Серік ЕРҒАЛИ: Көкпар тұжырымы тарихи мәнге сай емес
Кез келген бүгінгі спорт ойындарының тарихи тамырымен бірге оның басты тұжырымы бар. Ойын спортқа айналып, қаншалықты икемделгенімен оның басты тұжырымдық мәні сақталады және солай болуы да керек. Әйтпесе, ойынның мазмұны өзгереді, жалған сипатқа ұшырайды. Көкпар ойынын қарастыра отырып, оның мазмұнының өзгеріп, мәнінің бұрмаланғанына назар аударуға тура келіп отыр.
Көкпар ойын ретінде ежелден ойналып келеді және тарихшылардың пайымына сүйенсек, сонау Заратуштра кезеңінен орын алған екен. Бұған ұқсас ойындар негізінен аттылы түркілер мен олармен араласқан парсытектес халықтарға тиесілі. Бұлардың қайсысына да ортақ көкпар мазмұны ешбір қақпаның не қарсылас қос тараптың болмағандығы байқалады.
Десек те, ойынды спортқа айналдыру қазақ жерінен басталған. Қазақстанда 1949 ж. көкпар ойнаудың жаңа ережесі бекітіліп, оған сәйкес көкпарды арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. 1958 жылдан бері көкпар бәйге алаңдарда (ипподромдарда), тәуелсіздік жылдарынан бері арнайы көкпаралаңда өткізілуде.
Көкпардың ойын кезі мен оның спортқа айналу кезеңін ескерсек, оның басты тұжырымдық сипатының айырмасын байқаймыз: ойын нұсқасында көкпарды ойыншы өз ауылына немесе өз ошағына әкеліп тастауы керек, ал спортқа айналғаннан бері көкпар қарсылас тараптың қақпасына немесе қазандығына апарып салынатын болды. Біз айтқалы отырған көкпардың тұжырымдық мәнінің бұрмалануы осы жерде – көкпардың қарсыласқа сыйлануында болып тұр.
Бұл мәселе неден шықты? Көкпарға футбол тұжырымын таңудан шықты. Футбол спортында қарсыласты жазалау ретінде оның қақпасын доппен тебу, яғни гол салу белгіленген. Ал көкпарды спортқа айналдыру барысында біз қарсыласты жазалаудың орнына оған көкпар сыйлау арқылы спорттық сайыстың жазалау сипатын бұрмалап жібердік. Көкпар – ежелгі тәңірлік танымнан тамырын жаятын Көктің сыбағалық сыйлығы болып табылады – кім мықты, саймасай болса, Көк соған сыбағасын сыйлайды деген ишара жатыр, сол себепті жеңімпаз көкпарды өз ауылына апарады, өз ошағына әкеліп тастайды. Бұл сайыста қарсыластан сыбағаны тартып алу сайысы басты мән болып табылады. Ал біз бұл ататанымды тәрк етіп, спорттық сайысқа да жатпайтын, салттық ойын талабын да тәрк ететін тұжырымды таңдаппыз.
«Алпамыс батыр» жырында Алпамыстың жауға кеткен бірнеше жылында бас көтерген Ұлтан құл оның алты жасар ұлы Жәдігерді қорлап қозы бағып жүрген немересіне батырдың әкесі Құлтай баба келіп: «Шырағым, сен бе едің, сүйінші!» — деп балаға көкбарын беріп, жүріп кетті. «Әкең келді, — деп айтуды ұмытып кетті. Онда Жәдігер ойлады: «Менің көкбар шабатын заманым болса өстіп жүрем бе, бұл көкбарды Қарлығаш апама апарып берейін, жігіттерге асып берсін!» деп мойнында кісен, аяғында шынжыр құнан атанды сүйретіп ауылға алып барады». Осы тарихи оқиға бізге көкпарды қайда апарып тасталатынын бір емес, екі рет көрсетіп тұр: біріншісі – атасы немересіне, екіншісі – немере інісі әпкесіне беріп тұр. Ал біздің бүгінгі ереже көкпарды Ұлтан құлға апарып «сыйлатар» еді. Өйткені бүгінгі көкпар спортының тұжырымы тарихи мәнге сай емес.
Бұл жағдай біздің ұлттық спортымыздың ішкі мазмұнды тәрк етумізден, сыртқы көріністі өзгеден көшірмелеуімізден туындады. Бұл тұжырымды түзету керек. Ол үшін әр команда өз қазандығына көкпар салып, ұпай жинауы қажет. Сонда ғана ұлттық ойынның спортқа айналуы ұлттық танымты тәрк етпей, оған деген құрмет пен қадырды арттырады. Көкпардың футболдан көшірілген тұсын қымтай түседі.
Әдебиеттер
1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл.
2. Қазақстан — спортшылар елі. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Сөздік-Словарь».
3. Батырлар жыры. І том. Үшінші басылуы. Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы. Алматы — 1963