Сәттібай ЖҮНІСОВ. Шаппашот

6690

1990 жылдардың орта шені. Ел еңсесін енді тіктеп, ұлттық салт-дәстүр, оның ішінде ат жарысы, аламан бәйгеге халықтың дені ауып тұрған мамыражай кезең еді. Жер-жерде үлкен мерейтойлар мен астар өткізіліп жатты. Аламан бәйгелерде алдына қара салмай дара келетін жүйріктердің даңқы аспандап, ел жыр қылып айтып жүретін.
Осы кезде Жаңаарқа ауданының «Қараағаш» ауылынан бір бурыл ат шығып, жер апшысын қуырды-ай дерсің. Шабысы бөлек. Бөлек болғанда да сөздің тура мағынасында. Шомбал денелі көкбурыл ат жерді ойып жіберердей болып шапқанда, аламанға қосылған жүз қаралы cәйгүліктің дүбірі естілмей қалатын. Қасыңнан дүрсілдетіп шауып өтіп бара жатқанда, бейне бір вертолет жер бауырлап ұшып бара жатқандай, ал көпшілік көрермен қауымның ортасында тұрып тамашаласаңыз, құдды бір комбайн егін орағына еліріп кіріскендей әсер қалдыратын. Бурыл ат қосылған алғашқы бәйгелерде тойшыл қауым да, шабандоз балалар да аң-таңбыз… Қылқұйрықты жарықтық осылай да жүгіруші ме еді?! Алдыңғы аяқтарын шаппашотша лақтырған жануар жұртты қайран қалдырғанымен қоймай, мәреден дабылдатып біріші өтетін үнемі. Шабандозы ересектеу бала болатын.
Келесі бір бәйгеде де жұрт: «Шаппашот келіпті»,-деп шу ете қалды. Ел астындағы атын ұмытып Шаппашоттан көз алмайды. Тура бір қиссаларда айтылатын батырлардың тұлпары дерсің.
Сөйтсек, гәп мынада екен. Күз мезгілінде ауылдың маңында тұсалған бурыл құнан, саяқтарға қосылып бір түннің ішінде ұшты-күйлі жоқ болып шығыпты. Содан, алты ай қыс бойы ізім-ғайым жоғалған тай-құнан көктем шыға табылады. Бурыл құнанның тұсамысының бір жақ бауы үзілген, осыған орай, жүрісі де шабысы да өзгерген деседі білетіндер. Сөйтіп, шашасын тұсамыс қажаған құнан — шашасына шаң жұқпаған жүйрікке айналды. Арқаны ен жайлаған жұрттың торқалы той, арқалы асында алдына қара салмаған жануар шабысымен де, дабысымен де елді сүйіндіріп еді.

Жүнісов Сәттібай
27 сәуір 2015 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.