Кабирханның қысқаша тарихы

1928

Кабирхан (Калифорния Хром –Литтл Эмили) 2020 жылдың көктемде Американың Кентукки аймағында дүниеге келген.

2021 жылдың 24 қыркүйегінде аукционнан сауырында 3881 номерлі үш аяғы ала, күрең қасқа 1,5 жасар тайды, асыл тұқымды жылқының агенті, қазақтың белгілі атбегі, Республикалық дәрежедегі төреші, селекционер-зоотехник Хасанов Надир Расулұлы 12 мың долларға сатып алып, елге әкеледі.

Надирдің әкесі жайлы аз сөз

Надирдің әкесі танымал атбегі Хасанов Расул, ол – Алматы зооветеринарлық институттың (АЗВИ) 1977 жылғы түлегі.

Ростов облысындағы атақты «Буденный» асыл тұқымды жылқы зауытының бас зоотехнигі;

1978, 1979 және 1980 жылдары спорттық жылқылардың халықаралық аукционының жеңімпазы;

Кеңес Одағының жетекші жылқы зауыттарында «Бірінші ат армиясы», «Ворошилов», «Восход», «Кабардинск», «Бесланск», «Онуфриевск», «Рисосовхоз», «Красноармейск» жылқыларды асылдандыру жұмысын жетілдіруге атсалысқан;

1989-1991 жылдары Алматы ипподромын;

1991-1995 жылдары Ат спорты және бессайыс бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебін басқарған;

Желісті жылқы, дон, буден, ақалтеке, тазақанды жылқы тұқымдарының селекционер-зоотехнигі қызметін атқарған тұлға, КСР зоотехнигі.

Әке көрген ұл

Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөз бар. Хасанов Надир 6-сыныптан бастап Алматы ипподромында әртүрлі тренинг бөлімшелерде жылқы күтуші ретінде жұмыс істеген, үнемі асыл тұқымды жылқы тұқымына қызығушылық танытып, осы мәселе бойынша көптеген әдебиеттерді оқып, ағылшын тілін жетік меңгерді.

Оның екі жоғары білімі бар – заңгер және зооинженер.

Асыл тұқымды жылқы тұқымының экстерьерін, конститутциясын, жылқылардың шығу тегін жақсы зерттей біледі.

Ол Кабирхан, Вест Кост Найт, Олжахан, Челенджер Барс, Скай Инди, Жел сұлу, Жел Қанат, Топинур, Хайят, Суын, Хасак, Скайлар Блейк, Ди Дэвлинг сияқты негізгі дәстүрлі жүлделерді жеңіп алған тамаша жүйрік тұлпарларды Қазақстанға әкелген.

Кабирханға келсек…

Кабирханды қазақ еліне келген соң, Алматы ипподромында 1-топта 1600 метр қашықтықта ұшқыр бәйгеде жақсы жетістікке жетеді. Қас жүйрік Тілек Мұханбетқалиевтың қолына тиеді де, 2023 жылдың соңына қарай Ресей ипподромында жарысқа түседі. Ат жарыста «Ресей» және «Кабардино-Балкар» дербилерін ұтады.

2024 жылдың қаңтар айында қазақстандық жылқы Кабирхан Дубайда беделді ат жарысында жеңіске жетті. Кабирханның иесі Тілек Мұқанбеткалиев мұндай жылқы 100 жылда бір рет туылатынын мәлімдеген болатын. Айтпақшы, иесінің айтуынша, Кабирханның Дубайдағы үлкен жеңісінен кейін оған жылқыны миллион долларға сату ұсынылған екен.

Кабирхан қатысқан соңғы бәйге жайлы

30 наурызда Дубайда ат жарысы бойынша Әлем Кубогы өтті, онда әлемдік жетекші жүйрік жылқылармен қатар қазақстандық айғыр Кабирхан да басты фавориттердің бірі болды. Жүлде қоры 12 миллион доллар болған бәйгеге 12 сәйгүлік қатысты. Кабирхан 2000 метр қашықтықты 2 минут 05,61 секундта бағындырып, ирландиялық жокей Патрик Доббспен (салмағы 57 кг) бірге жарыс жолына шығып, мәре сызығын сегізінші болып кесті. Бұл нәтиже үшін 120 мың доллар сыйақы берілді.

Сонымен қоса, Чехиядағы шабандоздар мектебіннің түлегі, Чехияның 3 дүркін, Германияның 4 дүркін чемпионы, қазақтан шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі шабандоз (жокей) Бауыржан Мырзабаев (салмағы 57 кг) жапониялық Дюра Эреде (Дюраменте-Марчеса) атты тұлпарды тізгіндеп, жарысқа бесінші нөмірде шықты. Ол 2000 метр қашықтықты 2 минут 04,79 секундта бағындырып, сайысты бесінші орынмен аяқтады. Бұл нәтиже үшін 360 мың доллар сыйақы алды. Жылына кем дегенде 500 бәйгеге қатысатын қазақстандық шабандоз Кабирханмен халықаралық жарыста бақ сынауға қарсы емес екенін айтқан болатын.

Кабирханның әкесі жайлы аз сөз

Кабирхан тұлпардың әкесі Калифорния Хром, ол 2014 жылы үш жасар айғырлар арасында абсолютті чемпион болған, АҚШ-тың «жыл жылқысы» атанған, 2016 жылы қатысқан барлық бес жарыста жеңіске жеткен, соның ішінде әлемдегі ең қымбат Дубай Әлем Кубогы, 10 000 000 доллар жүлдені ұтқан. Жалпы, өзінің ат шабысында 23 рет стартқа шықты, 14 рет бірінші, үш рет екінші және бір рет үшінші болған. Ол 13 252 650 доллар ақшалай сыйлық әкелген.

Кабирхан тұлпардың енесі Литтл Эмили 2008 жылы АҚШ-та дүниеге келген. Жалпы, өзінің ат шабысында 22 рет старт қабылдаған, 4 рет бірінші, екі рет үшінші болған, жалпы ұтысы 132,572 доллар.

Қазақстандағы таза қанды жылқылар жайлы

1990 жылдың аяғына қарай Қазақ еліне алыс, жақын шетелдерден тазақанды жылқылар көптеп кіре бастады. Бүгін нәтижесін көріп отырмыз. Бұл жылқылар ұлттық ат спортында да, классикалық ат спортынада өз ықпалын тигізді.

Таза қанды жылқылардың генефонды қазақ елінде қалыптасып, шоғырланды деуге әбден болады. Республикалық «Зауыт жылқылар тұқымдары бойынша» палата қазақ еліне кірген таза қанды жылқыларды кірістеп, селекциялық жұмыстарын біріздендіріп, жылқылардың қылдары арқылы (ДНК) талдау жасап, төлқұжат беріп отырған бірден бір мекеме.

Ал «Qazaq Jockey Club» болса таза қанды жылқылардың каталогін, шабу маусымын ұйымдастыруын қолға алып отыр. Ұлттық ат спорты (аламан, топ, құнан, тай) бәйгелерге бүгінгі таңда 99% таза қанды жылқы тұқымы қатынасып жатқан жәйі бар.

Республикалық Алматы ипподромының 95-маусым ашылуына орай ұшқыр бәйге 1 мамырдан бастап 5 қазан аралығында болады. Әр ай сайын екі-үш реттен 15-17 ұшқыр бәйге ұйымдастырылады.

2024 жылдың жалпы жүлде қоры – 140 000 000 теңге. Қазақ жерінде классикалық бәйге қарқынды дамып келеді деуге толықтай мүмкіндік бар.

Сәуірдің 10-11 күндері Алматы ипподромында биылғы маусымда сынаққа түсетін ұшқыр жүйріктердің бонитировакалауды (кешенді бағалауды) Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жылқы таңушы ғалымдары мен ипподром мамандары және «Зауыт жылқылар тұқымдары бойынша» палата өкілдері жүргізеді. Білімдерін шыңдап, жетілдіруге ҚазақҰАЗУ-нің және АТУ-нің «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» білім беру бағдарламасы мамандығының студенттері қатысады.

Қайрат Исхан, жылқытанушы ғалым, профессор

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.