Байыт ҚАБАНҰЛЫ. Кертөбел кержайдағым кеттің неге?…
(Мініп жүрген арғымақ атым өлді. Бұл сонда айтылған өлең еді)
Автор
…Құмар ем сөздің ірі үлкеніне,
Құмар ем қыздың нәзік гүл тегіне.
Құмар ем жұмыр тұяқ жылқының да,
Жалт етпе жатырқауық үркегіне.
Екенін біле алмадым сыйы ненің,
Мен жастық қызуына күйіп едім.
Сол дерттің таптырмайтын дауасындай,
Сен менің тақымыма тиіп едің.
Мен едім ақпа жырдың шер-майданы,
Сен едің алмауыттың кер-жайдағы.
Екеуміз алқа топқа аралассақ,
Ойынды қыздырушы ек қай-қайдағы.
Жетпеуші ед саған нағыз өрендер де,
Жан біткен құмар еді “көрем” дерге.
Тапқандай болушы еді жаным бақыт,
Сен шұлғып ойнап басып жөнелгенде.
Үркуші ең бұтадан да, томардан да,
Мен сонда бөленуші ем мол арманға.
Сытылып көп ішінен ұран салып,
Көкпарды көкке үйіріп жоғалғанда.
Сау желсең танбас едің, талмас едің,
Мен дағы қызғыңа қанбас едім.
Ұшқан құс, еске желмен жарысқам жоқ,
Жарыссам одан да сен қалмас едің.
Жүрдек ат, жүзді сұлу — әнім еді,
Жыр, жиын көркейтетін бәрі мені.
Айшықты ер, қасқа жүген, өмілдірік,
Құйысқан, құйма пыстан сәнің еді.
Қос құлақ – қатар өскен қарағай боп,
Қос көзің – жарқырайтын танадай боп.
Еліріп ее-ей дегенде кететінсің,
Көп түскен еркелікке баладай боп.
Сен бозым қыл құйрықтың көркемі едің,
Мен талай қатқан мұзды өртеп едім.
Сен маған, мен де саған еркеледім,
Сұлудай суда жүзген ерке – Керім.
Білдім бе жазық жерден жар құларын,
Бостан бос ән қыламын, зар қыламын.
Қу құрсақ, бота тірсек, сыпсың құйрық,
Қыз мүше, құлын жалды арғымағым.
…Көңілімнің жамамақ боп жан жарасын,
Керейдің кезсем дағы паң даласын.
Қайтадан қолға сірә түсірмеспін,
Өзіңдей қыл құйрықты мал баласын.