Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы өңірлерде иппотерапия орталықтарын аша бастады
Мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулықтарын атқа мінгізу арқылы оңалтуды мақсат еткен «Алтын тұлпар» атты қайырымдылық жобасы еліміздің бірнеше өңірінде өз жұмысын бастағалы бірнеше айдың жүзі болды. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен «SAMRUK KAZYNA TRUST» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бірлесе отырып жүзеге асырған бұл қайырымдылық шара болашақта республиканың тоғыз облысында жұмыс жасайтын болады.
Ал, дәл қазіргі кезде «Алтын тұлпар» қайырымдылық жобасы бойынша Ақмола облысында, Ақтөбе облысында және Оңтүстік Қазақстан облысында мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын иппотерапия арқылы оңалту жұмыстары жүйелі түрде жолға қойылды.
«Алтын тұлпар» қайырымдылық жобасын қолдап, сырқат балалардың сауығып кетуіне себепкер болмаққа күш салған осы ұжымдардың нәтижелі еңбектерін алдағы уақытта тұрақты түрде толығырақ жариялап тұрмақшымыз. Қайырымдылық іске құлшына кіріскен өңірлердің бізге жолдаған мәліметтері әзірге төмендегідей деңгейде көрініс табуда.
Оңтүстік Қазақстан облысы.Денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Оңтүстік Қазақстан облыстық ұлттық спорт түрлері бойынша мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» МКМ. Бұл мектеп аптасына екі рет 25 баладан қабылдап, бір айда 100 сырқат баланың атпен серуендеуіне жағдай жасап отыр.
Ақмола облысы.«Ақмола облыстық ұлттық спорт түрлері бойынша мамандандырылған спорт мектебі» МКҚК. Аталмыш мектеп аптасына үш рет 6 баладан қабылдап, бір айда 72 баланың атпен серуендеуінқамтамасыз етуде.
Ақтөбе облысы.Ақтөбе облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Ат спорты түрлері бойынша облыстық №10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» МКМ.
Ақтөбе қаласындағы бұл мектеп әзірге аптасына бір 7 баладан қабылдап, бір айда 28 сырқат баланың атпен серуендеуіне мүмкіндік жасап отыр.
Оқырманымызға «Алтын тұлпар» қайырымдылық жобасының мақсатын айтып өтсек, негізінде науқас балаларды иппотерапия арқылы емдеу халықтық медицинада ертеден бар тәсіл. Мұны қазіргі медицинаның білікті мамандары да бірауыздан мойындаған. Жылқы малы науқас бала үшін – табиғи тренажер. Бұл жылқының емдік қасиетінің физикалық қыры болса, екіншісі – эмоционалдық сипатта. Оны қысқаша түсіндіргенде, мәселен, бала жаны жануарды жақсы көреді, онымен сөйлеседі, сырласады, салт атқа мінгенде көңілі көтеріледі. Оған қоса, ат үстінде, биікте жүрген бала әлемге жоғарыдан қарайды, сол арқылы оның өз-өзіне деген сенімдігі артады. Ал, дәрігерлердің айтуынша, сенім мен көтеріңкі көңіл күй – нәтижелі ем алудың ең басты шарты.
Жылқының мұндай емдік қасиеттері тек БЦС ауруына ғана емес, көптеген сырқатқа шипа. Олардың қатарында – тірек-қимыл аппараттарының, сөйлеу жүйесінің бұзылуы, психиканың баяу дамуы, Даун синдромы, аутизм, остеохондроз, простатит, склероз, артроз, құяң, омыртқаның 1-2 деңгейде майысуы, жүрек-қантамыр ауруларын жатқызуға болады. Сондай-ақ, тірек-қимыл аппаратының бұзылуында, атеросклероз, бас сүйек жарақатында, полимиелитте, асқазан-ішек ауруларында, простатитте, ақыл-ой жетіспеушілігінде де атқа мініп емделу ұсынылады.
Міне, осындай көптеген сырқатқа шипа болатын атқа мініп серуендеуге екінің бірінің қолы жетпейтіні анық. ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының «Алтын тұлпар» атты қайырымдылық жобасы осы олқылықтың орнын толтырып, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балалардың сауығып кетуіне себепкер болмақ.
Жоба бағдарламасына сәйкес, негізінен 18 жасқа дейінгі балалар аптасына бірнеше күн атқа мініп серуендей алады. «Алтын тұлпар» қайырымдылық жобасына ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының әр өңірдегі серіктестері де құлшына қолдау білдіруде.
Жоғарыда біз Ақмола облысы, Ақтөбе облысы және Оңтүстік Қазақстан облысындаатқарылған жұмыстар туралы мәліметтерді назарға ұсындық. Алдағы уақытта еліміздің әр өңірінде мүмкіндігі шектеулі балаларды атқа мінгізіп емдеу-сауықтыру орындарының қатары қалыңдай түседі деген үміттеміз.
Өңірлердегі иппотерапия орталықтарына жауапты мекемелер мен адамдардың байланыс телефондары