Адай жылқысы қалай «Асыл тұқымды жылқы» атанды

2982

Қазақ халқы әзелден жылқыны ерекше қадірлеп «төрт түліктің төресі» деп таныған.

Бабаларымыз жылқы арқылы әлемге танылып, өз өркениетін сомдағаны тарихтан белгілі. Еліміздің ұйысқан тұтастығы мен байтақ жеріміздің сан қатпарлы тарихы да тұлпардың тұяғы, аттың жалында қалыптасқан. Жылқы өсіру арқылы адамзат өркениетіне ауыздық, үзеңгі және жарғақ шалбарды енгізген де қазақ халқы.

Жылқыны ең алғаш қолға үйреткен де бабаларымыз болғаны көңілге мақтаныш. Менің пайымдауымша, өзгелерден ертерек атқа мінген бабаларымыздың жылқы туралы танымының басқалардан жоғары болуы да заңдылық. XVIII ғасырдың өзінде атақты орыс зерттеушісі А.Вилькинс «қазақ жылқысы арқылы біз орыстар, жылқыға қол жеткіздік» деп жазған екен.

Ғылыми тұрғыдан жылқылар ет, сүт беретін өнімділік бағыттағы, мініске арналған және спорттық бағыттағы жылқылар болып жіктеледі. Осы орайда, қазақ жылқысының сүбелі тармағының бірі – Адай тұқымы, көбіне, өнімділік бағыттағы және мініске арналған жылқылардан тұрады. Ежелгі тарихшылардың зерттеулерінде айтылғандай, қазақ даласының Арал-Каспий теңізі аралығын мекендеген халықтың өмірімен етене араласып келе жатқан Адай жылқысы қазақ жылқысының аймақтық түрінің бірегейі.

Тарихқа үңілсек, қазақтың адай жылқысына орыс ғалымдарының аңсары Патша үкіметі тұсында /1870 жылдар/ ауғаны байқалады. Атты әскер командирі М.Арнольди жазбаларында адай жылқысының төзімділігі, ауырмайтыны, оның сусыз 100 шақырым жерді жүріп өтетіні, арымайтыны және арқасының жауыр болмайтыны мен тұяқтары мықты болатындығы сияқты артықшылықтары сипатталған.

Жылқы зерттеушілердің бәрі дерлік адай жылқысының мініске төзімділігіне тәнті болған. Вилькинс және Я.Полферов зерттеу мақалаларында «қазақтың ең жақсы жылқы тұқымы – арғымақ» деген пікір білдіріп, адай жылқысына арнайы тоқталған /«Лучшие породы киргизской лошади – адай», журнал «Коневодство», 1899/. Осы мақалада, Адай жылқысына тән дара қабілет шабысқа шыдамдылығы қазақтың жылқыларын, көбіне, түркмен жылқылары текен мен жәуміт тұқымдарымен будандастыру арқылы қалыптасқаны баяндалады.

Адай жылқысын ғылыми зерттеу жұмыстары 1933 жылы Қазақстанда «Мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ашылған мезеттен бастау алады. Институт құрылымында жеке «жылқы шаруашылығы» бөлімі ұйымдастырылады. Жылқы шаруашылығы бөлімінің басшысына ғылым кандидаты А.В.Мишарев тағайындалып, алғашқы жұмысын қазақ жылқыларын, оның ішінде Адай жылқысын арнайы зерттеуден бастайды.

Қазақ жылқысының қадір-қасиетін түбегейлі зерттеген жылқы шаруашылығының танымал ғалымдары Ю.Н.Барминцев, Б.Х.Садықов, С.О.Омаров, И.Н.Нечаев, А.К.Росляков /ҚР Эксперименталды биология институтының экспедициялық тобының жетекшісі/, А.И.Иманғалиев, С.Рзабаев, Г.В.Сизоновтар бірауыздан адай тұқымын өсіруді және оның мініс қасиетін жақсарту барысында асылдандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізуді құптаған. Осы орайда, ғалымдар адай жылқысын өсіру барысында жергілікті жерге бейімді әрі төзімді малдарды сұрыптау арқылы, қолтума төлдерді жақсарту ұстанымына басымдық берді.

Адай жылқысын тану бағытындағы ең маңызды кезең – 1944-1956 жылдар. Осы жылдары «Гурьев мемлекеттік асыл тұқымды жылқы өсіру» /Госплемрассадник/ мекемесі ұйымдастырылады. Осы мекеме ғылыми негізде адай жылқысын өсіру мен бағым-күтімін реттеу арқылы асыл тұқымды мал басын көбейтуді жүзеге асырған еді. Мекеме тікелей СССР Ауыл шаруашылық министрлігі қарауындағы С.М.Буденный басшылық ететін «Жылқы және жылқы зауыттары бас басқармасы» құрамына кірді және тікелей Одақ бюджетінен қаржыланды.

Адай жылқысы жайлы көп жылғы зерттеу жұмыстарын зерделеген алғашқы жазба Б.Х.Садықовтың ғылыми еңбегі /«Биологические и хозяйственные особенности адаевской лошади», 1958/ болатын. Бұл кітапта адай жылқысының шығу тарихы, тұқымды өсіру технологиясы, жайылымда бағу үрдісі баяндалған және биологиялық қасиеттері (ішкі және сыртқы ағза ерекшелігі) сипатталып, өнімділік қабілеті: сүттілігі, еттілігі және мініс қасиеттері барынша қамтылған.

Осы зерттеулерді жалғастырған А.Иманғалиев /«Адаевская лошадь», 1962/ ғылыми еңбегінде алғаш рет қазақ жылқысының адай тармағында 7 генеалогиялық құрылым қалыптасқанын дәлелдеп, әр аталық айғырдың тұқымдық ерекшеліктерін /сырт тұрпаты, түр-түсі, мініс қасиеті және т.б./ сипаттаған. Сол кезеңде Өрендік, Еңсегенторы, Қибаскөк, Бекесторы, Есполайторы, Есполайжирен, Ізтұрған атты жеті аталық айғыр үйірінде 255 айғыр мен 653 бие болғаны баяндалады.

Жоғарыда келтірілген ғылыми ізденістер топтастырылған және басқа да мәліметтер жүйеленген Сәбит Әбішұлының «Тағылым» /2009/ атты еңбегі адай жылқысын танимын деген адамдарға таптырмайтын маңызды дереккөз.

Адай жылқысы негізінен Батыс Қазақстан аймағында, оның ішінде Маңғыстау, Атырау және ішінара Қызылорда өңірлерінде өсіріледі. Жазы аптап ыстық, қысы қақаған суық Маңғыстау өңіріне тек адай жылқысы жерсінген. Жыл он екі ай жайылымнан өз қорегін таба алатын, жұмыста күй талғамайтын, мініске берік жылқы екенін дәлелдеген тек Адай тұқымы. Соңғы жылдары /2020, 2021/ сырттан әкелінген малдар орын алған қуаңшылық кезінде жергілікті жердің қатаң жағдайына шыдай алмай қырылып қалғаны адай тұқымының қадірін еске салды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары және 1968-1969 жылдары орын алған жұт кезінде де тек жергілікті адай жылқысының аман қалғаны осы тұқымның қуаңшылықтың қатаң қысымына төзімділігін айғақтайтын фактілер.

Осы орайда, ғылыми тұрғыдан адай жылқысының табиғаттың қатал климатына төзімділігі, күй таңдамайтыны, мініске беріктігі сияқты төл таңба қасиеттері сол өңірді мекендеген байырғы бабалардың көреген селекциялық жұмыстарының жарқын көрінісі екені табиғи заңдылық. Табиғаттың аясында, табиғаттың тылсым күшін жете меңгерген бабаларымыз жаратылыс заңдылығын ұтымды пайдаланғанына осы адай жылқысы куә. Сонымен, адай жылқысы табиғаттың тамаша туындысы, әрі халықтық селекцияның үздік жетістігі ретінде бағалы.

Қазақстанда жылқы шаруашылығын дамыту барысында сындарлы саясаттың болмауы және үзік-үзік жүргізілген селекциялық жұмыстар, жалпы жылқы саласының өркендеуіне қол байлау болғаны ащы шындық. Осы орайда, адай жылқысын жан-жақты зерттеп, оның жақсы қасиеттерін жетілдіруге бағытталған ғылыми ізденістер де дәрменсіз болды.

Академик И.Н.Нечаевтың басшылығымен жүргізілген ғылыми жұмыстар барысында адай жылқысын негізгі, міністі және өнімді тип деп үш топқа топтастырған еді. Осы орайда, өндірістік бағыттағы Адай жылқысын дамыту бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Өйткені, адай жылқысына қатысты мал өсіруді мақсат тұтқан көптеген шаруалар өнімді бағыттағы жылқыларды өсіруге ұмтылды. Бұл бағытта «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының» ғалымдары 2010 жылы адай жылқысының өнімді бағыттағы қалыптасқан генеалогиялық құрылымына сүйене отырып: «Есполайжирен», «Есполайторы» және «Амандықторы» атты үш зауыттық аталықіздерін апробациядан өткізген еді.

Осы кезең Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдары және ғылыми ізденістердің, әсіресе мініс бағытындағы адай жылқысымен жүргізілетін селекциялық жұмыстардың әлсіз кезі еді. Адай жылқысының мініс бағытындағы типіне назар 2009 жылдан бастап аударыла бастады. Жылқы шаруашылығы бөлімінің басшысы Г.В.Сизоновтың басшылығымен алғаш мемлекеттік деңгейде 2011 жылы алыс қашықтыққа бәйге ұйымдастырылып, адай жылқысының мініс қасиеті әлемге дәріптелді. Осы үрдіс сабақтастығын тауып, халықаралық жарыстарға ұласып кетті.

Мысалы, 2011, 2012, 2014 жылдары өткен 80, 120 және 160 км қашықтыққа арналған Маңғыстау әкімінің кубогі;

2011, 2012, 2013, 2014 жылдары өткен 80 және 120 км қашықтыққа арналған Орталық Азия чемпионаты /Талғар, Алматы облысы/;

2011, 2012, 2013 жылдары 80 және 160 км қашықтыққа өткен Балтық елдері мен ТМД елдерінің «Ынтымақтастық кубогі» фестивалі;

2012 жылы Астана қаласында өткен Президент кубогі және басқалары.

2013 жылы Абу-Дабиде өткен халықаралық жарыста Қазақстан атынан негізінен Маңғыстау өңірінің атбегілері мен шабандоздары қатысты. Жалпы, адай жылқысы 2011-2014 жылдары 80, 120 және 160 км қашықтыққа арналған 22 халықаралық жарысқа қатысты. Сонымен қатар, Адай жылқысы 2022 жылы өткен «Ұлы дала жорығы» марафонында жеңімпаз атанып, 2023 жылы өткен марафонда жақсы көрсеткіштер көрсетті. Осы жарыстардың ұйымдастырылуына ықпал еткендердің бел ортасында «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институтының» ғалымдары Дәурен Сыдықов, Жөкең Тұрмұхаметов, Ғабиден Бақтыбаев бастаған топ жүрді.

Сонау 2011 жылдары 80 км қашықтыққа өткен Балтық елдері мен ТМД елдерінің «Ынтымақтастық кубогі» фестивалінің жеңімпазы атанған Ратторы-60 айғырының ұрпақтары ғалымдардың назарына ілініп, есепке алынып, биыл осы топтың негізінде Ратторы-60 зауыттық аталықізі апробацияланды.

«Ынтымақтастық кубогі» фестивалінде «Ратторы» айғырдың үш баласы «Ойлы», «Қасқатай», «Жезкиік» 80 км қашықтықта мәреге ешкімді алдына салмады. Осылардың ішінен «Жезкиік» атты айғыр суырылып шығып 2011-2014 жылдары қатарынан бірнеше аламан бәйгенің жүлдегері атанды, әсіресе 2014 жылы Каен /Франция/ қаласында өткен әлемдік ат ойындарына қатысу үлкен мәртебе еді. Ратторының кіндігінен тараған «Жезкиік» айғыры 80 км қашықтықты 21,48 км/сағат жылдамдықпен өткен өрен жүйрік. Ратторыдан тарайтын «Қозыкүрең» мен «Үштоған» атты аттар да жүлделі орынды иемденген жүйріктер.

Адай жылқысының мініске арналған жеңіл типі 2011 жылдан бері біздің Институттың ғалымдары тарапынан қолдау тауып, жарыстарға қатысқан әр аттың, әсіресе, халықаралық жарыстардан жүлде алған әр жануардың ерекшеліктері назарға алынып, жазбаша таңбаланып отырды. Осы жылқылардың шежіресі жасалып, бәйге аттарға тән ерекшеліктерінің барлығы қағазға түсірілді. Осылайша, «Мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының» ғалымдары 2022-2023 жылдары бәйгеге қатысқан барлық аттардың сырт түр-тұрпаты /фенотипі/ ерекшеліктерін жүйелеген ғылыми сараптама дайындалды. Институттың «генетикалық сараптама зертханасында» ең үздік жануарлардан алынған қан сынамасының негізінде адай жылқысының генетикалық сипаты да жасалды.

Биылғы жылы Қазақстанда алғаш рет адай жылқысының дара нуклеотидтер полиморфизмы /SNP/ бойынша генетикалық алуантүрлілігі зерттелді. 126 бас жылқыдан алынған қан сынамасы негізінде 81974 SNP тізбегі зерттеліп, адай жылқысының генотиптік ерекшелігі анықталды. Сирек аллелдердің кездесу жиілігі, олардың байланыс теңгерімі және жақын туыстығы /инбридинг/ сияқты генетикалық ерекшеліктер айқындалды. Адай жылқысының басқа тұқымдардан айырмашылығын анықтау үшін қосымша кластерлік талдау жасалды.

Аламан бәйгелерде жүлделі болған, түр-тұрпаты адай жылқысына тән 15 бас жылқыдан қан алынып, толық геномдық сараптама жасалды. Егерде генотиптік талдау бойынша 81974 SNP тізбегіне сараптама жүргізілcе, толық геномдық талдау бойынша 6,3 млн SNP тізбегіне зерттеу жасалды. Сонымен қатар, Еуроазиялық Одақ талабы бойынша жаңадан апробацияланатын аталық іздер мен типтердің үйір ұстаған айғырларын тұқым қуалайтын ауруларға төзімділігі бойынша генетикалық сараптамадан өткізу жұмыстары да елімізде алғаш рет жүзеге асырылды.

Ең күрделі, әрі қауырт жұмыстар биылғы жылы Президент тапсырмасына орай Маңғыстау өңірінің 5 ауданының 30 шаруашылығын қамтыған экспедициялық ғылыми зерттеулер болды. Экспедициялық зерттеулер барысында 5 мыңнан астам адай жылқысы алғашқы кешенді бағалаудан өтіп, оның мыңнан астам басы жаңа тұқым ретінде танылатын «Адай» жылқысына қойылатын талап үдесіне сай түр-тұрпатына және селекциялық құндылығына қарай асыл тұқымды мал тобына шоғырландырылды. Осы таңдаулы малдардан қан алынып, адай жылқысының генетикалық ерекшелігін адақтайтын геномдық сараптама жасалды.

Елімізде ең алғаш генотиптік сараптама негізінде апробацияланған бірегей жаңа тұқым осы Адай жылқысы. Генетикалық зерттеулердің астарында екі үлкен мақсат тұрды.

Бірінші мақсат – жаңа тұқымды апробациялау кезінде олардың тектілік қасиетін гендік деңгейде растау және тұқымның жақсы қасиеттерін жетілдіру барысында селекциялық жұмыстарды дәстүрлі фенотиптік әдіспен қатар ДНК-маркер ұстанымымен жүргізу болатын. Яғни, жаңа тұқымның болашағы заманауи әдістеме – геномдық селекция жолымен ұласқаны көзделді.

Екінші мақсат – мініс бағытындағы Адай жылқысының генетикалық ерекшелігін толығымен қамти отырып, оның ерекше дербес қасиеті ұзақ шабысқа шыдамды қабілетінің генетикалық заңдылығын анықтау болатын. Маңғыстау өңірінде өсірілген 1300-ден астам жылқыдан алынған қан сынамасын зерттеу барысында, шынымен, Адай жылқысының генетикалық құрылымы қазақ жылқысының басқа тармағынан, мысалы Жабы, Мұғалжар тұқымдарынан ерекше дараланатыны айқындалды. Ресей ғалымдарымен бірлесіп жүргізіліп жатқан тұтас геномдық зерттеулер нәтижесі болашақта Адай жылқысын сұрыптау барысында геномдық селекция әдісін толығымен қолдануға жол ашады.

Ел Президенті Маңғыстау өңірі жұртшылығымен кездесу барысында: «Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, ол тағы бір тамаша брендімізге айналады» деп Үкіметке адай жылқысын асыл тұқымды мал ретінде ғылыми тұрғыдан тану және өсіру үшін тиісті шаралар қабылдауын тапсырған еді. Осы тапсырма аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан адай жылқысын ғылыми қамту мәселесіне пәрмен беріліп, «Мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ұжымына қордаланған мәселелерді жедел шешіп, адай жылқысын жаңа тұқым ретінде апробациялауды жылдың аяғына дейін аяқтауды жүктеген еді.

Осы сенім толығымен ақталды. 2010 жылдан бастау алған селекциялық жұмыстарға серпін беріліп, маусым айының басында мініс бағыттағы «Ратторы-60» аталықіз құжаттары Әділет министрлігіне жолданды. Шілде, тамыз айларында мініс бағыттағы «Бұғабай киік қоңыр-98» және «Манап сұр-93» айғырларының ұрпақтары негізінде екі аталықізді апробациялауға қажет құжаттар дайындалды. Адай тұқымының мініс типіне тән жылқыларының ерекшеліктері зерттеліп, әсіресе, жарыс және бәйге кезінде көрсеткен көрсеткіштері зерделеніп, осы жылқыларға тән белгілердің біркелкілігі және тұқым қуалау қасиеттері анықталып, жаңадан апробациядан өтетін мініс типінің толық сипаттамасы жасалды. Сонымен, «Ратторы-60», «Бұғабай киік қоңыр-98» және «Манап сұр-93» аталықіздері негізінде адай жылқысының жаңа тармағы «Адай тұқымішілік мініс типі» жаңа селекциялық жетістік ретінде мемлекеттік тіркеуден өтті.

Осы жұмыстармен қатар, 2010 жылдары апробациядан өткен үш зауыттық «Есполайжирен», «Есполайторы» және «Амандықторы» аталықіздерінің ұрпақтары селекциялық сараптамадан қайта өткізіліп, адай жылқысының өнімді бағыттағы жаңа тармағы «Маңғыстау тұқымішілік типі» апробацияланды. Қолданыстағы «Селекциялық жетістіктер» туралы заңнама бойынша жаңа тұқым шығару үшін екі тұқымішілік тип болуы шарт еді. Сонымен, қазақ жылқысының адай тармағының өнімдік бағыттағы «Маңғыстау тұқымішілік типі» және мініс бағытындағы «Адай тұқымішілік мініс типі» негізінде қазақ жылқысының жаңа түрі «Адай» тұқымы жаңа селекциялық жетістік ретінде танылып, мемлекеттік реестрге тіркелді.

Сонымен, Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдауымен, «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының» қызметкерлері, Н.А.Ноғаев бастаған Маңғыстау облысының басшылығы және Маңғыстау өңірінде адай жылқысының жыртысын жыртып жүрген «Асыл тұқымды «Адай» жылқысы» қауымдастығының азаматтары жұмыла жүргізген жұмыстардың арқасында бір жылдың аясында «Адай» жылқысын дербес тұқым ретінде тану барысында алты селекциялық жетістікті қатар рәсімдеуге қол жеткізілді.

Ең бастысы, Маңғыстау жұртшылығының көп жылдан бері үкілеген үміті «Адай» жылқысын дербес тұқым ретінде тану жүзеге асты. Яғни, Адай жылқысы жеке тұқым мәртебесін иеленіп, қазақтың өңірлік бренді ретінде дүние жүзіне танылуына толық мүмкіндік алды. Ең маңыздысы Адай жылқысы табиғаттың тамаша туындысы, әрі халық селекциясының үздік жетістігі ретінде халықаралық жарыстарда жеткен жетістіктерін жеңімпаздықпен жалғастырып, ұлттың ұлылығын танытатын құндылығын арттыра берсе деген сенімді ақтау. Осы орайда, «Адай» жылқысының жақсы қасиеттерін ұштау бағытында атқарылатын ғылыми және ұйымдастыру іс-шаралары әлі де ұшан теңіз.

Әсіресе, «Адай» жылқысының алыс шақырымға шабатын қарымды қабілетін әлемге таныту, сол арқылы атжанды қазақтың ұлттық брендін қалыптастыру алдағы атқарылатын ауқымды жұмыстардың алғы легі. Дұрыс ұйымдастырылған жұмыс «Адай» жылқысының бәсін арттырып, бәйге дүбірімен әлемді қарата алуына жол ашары хақ. Ардақты ағайын, өткен жыл қорытындысын тұйықтаған жақсы жетістіктердің бірі жылқының жаңа түрі «Адай» тұқымының аламан жарыстарда жұлдызы жарқырап, мәреге жете беруіне сәт сапар тілейік!

Айбын Төрехан

ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

«Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі

ғылыми зерттеу институтының» басшысы

«Егемен Қазақстан»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.