшыл еместігінде емес, керісінше осыны келтіріп, онымен бірге аңыздарды қосып, одан әрі шығарманы қоздыра түсуге болар еді ғой. Өйткені, көкпар атауы қазақтарда әбден сіңісті де қалыптасқан сөз болса, қырғызда «ұлақтартыш» сондай атау болатын!

Төрк-қазақтың тілінде тырп еткізбейтін үндестік заңы бар. Яғни сөздің бірінші буыны жуан болса, келесі буын да жуан, жіңішке болса, тете буын да жіңішкеретін қасиет дарыған тіл. Егер де әу баста «көкпар» сөзі «көк бөрі» тіркесінен шықса, бұл сингормонизм заңына қайшы деген сөз. Қысқасы, көкбөрі сөзі өңкей жіңішке буындардан құрала тұрып, екінші буыны жын ұрғандай «пар» болып жуандап кетпейді! Керісінше, «көкпар» сөзінен «көкбөрі» шығуы әбден мүмкін: Көкпар/көкпәр/көкбәр/көкбөр-көкбөрі. Бұл – түйткілдің лингвистикалық шешімі!  Сондықтан Ақан серінің ауызына салынған «көкбөрі-көкбөр-көкбар-көкпар» тізбек тіліміздің заңдылығына мүлдем қайшы, келіспейді! Бұл агглютинатив емес, флектив тілдерге тән, біздің тілге жат құбылыс.

Демек, осы кезге дейін бұлжымай, бұзылмай, «көкпар» күйінде сақталған сөзді басқаша бұзылуға жол бермейтін халқымыздың танымында әлдебір біз аңғармаған қасиетті де киелі ұғымы мен танымы болды деген сөз. Ол не? Соған бас қатыру керек.

Бүгінгі көкпардың шығуы мен оның сипатына қарабайыр, тайыз таныммен қарау қалыптасқан. Көкпар ойыны аттыларға тән болғандықтан атты өркениеттің бірнеше мыңжылдық тарихымен сабақтас қарап, оның философиялық танымын жоймай, одан әрі нақыштай түсу арқылы ойынға деген терең көзқарас орнықтыру қажет. Осы орайда көкпар ойынының түпкі түрткісі ежелгі аттылардың Көкке мойынсұну, Күнге басты өмір көзі ретінде қарауға негізделген тәңірлік дүниетанымнан бастау алатын тұжырымнан қымсынудың керегі жоқ. «Көк+пар» сөзі Көктің бөлшегі, парағы түрінде сіңген бүгінгі несібе, ырзық, олжаға, батаға ие болу, таласу танымынан бастау алған жорамалын алға тартқымыз келеді.

Негмати, «Праздник Навруз»:

«Самыми увлекательными любимыми развлечениями публики повсюду в Средней Азии являлись популярные состязания-козлодрание («бузкаши») и борьба – «гуштингри», которые демонстрировали силу, ловкость и сообразительность участников и всегда привлекали внимание зрителей…».

Сайып келгенде, Күн мерекесі саналатын ежелгі Наурыз мейрамының басты тартысының бірі «көкпар» аталуы тегін емес және оны обаста командалық сипат емес, әркім өз ауылына, өз ошағына тартудың көрінісі де, әр көкпаршының Көк ырзығына таласу секілді мәнінде жатыр. Бұнымен көкпардың тарихын бірнеше мыңжылдықты және этнологиялық жағынан аса күрделі қырлары барын байқап, бұл ойынды бір немесе бірнеше ғана этностың, халықтың емес, жалпы еуразиялық Ұлы далада қалыптасқан Аттылар мәдениетінің көрінісі ретінде қабылдаған абзал.

Көкпарды зерттеушілер ойын жарағына татитын бірден бір нәрсе – мүйізді малдың мүрдесі, ол не ешкі, не сиыр яғни торпақ екендігіне жіті назар аударуы керек. Көкпар тартысы үшін ешкі терісінің қаттылығы деген талап, соншалықты сендіре қоймайды, себебі серкені терісінен, жүнінен тартып ие бола алмайсың. Не болса да қолға мығым ұстауға оңтайлы бөлігіне жармасасың.

Мүйізді малды құрбандыққа шалу – Айды Күннің жолында құрбан ете отырып, оның сәйкес кеңісі – Түнекті Күнекке жеңгізу жоралғысынан көрінеді. Ал құрбан малдың жаны Көкке жөнелгендіктен, оның тәні Жердегі олжа ретінде Көктің бір бөлшегі болмақ. Сонымен бірге «құрбандық жыртысқа» кім қол жеткізсе  – Жарықтың, барлық ырзықтың көзі болатын Тәңірден бата алатындай басты мұратқа жеткізеді-міс деген сенім болмады ма… Бізде әлі күнге ырым етіп, жақсы адамның жаназасына жыртылған жыртысты тарату бар емес пе?! Ал бұның сыры Уақыттың тұңғиығында.

Мүйіз – айдың нышаны, таңбасы. Сөйтіп, Айды Күнге жығып берудің бір ісі – соның сәйкес нышаны болар малды құрбан ету болған. «Бозқасқа» мәселесіне келсек, боз – күн сәулесінің оңып, батуға айналған, іңірге қараған уақытын меңзейтін түс, яғни уақыттың Түнге қараған шағы. Ал Түннің қасқасы (қасы, қабағы) – Ай екені мәлім. Сөйтіп, маңдайы қасқа, түсі боз малды құрбандыққа шалу – Айды Күнге жеңдіру ретінде ғұрыпқа айналып қалыптасқан. Тіпті «көк бөрі» тіркесінің өзі қасқырды емес, ашық аспанға ұқсайтын малдың түсін білдірмей ме?! Боз түс те сондай – ақшыл.

Алайда, бертін келе көкпар серкесінің мәні өзгерген. Яғни оған жағымсыз сипат беру орныққан. Оны «Алпамыс батыр» жырындағы Ұлтан құлдың көкпарға Алпамыстың ұлы «Жәдігерді тартыңдар!» дегенінен көруге болады. Өйткені, бұл – бір жағынан қорлау, құрбан ету актысы.

Сайып келгенде, көкпарға сойылатын мал обаста Күнге табынушылардың құрбандығы болып шығады. Бір назар аударарлығы сол – көкпарға ісек не қошқар (қой) емес, міндетті түрде мүйізді серке (бәлкім, теке) шалынады. Тіпті, қырғыз нұсқасында торпақ та жүр.

«Көкпар» сөзінің этимологиялық нұсқалары

Енді лингвистикалық айғақтарға келейік. Ойынның «көкпар» атауы оның қалыптасуы мен тарихына дендеп бойлауға мүмкіндік беретін дәйектердің бірі. Сол себепті оны айналып өтудің қисыны жоқ.

Көкпар ойынының атауларын негізі үш топқа жіктеп қарастыруға болады:

  • Этнографиялық құндылыққа жататын атау нұсқалары: «ұлақ тартыш» немесе бұзау тартуға қатысты «торпок тартыш», ұлоқ/uloq – өзбекте, бузкаши – ауған мен тәжікте;
  • Тарихи құндылыққа негізделген атау нұсқалары: кёк бёру, көк-бөрү, кюк бюре – қырғызда, кöк-бöрӱ – алтайда, күк бүре – башқұртта;
  • Аса ежелгі мифтік құндылыққа негізделген атау нұсқалары: көкпар – қазақта, кок-бору – қырғызда, көпкари/koʻpkari – өзбекте, купкори/кӯпкорӣ – тәжікте.
  1. Халықтық атауларға жатқызылған «ұлақ тартыш», «торпоқ тартыш», «ұлоқ» сөздерінің барлығы көкпар ойынының жарағы болатын серкенің, лақтың не бұзаудың атауына байланысты таралған халықтық атау ғана, бұған буз – ешкі, кашидан – тарту ұғымдарынан шыққан тәжікше «бузкаши» сөзі де жатады. Бұл атаулар халықтық атау болғанмен, этнографиялық құндылықтар бола алады.Ал, ауған, тәжік халықтарындағы «бузкаши» сөзі түркі атауларының калькасы екені анық.
  2. Тарихи құндылықтарға жатқызылып отырған кёк бёру, көк-бөрү, кюк бюре, кöк-бöрӱ, күк бүре – бұлардың барлығы да жоғарыда аталғандай, ежелгі дәуірдегі бөрінің киелік бейнесін паш ету көрінісін хабарлайтын сөздер екені анық және солардың әр тілдегі вариациялары ғана. Алайда, бұлардың көпшілігі халық арасында ұмыт қалып барып, ұлттық жадтың жаңғыруымен бертін келе қалпына келтірілгендей әсер бар. Себебі, әзірге этнография саласында дәл осылайша атаулар тіркелгендігін келтіре алмай отырмыз.
  3. Аса ежелгі мифтік кезеңді қозғайтын атауларға келсек, бұларға қатысты жайттар барынша бұлыңғыр, бірақ лингвистикалық жағынан қазбалау арқылы біраз жайға қанығуға әбден болады. Бұл жерде негізінен атаулардың ішінде көкпар, кок-бору вариацияларын ғана қарастырған мақұл, себебі көпкари/koʻpkari, купкори/кӯпкорӣ сөздері «көкпар» атауынан лингвистикалық Метате́за (ежелгі грекше – μετάθεσις, аудару) құбылысы арқылы қатар тұрған дыбыстардың өзара орын ауыстыруынан өзгеріске түскені көрініп тұр. Мысалы: әпке-әкпе, айналайын-айланайын.

Лингвистикалық қисыннан алғанда, «көкпар» сөзі кейбір жұмсартқыш, жіңішкерткіш ортада «көкпөрге» айналуы да ғажап емес. Оған қоса бөрі мифологиясының ықпалымен «көк бөрі» атауы кейін туындаған деген жорамалымыз бар. Қазақ тілінде көкбар да, көкпар да болған, бертін келе соңғысы қалыптасып сіңді. Айтпақшы, қазақ тілінде атаудың бұлайша жасалу жолынан басқа нұсқасы жоқ. Демек, қазақша «көкпар» атауы барынша ежелгі және мазмұны мен формасы жағынан аса өзгеріске түспеген. Сонымен, «көкпар» нұсқасы көк бөрі/көк бөрте тіркестерінен де ертеректе қалыптасқан.

Кейбір этнографтардың нұсқасы бойынша «көкпар» – «көк бөрте» (лақ) сөзінен шыққан. Олай болса, ол сол күйінде «көкбөрте» болып неге өзгермей қалмады? Үндестік жағынан қарағанда «көкпар» сөзіне оның өзгеруінен гөрі, «көкбөрте» немесе «көкбөрі» күйінде өзгермей қалу мүмкіндігі зор еді… Сонымен, мәселе «пар» сөзінде болып тұр…

«Пар» сөзі жалпыадамзаттық аса ежелгі сөздердің бірі және ол көп тілдерге жайылғанымен негізгі семантикасын жоймаған. Пар – бөлік, бөлшек.

Көз жеткізу үшін бұл сөзге қатысты біршама сөздерге тоқталсақ («Қазақ сөздігі» — Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. – 1488 бет. және sozdik.kz) :

Пар – екі бөліктен тұратын жұп;

Пар – бір біріне тең, сай;

Пара – түрікше ақша, «кесек», «бөлік» деген мағынада;

Пара – бiр нәрсенiң бөлшегi, бөлiгi, саласы, үлесі, «Бұл жұрттың сөз тыңдамас бiр парасы» (Абай);

Пара (иранша, көне зат есім) – бір нәрсенің бөлшегі, бөлігі, тармағы;

Пара-пара – быт-шыт, күл-талқан, дал-дал: бірнеше бөлшекке бөліну,

Пар+тия – тауардың не әлеуметтік топтың бір бөлігі; жан-жаққа бөлінген топ, одақ, жік.; заттардың, тауарлардың белгілі бір көлемі.; жеке дауыспен немесе жеке музыкалық аспапта орындау үшін жазылған шығарма;

Пара алды – өз мүддесі үшін жасырын түрде алынатын үлкен пұлдың/қызметтің бөлігі;

Пара болды – бөлшек-бөлшек болып сынды, быт-шыты шығып күйреді.

Әрине, көкпарға тарту құрмет емес, оны қорлау, кек алу актысы екендігін «пар» сөзіне қатысты мына түсіндірмелер де дәлелдейді:

Парша – жіктелгіш, бөлінгіш мата; бір кесек, бір бөлек;

Паршалау – 1. Быт-шыт қылу, кескілеу, тілгілеу. 2.Сойған малдың етін боршалау, мүшелеп бұзу, осу, бөлу, үлестеу;

Барша – бөлек-бөлек,бөлшек-бөлшек, парша-парша

Борша-борша – дал-дал, пәре-пәре, быт-шыт

Борша-борша болған бет – изодранное лицо

Ал «көкпар» сөзінің өзі әбден сіңісті болғаны сондай аллегориялық бейнелі мазмұнға ие болған лексема:

Көкпар болды – әркімнің жұлқуында болды;

Көкпарға түспеген – күш сынаспаған, айтыс-тартысқа түспеген;

Көкпар қылды – әбден азаптады, қинады.

«Көкбөрі» сөзіне қатысты бұндай қалыптасқан тіркес жоқ!

Жоғарыдағы келтіріндіден байқағанымыз «пар» сөзінің әлдебір нәрсенің бөлшегі, жапырағы, жыртысы екендігі. Сондай-ақ, бұл сөз әртекті тілге енуіне қарағанда оның аса ежелгілігін айқындайды. Ендеше оның қосылуынан жасалған «көкпар» сөзінің де ежелгі сөз екенін ескеруге тура келеді, мұндағы «пар» буыны бұл жерде «үлес», «сыбаға» мағынасында тұр. Дәлірек үңілсек, «көк+пар» тіркесі: «Көктің үлесі», «Көктің жыртысы» деген мағынада. Демек, көкпар тарту – ежелгі мазмұны бойынша Көктің үлесіне, несібесіне таласу деген мәнге ие. Демек, бұл тәңірлік таным жайлаған ежелгі дәуірдегі танымның бір жоралғысы екендігі өзінен өзі шығады.

Қырғыз тарихшысы Дүйшен Керимов (Что означает кок-бору, знают все, что такое кокпар, не знают даже казахские ученые sport.akipress.org):

«Я спрашивал у ученых Казахстана, почему игру кок-бору (кок – голубой цвет, бору – волк, тотемное животное, символ) они назвали кокпар. Понятно, что значит кок, а что за слово пар? Они сами не смогли ответить на этот вопрос» дегені ақтарлық жағдай, өйткені бірнеше мыңжылдық құндылықты бірден аңғару кімге болса да оңай болмас еді.

Ал анықтығы айдай болып тұрған «көк бөрі» салыстырмалы түрде «кешегі» қалыптасқан атау еді.

Қорыта келе, «көкпар» атауы ойынның бастапқы мазмұнын сақтаған ежелгі нұсқасы болса, «көк бөрі» атауы бертін келе бөрінің айбынды бейнесін паш етуге бағытталған туынды нұсқасы деп есептейміз. Көкпар этноойынының туындауын қарабайыр түрде сөздердің туындау мүмкіндігімен қарастыру мүлдем жеткіліксіз. Өйткені, бүгінде ойынға, ал ертең спортқа айналғалы тұрған бұл рухани құндылық өзінің этнологиялық үдерістен өткен ежелгі танымдық жоралғының бір парасы деп бағалаған абзал.

Алайда, бұл көріністер мен көкпардың пайда болу турасындағы пікірлер мен көзқарастар бертіндегі дәуірді қамтитын дәйектер ретінде жеткіліксіз. Сол себепті, атүсті түрде қалыптасқан ойын атауын «көкпардан», «ұлақтартыштан» «көкбөріге» өткізе салу жеңілтектік әрі жауапсыздық.

Сөз соңы. Қорыта айтқанда, «көкпар» атауының баламасы ретінде қырғызда «ұлақтартыш» қалыптасқан. Ал «көкбөрі» атауы ғұрыптық ойын ретінде өзекті болуы мүмкін. Сол себепті көкпар спортының атауы «көкпар», ал көкпар ойынының атауына «көкбөрі» лайық болар еді. Спорт пен ойынның айырмасы мүлдем басқа екенін басқа жолы сөз етерміз.

 Серік Ерғали, төрктанушы,

Argymaq.kz

ФОТО: Дмитрий Ругис

Серік Ерғалидың көкпарға қатысты өзге де мақалалары:

Көкпар: Этноспорт па, этно ойын ба?

Көкпар тұжырымы тарихи мәнге сай емес

Көкпар: Спорт басқа, ойын басқа

Көкпар: Ай мен Күннің тартысы

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.