Үзбей жортқан жігіттен, үзбей құлындаған бие артық

8647

Ел мен ел жауласып, ру мен ру араздасып, жер дауы, жесір дауы, құн төлеу мәселесі бітімсіз болғанда, ауыл ақсақалдары, билер кеңесіп, БАРЫМТА жасатқан. Әр ру есе қайтару үшін, барымташылар ұстаған. Олар арнайы жаттығудан өткен, айла-тәсілі мол, аттың құлағында ойнайтын, тақымды, қарулы жігіттер болған. Араздасқан жаудың малын барымта жасау ұрлық деп саналмаған. Дала заңының бір тармағы ретінде бекітілген. Екі жақ бітімге келсе, барымталанған мал иесіне қайтарылған. Бұл да бабаларымыздың әділдігін білдіреді.
Заман өзгере келе, дәуір өтіп, барымташылар ұрыға айналды. Жылқы жаудың малы дейтін түсінік қалыптасты. Төрт аяқты қасқырдан, екі аяқты адамның құлқыны артты. Шұрқыратып мыңдап жылқы айдайтын байлар да азайды. Кең байтақ даламызға сыймағандықтан емес, іштегі қызғаныштың қызыл иті көңіл тарылтты. Жарлының жалғыз атын ұрлап, иен жатқан малды тау асырып,о заманда бұ заман қораға құлып салдыртақан ұрылар қаптады.
Біздің ауылда жылқы иен жатады. Иелері Құдайға тапсырдым, одан кейін малшыларға тапсырдым деп алаңсыз отыратын. Таулы аймақ болғандықтан жылқы қыстай жайылып шығады. Қасекеңнен басқа жау жоқ болатын, бір үйірден бір-екі бас жабағы жейтін. Оған ел аса қиналмайтын, несібелері, бала-шағамыздың садағасы деп жұбанатын.
Бала кезімде біздің ағайынды үш үйден, үш жылда, үш үйірді ұрылар айдап әкетті. Жатаған қасқа айғырдың үйірі кеткенде, үш күн жылағаным есімде. Жорға сары тайын жоқтап, Ринат ағам «Жоғалған жылқылар» деген жыр жазғаны да жүректе. Сол жылы біздің туысқандардың мен құралпас балалары алты ай қысты, ала жазды тайсыз өткізді. Қыста демалыс сайын өтетін тай жарыстарына жаяу барып, сүзіліп тұратынбыз. Бұл тек қана біздің ағайындарды айналып өткен жоқ. Ауылдастарды бірталай кедейленедіріп кеткен. Арасында табылып жатқандары да болды, ұрылар да сазайын алды.
Соңғы жылдары ұрылардың ізі суып, біршама тынышталып қалған еді. Былтыр ғана Мәуліт деген ағаның бір үйір жылқысын қолды қылыпты. Жігіттердің ұсақталғаны-ай! Бүгінгі таңда қандай бітімге келе алмай жүр екен. Әлде рухы мықты Барымташылардың ұрпағы ұсақталып, Батыраштардың жолын қуатын желөкпелер көбейген бе? Біреудің ала-жібін аттама дейтін ақсақалдар азайған ба? Қазақтың кей жігіттері намыссыз туған ба дейсің. Заман өзгерді ме, адам өзгерді ме? Итім біліпті. Мемлекеттің нарықтық экономикасы қысты ма?
Біздің ауылда, ертеректе бір шалдың арқанда тұрған жалғыз атын ұрлап кетіпті. Бір апта іздеп таба алмаған қария, жергілікті миллицияға арыз жазып, шағымданыпты-мыс. Іздестіру жұмыстары нәтижелі болып, бір апта дегенде аудандық ет комбинатынан табылыпты. Көрші ауылдың баукеспесі қолды қылған екен. Ақсақал жалғыз атын ені мен терісінен танып қойыпты. Не керек, көрші ауылдың жігіті ұсталып, сот болыпты. Сот төрағасы: «Ақсақал мына ұры сіздің жылқыңызды ұрлаған екен, енді бұған қатаң үкім шығарып, жаза тағайындаймыз» — депті. Сонда ақсақал: «Әй, әкем-ау ұрысы нес, ұры деген атқа кір келтірме, ұры деген біреудің арқандағы жалғыз атын алмайды, ұры-барымташылар жақын қонған ауылға тимейді, алыстан айдап келеді. Бұл болса жақындағы жарлының жалғыз атын ұрлаған, ұрының атын жамылған «сілімтік», ана документіңе жазып қой, ұры емес – cілімтік деп. Атымның құнын төлесін, мен бұл сілімтікті кешірдім» — депті.

p.s Ұрлық түбі – қорлық. Азаматтық ар-ождан, аттан да, тақтан да биік. Ат сұраған ар емес, ертоқым сұраған сын болар.

KartovМерей Қартов, Семей

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.