Жүйрік атты баптағанда қандай жем-шөп берген дұрыс?

1610

Қазақтың ат баптау, жүйрік жарату өнері – үлкен ғылым. Біздің қолымызға ҚХР Құлжа қаласы, Үкірші қыстағының тұрғыны, жылқышы, зейнеткер-ұстаз Мәмбетжан есімді ақсақалдың осы өнер жайлы сөйлеген аудио жазбасы түсті.

Өкініштісі, Мәмбетжан ағамыздың толық аты-жөнін таба алмадық. Десе де, жақсы сөз жерде жатпасын деп, қарияның айтқан әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Argymaq.kz

Жаратып отырған атты судан, жемнен, шөптен тартпау керек. Бірақ, «тартпау керек» деп айтты деп, мінетін күні қарнын кебежедей қылып, ыңқылдатып, жүре алмай қалатындай дәрежеде тойғызбайтыныңыз анық қой. Жаратып отырған ат қалыпты болатыны белгілі. Бірақ, қалыпты болғанда да, тамақтан тартпайсыз. Тоқ-жарау ұстайсыз ғой. Жем берген кезде де, салқын жем мен майлылығы жоғары жемді берген кезде тепе-теңдігін сақтап берген дұрыс.

Тағы бір ескеретін жағдай, атты маусымға қарай ұстау керек. Жазғы бап пен қысқы бап бір-біріне ұқсамайды. Қыста, қанша дегенмен, күн суық, ат тез арып, тез жүдейді. Күн суықта бір-екі рет қатты терлеген ат етін тастайды да, дереу жүдейді. Сондықтан қыста белогы көп жемді көбірек бергеніңіз дұрыс.

Жаздың күні атқа азық ретінде «сары қонақты» (жылқыға берілетін майлы дақылдарды айтып отыр – Argymaq.kz) бермегеніңіз дұрыс. Аттың етінің жоғары-төмендігіне қарай арпа, бидай, сұлы секілді қара азықтармен қайырғаныңыз жөн. Жем өте көп болса – аяғына түсіп кетеді. Өзі жеп, бойына сіңіріп алатын өз өлшемі болады, сол мөлшерде ғана беріңіз. Көбінде уыспен өлшеп берсеңіз дұрыс. Бұрынғылар да, «бес қосуыс, үш қос уыс асаттық» деп отыратын. 4-7 қосуыс аралығындағы жем – мөлшерлі жем. Одан асса болмайды. Ол мейлі арпа болса да, сұлы болса да өлшем осындай.

Кейбіреулер баптап отырған атқа көбінде бидай береді екен, өз басым бидаймен ат жаратпаймын. Бидай жеген ат бір жыл жақсы жүгіреді де, келесі жылдары мүлде шаппай қалады. Бидай – өте күшті жем. Сондықтан көбінде бидайды қайнатып, пысырып береді. Қайнатып пысырады да, қайта құрғатып, содан кейін береді.

Өзім де талай бәйгеге ат қостым, бірақ бидай беріп ат қосқан емеспін. «Сары қонақты» да көп бермеймін, менің негізгі тұтынатын жемім – арпа мен сұлы. Таза қанды жүйріктерді де бәйгеге қосып жүрдім. Бірақ оларға да мен майлы жем берген емеспін. Негізінен арпа мен сұлыға үйреттім.

Қыста көбінде «сары қонақ» беріп семіртіп аламыз. Наурыз шыға біртіндеп арпаға ауысып, соған бейімдеп аламыз. Ал шілденің ыстығына барғанда тек сұлы ғана беруді бастаймыз. Бірақ сүттен үзбеймін. Жазда жемнің бәрін сүтке бөктіріп беремін. Ол жаңа сауған сүт болуы керек, ашыған сүт болмайды. Сиырдың сүтін бергенде де өлшеп, мөлшерлі ғана беріңіздер. Көп берсе, асқазанында айран боп ұйыйды да, одан кейін іриді. Одан кейін аттың ішін бұзады. 1,5 литрден асыруға болмайды. Ең кереметі – таба алсаңыз саумал беріп тұру.

Әрине, ат жүгіртіп, бәйгеге ат қосамын деген адамның экономикалық жағдайы да тұрақты болғаны жақсы. Сол аттың үдесінен шығатындай әл-ауқаты болуы керек. Жыл он екі ай аттың күйін сақтап тұру үшін, оның азықтаныдруы түрлі-түрлі азықтықпен мықты бақпасаңыз, ол ат жақсы нәтиже көрсете алмайды. Шамалап айтар болсақ, бір аттың жылдық жем-шөбіне 1 млн 200 мыңнан астам қаржы кетеді. Бірақ, қаржы аямау керек деп, бар тапқан-таянғанды аттың аузы-басына тығып, отбасыңыздың жағдайын екінші орынға қоюға болмайды. Бір сөзбен айтқанда, жылдық табысы кемінде 3-4 млн болатын адам ғана ат ұстаса болады.

Осы орайда алысқа шабатын ат пен ұшқыр бәйгеге арналған аттың бағым-күтімінде де, мінісінде де біраз өзгешелік болады, соны айта кетейін.

Ұзаққа, аламанға қосатын атыңызды көбірек мініп, күшін жетілдіріп, жаттығуын тұрақтандырып, сіңірін, бұлшық еттерін толық жетілдіру керек. Ал ұшқыр бәйгеге қосатын аттың етін ояңдатпай, қабырғасын ашпай, жаңбырлығын тереңдетпей, семіздей жаратып, ішмайын ғана арылтып, күнделікті жаттығуын жақсы жасап отыру керек. Ұшқыр атты күнделікті жаттықтырып отырған дұрыс. Күнаралатып, екі күнде бір мінуге болмайды, күнде міну керек. Бірақ күнделікті беретін азығыңыз, аламанға шабатын аттың азығынан бір жарым еседей мол болуы керек. Сонда ғана нәтижеге жетуге болады.

Бұл жерде таза қанды жылқы мен қазақы тұқым арасындағы айырмашылықты бағамдай білу керек. Жарату барысы, баптаудағы ұстанымдары – бәрі ұқсас. Бірақ жарату кезіндегі азықтандыруда біраз айырмашылық бар. Мысалы 80 см, бір бума піресті қазақы жылқы 2 тәулік жесе, таза қанды жылқыға бұл піресті 1 тәуліктен артық берсеңіз, азықтық құрамы аз болып есептеледі. Яғни, таза қанды жылқы бір тәулікте бір пірес жейді.

Атты мінетін күні қарнын тойдырып аласыз. Мінілмейтін күні аздап тартып қоюыңызға болады. Таза қанды атты күнаралатып мінген дұрыс. Күнде мінсеңіз, салбөкселеп, ерқашты болып кетеді.

Жаттығуда, баптауда тұрған атты қыста екі күнде бір мінсеңіз, бабы толып, жілігі жетілді-ау деген кезде үш күн демалтып, төртінші күні мінуге болады. Жаттығуда тұрған атты 4 күннен артық мінбей қоюға болмайды. Егер 4-5 күннен, бір аптаға дейін мінілмей, жемде тұрса, ат дереу көбеңсіп алады. Әдетте ат 4 күнде семіре қалады. Сондықтан баптауда тұрған атты 3 күнде бір, тіпті қолыңыз тимей қалғанда 4 күнде бір мінсеңіз дұрыс.

Ат баптаудағы менің жеке тәжірибемнің бірі – бабы толып, енді 10-12 күннен кейін бәйге деген кезде 100 шақырымға барып-келу. Барып, келуімен шамамен 150, 200 шақырым болатын жерге жүріп қайтамын. Онда бір күн жүріп барып, сонда еру болып, бір күннен кейін қайтамын. Мұнда алғашында тоғы басылғанша аяңдап, біраздан соң желіп, соңында шамасынша шабыспен жүремін. 15-20 шақырымға дейін шабатын кездер болады. Сол 50-60 шақырымды 4 сағаттың ар жақ, бер жағында жүріп өтеміз. Сонымен таң асырып тастаймыз.

Атты жарату барысында, мініп жүрген атыңыздың қара етті немесе май етті екенін ажыратып алу өте маңызды.

Май етті ат – бабы қиын. Өте мықты баптамаса, үңірейіп, арса-арсасы шығып, арықтап кеткен секілді көрініп, алдап кетеді. Ондай «қызыл аш» аттардың ішінде май қап кетеді. Оны танудың бірден-бір әдісі – жалын ұстап көру. Жалын ұстап көргенде жалы босамаса, ол аттың ішінде әлі де май бар деген сөз. Мұндай аттарды баптаған кезде оны солқылдақ жалға келтіру керек. Солқылдақ жалға жеткен кезде ол ат жүгіреді.

Қара етті ат. Бұл да алдайды. Тырсиып, семіріп алған секілді көрініп тұрғанымен, көп май жинамайды. Жасы егде тартып, жасамалы болған кезде ғана барып ішіне, қазысына май жинай бастайды. Әйтпесе, жас кезінде қара етті ат май жинамайды.

Сырттай қарағанда сезім болып көрінеді де, семіз екен деп қысыңқырап жаратып жіберсең, күйі тайып кетеді де, сасық, қара тер басып, қуаты төмендейді.

(Соңы)

Мәметжан ақсақалдың айтуымен

қағазға түсірген Ержан Жаубай

Argymaq.kz

ФОТО: Жеңіс Ысқабай

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.