Оңғар МЕКЕБАЕВ, атбегі : Бабы келмесе бақ та шаппайды

8069

— Оңғар Сәуірбайұлы, сізді соңғы буын түрлі деңгейдегі ат бәйгелеріне жүйрік қосып жүрген атбегі ретінде білгенімен, атақты жылқышы екеніңізді екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Сондықтан өзіңізді оқырмандарға таныстыра кетсеңіз артық болмас.
— Мен сонау сұрапыл соғыстың аяқталғанына екі жыл толған кезде, яғни 1947 жылы Қоянды ауылдық кеңесінде дүние есігін ашыппын. Балалық шағымның бүге-шігесіне тоқталмай-ақ қояйын. 1964 жылы орта мектепті бітіріп, екі жылдай әкеммен бірге қой бақтым. Содан кейін жылқыға ауыстым. Оның себебі, бала кезден ат құлағында ойнап өскен менің жылқыға деген, құрық ұстаудың қыр-сырын меңгеруге деген құштарлығым. Жылқыны 30 жылдай бағып, 1998 жылы шаруашылық тарағанда ғана жылқышылықтан қол үздім. Бірақ, өзімнің жеке меншік жылқыларым, азын-аулақ малым бар. Қазір солардың күйін күйттеп жүрмін.
Отыз жыл жылқы баққанда абыройсыз болмадым. Ауданның, облыстың «Чемпион жылқышысы» болдым. Бірнеше рет одақтық, республикалық көлемде «Құрмет грамоталармен», «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым, Мәскеуде өткен бүкілодақтық көрмелерге қатысып, алтын, қола медальдарды иелендім, сыйлыққа тегін жеңіл машина да міндім.

— Демек, ат жарату, яғни атбегілік қасиеті де осы кезде дарыған екен ғой?
— Жылқы баққанның бәрі атбегі емес. Дейтұрғанмен, үйір-үйір жылқының арасында жүргеннен кейін жылқы баласының мінезіне, қасиетіне қанығасың.
Менің төртінші атам Оразәлі деген кісі Меккеге барып, қажы атанған екен. Соған орайластырып баласының атын Мекебай деп қойыпты. Сол Оразәлі атамыз кезінде әулетті, атақты адам болыпты. 1918 жылы 600 үй тігіп, Қоңыраулы деген жерде ас беріп, 25000 Керенский ақшасын тігіпті. Сол аста Баубек Демесін ауылының Құла жүйрігі бәйге алыпты деген аңыз бар. Атамның өзінің де Ақауыз атты жүйрігі болыпты. Кім біледі, маған атбегілік қасиет сол бабамнан ауысуы мүмкін. Қазақы қасиеттер әрқашан да атадан балаға мұра ғой.

— Сөйтіп бойға қасиет дарып, атбегілік жолға түстіңіз. Естуімізше, жаратқан аттарыңыз бәйгесіз қалмапты. Алғаш ат жаратқанда бірден өзіңіз қолға алдыңыз ба?
— Қандай өнерге бет бұрсаң да ұстазсыз болмайтыны белгілі. Оның үстіне жалғыз жүріп жол табу да қиын. Мені алғаш атбегілікке бауылыған Ленин кеңшарының атақты жылқышысы, «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері Нәзенғали Байжанақов. Сол кісіні әлі күнге дейін өзіме ұстаз тұтамын, алдын кесіп өтіп көргенім жоқ.

547542_413251058770822_812396945_n— Ат жаратуда өзіңіздің тәсіліңіз бар болар. Егер құпия болмаса, ат баптаудың қыр-сырына тоқтала кетсеңіз?
— Неге құпия болсын, кейінгі ұрпақтың кәдесіне асып жатса, кәнікей. Қазақ халқы ырымшыл ғой. Мен өзім ат жаратқанда бәйге атын әйел адамның көзінен таса ұстаймын.
Ат күйлі болуы керек, суық тигізбей, күйі кетіп қалмауы үшін жем беріледі. Он күндей суытып, етін қарайтады. 15-20 күннен кейін тынысына қарай терін алады, яғни орынсыз шауып, қызылмай болмауы керек. Қызылмай болған ат шаппайды. Осыны есте ұстаған жөн. Терді тұщығанша алады. Тердің дәмін татып көріп, тұщығанын біліп тұрады. Тер алу кезінде кейбір аттар әлсіреп қалады. Ондай атты жылқыға қосып, әл жиғанша бос қоя береді.
Енді бір айта кететін жәйт – ат баптағанда кіндігінен жарады дегендей қылып, әбден бабына, күйіне түсіру өте қиын. Нағыз бабына келіп, күйіне түскен ат манаурап, кібіртіктеп, жүргісі келмейді, қасасын жинамайды. Алайда, әбден бабы келді дегенмен «бап шаппайды, бақ шабады» деген де бар ғой.
Солай болғанмен, бабы келмесе бақтың да шаба қоюы екіталай. Қалай болғанда да текті аттың терін алып, бабына келтіре алмасақ, біздерге, атбегілерге сын. Тексіз ат шаппайды, ондай аттан бақ та аулақ жүрсе керек.

— Бәйгеге қай жылдардан бастап ат қоса бастадыңыз?
— 1980 жылдан бермен қарай ат жаратып келемін. 1980 жылы Қазақстан Республикасының 60 жылдығына қосқан Торы қасқа, ала аяқ облыс орталығында өткен жарыста бас бәйгені еншіледі. Содан бес рет бас бәйгені алды. «Оңғардың аласы келсе, басқаларға бәйге жоқ», — деп жұрт аңыз қылатын болды. Қазір қолымда төрт жасынан бастап бәйгеге қосып келе жатқан Құла деген жүйрігім бар. Құла атым да бәйгесіз қалып көрген жоқ. Бірде бірінші, бірде екінші орын алып жүр.
Мысалы, 1993 жылы Мұрат Мөңкеұлының 150 жылдығында, 1994 жылы Қызылқоға ауданының 50 жылдығында, 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығында, 1998 жылы Жылой ауданының 70 жылдығында, 1999 жылы 9 мамыр – Жеңіс күнінде, 2000 жылдың қыркүйек айында Бекет атаның 250 жылдық мерей тойында екінші орында келді. Ал өткен жылы Жылойда өткен Жеңістің 55 жылдығына арналған дүбірлі жарыста бас бәйгені қанжығаға байлады. осы Құланың арғы тегі Түркіменстан жақтан Жұбан деген кісі алпысыншы жылдардың шамасында әкелген деген әңгіме бар. Қазір Құланың өзінен де тұқым бар. Олардың қандайлықтағы жүйрік екенін болашақ көрсетеді ғой.

— Негізінен жүйріктердің жолы ауыр келетіні бар ғой…
— Дұрыс айтасың, қай кезде де жүйріктердің жолы болмаған. Оны оқып біліп, естіп жүрміз. Ат жаратқан адамның жаны атпен бірге болуы керек. Әсерлеп айтқанда, атпен бірге күліп, атпен бірге жылауы тиіс. Онсыз атбегімін деу әншейін құр әурешілік. Мен жоғарыда айтып кеттім, бәйге атын әйел адамға көрсетпеймін деп, әйел адам жолымды кессе, онда жолымның болмайтынын білемін, атқа тер жиналып қалады. Басымнан өткен мына бір жайды айтайын.
Алдыңғы жылы Қазақстан мұнайының 100 жылдық тойында осы Құла мен тағы бір ат әкелдім. Қала маңындағы Ақжар ауылына келе бергенімді бір әйел адам жолымды кесіп өтті. Баяғыдай ер адам мен бәйге атының алдынан кесе көлденең өтпейтін әйел қайда?! Өкініп, сан соқтым. Келіп тұрып, кейін қайтуға аттың киесінен қорықтым. Айтқандай, алдыңғы лекте келе жатқан аттардың екі шабандоз баласы да құлап қалды. Өкінгеннен көзімнен жас ыршып кетті. Тағы бір бәйгеде де осындай жай қайталанған.

— Атамыз қазақ «шәкіртсіз ұстаз тұл» демей ме, осы тұрғыда өзіңіздің өнеріңізді жалғастырар, оған баулып жүрген шәкіртіңіз бар ма?
— Әрине, өнерді өзіңмен бірге ала кеткеннен асқан бақытсыздық жоқ. Құдайға шүкір, өзге емес, өзімнің баламның жолымды қуып, өнерімді жалғастыратынына қуанамын. Үлкен балам Қасым қазірдің өзінде ат жаратып жүр. Нәтижесіз де емес. Оның тағы бір қасиеті – аз да болса шабатын аттарды танитыны. Алғаш қазіргі жүйрігім Құланың шабатынын танып, бәйгеге қосайық деген осы Қасым. Жасы жиырмадан асты. Болашағы алда ғой. Басы аман болса, талай бәйгені қанжығасына байланар.

— Оңғар Сәуірбайұлы, атбегілік жайлы бізбен сыр бөліскеніңізге көп-көп рахмет. Алдағы уақытта да жаратқан аттарыңыз жарты жолда қалмай озып, абыройға бөлене беріңіз!

Әңгімелескен Абат Ақбалашұлы. «Атырау арғымақтары» кітабынан 2002 ж.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.